Тәжібаев Бәкір Төлеуұлы



 1926 жылдың  15 мамырында  Ақтөбе облысы Байғанин ауданы  Жарқамыс  ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ ауылында дүниеге келген.   Қазақтың көрнекті ақыны, сазгер, жазушы, драматург.
 1941 жылы  Темір педагогикалық  училищесін бітірген соң, Жұрын аудандық  газетінде жауапты хатшы болып қызмет жасады.  1950-1952 жылдары Алматы көркемсурет-театр училищесі жанындағы киноактерлік мектепте оқыды.  1950 -  1958 жылдары  Жамбыл, Шымкент облысы драма театрларында , 1958 - 1974 жылы Қазақ опера және балет театрында бөлім меңгерушісі. Алматы облысы халық шығармашылығы үйінің директоры. Қазақ театр қоғамында кеңесші-әдіскер қызметтерін атқарды. 1974 жылдан шығармашылық жұмыста.  Алғашқы шығармалары  1956 жылы жарияланған. "Қара торғай" тұңғыш жинағына (1967) новеллалары енген.
      1958 жылы Б.Тәжібаев аспаптарда ойнау, сөз өнері түрлерін зерттеп,  "Сал сері- Қыз қосан" (1956), "Ана жүрегі (1960), "Қарагөз қарындасым" (Ж.Жұмақановпен бірге, 1962), "Ақтау әні" (1970) пьесалары республикалық, облыстық театрлар сахналарында қойылды.
        Б.Тәжібаев бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын өлеңдерінде туған жер, өскен ел, достық, махаббат тақырыптарын қамтыды.Сонымен қатар ақын өнер туралы толғанысты ой пікірлерін «Жыр сапары», «Күй шежіре» жыр жинақтарында  баяндайды.
    Бәкір Төлеуұлы Тәжібаев -"Қамар сұлу" операсы (Музыкасы Е.Рахмадиевтікі, 1963) либреттосының, 150-дей әннің авторы. Бірқатар әндері ("Жас дәурен", "Ақбұлақ", "Әппағым-ау, әппағым", "Гүлсің-ау", т.б.) Қытай, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Иран, т.б. елдерде тұратын қазақтар арасында кең тараған. Бәкір Төлеуұлы Тәжібаевтың орындауында көптеген өз әндері күйтабаққа жазылды.
       Сонымен бірге қазақ театры, ұлт өнері тақырыптарында қалам тартып, танымал өнер тарландары Роза Жаманова, Ермек Серкебаев,Әзірбайжан Мамбетов, Ыдырыс Ноғайбаевтың шығармашылықтары туралы  «Сахна жұлдыздары» топтамасын, және КСРО халық әртисі Роза Бағланованың өнер жолын баяндайтын «Біздің Роза» кітаптары баспадан  жарық көрді. Талантты театр сыншысы ретінде  ол әр жылдарда республикалық театр сахналарында көрермендер назарына ұсынылған  драмалық туындылар тураснда мақалалар жазды.  Гурьев облыстық Махамбет атындағы драма театрының ашылу салтанатында Бәкір Тәжібаевтың өзінің қатысуымен  «Ақтолғай» пьесасы сахналанып, көрермен көңілінен шықты.
      Ел арасына  кең тараған ән текстерін  жазды.  «Туған ел», «Дала еркесі», «Әлия», «Әдемі-ау», «Бозторғай», «Қаракөзайым», «Жәмиланың әні», «Алматы» т.б.  Сазгер ретінде Б.Тәжібаевтің өзінің шығарған әндері де көп.   Ол әндердің әуенімен қоса сөздерін де өзі жазды.  «Ақбұлақ», «Гүлсім-ау», «Ақ сәуле», «Домбыра»,  «Жан еркем», «Ақтамақ», «Бұлбұл әні» тағы да басқалары.  Ақынның «Ақбұлақ», «Жүрегім дүрсіл қағады», «Гүлсім-ау» әндері бүкіл қазақ жұртының сүйікті әуеніне айналды.
     Ақын ретінде  «Балбұлақ», (1969), «Қара торғай» (1967), «Ән дәурен»(1973), «Жүріп келем» (1976), «Дала жолдары» (1980), «Жыр жолаушы» (1982) жыр кітаптары және қазақ театры, жалпы қазақ өнері тақырыбында, оның ішінде атақты өнер тарландары  Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Әзербайжан Мәмбетов, Ыдырыс Ноғайбаевтың шығармашылығы жайында «Сахна жұлдыздары» топтамасын, КСРО Халық артисі Роза Бағланованың өнер жолын баяндайтын «Біздің Роза» атты кітаптар жарыққа  шықты.  
        Бәкір  Төлеуұлы Тәжібаев  1994 жылдың 8 қарашасында.  Алматы қаласында қайтыс болды. 
     Қазіргі таңда  Б.Тәжібаевтің есімі Байғанин ауданы орталығындағы балалар музыка мектебіне берілді.
О,кең дала, көп сенен алған сырым,
Сенен ғана тұтанып - жанған жырым
Қондырып ап үстіне, аялдамай
Жорытады арғымақ тарлан Күнім.
Сан белесте хош айтып қалған жылым
Міндет артып, иыққа салған жүгін.
Тіршілікте қаншама терсем - дағы,
Таусылар ма, сірә бір,арман гүлім!

...Ал,тағы да торғын таңнан бүгін,
Жанарыма толтырып алғам  нұрын...
Алыс тұстан естілген арман -әнге,
Алып ұшып келеді тарлан Күнім!



                                      
                           Бәкір  Тәжібаевтың  туған  күніне арналған



                  Халқым менің 
Дастарханың сенің - өзіңнің дархан далаңдай,
Дархандығың сенің - шарасынан асқан  сабаңдай.
Келбетің сенің  - бидайдың күрең түсіндей,
Қуатың сенің  - Ер Қобыландының күшіндей.
Жүрегің досқа - көктегі ыстық күніңдей,
Сырың бар сенің - домбыраның әсем күйіндей
Көңілің сенің    -       мөлдіреп тұрған аспандай.
Өмірің сенің      - құмартып оқыр дастандай
Алқалы топта әділдікті айтсаң тартынбай,
Халқым- ау,  сенің  - сомдалған сөзің алтындай !
                                 
                                 «Жүріп келем»  жыр жинағынан


ЖЫРЫМ – ПЫРАҒЫМ

Сезімім толқып тасынған,
Бақытқа жаным бөленді.
Қызықтай қуған жасымнан,
Құс болып ұшқан өлеңді.

 Көңілден күйді қозғадым,
Оның мол сырын түйді кім.
Әркім-ақ сынап өз бағын,
Бәйгеге қосқан жүйрігін.

Жібердім баптап алысқа
Топқа да қосып сені енді.
Пырағым –жырым, шабыста,
Қаратпа жерге иеңді.

Күшіңді сында аңдап қал,
Жазылып өтер жер енді.
Суырылып шығар саңлақтар,
Бетке алып тартар белеңді.

Күйге бір бөлеп қыратты,
Бауыры кетсе жазылып.
Топталып түскен тұяқтың,
Қалатын орны  қазылып.

Дуылдап жұртым қалатын
Шығарса жүйрік шын атын.
Жебесіндей-ақ садақтың,
Зу етіп өте шығатын.

Бармысың, пірім, бабыңда,
Бетке ала тартшы белеңді.
Құйғытып өткен шағыңда,
Шарпысын жалын денемді.
               
            ҚЫРАН
Тұғыры –жәннат жерімнен,
Үміттің жағып шырағын.
Құдіретті менің елімнен
Қиял боп ұшқан, қыраным

Өзгеден бұрын Күннің де,
Құшқаны сенсің, қыраным
Өзіңсің менің бүгінде
Асқақтап айтар жыр, әнім.

Сан тәулік көкте шарқ ұрып,
Даңққа шексіз жол алдың
Тағы бір ерлік жұлдызын
Көтеріп қолмен оралдың.

Көз жетпес биік ғарышта
Сайраңдап қайтсаң, қыраным,
Сен шарлап жүрген алысқа
Жайраңдай қарап тұрамын.

Сен десе қозып делебем,
Билейді бойды жыр ағын.
Азамат едің не деген
Құрыштай берік, қыраным!
              
                 ӘНШІ

Домбырам менің – күйлердің кербез даласы,
Жүрегім менің – әндердің  әсем қаласы.
Оң қолым – жүйрік  Құлагер,
Тартылған даңғыл жолдарда шабар түйдекпен.
Топырлап түскен тұяқтарынан күй төккен.
Сол қолым – ансамбль
Бұралып биге басатын,
Белдерден – белді  асатын.
Даламның осынау толғанда күйге құшағы,
Қаламнан менің аққу – ән самғап ұшады:
Сен үшін жұртым, арналған –
Домбырам менің – күйлердің кербез даласы.
Жүрегім менің – әндердің әсем қаласы.
            
       
             ТУҒАН  ӨЛКЕМ
                  (Толғау)

Жас, кәрі жырын жатқа айтатұғын,
Еңбектен абыройы артатұғын.
Ел-жұрты әзелден-ақ сүйіп өткен,
Нұрпейіс Байғаниндей қарт ақынын.

Бұл өлке –дархан жатқан жазық өлке,
Алыстан мені өзіне тартатұғын.
Сімірсең Жем өзеннің мөлдірінен
Мейірің құмарлана қанатұғын,

Көргендер таңғажайып қалатұғын,
Қыздары қызғалдақтай жанатұғын.
Өлшеусіз өркен жайған өнерімен,
Жігіті топ-жиынды жаратұғын.

Сан түрлі бояу алып Күн көзінен
Ақыны сөзбен сурет салатұғын.
Бұл өлке сұрасаңдар – туған өлкем,
Жыл сайын ән – жыр іздеп баратұғын.

Өзіңде шежіре боп көне қалған,
Шыбықтан өрім талдар өне қалған.
Құмдары сары алтындай шөге қалған,
Шалғайдан шақыратын шағылдарда
Төрт түлік қайда барсаң өреді алдан
Құмайы қоян, түлкі бірдей шалған.
Бұл өлке, сұрасаңдар, менің өлкем,
Бойымды Шалқар көлдей билейді арман!

...Сын кезең ел басына туған шақта,
Сонау жыл ер азамат қонғанда атқа.
Жанкелдин бастап шыққан қызыл керуен
Талай күн талмай тартқан Торғай жаққа.

Сонда өлкем кең құшағын ашып тұрған,
Қиялың кеткен талай асып қырдан,
Көтеріп көңіліңді тасыттырған,
Бұл өлке –кең жазира менің өлкем.
Өзіне ұл-қыздарын ғашық қылған!

Бүгінде осы өлкемнің бойын бойлап,
Елім бар жатқан өмір тойын тойлап.
Ағатын арнасында толқыны ойнап,
Ырғыз ғой – кең даланың қан тамыры.
Жерімде жібекжалын жел көтерген
Құр асау жүйріктері – аң  тағылы.

Айтсаңшы осынау кең аймағыма,
Жарасқан торғын жібек – таң сәріні!
Жаныңды әуенімен әлдилеген,
Сылқым күй, әсем сырбаз ән тәңірі!
Еңбектен еліме мол бақ табылды,
Ойылдың ой-қырына көз жіберсең
Көресің дария толқын –ақ тарыны.

Жазыңда жасыл желек бақтары бар,
Қыс болса қызыл шұнақ аяз құшып.
Құлақты шымшылайтын шақтары бар.
Аулыма бара қалсаң жолың түсіп,
Өмірін әңгіме ғып ақтарылар,
Аңқылдап сыр ағытқан қарттары бар.
Алдыңнан күлім қағып қарсы алатын,
Әр үйдің ай шырайлы әппағы бар.
Әрдайым әдейілеп қонағына,
Сары шұжық сыбағаға сақталынар.

Өңірін қазынаға малындырған,
Өр төсін күн нұрына шағылдырған,
Өзіне қиялыңды табындырған,
Аз уақыт аулақ кетсең алыс жаққа,
Соншалық сені мүлде сағындырған,
Сезімін сүйікті бір сазға бөлеп,
Талайлар сый арнаған лағыл жырдан.
Осынау алтын аймақ – жан өлкем ғой!
Әркімді бірдей көріп жақын қылған.
Кіршіксіз махаббатын бойға сыйлап,
Талайды топқа түсер ақын қылған.

    ***
Туған жер, сенде
Көктемнің көркі жайнайды-ау!
Туған жер, сенде
Толықсып толқын ойнайды-ау!
Туған жер, сенде
Бәйшешек гүлдер самсаған,
Туған жер, әсем
Сазыңды көңіл аңсаған.
Көгіңнен сенің
Тамылжып сәуле төгілген.
Көз алмай келем
Сипаты жамал беліңнен.
Бағыңда сенің
Бұлбұлың тынбай сайраған.
Бір еркең едім
Бал дәурен күнін тойлаған.

Мөлдірей берсін
Өңдірдей тұнық аспаның!
Аяңнан сенің
Арманды сүйген жас жаным.
Күйіңмен шалқып
Балбырай берші, туған жер!
Жадырай берші,
Албырай берші, туған жер!
Тербе де өзің
Ән-күйге бөлеп, туған жер,
Әлдиле мені,
Әлдиле мені, туған жер!
          
              ЖЕМ-САҒЫЗ
Жем-Сағыз қалың жұртым жайлаған жер,
Мыңғыртып төрт түлік мал айдаған жер.
Қаптаса қара нарлар, сәйгүліктер,
Қойлары семіздіктен шайлаған жер.

Жем-Сағыз –әке-шешем жайлаған жер,
Көктемде бәйшешегі жайнаған жер!
Басына жас ботаның үкі тағып,
Құлынды қоңыраулатып байлаған жер!

Жем-Сағыз күй тербетпей қоймаған жер;
Балалық асырға біз тоймаған жер!
Топталған жан достарым құшағында,
Таласып талай асық ойнаған жер.

Жем-Сағыз –жастық күнді тойлаған жер,
Өмірдің өршіл қалпын ойлаған жер!
Ақбұлақ, Қызылбұлақ, Қөкбұлағы
Жарысып шымыр-шымыр қайнаған жер!


Жем-Сағыз – ән тербетпей қоймаған жер,
Бақытын туған елім тойлаған жер!
Ақыны бұлбұлдайын сайраған жер,
Жем-Сағыз – айналайын, жайнаған жер!