Әндері мен жырларын халқына
рухани азық етіп қалдырған
Бәкір Тәжібаев туралы бір үзік сыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уақыт жылдам, қазақ поэзиясындағы Бәкір Тәжібаевтың (1926-1994) жырлары әнмен әрленіп, алаш аспанында шырқалғанына да көп жылдың жүзі болыпты.
Мұхит әндерінің саздылығы, философиялық ерекшелігі мен халық әндерінің қасиетін бойына сіңіріп, туған елдің қадіріне жеткен ақын әрі сазгер Бәкірдің өмірден жинақтаған ой-толғамдарын өнерге бағыттағаны -оның жан тазалығы болса керек. Сазгер ақынның туған жер, өскен ел, дос-жаран дегенде ойының мөлдірін, сағынышының ыстық ықыласын арнап, төгілте жыр жазар кездері де көп болған ғой.
Бәкір өзінің алғаш ән жазғаны жайлы көзі тірісінде былайша еске алған-ды:
- Бірінші, «Жас дәурен» деген ән шығардым. Оның өлеңін Қасым Аманжолов жазды. «Аппағым-ау», «Дала жолдары», «Ақбұлақ» әндерін жаздым. Туған жердің бұлағы, табиғаты, қазақтың кең сахара даласы мен үшін үлкен тақырып болды да Болат Сыбанов, Қапаш Құлышевалар домбырамен орындады. Әншілерден ерекше атап кететін әншім Роза Рымбаева. Ол менің біраз әндерімді шебер орындап, тыңдаушысына жеткізе білді. Сол үшін ризашылығым шексіз, - деп еді өз шығармашылығы жайлы Бәкең.
Жетпісінші жылдары әуе толқынынан жиі насихатталған Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әні ауыздан ауызға тарап, көпшілік жүрегіне жол тапты. Ал бұл әнді алғаш орындаған семейлік әнші Бәкір Тәжібаев әннің бағын ашып, өзі де ән арқылы өнері арқылы танымал болды.
Бәкір Төлеуұлы 1926 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты «Ақбұлақ» ауылында дүниеге келген. Елін сүйген ердің туған елге арнаған тамаша әні осы «Ақбұлақ» ауылына арналған екен.
Бәкір 1941 жылдан бастап осы облыстың Мұғаджар ауданына қарасты «Темір» ауылының педучилищесінде оқып, кейін аудандық газетте хатшы болып қызмет етеді.
1950 жылы Ақтөбе облысына арнайы сапармен барған жазушы Тахауи Ахтанов Бәкір Тәжібаевпен кездесіп, оның бойындағы өнерге деген құштарлықты байқап, Алматыға алдырады. Бәкір оқуға түседі. Осы жайлы Бәкір Төлеуұлы көзі тірісінде айтқан екен: «Мен өзі жастайымнан өнермен, әдебиетпен шұғылдандым. Мен туған халқымның халық әндерін домбыраға қосылып айтып жүрдім. Жиырма бір жасымда театр училищесін бітірген соң мені Мәдениет министрлігі Жамбыл облысына жіберді. Екі-үш жылдан кейін Шымкенттің облыстық театрына шақырды. Онда бұрын жұмыс істеп кеткен жағдайым бар еді. Көп жыл жұмыс істедім. Әнмен қоса драматургиялық шығармаларды дүниеге әкелдім. Еркеғали Рахмадиевтың «Қамар Сұлу» операсының либереттосын Нығымет Баймұхамбетовпен бірігіп жаздық. Ол опера сахнасында күні бүгінге дейін жүреді. Сосын көптеген таза драматургиялық пьесалар жаздым. Оларды айтсам, «Қаракөз қарындасым», «Ана жүрегі», екеуі де Ұлы Отан соғысына арналған. «Батақтың Сарысы» деген композиция, сол кісінің өмірінен «Түрмеден қашқан» деген музыкалық драма жаздым. Бұл шығармамда көптеген театрда жүрді. Семей, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда театры, Алматыдағы Мемлекеттік Жасөспірімдер театры біраз шығармаларымды сахнаға шығарды»-деген.
Бәкір Тәжібаев облыстық театрларда еңбек етіп, 1958-1974 жылдары Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақстан театр қоғамында кеңесші-әдіскер болып қызмет етті.
Бәкір Тәжібаев 1974 жылдан бастап шығармашылыққа біржолата бетбұрды. «Көптеген әндердің дүниеге келуіне Еркеғали Рахмадиев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджановтардың әсері болды. Ал енді Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды әншілер композиторлармен шығарған әндерімді жариялады»-деп ағынан жарылған.
Ақынды қанаттандыра, бар жағдайын жасаған құдай қосқан қосағы Сапаркүл апай сол бір қимас шақты әркез ерекше сезіммен еске алады:
«1959 жылы Жамбыл қаласындағы нағашы ағамның қолында тұратынмын. Мен мектепте оқимын, он бес жастамын. Келсем үйде бір жігіт отыр домбыра тартып. Келіп жүрген әртістердің біреуі шығар дедім де қойдым. Күнде келеді әлгі кісі, сосын бір күні:
-Сен менің жиен қарындасым боласың, - деді,
- Жарайды, ағай! - дедім. Бір күні айтты:
- Мен сені өз қолымнан күйеуге берем, - деді, тағы да:
- Жарайды - дедім. Сөйтіп жүргенде екеуміз қосылдық. Мен мектеп қабырғасында оқимын, «жасы толмаған қызды алды» деп, Бәкірді соттамақшы да болды. Анам, әжем, нағашы ағам мен жеңгем бар, бәріміз бірге тұратынбыз. Содан Нұрдәулет Күзембаев деген ағамыз Шымкентте басшылық қызметте болатын. Бәкір соған кетті. Содан кейін сол ағамызға «қарындасыңызды алып едім, қудалап жатыр» десе, «бәрін көшіріп алып кел!» деген екен. Содан ағамыз мені училищеге түсірді. Бәкір Шымкент театрына кірді, сөйтіп тұрып жаттық. Әртістердің әрқайсысы келіп «бұл кім?» деген сұрақты көп қоя берді. «Әйелім» деп айта алмайды, «қарындасым» деп әрең құтылатын»- деп бір сырды аша сөйледі.
Сүйгеніне қосылған Бәкір ұзақ жыл жұбын жазбай өмір сүрді.Ал ақын әрі сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың туындылары өз кезегімен жарық көріп жатты.
Иә, автордың «Қараторғай» атты новеллалар жинағы, одан кейін «Біздің Роза» очерктер жинағы мен «Сахна жұлдыздары» атты портреттер топтамасы, «Балбұлақ», «Ән дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушы» атты жинақтары көзі тірісінде жарық көрді. Ал біздің алтын қорымызда сақталған екі жүзден аса әндерінің ішінде шоқтығы биігі Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні. Бұл әнді алғаш орындаған Роза Рымбаева Сопотта өткен Халықаралық ән фестивалінде Гран при сыйлығын жеңіп алып, лауреат атанды. Ән әншіні, әнші әнді дүниежүзіне паш етті. Ал әннің авторлары Сейдолла мен Бәкір сол қуаныштың куәсі болып мерейлері өсті.
Осы жайлы Сапаркүл апамыздың ойын ортаға салсақ:
«Әлия Молдағұлова менің анам жағынан туыстығы бар. Бәкір анам екеуі отырып шәй ішеді ғой, сонда жазған өлеңдерін екеуі талдайды. Сосын Әлия туралы әңгіме болып қалғанда: «апа, айтып берші» деп жалынып, көп нәрсеге қанық болады. Осында Әлия Молдағұлованың нағашы ағасы болды. Әубәкір Молдағұлов дейтін кісі соғысқа қатысқан.
Бір күні үйге жас композитор Сейдолла Бәйтереков келді. «Ой, аға, өлеңіңіз әнге сұранып тұр екен, мен бір ән жазайын» деп, кешке дейін екеуі осы әнді жазып шықты.
Бәкір мен Сапаркүлдің Алладан сұрап алған ұл-қызы ата-анасының қуанышы еді, қыздары Айжан ерте дүние салды. Ендігі үміт Жасұландай ұлда еді...
Ол әкесі жайлы былай деп сыр ақтарды.
Жасұлан: «Әкемнің дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Мінезі қызық адам болатын. Кішкентай адам секілді бір адамның айтқанына сеніп, шын көңілмен рас деп санайтын. Қолынан келсе, елдің бәріне көмек көрсететін. Өзі әдебиетке жақын болғаннан кейін мені де әдебиетке баулыды. Жалғыз болып өстім, кішкентай кезімнен оқуға қатты қарайтын. «Сабақтарың қалай, кейін ұят болып қалмасын» деп, ылғи айтып отыратын. Әкем негізінен түнде жазатын, таңғы бестерге дейін жазу жазады, содан түске дейін ұйықтайтын. Әжеммен шәй ішіп, шығармашылығын талдайтын. Мінезі тік болатын. Адамдарға қатесін бетіне айтатын, бірақ зілі болмайтын. Бірталай жас композиторларға ақыл-кеңесімен болсын көмектесіп жататын. Кішкентай кезімізден бастап әншілер мен ақын-жазушылардың ортасында өстік. Олар біздің үйге келгенде ән айтып, күй тартып, думандатып отыратын».
Ақын Сейфолла Оспан бір естелігінде былай дейді: «Өзбекстанның Жизақ қаласынан жеңіл көлікпен ел аралап келе жатқанда жолда бір малшы мәшинеге мінді. Кенет жүргізушіміз радионы қосып еді, біз «бәсеңдет» дедік. Сонда малшы:
- Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағын» айтса ғой, шіркін, онда радионы қатты қояр едік!- деп армандайды. Сонда:
- Егер сол Бәкірмен бірге келе жатсаң не істер едің? - дегенімде әлгі кісі бізге жалтақтай қарай берді. Анық-қанығын білгеннен кейін қуанып, - - Түйе соям, үйге жүріңдер,- деп жабысқаны бар, - деген еді Сейфолла ағамыз. Осындай ел арасында Бәкір Тәжібаевқа қатысты әңгімелер бар. Бұл өнерді сүйген халық өкілінің құрметі болса керек.
Ақын әрі сазгер драматург Бәкір Тәжібаев мың бұрала аққан Сағыз бен Жем өзендерінің бойында мекен еткен әнші-күйшілердің өнерімен сусындаған дала дарыны. Ағасы Қоныс жырау да өнерлі жан еді, ал әкесі Төлеу мен анасы Тәжен ойын-сауықтың көркі болған ауыл өнерпаздары болатын. Туған топырақтың қасиетін бойына дарытқан Бәкір Төлеуұлы Ескендір Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», «Алматының алмасы», «Елігім-еркем», «Есіңе ал», «Ауылым-әнім», Нұрғиса Тілендиевтың «Аққұсым», Кеңес Дүйсекеевтің «Қаракөз», Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әндеріне өлең жазса, өз әндерін де біздің алтын қорымызға жазып қалдырды. Әлі күнге маңызын жоғалтпаған екі жүзден аса ән жас орындаушылардың әрлеп орындауында қайта жаңғыруда.
Бәкірдің ұлы Жасұлан мен келіні Гауһардың батыр апаларының есімін қойған Әлия деген қызы өнерге әуес. Ол Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік мектебінің сегізінші сыныбында оқиды, фортепиано аспабын үйреніп, өздігінен білімін жетілдіріп жүр.
Біз тамылжыған әсем әндері мен сырға толы жыр-маржандарын халқына рухани азық етіп қалдырған біртуар дарын иесі, арқалы ақын, сырбаз сазгер Бәкір Тәжібаевтың шығармаларының дәуір үнімен үндесіп, талай ғасырға жететіне сенімдіміз.
Мәңгілік тақырып махаббат дейтін болсақ, тыңдаушының жан-дүниесіндегі құпия сырды нәзік сезіммен тербеп, теңіздей толқытар әнімен, жырымен туған халқымен бірге жасайтын тамаша суреткердің еңбегі әлі де талай әңгімеге арқау болары сөзсіз.
Алтын Иманбаева
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бәкір ТӘЖІБАЕВ: “ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ талан-таражға
түсе бере ме?”
31 жыл жарияланбаған зерттеудің жанайқайы бүгін де маңызды…
Республикалық «Қазақ үні» газетінің өткен жылғы №48-49 сандарында және биылғы №1-2 санында жарық көрген ақын Зейнолла Әкімжановтың «Тарихи шындыққа сәйкессіздік» атты мақаласы оқырмандар арасында түрлі қызу пікірталас туғызып отыр. Бүгін газетімізде 31 жыл бойы жарияланбай келе жатқан, талантты ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорынан алынған ашық хатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Қазақ халқының ұлттық байлығының үлкен бір бөлігі – рухани мұралар. Олар сан ғасырлар бойы халықпен бірге жасап, тарих соқпақтарында толығып, жетіліп отырды. Алғашында жеке адамдардың шығармашылығында туындағанмен, жад арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысу барысында авторларының есімдері ұмытылып, жол-жөнекей түрлі өзгерістерге түсе отырып халық мұрасына айналды. Сөйтіп, бүгінгі күнге бір ғана шығарманың бірнеше версиялары, саналуан нұсқалары жетті. Бұл – фольклортану ғылымының шеңберіндегі заңды құбылыс. Алайда, кейінгі жылдары осы рухани құндылықтарды халықтың өзіне қимай, жекелеген адамдардың шығармашылығына телу арқылы ғылыми тұрғыда дәлелденбеген тарихи тұлғаларды қалыптастыру, оларды жасанды түрде дәріптеу үрдісі белең алып келеді. Әсіресе, жең жалғастырған әлдебір топтардың нақты ғылыми негізсіз халық әндері мен күйлерін әлдекімдерге бей-берекет үлестіруі, бұл ниеттерін елдің беделді басылымдарының беттерінде, электронды ақпарат өздерінде ашық насихаттауы зерттеуші-ғалымдарды алаңдатады.
Осы мәселе ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының өзінде марқұм Бәкір Тәжібаевты да қатты мазалағанын қалың оқырманға ұсынылып отырған қаламгердің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында сақталған «Халық қазынасы талан-таражға түсе бере ме?» (1055-бума, 1-дәптер.) атты ашық хатынан айқын аңғаруға болады. Хаттың жазылу мерзімі 1983 жылдың 22 тамызы болғанмен, қайда, кімнің атына жазылғаны белгісіз. Алайда, машинкада терілген мәтіннің соңында қаламмен «1947 жылдан КПСС мүшесі, жазушы» деген сөздер жазып, қол қоюына қарағанда, Б.Тәжібаев хатты Қазақстан КП Орталық комитетіне қаратып жазған сыңайлы. Хаттың ортаңғы шекесінде «Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтының директоры М.Б.Базарбаев жолдасқа!» деген нұсқау жазылған, бірақ авторы көрсетілмеген. Өз кезегінде М.Базарбаев: «Б.Уахатов, Р.Бердібаев жолдастарға – ұсыныстарыңызды күтемін!» деп қол қойып, «3.ХІ.83» деген мерзім көрсеткен. Бірақ хат ғалымдар ортасында талқыланбаған. Сонымен бірге аталған қолжазба қорында Б.Тәжібаев, С.Балмағамбетов, И.Шұғаев сынды үш бірдей талантты ақын, сазгер, күйші жандардың бірлесіп жазған ашық хаты сақталған. Бұл хатта да негізінен қазақтың халықтық мұралары талан-таражға түсіп, көлденең көк аттылардың қанжығасында кетіп жатқандығына қынжылыс білдіріліп, соған орай бірқатар мысалдар келтіріледі. Мұнда да әсіресе, Сегіз сері мен оның маңына топтасқан көптеген «жұмбақ» серілердің қазақ әдебиеті мен фольклорына тигізіп жатқан залалды әсеріне айрықша тоқталған. Сегіз сері тек халық әндерін ғана емес, Бәкір ағаның атақты «Ақбұлақ» әнін де еш жол-жосықсыз тартып алған болатын. Бірақ Бәкең өз әніне емес, Ұлтымыздың ұлы мұраларына арашашы болғандығы төмендегі хаттардың мазмұнынан айқын байқалады. Төрелігін оқырманның өзі айтсын.
Осы мәселе ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының өзінде марқұм Бәкір Тәжібаевты да қатты мазалағанын қалың оқырманға ұсынылып отырған қаламгердің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында сақталған «Халық қазынасы талан-таражға түсе бере ме?» (1055-бума, 1-дәптер.) атты ашық хатынан айқын аңғаруға болады. Хаттың жазылу мерзімі 1983 жылдың 22 тамызы болғанмен, қайда, кімнің атына жазылғаны белгісіз. Алайда, машинкада терілген мәтіннің соңында қаламмен «1947 жылдан КПСС мүшесі, жазушы» деген сөздер жазып, қол қоюына қарағанда, Б.Тәжібаев хатты Қазақстан КП Орталық комитетіне қаратып жазған сыңайлы. Хаттың ортаңғы шекесінде «Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтының директоры М.Б.Базарбаев жолдасқа!» деген нұсқау жазылған, бірақ авторы көрсетілмеген. Өз кезегінде М.Базарбаев: «Б.Уахатов, Р.Бердібаев жолдастарға – ұсыныстарыңызды күтемін!» деп қол қойып, «3.ХІ.83» деген мерзім көрсеткен. Бірақ хат ғалымдар ортасында талқыланбаған. Сонымен бірге аталған қолжазба қорында Б.Тәжібаев, С.Балмағамбетов, И.Шұғаев сынды үш бірдей талантты ақын, сазгер, күйші жандардың бірлесіп жазған ашық хаты сақталған. Бұл хатта да негізінен қазақтың халықтық мұралары талан-таражға түсіп, көлденең көк аттылардың қанжығасында кетіп жатқандығына қынжылыс білдіріліп, соған орай бірқатар мысалдар келтіріледі. Мұнда да әсіресе, Сегіз сері мен оның маңына топтасқан көптеген «жұмбақ» серілердің қазақ әдебиеті мен фольклорына тигізіп жатқан залалды әсеріне айрықша тоқталған. Сегіз сері тек халық әндерін ғана емес, Бәкір ағаның атақты «Ақбұлақ» әнін де еш жол-жосықсыз тартып алған болатын. Бірақ Бәкең өз әніне емес, Ұлтымыздың ұлы мұраларына арашашы болғандығы төмендегі хаттардың мазмұнынан айқын байқалады. Төрелігін оқырманның өзі айтсын.
Тоқтар ӘЛІБЕК,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институты Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай ҚОСАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ежелгі дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институты Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай ҚОСАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ежелгі дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты.
Бәкір ТӘЖІБАЕВ, 1947 жылдан КПСС мүшесі, жазушы: “ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ талан-таражға түсе бере ме?”
Сәния 28 ақпан, 2014, 10:40
Сегіз
Серіні батыстық ғалымдар “өмірде болмаған” деп дәлелдеп жүр. Демек, ол жазған
өлең-дастан, шығарған ән басқалардікі. Ал Солтүстік Қазақстанда Сегіз Серінің
немере-шөберелері тұрады, анау бір жылы Мұстафа деген шөбересі “Қазақ әдебиеті”
гәзетіне мақаласын шығарып, атасын неге “өмірде болмаған” дейтіндерге таңқалып,
жауап берген еді. Оны елеген, зерттеген ешкім болмады. Сегіз Сері туралы дау
қашанға дейін созылар екен?
Қали Жолдасов 28 ақпан, 2014, 19:31
“Ата-бабаның
атын шығаруда өткен тарихты өзінше өзгертуге ешкімнің де хақы жоқ болар!
Сондай-ақ «Жершілдік» пен «Жікшілдіктің» бүгінде ешбір пайдасы жоқ!”. Құдды
бүгінгі күндегі тарихымызды бұрмалап, бәзбіреулердің атынан жалған романдар мен
дастандар жазып, ауыз әдебиетінің озық үлгілерін өз ата-бабасына, руласына
теліп жатқан “жікшілдік” пен “жершілдік” Кеңес дәуірінде де болған екен-ау?!
Бәсе… Бірақ, беті бүлк етпейтін бүгінгінің бұрмалаушыларын сынап, ақиқатты
айғақтармен айғайлап айтатын “бүгінгінің Тәжібаевтары” бар ма екен?
Ғиззат Досжанов 8 қаңтар, 2015, 03:52
Сегіз Сері
туралы айтыстар мен “зерттеулер” әлі бітпеген екен. Мақаланы жазғандар сұрақты
көп қояды. Мен Омбы жағынан. Туған әке жағынан арғын ішінде руымыз – қаржас.
Әкем нағашылары – керейлер Шеше жағынан туған нағашыларымыз – тағы да керейлер.
Керейлер баяғы заманда Сыр бойынан Сібірге дейін ауыпты: жер сақтау және
кеңейту керек болыпты. Бұған Сібір хандығына көмектесетін ниеті бар көшпенді
өзбектердің де ықпалы болса керек. Мақалада көптеген жазушылардың, ғалымдардың,
композиторлардың аттары аталады. Олар қайдан білсін: Бәкір Тәжібаев кейін тарихты
у-шуға айналдырып жіберетінін. Сегіз Сері болған адам. Қазвқта “сегіз қырлы,
бір сырлы” деген мақал бар емеспе? Сегіз Серінің аты айтып тұған жоқ па? Ол –
ақын, композитор, әнші, әскери өнерді меңгерген білікті адам, отан сүйгіш адам
(патриот), және басқа да қырлары бар шығар. Мен мұны бала кезімде Омбы ауызында
орналасқан Қаржас ауылының тұрғындарынан естідім. Орыстар оның атын кадет
корпусынан алдырып тастатқан сияқты. Ол Кіші Жүзге қашып барғасын, одан
қорыққасын Шоқан Уәлихановты фортификация (қамал салу, қамал алу) пәніне
қатыстырмапты. Әскери білімі болғасын Кіші Жүзде Сегіз Серіні жасырын ұстайды.
Ал «Ақ бұлаққа» келсек, рас, ондай өзен жоқ, бірақ аты айтып тұрғандай бұлақ
бар шығар. Ол қазіргі Орынбор облысында. Онда Акбулакский район бар. Оны бір кезде
қазақ әйелі басқарған. Бірақ түсінікті, одан Сегіз Серінінің әкесі атын
суармаған, шешесі су алмаған. Бірақ Бәкір Тәжібаевтың әкесі атын суарған,
шешесі су алған шығар. Жақсы ән! Оның Сегіз Серіге қандай қатысы бар? Ал
Қожабергеннің «Елім-айына» келсек, ол рас, тек қана Қожабергендікі. Бұл ән
бара-бара өздерін Ұлымыз деп атайтын Жүздікі болып шықса, таң қалмаймын.
Ғиззат Досжанов 8 қаңтар, 2015, 04:18
Хаттардың
жазылу мерзімі 1983 жыл болғанда қандай мекемеге, кімнің атына жазылсада,
кезінде Бәкір Тәжібаевтың өэдігінен жариялап жіберуге дәті бармаған ғой,марқұм
болған академиктерді басқаларға сөктіргенше.
Ілесбек Байжанов 8 қаңтар,
2015, 16:21
Еділ –
Жайық бойындағы Кіші Жүздің көтерілісі кезіндегі ақ патша саясаты.
Еділ –
Жайық бойындағы Кіші Жүздің көтерілісі «Қос өкпелі» даудан туса,
Байұлы үзеңгі басар бақ болмайды! Үзілген жерде қалады!
(Таңбалы Тауас Би)
– Жайықтың
бойын жайлаған,
Он екі Ата Байұлы жұлқынып сөйлер!
Арқаның Әруақты Тектілері,
Томағасын сыпырған қырандай сілкініп сөйлер!
Керейдің Тектісі, Арғынның арланы,
Қыпшақтың көкжалын жетегіме алсам,
Мен Жайықтың жайыны, Ордаңды жұтып,
Орысты қашырып, турасын айтып, туырлығыңды турап сөйлер едім! – деген,
Маханбеттің отты жыры Ел арасына тарап кетеді.
Маханбеттің осы ойын сезген ақ патша Арқаның Ашамайлы Керейден шыққан және орыс
елімен тізе қосып, Напалеон басқыншыларына қарсы күрескен майор шенді Таңбалы
Тауас Биге (1780 – 1849 ж.ж.) – полковник шенін ұсынып, күміс сапты қылыш
силап, мынандай арызды көлденең тартады. Бұл арызда Он екі Ата Байұлының
старшыны Исатайдың үстінен жазылған өзінің ағайындарының арызын көрсетіп,
жамандалған тұстарын көрсетіп, Арқаның Тектілеріне бұл бұзақыны қолдамауын
өтінеді және Россия еліне істеген ерлігін өте жоғары бағалайтынынын айта келіп,
ешқашан кездесіп көрмеген Арғынның Арқабас Датқасына да сыйлық беріп, оның
әділдігін Россия халқы біледі, және үлгі тұтады деп, Айтон Биге жолықтырып,
келісім – сөзге шақыруын өтінген. Бірақ Таңба Тауас Би ақ патша үкіметінің бұл
ұсынысын қабыл алмайды. Қайта кешегі Россия үшін жанын қиған қазақ
азаматтарының соңында қалған жанұяларына бекітілген заңды тәртіпте көмек беруін
өтініп, арызын келген жасауылдан беріп жібереді.
Ашамайлы Керейдің Сегіз Серісін шақырып алып:
– Мұхамед – Қанапия, Еділ – Жайықтың бойында не болып жатыр? Біліп қайт! – деп,
бірнеше жігіттерімен аттандырады. Мұхамед – Қанапия жиырма күннен соң қайта
оралып:
– Дау «Қос өкпелі» бірінің үстінен – бірі арыз жазып, ақ патшаға жағынуға
ұрынып жатыр. Бірақ ішіндегі іліп – алары, қыран Жауылғазы Ағатай Батырдың
ұрпағы Маханбет Өтемісұлы!» – деген анықтама – шолу жеткізеді. Осы хабардан соң
Арқабас Датқа Айтон Би ақ патша үкімет өкілдерімен жолығудан бас тартады.
Маханбет
Өтемісұлының қуғын-сүргінде жүріп, Арал теңізінің жағалауына тоқтап, көк
теңізге қарап тұрып айтқаны
Маханбеттің
өткен қателіктерді айтып, жүрегін өртеген өкінішті мұңы мен жырын Арал теңізіне
шағады:
– Мен, мен, мен едім!Мен Нарында жүргенде,
Кіші жүздің ішінде,
Тектіден туған Нар едім!
Он екі Ата Байұлы,
Арғы атаңнан шұбыртсам,
Ер Дәуіттің ұлы едің!
Оқжездіден тараған,
Он Екі көкжал туылған
Ақалтеке ат мініп,
Маңдайынан қараған!
«Барсакелмес» – Аралым,
Өніп – өскен мекенің,
Ортасы шөміш ащы Арал!
Сен теңіз болсаң,
Мен еркін жүзген кеме едім!
Исатайдың барында,
Жанарал, ояз, төрелер
Бетіме келмей сүрінген!
Сүйкене кетсе дұшпаным,
Наркескенге ілінген!
Халқым қолдап, «Ақа!» – десе,
«Ұраншым сөгіл!» – деп еді!
Мен, осы қазір менмін бе?
Аралым тулап толқыма!
Сені де жинаған данышпан
Көбігіңді шашып қорқытпа!
Данышпан туған Қазақтан,
Менен де өткір туылар!
Маханбетке түскен қара дақ,
Қолмен шайғандай жуылар!
– Ай, Исатай, Исатай!
Жүрегіңнің ақтығы,
Сегіз Серіге сенбедің?!
Жәңгір ханның сатқаны,
Бармақты басып, бас бердің?!
Сауатыңның жоқтығы!
Сегіз Серіге жармаспай,
Өлтіру керек еді,
Таспа шенді Бодтыны!?!
– Ау, Өтемістен туған оным – ай!
Бақ қондырдым қолыма – ай!
Киелі шекпенді сыпырып,
Ақ патшаға жағындың
Сары ала тартып шенің-ай?!
Түйелі шекпен киелі,
Тектіден қалған терең ой,
Жасболұлы Шалқы Бидің тәлімі – ай!
Сары ала шенді алған соң,
Билік айттың жұлқынып,
Кедей-кепшікті танымай,
Тектілер жеріп Еліңнен,
Қор болдық – ау,
Жанарал мен оязға!…
– Он екі Ата Байұлы – ай!
Жайлауы шапан Еділім,
Қош кіндік қаным Нарын – ай!
Шейіт кеттің – ау Ел үшін,
Исатайдай Ерім – ай!
Ақ патша әскер шығаруға елден сескенген. Қазақтың тектілері маңдай алды
азаматымызды өлтірдің деп, көтеріліс шығып кетсе өз ішімізден мұжықтар да
қосылып кетеді деп қорқады. Осыны сезген Жәңгір хан поручик Вотков дегенге арыз
жазылған қағаз беріп, оның ішіне: «Жайық бойындағы ел Исатайға қарсы, сенбесең
Исатайдың өзі қол қойып берді, бұл бас бұзар, елдің өзі қашып отыр!» – деп
жазғызып, Маханбеттің жоқтығын пайдаланып: «Он күн мұрсат бер!» – деп, Исатай батырға
қойдырып алады және бармағын бастырады. Қазақтың тектілері айтысып келгенде
Генерал Бекке Исатайдың қол қойылған қағазын көрсетіп: «Бұл ешкімді де
менсінбейді де, бір өзі сендерді де билемекші болды!» – деп, жеңіп кетеді.
Ескерту:
Бұл
деректер Қазақ халқының соңы Сыпыра шежірешісі Әлиасқар Байғұтұлының
мұраларынан табылды. Жүйелеп, қазіргі тіл салтымызға лайықтап, баспаға
дайындаған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі І.Байжанов. Шымкент шаһары. “Айғақ”,
“Алтын Ғасыр” газеттерінде 2007 – 2008 жылдары басылған.
«Қазақ үні»
ұлттық порталынан алынды
Gazaguni@mail.ru
АҚЫН ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ
Бәкір Тәжібаев – лирик ақын. «Балбұлақ», «Ән дәурен», «Жүріп
келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушы» өлеңдер жинақтары жарық көрді. Ақын
өзінің өлеңдерінде туған жер мен оның табиғатын, достық пен адамгершілік,
жастық шақ пен махаббаты тебірене жырлайды.
Бәкір
Тәжібаев– жерлесіміз. Алтын аймақ Ақтөбе десе ерекше сезімге
бөленеді. «Ақтөбеге ода», «Жем Сағыз», «Байғанин ауданы жастарының әні»,
«Ақтөбе вальсі», «Жем өзені», «Ақбұлақ» өлеңдерінде кіндік қаны тамған
«Ақбұлақ» деген жерге, Жем Сағыз өзендерін жайлап жатқан еліне ерекше
елжірейді. Ол өлеңдерді оқыған сайын қанаттанасың,рухтанасың, жігерленесің.
Бәкір
Тәжібаев –драматург. Ол «Қаракөз қарындасым», «Ана жүрегі», «батақтың Сарысы» пьесаларын,
«Қамар сұлу» операсының либреттосын жазды. Бұл шығармалары қазақ драматургиясы
үшін бір төбе.
Бәкір Тәжібаев – очерк,
әңгіме жанрының шебері. Алғашқы «ҚАРА ТОРҒАЙ» әңгімелер жинағы 1967 жылы шықты.
«Біздің Роза» КСРО халық әртісі Роза Бағланованың өнердегі шығармашылығы
мен өмір жолына арналады. «Сахна жұлдызы» очерктер жинағы қазақ өнер шеберлері
жайында жазылған деректерге толы.
Бәкір Тәжібаев – композитор.
Жүз елуден аса астам ән шығарды және әнге лайықтап өлеңдер жазды. «Жас
дәурен», «Гүлсің ау», «Аппағым» әндері бүкіл қазақ еліне белгілі. «Әлия» өлеңі
(әнін С.Бәйтереков жазған) халық әртисі Роза Рымбаеваның орындауында
бүкіләлемдік «Алтын орфей» конкурсында жүлдеге ие болды. Б.Тәжібаевтың
өлеңдеріне белгілі композиторлар Н.Тілендиев,Е.Рахмадиев,Е.Хасанғалиев т.б.
әндер жазды.
Ақынның музыкаға құмарлығының бір тіні
Қазанқаптың күйлерін насихаттаушылығында.
«Кербез Ақжелең», «Торы ат», «Торы аттың кекіл қақпайы», «Жем өзен
ағысы», «Көкіл», «Қазанғап торының бәйгедегі шабысы», «Учитель» т.б. күйлеріне
өлең шығарған.
Бәкір Төлеуұлы
Тәжібаев – ұлттың бекзат болмысын бедерлеген, аманатын азабымен қоса
арқалаған ақиық ақын, жақсы ән мен тәтті саз шығарған сазгер, өзі қосыла
орындайтын жыр толғаушы бейнесінде ел жұртының есінде қалатын тұлға. Әндері мен
жырлары тілімізде, бейнесі ділімізде сақтаулы бола бермек.
Ниетжан
Беріковтың
Бәкір
Тәжібаев туралы ой толғауынан
Ақбұлақ аға
Жай
күндерде ғана емес, тіпті мерейтойлар тұсында да белгілі немесе белгісіз
кісілер туралы басы артық теңеулердің қажеті жоқ екені даусыз. Әйтсе де, зиянсыз өтірік пен ептеп асыра
сілтеу қосқан мақтауға тыйым салу жіне мүмін емес. Қаншама еңбектеніп қомпитқан
ағаларымызды бәрібір мына жұрт ізінен танып қояды.
Осы тұрғыдан келгенде көкірегі оянуға құштар
болып тұратын қазаққа Бәкір Тәжібаевты таныстыру – артық шаруа. Мысалы, бұл
ағамызды көзі тірісінде мәртебелеу үшін бір «Ақбұлақ» та жеткілікті еді.
Жатаған үйлері бар ауылға телевизор таңсық, магнитофон жете алмай жатқан кезде
көңілдерді радионың әні жібітіп, радионың әңгімесі әлдилейтін. Сол шақта,
әсіресе, «Түскі демалыс концертінде» «Ақбұлақ» сызылғанда құлақ тоспасқа амал
кем еді. Былай қарасаңыз, қазақтың ұланғайыр даласында талай Ақбұлақ бар
шығар-ақ. Әйтсе де, сол Ақбұлақтар түгілі Қарабұлақтардың да суы таңдайына
тимеген, қазірден сәл адалдау, сәл көңілшектеу қазақтың осы әнге ықыласы ерекше
құлағаны рас.
Әрине, мына
заманда бәйге алып жатқан ән көп. Алматы мен Астананы былай қойғанда,
Әмірика асып жатқан әуез жеткілікті. Бірақ қазақ әні төл топырағын жатсына
қоймаған шақта, ана тұста Нұрғиса мен Әбілахаттың, мына тұста Шәмші мен Әсеттің
әндері жүлделеніп жүрген кезде, Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағы» сол әсем
әуендермен иық тірестіруді сүйсінерлік-ақ оқиға емес пе еді.
...Айналайын Ақбұлақ,
Айналақтап жағаңда
Сенен артық өзенді
Бұл әлемнен табам ба?!..
Бәкір аға таппаған шығар. Біз де таба алмаған
сияқтымыз. Әр кез жүрегін жыламсыратып жүретін әркімнің өз Ақбұлағы бар ғой.
Қазіргі әннің барлығына бірдей топырақ шашу қиянат, бірақ көп әнде сол
«Ақбұлаұтағыдай» тілге оңай орала кететін, оқымыстылықтан ада қарапайым сөздер,
жаныңды үзіп-үзіп алатын сезімді әуез жоқ. Туған мекенді екіленбей, жұлқынбай,
дәл Бәкір аға тәрізді қоңыр дауыспен де мықтап сүюге болады екен ғой.
Ал «Әлия» әні – бергі кезеңнің, эстрада құба
төбел тірлігімізге дендей енген, өзіне лайық әнді берсең қолыңнан, бермесең
жолыңнан тартып алатын кездің туындысы. Сейдолла Бәйтерековке мың алғыс, Роза
Рымбаеваға зор құрмет. Сонда да... Әлия туралы ән болуы керектігін ойлап,
әуенге лайықтап мәтін жазып, оны композиторларға көрсетіп, қоймастан өтініш
жасаған әуелгі кісі осы Бәкір Тәжібаев еді. Әлде ағамыздың көкірегін сонда
әлдебір сиқыр түрткіледі ме екен?!
Алматыда тұрған арғы-бергі ақын-жазушылардың
ішінде Ақтөбеге жыл құрғатпай дерлік ат ізін салатын бір қадірліміз және осы Бәкір
аға еді. Көзін көргендер, сол сапарларында дәмдес, жолдас болғандар, тіпті
атүсті амандасып қалғандар да жақсы біледі: Бәкір Тәжібаев секілді қарапайым
қаламгер сирек.
Поэзия, проза, либретто, драма, жолжазба...
Бәкір Тәжібаевтың қаламы бақ сынаған жанр көп, ол атқарған қызметтер де
өмірбаянында тізіліп тұр. Әйтсе де туғанына сексен жыл толғалы отырған Бәкір
Тәжібаев туралы әңгімені есті жұрттың «Ақбұлақпен» бастап, «Әлиямен»
демдейтініне дау жоқ. Осы
екі ән шырқалғанда, өз топырағымыздан өрбіген аяулы тұлға туралы бәрібір шегіне
жеткізіп әңгіме айта алмайтын сияқтанатынымыз бар-ау...
Ертай Ашықбаев
(«Ақтөбе» .- 12 мамыр 2006 жыл)
Ән мен жырдың ақбұлағы еді.
Кейін атақты
ақын болды, елге екі жылда бір соғатын. Мінезі былай тік болғанымен, халықтың
алдында кішік, қарапайым болатын. Күй де, көлік те, үй де талғамайтын. Ешкімге
міндет артпай, ел басшыларының берген көлігімен туған жерін аралап, ән мен
күйін төгіп жүре беретін. Сол қасиеттері кейінгі буынға үлгі болғандай еді.
Өз ағайын –
туыстарына келгенде дүрсінбей, үлкенге
сәлем беріп, өзінен жас кішілерге ілтипат білдіріп, кеше туған баласына дейін
сұрап, асты-үстіне түсетін. Ағайынның басы қосылған жерде естіген
жақсылықтарына балаша қуанып, ән-жырын айтып бір мәз болып қалатын. Бәкір ағам
отырған жерге келіндері именіп кіретін,
біз де сонша қарапайымдылығына қарамастан қорқатын едік. Қолдан келгенше
көңіліне қаяу түсірмей, жағдайын жасауға тырысатынбыз. Шайқор еді. «Ой,
келіннің құйған шайының тәттісін-ай!» деп күліп қойып, отырған жерін ән мен жырға бөлейтін.
Бәкеңнің киім
киісі бөлек еді, тазалықты сүйетін, үстіне қыл жұқтырмайтын. Қағынып-сілкініп,
көйлегін күнде ауыстырып дегендей жарқырап жүретін.
Тамаққа көп
сұғынбайды, ыдыс-аяқтың тазалығына мән беріп, үстел үсті, айнаның, терезенің
алдында, үй ішінде шаңды сүрткізіп отыратын. Өте сырбаз еді. «Бәкір келе жатыр»
денгенді естісімен, келіндері үйінің ішінен сыртына дейін тазалап, әлекке түсіп
жататын. Келіндерінің қызметі ойынан шықса: «Біздің Сапашқа ұқсаған екен» деп
күлдіріп қоятын. Сапашы – үйіндегі жеңгеміз Сапаргүл.
Мен Бәкір туралы
естелігімде әдебиетшілер секілді оның шығармашылығы туралы көп айта алмаймын.
Әйтеуір туған елін-жерін ынта-шынымен сүйетін, әрқашан сағынып жететін ақын
жүрегінен шыққан «Ақбұлақ», «Жас дәурен», «Туған жер», «Гүлсің-ау» секілді
әндер, Роза Рымбаеваның атын шығарған «Әлияның» сөзін жазғаны жұртқа белгілі.
«Балбұлақ», «Ән-дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушы» тәрізді
жыр жинақтарының қазақ поэзия сында алар өз
орны бар деп ойлаймын. «Ана жүрегі» деген драмасы, «Қамар сұлу» либреттосы,
өнер жұлдыздары жайлы жазған очерктері бір төбе.
Байғанин мен
Ақтөбені жырына арқау етті, жұртқа танытты.
Мырзағали
Төлеуов
(«Ақтөбе» газеті, 13 ақпан 2003 жыл)
ҚАЛЫҢ ҚАУЫМҒА СҮЙІКТІ ЕДІ
Бұл жерде біз Бәкеңнің сазгерлік өнері туралы
айтуды әдейі кейінге қалдырып отырмыз. Өйткені, бұл кісінің қолтаңбасын паш
ететін әсем сазды он жеті әнінің тарихы өз алдына бір-бір хикая. Сондықтан
әнге жазған сөздеріне тоқталсақ дейміз. Бір ғана Сейдолла Бәйтерековпен бірігіп
жазған “Әлия” әнінің өзі неге тұрады десеңші? Мәтін мен әуездің ғажап
бірлігінің арқасында туған бұл ән Роза Рымбаева сияқты әншіміздің атын
аспандатып кеткеніне бүкіл ел куә.
Қобда,
Нева суларын сүйіп өскен,
Әсем
гүлін құшаққа жиып өскен.
Аққу
құстың бейнебір баласындай,
Сұлу
сазды, жастықтың күйін кешкен.
Әлия
– ару қызы сен халқымның,
Әлия
– батыр қызы сен халқымның,
Ерке
құсы сен даламның! – деп Роза қарындасымыз шырқағанда, кімнің болса да
сезіміне қанат байлап, ерекше әсер қалдырары хақ. Немесе Ескендір
Хасанғалиевпен бірігіп жазған “Әдемі-ау”, Еркен Слетдинов екеуі жазған “Қар
жауып тұр”, Кеңес Дүйсекеевпен бірге тер төккен “Қарагөзайым” әндерін алайық.
Бұл әндердің қай-қайсысынан да ақын жүрегін жарып шыққан сөз ырғақтарының
құдіретін танимыз. Ал өзі кейінгі кезде қанатына алып тәрбиелеген Ақтоты
қарындасы екеуі тындырған шығармашылық еңбектері тіпті, аңызға айналып кеткендей.
Расында да шынайы еңбектің шырайлы шырқауында шырқап шыққан әуезді, әсем әндер
қай кезде де көп жасауға тиісті. Осы тұрғыдан алғанда, ақын-сазгер ағамыздың
жұрт жүрегіндегі бейнесі мәңгі өшпек емес.
Енді
біз Бәкеңнің шығармашылығына тоқталатын болсақ, ең алдымен ауызға аларымыз
“Қара торғай” атты новеллалар жинағы, одан кейінгісі “Біздің Роза” очеркі мен
“Сахна жұлдыздары” атты портреттер топтамасы дер едік. Ал “Балбұлақ”, “Ән –
дәурен”, “Жүріп келем”, “Дала жолдары”, “Жыр жолаушы” атты жыр жинақтарында
оның қолтаңбасы айқын көрінеді. Осы жырлардың көпшілігі өзінің туған жері
“Ақбұлағына” арналып, Кенен атасына арнаған “Ақын атаны аңсау” болып, енді
бірде ақын жанының жалпы қазаққа ортақ екендігін “Жем-Сағыз”, “Қаратау”,
“Қостанай”, “Ақ Жайық”, “Алтын заң” деп паш етіп, одан әрі “Әппағым-ау,
әппағым”, “Жәмиланың әні”, “Гүлсің-ау”, “Жүрегім дүрсіл қағады”, “Ана тілегі”
болып өріліп, жан дүниеңді тербеп жүре береді. Ақын “Әппағым-ау, әппағым” өлеңінде:
Сәулем,
сенің көзің-ай,
Жас
ботаның көзіндей.
Тұңғиықтың
өзіңдей,
Тұна
қалған сезімдей.
Қасың
— садақ керілген,
Қардай
әппақ тамағың.
Оймақтайын
ерінің –
Қызғалдағы
даланың... – деп тебіренсе, “Гүлсің-ау” әнінде:
Қарлығаш
қанатты – қасың бар,
Қара
түн мақпалдай шашың бар.
Кең
жазық ақ маңдай – Ай ма екен,
Перизат
өзіңдей қайда екен!
Гүлсің-ау,
гүлсің-ау,
Айналайын,
гүлсің-ау.
Қарсы
алдымнан қашан да,
Шалқып
шыққан күнсің-ау, – деп әрі қарай шалқиды. Бұл жерде тек қана әдемі гүл емес,
оның ар жағында сол гүлдей жайнаған қыз, тіпті, адам баласының мәңгі жас көңілі
менмұндалап тұрады. Яғни, ақын — гүлге, гүл — ақынға айналған тұтас бір
табиғатты көреміз. Болмаса “Ақбұлақ” әнінің сөзін оқиық:
Күндіз-түні
бір тынбай, дала кезген шапқылап,
Құмар
едім өзіңе бала кезден, Ақбұлақ!
Әнге
бөлеп маңайды, асып-тасып жатасың,
Ақ
моншақтан аспанға шашу шашып жатасың.
Сенің
келіп жағаңа Анам талай су алған,
Сенің
келіп жағаңа әкем атын суарған.
Айналайын
Ақбұлақ, асыр салып жағаңда,
Сенен
артық өлкені бұл әлемнен табам ба?! – деп қайырмасын адам жанының үлкен
толғанысымен қайырады. Ән мен мәтіннің бір-біріне мазмұндасып шырқалуы көп
жәйді аңғартқандай. Таулы, қыратты жерлерде ақбұлақтардың қаншасы бар және
соның бәрінің әдемі көркі осы бір әннің айналасына шоғырланып, мазмұнды
шолпысын адам сезіміне байлап тастағандай. Ақын бақыты мен сазгер бақыты деген
осы болар сірә? Ақын бақыты демекші, жазушы Қалмұқан Исабаев ағамыздың өз
аузынан естіген мына әңгіме ойыма оралып отырғаны. Қалмұқан аға 60 жасқа
толғанда осы Бәкеңді ертіп Баянауылға, одан Сәтбаев шаруашылығына барады.
Ертеңгілік ауыл ақсақалдары Қалекеңе сәлем беріп, намазымыздан қаламыз деп
асығыс шығып кетеді. Артынша сол тобымен қайта оралып, “мына қасыңдағы жігіт
“Ақбұлақтың” авторы екен ғой. Бәкір айналайын, бізге сол әніңді өз аузыңмен
айтып берші” деп отырып алады. “Сөйтіп, ақсақалдардың намаздарының жайына
қалғандарын да көргенмін”, – деп күлетіні бар Қалекеңнің. “Тағы бірде біз
Өзбекстанның Жизақ қаласынан жеңіл мәшинемен ел-елді аралап келе жатқанбыз.
Қасымызда сол ауданның өкілі де бар. Жолда келе жатып, бір малшыны мінгізіп
алдық. Кенет жүргізушіміз радионы қосып еді, біз дауысын бәсеңдет деп өтіндік.
Содан соң жаңағы малшыға қарап: сізге дауысы анығырақ шыққаны жөн бе, әлде
ақырын естілгені ме деп едім, әлгі кісі ойланбастан “егер Бәкір Тәжібаевтың
“Ақбұлағын” айтса ғой шіркін, барынша айқын естілгені керек”- дегені. Мен оған:
егер сіз тап қазір сол Бәкірмен бірге келе жатсаңыз не істер едіңіз? – деп
көлденең сұрақ қойдым. Ол кісі нанарын да, нанбасын да білмей, бізге жалтақтап
қарай берді. Шын сөзіміз екендігіне көзі жеткеннен кейін “түйе соям, үйге жүр
де жүрдің” астына алмасы бар ма. Ақыр соңында ауданнан ерген өкілді алдыға
салып зорға құтылдық. Сонда әлгі адам “осы аудан өкілдерінің де көлденең
тұрмайтын жері жоқ” деп, қолын бір-ақ сілтеген болатын.
“Тағы
бірде Талдықорған жақтағы бір елді мекенде бізді қарсы алған адамдарға өзімді
“Бәкір Тәжібаевпын” деп әзілдей таныстырып, ақыр соңында олардың бәрі менің
айналамнан шықпай қойған. Бәкірге сөз бергенде, қалың жұрт мені көрсетіп “өзі
неге тұрмайды”, — деп әлек салған. Кейін өзім орнымнан әлгіндегі әзіл әңгімем
үшін үсті-үстіне кешірім сұрап, зорға құтылғаным да бар”.
“Сонау
Түркіменстанның Ташауз қаласының маңайында бір шаруашылыққа ат шалдырғанымыз да
есімде. Сол күні директордың әйелі толғатып перзентханаға түскендіктен,
біздерді басқа бір үйге апарған болатын. Кенет манағы директорымыз кіріп келді
де, бізді өз үйіне алып кетпек болды. Ақыры ол бізді үйіне апарды. Сөйтсек,
әйелін перзентханаға орналастырып, көңілі жайланғаннан кейін, ауылына Бәкір
Тәжібаевтың келгенін естиді де, орталықтан қашық болса да үйіне тартқан екен.
Содан не керек, таң ата перзентханадан “ұлды болдыңыз” деген хабар жетіп және
ол ұлдың атын Бәкір қойып, көңілдерін бір демдеген. Міне, бұл Бәкірлердің
жүрген жерінде үнемі осындай жайларға тап болатынбыз”, – деп Қалмұқан ағамыз өз
сөзін рахаттана аяқтаған.
Бұл
тек қана Қалекеңнің әңгімесі, ал бұл кісімен сапарлас болған өзгелердің де
мұндай қызықты әңгімелері аз болмаса керек. Қалай дегенде де бүкіл Қазақстан,
қала берді бауырлас сырт елдер атын атап, құрметтеп жатса, өнер адамына бұдан
артық бақыт бар ма? Біздің Бәкең осындай жан еді. Ендігі жерде ағамыздың
отбасын көгертіп-көктетіп отырған жеңгемізге және кіндігінен өрген
бауырларымызға ұзақ ғұмыр тілейміз. Ардақты ағамыздың есімі ел жадында мәңгі
жасай берсін.
Авторы: Сейфолла ОСПАН.
Сапаргүл АБЫЗБАЕВА: «...Түсіме жиі еніп жүр»
29 наурыз, 2011
Бәкір Тәжібаев ағамыздың өлеңіне арқау болған, жанарынан мейірім нұры төгілген өмірлік серігі
Сапаргүл АБЫЗБАЕВА апайымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Өзіңіз білесіз, сазгерлік әлемінде Бәкір ағамыздың орны ерекше. Алғаш танысқан сәттеріңізде Сіздің жүрегіңізді сері жігіт әнмен баурап алған шығар?..
Бәкір ағаң өте талантты адам еді. Жүрген жері той-думан, әр атқан таңды өлеңмен қарсы алатын. Ал менің де ең осал жерім осы болатын. Күндердің күнінде Бәкір ағаңмен танысып, айтқан әндері жанымды баурап алғанын несіне жасырайын, қарағым. Қазақтың үкілі домбырасын шерткенде жүрегім сол бір пенденің пернені басқан саусақтарымен бірге соғушы еді. Біздің
Бәкірмен арамыз он жас. Ол менен он жас үлкен болатын. Жүрегімді әнмен баурап
алған Бәкең екеуміз 1952 жылы тұрмыс құрдық.
Көрнекті сазгерлеріміз Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат
Еспаев және Ғарифолла Құрманғалиев сияқты есімдері елге ардақты өнер
дарабоздарымен дос сырлас болғаны баршаға аян. Ел қалаулылары Сіздің де
қолыңыздан дәм татқан шығар...
Ол жағдай айтпаса да түсінікті ғой. Үйімізден қонақ арылмай күндіз-түні
ән салып, жаңа әндерін достарымен бөліскенді жаны сүйетін. Елдің бағына біткен
ел ағалары Ахмет Жұбановтың отбасымен жиі араласып тұрдық. Аптадағы алты күнді
оларсыз өткізбейтінбіз. Сондай-ақ, Сыдық Мұхаметжанов, өзің айтқан Ғарифолла
ағаңмен де достық қарым-қатынаста болатынбыз. Қазіргі Ескендір Хасанғалиев
ағаңмен Бәкірдің бірігіп жазған жүз елуден астам әндері бар. Және Нұрғиса
Тілендиевпен күндіз-түні бір үйде тұратын отбасындай жақын болдық. Әйелін Дако
дейтінбіз. Кеңес Дүйсекеевпен де ағаң бір ән жазды. Әсет Бейсеуов секілді
қазақтың ән өнерінде жүрген саңлақтары осы үйдің табалдырығын аттап, қолымнан
дәм татты ғой. Жазушылар да көп келетін. Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев марқұм,
екеуі де өмірден озып кетті. Бәрі бір жылдың ішінде қайтыс болды. Амал не!
Дастарханым жиылмаушы еді, қазір ойласам соның бәрі Бәкірдің мейірімділігі,
ақкөңілділігі, досқа деген адал ниетінің жемісі секілді. Бүгінде ол кеткелі
Ғафу мен Сағидың кемпірлерімен
араласып тұрамыз. Сыр
шертеміз, басымыздан өткен қызықты оқиғаларды айтамыз. Бәкір де түсіме соңғы
күндері жиі кіріп жүр...
Өзіңіздің жадыңыздан ағамыздың қай әні кетпейді?
Ондай әндері көп қой, айналайын. Қай әнін алсам да жаныммен сүйіп
тыңдаймын. Барлық әндерін саған жаздым деп жататын марқұм көзінің тірісінде.
Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір Берлинге барды. Сонда «Гүлсің-ау» деген ән
жазды. Менің атым Сапаргүл ғой. Аяғы «гүл»-мен бітеді деп, сол әнді жазыпты.
Оны енді Қапаш Құлышева маған жазды деп алды. Ей, жарайды енді, дедім де қойдым
(күлді). «Аппағым», «Жанарым» деген секілді әндері бар. Біреуін Ескендір алды,
Дариғаға арнайы шығартып.
Бәкір ағамыз десе елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Десек те, отбасында
ардақты әке, қамқор жар бола білді ме?
Бәкірдің отбасы дегенде шығар жаны бөлек болатын. Өнер адамы болғандықтан
көбінесе, барлық жағдайын
жасап отырамыз. Өзінің
жаны пәк, сезімтал адам еді. Екеуміз қырық сегіз жыл бірге ғұмыр кешкендіктен,
байқаған бір ерекшелігім, өлеңдерін тыныштықта, жұрттың бәрі ұйықтағанда
жазатын. Екеуміз Алла бұйыртса елу жылдығымызды жасаймыз деп ойлағанбыз. Тағдыр
ол күнді жазбады, «жазмыштан озмыш жоқ» деген осы ғой, балам (көзіне жас алды).
Біреу келсе барын шашып, көңілін табуды ойлайтын. Қолынан келгенше жақсылық
жасаудан тайынбайтын.
«Ақын болу оңай деймісің, қарағым, аузында болу ғой бұл сыздаған
барлық жараның...» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, осындай өнер
адамының жары болу қаншалықты қиын екен?
Қиын деген жай сөз ғой. Өте қиын. Өйткені, оның қас-қабағына қарап
отырасың. Өнер адамдарының көңілі құбылмалы күздің ауа райындай болады. Ренжіп
қалды ма, көңілі түсіп келді ме жұмыстан соның бәрін қарап бақылап
отырасың. Бәкірдің айтқандарының бәрі заң, біздің үйде. Өйткені, өнер адамы
болғандықтан барлық жағдайын жасау керек, себебі, жағдай болмаса өлеңді қалай
жазады? Және мен оған бостандық бергемін. Қайда барады, қайда болады, оны
сұрамаймын. Еркіндікте құстай еркін ұшып, өлең жазды. Іс-сапарда көп болатын.
Сондықтан болар өте тату тұрдық. Қандай отбасы болсын ер адамды сыйлау керек.
Себебі, Алла тағала ерді артық жаратқан, одан асып ешқайда кете алмаймыз.
Әр әннің өз тарихы бар. Бәкір ағаның соңғы шығарған әндері немесе
өлеңдері туралы айтып өтсеңіз...
Иә, қарағым, әр әннің өз тарихы бар. Мен енді білген әндерімнің
тарихын айтып берейін. Өздеріңіз білетін «Бозторғай». Бір күні Ескендірмен
бірге ансамбль ұйымдастырып, Жезқазғанға барады. Сонда бір айдай болады. Бір
күні қонақ үйде терезені жағалап отырған Бәкірдің көзіне күздің суығында талды
паналап отырған бозторғай түседі. Сонда Бәкір Ескендірге «Терезеден не көріп
тұрсың?» дейді. Ескендір адамдарды көргенін айтады. Бәкір болса бұтақтағы
торғайды көрсетеді. Суықта тоңып тұрған торғайды үйге кіргізу үшін терезені
ашады. Торғай кірмейді. «Бозторғай» әні содан туындайды. Ал сол сапардан келе
жатқанда таудың басында тұрған еліктің мүсінін көріп, «Елігім еркем» әнін
жазады. «Қарындасым, қарлығашым» деген әнді жалғыз қарындасы Қибат тұрмысқа
шыққанда сағынып отырып жазған.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Бәкір ағамыздың тағы бір қыры
тартымды іс-қимылдарымен бірнеше рөлдерді де сомдай білгендігінде. Осы жөнінде
не айтар едіңіз?
Театрға бірнеше пьеса қойды ғой. «Ана жүрегі» деген пьесасын Семей
театрында қойды. «Батақтың сарысын» Шымкент театрында қойды. Ал өзі актерлік
оқуды бітіргендіктен Шымкент театрында әртіс болып ойнады. Шоқан Уалихановты,
Қозының рөлін сомдады. Басты бірнеше рөлде өнер көрсетті.
Ағамыздың ақындық қыры ән төресі «Әлиядан» көрінетіні белгілі. Осы әннің
тарихына тоқталып өтсеңіз...
Әлия менің анам жағынан жақын туыс. Әубәкір Молдағұлов дейтін Әлияның
нағашы ағасы болды. Осында тұрды ол кісі, марқұм. Сол Әубәкір, менің анам бәрі
бір дастарханда отырып Әлия туралы әңгіме өрбітеді. Содан біздің Бәкір Әлияның
өмір тарихын қазбалай сұрайды. Оған менің анам бар білгенін айтып береді. Әлия
Ленинградта оқыған. Сол жерден соғысқа кеткен. Сафура дейтін апайы болған,
бір-екі жыл болды ғой қайтыс болғанына. Содан туындаған ән ғой ол.
Бос уақытында немен айналысқанды ұнатушы еді?
Бос уақытында домбыра тартқаннан қолы тимейтін. Өлең жазып, ән шығаратын.
Сондай-ақ, пианинода ойнайтын. Соның жемісі болар қазіргі «Ақбұлақ», «Туған
жер», «Жүрегім дүрсіл қағады» деген әндерінің өмірге келуі.
Естен кетпес қызықтарыңыз болса айта отырыңыз...
Ондай қызықтар көп қой. Ағаң өте қорқақ болатын (күлді). Бір күні қонаққа
Сағи Жиенбаевтың үйіне бардық. Содан шай, тамағымызды ішіп қайтуға жолға
шықтық. Біраз жерге дейін Сағи келіншегі екеуі шығарып салды. Содан ары қарай
өзіміз жүруімізге тура келді. Жүріп келе жатқанбыз, бір кезде талдың түбінен
бір жігіт «Дай закурит» деп шығып еді, Бәкір «нет, нет» деді де жүгіре жөнелді.
Мына жақта мен күлгеннен жүре алмай қалдым. Алдымыздан атып шыққан орыс бала да
менімен бірге күліп
жүр...
«Таяғын ұстар тұяғы болса әкеде арман болмас» дегендей әкесінің ісін
жалғастырар ұл-қыздары туралы айтсаңыз...
Шымкентте жүргенде бір қызымыз болған. Ол қайтыс болып кетті. Одан кейін
міне, жалғыз ұлым Жасұланым ғана. Ол да өнерге жақын.
Бүгінде Бәкір ағамыздың еңбегін қазақ елі қаншалықты бағалай алды деп
ойлайсыз?
Қазағымнан айналайын, қолдарынан келгенше бағалап жатыр. Байғаниннен
музыкалық мектептің атын, өзінің туған жері Ақтөбеден көше атын, осы
Алматыдан да көше атын берді. Мемориал орнатамыз деп жатыр. Одан басқа не
керек? Аллаға шүкір, әйтеуір радиода болсын, телеарнада болсын Бәкірдің әнімен
таң атырып, Бәкірдің әнімен күн батырамыз. Күнде айтады, кейде отырып тыңдап
жылап та аламын, қайтейін енді?!
Өмірлік серігіне деген махаббатын жасыра алмаған Сапаргүл апамыз бір толқып,
бір жылап та алды. Расында жастайынан қосылған қосағының орны бөлек қой. Десек
те, Бәкір ағамыз өмірден өткенде тек туған-туыстары ғана емес, барша қазақ
халқы көзіне жас алды. Себебі, Бәкір Тәжібаев халықтың перзенті, ел азаматы.
Оның тереңнен сыр алдырған тамаша әндерінен халқы сусындап келеді. Асқан
ыждаһаттылықпен ағымды ғұмырын өткізген Бәкір Тәжібаевтың өзі өмірден өтсе де,
өлеңі, өнері жарық жұлдыздай ұрпағына жарқырап тұр. Оның жүріп өткен жолдары
кейінгіге өнеге болса, өткеніне сабақ.
Сұхбаттасқан Қайнар ЖҰМАҒОЖА
(Интернет
газет «masa.kz»)