Нұрғалиев Өтежан



        1938 жылы 15 тамызда Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылында туған. Көрнекті қазақ ақыны. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң Жарқамыс орта мектебінде мұғалім болып істеді. Кейін «Жалын» баспасында, Қазақ телевизиясында қызмет атқарды. Өтежан Нұрғалиев университетте оқып жүрген кезден-ақ жыр сүйер қауымға танымал ақын болып қалыптаса бастады. Оның  газет журнал беттерінде жарияланған қызуы мол, қуатты, батыл ойларға толы өлеңдері оқырман назарын еріксіз аударып, баурап әкетті. Соғыс кезіндегі ауыл тұрмысы, әлеуметтік қарама-қайшылықтар, жалпы өмір жайындағы  ой-толғаныстар, мәңгілік махаббат – осының бәрі Өтежан поэзиясында жыр жолдарымен кестеленеді, ақынның өлең топтамалары жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналды.
       Өтежан Нұрғалиевтың «Менің махаббатым» деп аталатын алғашқы жинағына ақиық ақын Әбділда Тәжібаев ұнамды баға беріп, кітап авторына  шығармашылық сәт сапар тіледі. Өтежанның шығармаларында ауыл адамдарының, Жем өңірі тұрғындарының бастан кешірген кейбір оқиғалары суреттеліп, өтіп кеткен заман суреттері көз алдыңа қайта келеді. Өтежан Нұрғалиев поэзиясы өзінің даралығымен, соны құбылыстарға толы жаңашылдығымен, батылдығымен ерекшеленіп, қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады.  1998 жылы ақынға Байғанин ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
      Оның қаламынан туған «Менің махаббтым» (1962), «Ақ нөсер» (1968), «Нөсерден кейін» (1969), «Кемпірқосақ» (1970), «Кәмелет» (1971), «Ай астындағы ақбоз үй» (1972), «Қайыңды тоғай» (1973), «Соғыстың соңғы жылдары» (1-ІV кітаптар, 1977, 1978, 1980, 1984 ж.)    шығармалары халқымыздың  рухани қазынасын байыта түсті.
      Сонымен қатар ізденімпаз ақын аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Пушкин, Есенин, Блок, Давид Кутультинов, Исикава Такубоку секілді әйгілі ақындардың шығармаларын ана тілімізге аударып бастырды. 

Шығармалары:
Өтежан кешкен өрттің бояуы
                                                            АҚ  БУРА
        2008 жыл. Ұлттық кітапхананың алдынан қызыл костюм, ақ кепкі киген аңыз адам, үлкен ақын Өтежан Нұрғалиевті көзім шолып қалды. Ол кісіден өзім қызмет істеп жүрген «Жұрағат» журналына сұхбат алу ойымда еді. Оның үстіне Өтежан ағамыз жетпіс деген мерейлі жасқа келіп отыр. Несін айтамыз, кез келген басылымға сұхбат бермейтін, сәті түсіп бере қалған жағдайда журналистің өзін қағып-сілкіп алатын мінезді ақынның   көңілін тауып, көсілтіп бір сөйлетуді армандап жүруші едім...
    Біраз әңгімелескен соң: «менен сұхбат алсаң, жұмысыңнан қуыласың! Оның үстіне мен сенің журналыңды оқымаппын,атын өзіңнен естіп тұрмын. Айттым ғой, менен сұхбат алған журналистердің көбі қызметінен қуылған...Білімі таяз, әркімнен бір естіп алған әңгімелерін сұхбаттың сұрағы қылып басыңды ауыртады осы журналистер. Журналистерден шаршадым. Мені көрсе болды «сұхбат беріңіз» деп жабыса кетеді. Оқымайтын, ізденбейтін, қарабайыр тілшілермен төмен деңгейде әңгіме айтқым келмейді. «Жаз қазақ» газетіне Әмірхан Балқыбекке берген сұхбатымды оқыдың ба? –деді.
            -Оқыдым!
           -Әмірхан білімді жігіт. Мен сондай адамдармен ғана сөйлесе аламын. Ол көп оқыған, ал сен әлем әдебиетінен кімді оқыдың? Ары кетсе Толстойдың екі әңгімесін, Есениннің бір топтамасын ғана оқығансың. Пушкин, Байрон, Лермонтовтың аттарын ғана білесіңіздер сендер журналистер...-деп ренжи сөйледі ақын
         Не дерімді білмей;
       Қолымызға түскенін оқып жатырмыз, сол үшін мықтыңыз Абайдан мықты артық дейсіз бе?-дедім сөйлете түскім еліп.
     Абайдан артық болмаса оқымау керекпе? Абай,Абай деп айқайлап жүргендердің өзі Абайды түсінген жоқ әлі.- деді.
       Сіз «Абайды мойындамаймын деп жиі айтады екенсіз ғой?- дедім.
      Мен Абайды мойындаймын. Абайды – ең жақын түсінген қазақтың бірі менмін.! Жұртты шулату үшін әдейі айтамын.-деді ақын.
   Жиі кездесіп жүрдік. Бірде Тоқаш Бердияров –лириканың атасы. Әттең елеусіз, ескеусіз қалып барады. Менің ұстазым сол Тоқаш қой. Мен ол кісіге адал шәкірт болдым деп ойлаймын... Жұматай Жақыпбаевті әйелі,Кеңшілік Мырзабековті баласы іздейтін қазақ қоғамынан жерідім. Мықты ақындарды елдің мақтанышы ретінде насихаттауымыз керек емес пе? Неге. Кеңшілік пен Жұматайды тек жақындары іздеуі керек? Сол менің көкейіме қонбайды. Сендер, жастар не мәселені  жиі талқылайсындар? Жаның ауырыма өзі?-деді.
   Ауырмағанда, өз деңгейінде ауырады- деп едім, «Сенің жаның журналың үшін ғана ауырады» демесі барма? Қосыла күліп жібердік.
Іссапармен кетіп ұзақ уақыт хабарласа алмай, Алматыға келген соң, түс қайта қоңырау  шалып едім. «ұйқтап жатыр» -деді апамыз. Бір сағат өтпей тағы қоңыраулаттым. Өзі көтерді. Ұлттық кітапхананың алдында кездесетін болып уағдаластық. Менен бұрын келіп алыпты.
                  Кімді оқып жүрсің ,- деді.
                 Сіздің ұстазыңыз Тоқаш Бердияровты  оқып жүрмін. Деп едім.
     Кім айтты ол менің ұстазым деп, ортанқол ақын ғой, Ақын болсаң Пушкиндей болу керек.  Болмаса құры арам тер болудың қажеті қанша? Мен өзімді Пушкиннен мықтымын деп ойлаушы едім бұрын. Оған жете алмайтынымды сездім.. Менің өлеңдерімді ешқандай басылым баспайды, отыз жылдан бері шыққан жоқ. Баса алмайды, қорқады бәлесі тиеді деп ойлайды,-деді.
         Сұхбат алайын, өлеңдеріңізді жариялайын» деп едім, өзіңіз қарсы болып бермедіңіз ғой...
      Сенде жариялай алмайсың, бастығыңнан аса алмайсың. Ары қарай бұл әңгімені қозғаудың да қажеті шамалы болатын. Бәрібір Өтежан аға өлеңдерін жарияламайды. Ылғи да әңгіменің аяғын осылай созбақтатып жіберетін. Ондай кезде басқа арнаға бұруға тырысатынмын. Өз қатарластары туралы сөз қозғағанда артық-кем айта беретін. Бірақ оның бәрі әзіл екенін түсінетінмін.
          Өзіңіз кімді оқып жүрсіз?-дедім.
Серікбол Қондыбай деген бала  «Арғы қазақ мифологиясына кіріспе» деген мировой кітап жазды. Күнде кітап дукеніне барып сол кітапты оқимын. Гректен басқа дүние жүзі халықтарында жоқ деп есептелетін миф-аңыздардың  қазақтарда да бар екендігін дәлелдеп шықты. Қондыбай бір институттың 10 жылда атқаратын ісін бір өзі тындырды. Осындай азаматқа құрмет көрсетуді білмейді бұл қазақ.
         Жазушылардан кімді оқып жүрсіз? Деген сұрағыма Европаның жазушыларын оқимын. Олардың романдарының буы шығып, ыстығы басылмай тұрады. Бүгін жазған сияқты әсер етеді. Бірақ олар осыдан 3-4 ғасыр бұрын жазылған шығармалар. Оқысаң сол кезеңге сапар шегесің. Ойыңнан кетпейді. Міне, бұл әдебиет. Ұлы туынды сау адамды жындандырып, жынды адамды сауықтыруы керек.  Әдебиет деген сол. Бірақ сендер, жастар түсінбейсіңдер. Классик атанып жургендердің өзі түсінбейді. Әдебиеттің негізгі мақсатын-деді. Күләш апайдың көзі кеткен соң өр мінезді Өтеағаңның иығы түсіп жүдеп, күтімі біртін-біртін кете бастағанын анық сездім. Жанарын бір нүктеге қадам, ұзақ ойланып отырып қалатын. Ойын бөлмей, менде үнсіз отыра беретінмін. Кейде сөйлеспейақ алаңда айналып жүретінбіз. «Қыздарым келмекші еді бүгін» деп ерте қайттық бір жолы. Келесі кездескенімізде өлең оқыды. Ұзақ өлең! Мына жолдары жатталып қалыпты.
Ажал келіп менің де жарымды алды,
Жарымды емес, қолдағы барымды алды.
Атылмайтын оқ қалды пистолетте,
Сатылмайтын ақшаға арым қалды.
Ажал келіп қойныңнан жарды алады,
Арт жағыңда еңіреп шал қалады,
Шал болса да өлеңмен ақша сұрап,
Айуандарға баруға ұялады.
Халқым маған «Өтеке, жазба»-дейді,
«Жазудан көрген сорың азба» -дейді.
Шындық маған Жетпісте жетім болдың,
Жетімдердің жүрегін қозға! Дейді.
Беттен алып бетпақтар бет кеседі,
 Еттен алып етіңнен ет кеседі.
Қарсы алдымда – ақ қағаз, бетім-шындық,
Шал мен шындық осылай беттеседі...
    Даусы қарлығып, өңі қуарып кетті. Жалаң ұйқасқа құрылғанмен, батпаңдай мұң бар екен. Ақынның мұңы. Жалғыздықтың жыры.
Бір өкінетінім, Өтеағаңмен кездесіп жүрген күндерде күнделік жазуды ойлағанмын. Қу жалқаулық оған барғызбады. Қаншама тың деректер, тамаша әңгімелер ақпа құлағымызға  тұрақтай алмай далаға кетті десеңші. Құдай қосқан қосағы кеткен соң, Өтекең бұрыннан да қырын қараған бұл өмір шынымен де мәнсіз болғандай. Күннен күнге азып, жағы суала бастады.
            Ауырып жүрсіз бе?- деп едім,
           Кемпірімді сағынып жүрмін-деді. Не дерімді білмедім. Әдеттегідей қоштастық. Бұл ең соңғы кездесуіміз екенін қайдан білейін.
Бір апта өткен соң жұмыста  отырып хабарласып едім, «Архивтерімді реттеп жатырмын, бүгін кездесуге уақытым жоқ, ертең кел деді. Ертесі жұмыстан қол тимей қоңыраулата алмадым. Екі-үш күн өткен соң  әлеуметтік желі шулап коя бермесі барма. Таудан аққан тас бұлақтай шөліңді қандыратын өлмес жырлар тудырған Өтежан Нұрғалиев мәңгілікке аттаныпты.
            Сол жылғы қыстың суығы ерекше болды. Жазып-сызып жүрген жастардың көбі үрейленіп қалды.. Талай тау құлағанда да  мұндай күйге түспеп еді бұлар.. Шынымен де талантқа өмір тар екенін жүректерімен сезінгендей болды жас перілер. Бәрінен бұрын ақынмен қоштасу кезінде  елден келген қарындасының жоқтауына шыдап тұру мүмкін емес еді. Жазушылар одағының  алып ғимараты шайқалып кеткендей болды. Өлмес, өшпес, өжет жырдың ақ бурасы биік төбенің  басына, аяулы  жары Күләш апамыздың жанына жайғасты. Көңілім ел көшкен жайлаудай құлазып, жазушы досым Мақсат Мәліктің үйінде  қазанама жаздым.
 Ақ бура, кеткенің бе, шыныменен,
 Сені өмір мұқалтпады сыныменен.
 Қасқайып қарағайдай жүруші едің,
 Қарсы алып уақытты жырыменен.
                                                                                                           Ерғали Бақаш., Жас алаш


                                             ӨР  АҚЫН  ӨТЕЖАН

Белгілі  ақын  Зайда Елғондинова  Жұматай   марқұмды еске алуға қазан көтеріп, қонаққа шақырды. Ұмытқам жоқ, 2008 жылғы қазан  айының  19-ы.  Жауын  төгіп тұрды. Жұматай  Жақыпбаевтың  қара  шаңырағы – Марков көшесіндегі 47 -үй, 49- пәтерде бас қостық. Журналистер  Ұлболсын Айтөлен, Модабек  Сағымбек,  ерлі –зайыпты ақындар Дәурен мен  Танакөз болды. Төрде атақты  шайыр  Өтежан Нұрғалиев пен  зайыбы Күләш апай отырды.
                                                                                                                 Төреғали  Тәшенов.

    Күләш апайды тұңғыш көруім. Сөзі де, өзі де нағыз асыл жан екен. Жас кезінде тіпті көрікті болған-ау. Өтекеңе наздана қарайды, ақынға әлі де ғашық, баладай баптайтыны байқалады. Кезінде марқұм Тоқаш, Мұқағали, Төлеужан, Асқарлармен бірге жүрген Өтеағаңның жайнаған туы жығылмай, ортамызда аман-есен таудай болып отырғаны осы Күләш апайдың арқасы екен-ау деген ой түйгем сонда. Әрине, сөйлеуші  Өтеағаң, тыңдаушы –біз. Арғы – бергіден  сөз  тартқан  шайырдың  өзіміз күткен «жындылығын» көре алмадық. Әншейінде  қисық-қыңыр  сөйлейтін  Өтеғаң сол жолы  бізді ақыл –парасатымен , орнықтылығымен  тәнті етті.  Алдыңа  келген  қойдың  басына қол  жайып, бата беріп  жатпады, бірақ  қазақылықпен  бәрімізге  үлестіріп, ауыз тигізді. Сол  отырыста  Зайда  ханым  әуелете ән салып, Жұмағамнан қалған асыл тұяқ -  Айкүні  өзі шығарған  орысша өленің  оқыған.  Бәріміз де  өлең оқығанбыз, бірақ  Өтеағаң ,  жұрт жалынса да, өлең оқымай  қойды.
 « Өлеңді  жатқа оқу керек, жатталмаған  өлең –өлең емес» дегені есімде. Сол жолы қаламгер  Құрал Тоқмырзиннің Өтеағаңды қаралап  жазған бір мақаласы сөз болып, Күләш апай  Құрал ағамызға ренжегенде, Өтеағаң «Күлеке ,мен сенің орныңда болсам, қайта Тоқмырзинді қонаққа шақырар едім» деп  керісінше кесіп-пішкен. Соның бәрі  күні кеше  болған сияқты  еді.  Күләш  апайдай жары бар Өтеағаң әлі –әзір өлмейтіндей көрінген.
Өлмей те ме еді...
.... Күләш  апайдың көзі кеткен соң –ақ Өтеағанның иығы түсіп, жағы суалып, жүдеп сала берді. Қанша жерден  сал –серілігіне  басып, Сомбереро шляпасын сындыра киіп, үшкіл бас тақалы туплиін тастамаса да, күтімі біртін –біртін кете  бастады. Баяғы отырыстан кейін ұмытпапты, қарсы кездескен сайын «Газетіңе менің өлеңімді  неге шығармайсың? Әлде,  өлгенімді күтіп жүрсің бе? Өлген соң  бәрібір шығарасың»  дейтін.
Өтеағаңның  Саят деген жалғыз  баласы ҚазПи –де  бізден бір курс төмен, орыс филологиясында  оқыды.  Орысша жазған  өлеңдерін оқыған Асқар  Сүлейменов «Әкеңнен мықты ақын боласың» деп сүйсінген екен. Осы Саят 1985 жылы желтоқсан айында 22 жасында  дүниеден өткен, Әкесін  шеттеткен кер қоғамға налыған сияқты, өзін –өзі оққа  байлаған. Тәкен  Әлімқұлов  1986 жылы  Саяттың  бір топ өлеңдерін қазақшаға аударыпты. Жалғыз  баласы –орнын басар  тұяғының  көзі кеткен соң, Өтекең  бұл боқ дүниеден  жерінген, ешкімге, ештеңеге  басын имеуге бекінген  секілді  көрінеді.
Біз  Өтеағаңды  беті қайтқан кезінде көрдік. Әйтпесе, елуінші  жылдардың аяғында, алпысыншы жылдардың басында әдеби ортада-аты  Мұқағали мен  Төлегеннен, Қадыр мен  Тұманбайдан бұрын  дүркіреген .  Алғашқы кітабы «Менің  махаббатым» 1962 жылы  24 жасында  студент  кезінде  шығыпты. 1965 жылы 27 жасында  Алматыға көшіп келген. Бәрі  жап –жақсы  басталған.Бірақ.
 Оқырмандар  ақынды тірі  классик ретінде  бағалады.  Бірақ  Өтеағаңның  ресми  атақ-даңққа қолы жеткен жоқ. Халық  жазушысы, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері атана  алмады. Бар болғаны  Байғанин ауданының құрметті азаматы  атанды.  Орден  алды. Бары –сол.
Орден  демекші, 2006  жылы «Қазақ  әдебиетінде» «Орден  алғанда..» деген  өлеңі шықты.
«.. Мен Құдайдан  медаль күттім, ал Ол маған  орден берді,
Анау –мынау ақындардың қолы жетпес.... жерден берді...».Мұқағали,Төлеген,Жұмекеннің қолы жетпеген орденге Өтеағаң ие болды.Осы  жарқыраған орденін кеудесінен тастамай, шырттай киініп, екі қолын артына ұстап, алшаң басып жүрді. Жүрді –жүрді де, бір күні дүкенге сүт алуға кіргенде, құлап түсті. Қайтып  тұрмады.
 Тағдыры  ақынды аямаса, Өтеағаң да ешкімді аяған жоқ. Өзін де, өзгені де. Тілін тартпай өтті. Бір ғажабы , « айтты екен –ау» деп  Өтеағаңа еш адам  ренжімейтін.  Бұл да оның  біз үңіле алмаған тұңғиығы.
Не жазса да тереңнен қазып, сүйектен өткізіп жазатын  Әбіш аға Кекілбаев «Ерекше  күйініп, ерекше сүйініп, ерекше түңілетін Өтежан Нұрғалиев әлі сол  өте жұмбақ қалпында. Азу  тигізбестей асау. Тіл тигізбестей тылсым. Оның тұңғиығына бойлаймын деп, әлі талай  ұрпақтың қары талады.  Көзіңіздің  барында  қандай көзге шыққан  сүйелдей сирек құбылыс боп өтсеңіз, көзіңіздің  жоғында да дәл сол қалпыңызда қаласыз» депті  Өтежан ақынды 60 жылдығымен құттықтауында. Өтеағаңның  өмірінің  күнгейі мен  көлеңкесі, жүрек дерті , өмір серті ақынның таяуда жарық көрген қос томдығында тұнып тұр. Бұл қос кітап  «Көне соқпақтар, соны соқпақтар  (мақалалар,сұхбат –толғамдар) және  «Соғыстың соңғы жазы» (өлеңдер,балладалар, поэма) деп аталады.
«Соғыстың  соңғы жазы» бұдан  30 жыл  бұрын әбден  патшаланып ,4-5  бөлікке бөлініп шығыпты. Бұл кітап- соғыс жылдарындағы  алыстағы  қазақ  ауылының жетім баланың  көзімен берілген  поэтикалық понограммасы. Сәби шағы – жетімдікке, естияр  кезеңі –өктемдікке жем болған шайырдың шерлі  шежіресі. Қос  кітап  әке рухына  бас иген перзенттері Маргарита, Бэла, Тахмина Өтежанқыздарының демеушілігімен  жарық көрген.
   

                                              «Таңғалтып  келген,  тамсантым өткен...»

  Жиырмасыншы  ғасырдағы ең зор қанды қасапты біздің сана –парағымызға ең әуелі майдангерлер таңбалап тастады. Мысалы , «Ақша бұлт» (Әбу) немесе «Құлын»(Сырбай). Соғыс  тақырыбы сөз бола қалса, бұл екі атауды басқа кісіге жапсыра алмайсың. Ал тым  беріге келгенде еске түсетін тіркес- «Соғыстан соң туғандар». Жарасқанның  бір жыр жинағына есім болған  осы атауды қазір «Жұлдыз» журналы өте  құптарлық айдарға айналдырып («Соғыстан соң туғандар»),1945 жылдан соң ұрпаққа тиіселі поэзиялық таңдаулыларын түгендеп беріп отыр. Дәл осындай, басқа ешкімге бұйырмайтын тағы бір жеке атау- «Соғыстың  соңғы жазы».  Бұл –соғыстың  тақсіретін ересектермен  бірге тартқан шарасыз  баланың (Баласымен бір кембағыл кемпірдің», «Мен  - аурушаң, қорқақ қана боламын») бастан кешкен оқиғаларының  поэзиялық  түзіліміне  қойылған ортақ есім.
   Қазіргі  қазақ  поэзиясының соғыс тақырыбын сөз еткенде «Соғыстың соңғы жазын» айналып өту тіпті де мүмкін емес. Бұл –бір.
Екіншеден, арғы– бергі қазақ поэзиясының ордалы  жетістіктері мен орныққан жаңалықтарын санамағанда «Соғыстың соңғы жазы» тілге ілікпеуі  және мүмкін емес.
Төрт жинақтан  түзілген «Соғыстың соңғы жазы» -соғыс  жылдарындағы тыл панорамасы. Байғанин ауданы мен Жарқамыс ғана емес, Ойыл мен  Шалқар, Ырғыз бен Қобда... одан әрі барсақ, Қазақстанның  әр ауданы мен  әр ауылы бастан кешкен оқиғалар.  Тұрпаты бөлек , тынысы ерекше  мұндай тұтас дүние,кемел картина жазу  қазақ ақындарының  арасында  Өтежанға  ғана  бұйырыпты.
Рас , Өтежан «Соғыстың  соңғы жазына» дейін  де  поэзияның  беделді  тұғыр иесі болды.  Ақынның  алғашқы жинағы жарық көрген бойда  Қадыр Мырзалиев: «.... Күдіктенбей-ақ  айта беруге болатын бір шындық бар. Ол  Нұрғалиев –ақын және  таза ұлттық поэзияның өкілі деген мойындау. Оның  куәсі –Менің  махаббатым»,-деп  жазған еді. Кейін  Мұқағали  Мақатаев «Өтежан –ешқандай  да  қоспа –қоқысы жоқ  табиғи  талант» деп өз бағасын берді.
   Ал бертінде , «Соғыстың соңғы жазынан» соң  жазылған,философиялық толғаулардың  басын құрайтын «Афина мектебі» кітабы мүлде  жаңа сүрлеу еді. Қысқартып айтқанда , бұл өмірінде  поэзия жайлауына үш түрлі соқпақ салу және қай соқпаққа түссе де  адаспау- Өтежанға ғана тәнті және  бір өзгеше құбылыс. 1998 жылдың жайсаң жазында Ақтөбеде  Өте-ағаңның  60 жылдығы тойланды.  Сонда қазір  филармония орналасқан  ірі Мәдениет үйінде өткен  кездесуде  Қазақстан  Республикасының Мемлекеттік  хатшысы  Әбіш Кекілбай-ұлы  жолдаған  құттықтау  хат  оқылып еді.  Сол  құттықтаудың  көшірмесі  архивімізде  сақталып қалған екен. Бізге  Өтежан  туралы  айтылған қысқа да нұсқа төре сөздің бірі сол болып  көріне беретіндіктен , шып-шырғасын шығармай тағы бір рет ұсынуды жөн кірдік.
«Өте  қадірлі  Өтежан  бауырым!
Жауыр  даланың  жолба  тоқымындай  жазықта  туыпсыз.
Келеусіз  кезеңнің  кенеусіз күндерін  бастан  кешіпсіз. Лай  түбінен тізгіндей, өкініштен өжеттік, қасіреттен қасиет өрбітіп, қазақ жырының қасаң тартқан  бір шағында жанар тау боп атылдыңыз.
   Сіздің  дүмпіліңізге дүсір қоспаған түкпір қалмады. Хан  Тәңірінің  сеңгері мен Қошалақтың шағылына дейін  Құмсайдан құйындата шыққан Құлагермен  жарысатын сәйгүліктер түлетіп, Абай мен Мағжаннан кейін әруағынан айырылған әдебиетіміздің  қайтадан арқасы қозып, иығына жал біте бастады.
   Содан  бері,  Құдайға шүкір, қазақ  жырының додасы дулы.  Сол  жойқын  доданың  шетіне  шығып қалмай, қақ ортасында  қасқиып Өзіңіз жүрсіз. Көкбөрінің  шулан  құйрығы емес, күдірейген  жалы әлі өз  тақымыңызда. Ерекше күйініп, ерекше түңілетін   Өтежан  Нұрғалиев  әлі  сол  өте жұмбақ  қалпында. Азу  тигізбестей  асау.Тіл  тигізбестей тылсым. Оның  тұңғиығына  бойлаймын деп, әлі талай  ұрпақтың қары талады.  Көзіңіздің барында  қандай көзге шыққан сүйелдей сирек  құбылыс болып, өтсеңіз,көзіңіздің жоғында да дәл сол  қалпыңызда  қаласыз.  Сізді байқамау, байқағанға –бас шайқамау мүмкін емес. Таңғалтып  келіп едіңіз, тамсантып өтесіз.
  Көрер жарығыңыз  көп болғай! Дүние тұрғанша тұратын Өлеңініз қойныңызды толтырып, қолтығыңыздан  демей бергей!
Достық ықыласпен ,інілік ізетпен Әбіш  Кекілбайұлы»
Одан соң он жыл өткен еді.  Ақын дәл жетпіске толған күні ,2008 жылы  15 тамызда,күн төбеге тырмыса бастаған шақта байғаниндік, жарқамыстық жұрт бар,  Ақтөбеден барған,Ақтаудан келген бір топ қауым бар,  Өте-ағаңның  Жарқамыстан шеткерілеу тұстағы  отау –ошағының көне жұртын  көргеніміз, одан соң  Сағындықтың  бұлағынан (    Екі колхоз тауыса алмайтын құрағын,Кім білмейді Сағындықтың  бұлағын?) деп  татқанымыз қазіргідей есте тұр.
Бүгін Өтежан Нұрғалиевтің туғанына 75 жыл толып отыр. Таңғалтып келген ақынның тамсанта беретініне ұсынылып отырған мына бір жырлар да даусыз куә.
                                                                                                                   Ертай Ашықбаев.
                                                                   
Еленбенген асулар
 Мен  жазғалы ниеттенген ақын баяғыдан аңызға айналған. Маған қалам  алғызған мәселе де осы. Біз неге сонша аңызға зәруміз?  Қазақтың рухани  көкжиегінде егер бір зор тұлға келсе, қанатын жаймай жатып, аңызға айналады. Мысалы,  Мұқағалиды, Жұматайды, Асқар Сүлейменовті алыңыз. Бәрі де  аңызға айналған тұлғалар емес пе? Мұқағали  ішкіш, Жұматай сері, Асқар бұзық. Том – том зерттеулер  арнауға тұратын  тұлғалар, нобайы осы-ау  деп айтыла салған бір ауыз  «ерке» анықтамадан  аспай қалады.  Бұл ненің  белгісі? Бұл –біздің  ұлттық  санамыздың  дәстүрлі  мәдениет  қалпынан аспағанның  белгісі. Себебі, тек дәстүрлі мәдениетте  ғана  барлық  проблемалар  оларды  аңызға  айналдыру  арқылы  шешілген  болады. Мәдениеттің  бұл сатысында  адамзатта  жетілген  зердеуи аппарат болмайды.  Сондықтан  әрбір құбылыс  өз-өзін  баяндап  беру  арқылы әйгіленеді. Ал  баяндау арқылы құбылыстың  ішкі әлеміне ену мүмкін емес. Осыған байланысты  оның тек сыртқы, үстірт сипаттарына  ғана назар аударылды. Міне ,осы тұрғыдан келгенде, біздің  қазіргі ұлттық санамызды аңыз бен былшылдан  өзгеге мойын бұрмайтын қазақы өңменшілдік  дәл атауға  болады.  Бұл сананың  сипаттары  ақиқатқа  зорлық  немесе  белгілі  бұл құбылыстың  байыбына  жетпей, одан  өзіне қолайлы  нұсқасын жасай беру, мәтінге үңілмей, ақын-жазушылардың  адами тіршіліктегі  қоғамдық ережелерге сыя  қоймайтын «осалдықтарын» бағу. Жалпы айтқанда , оларды шығармашылық тұғырдан түсіріп, пендеуи тіршілікке сіңіріп жіберу. Қазақта,  өкінішке  орай, жазбаша ақындарды қадірлеу салты қалыптаспаған. Қалыптасса  да, қисық қалыптасқан. Бізде егер біреуге табынса, маңдайын  жарғанша  табынады.  Ал егер  біреуді  қабылдамаса, ол пақырға  өмірі кешірім жоқ. себебі біз қоғамдық сананың орташа деңгейімен санасуға  ғана дағдылағанбыз. Ал  шығармашылық дегеніміз –орташа  деңгейге  көнбейтін нәрсе. Мысалы ,Ницше мен Хайдеггер орташа  деңгейге  көне ме? Олар  керісінше,сол  орташа деңгейді  жою үшін  тірлік  еткен  тұлғалар  емес пе?
 Адамзат тарихындағы  ең басты қайшылық –тұлға мен қоғамның өзара байланысы. Себебі , қоғам мойындамаса, тұлға қанатын кеңге жая алмайды. Бірақ қоғам тоңмойын, керенау, бір қалыпты тірлікке бейім. Ол  жаңалық пенен  өзгерістерді  жақтырмайды. Себебі ,ол өсіп-өнген , болып –толған, өзіне дән риза. Әйтсе де,  Гераклит, Сократ  замандарынан бастап,философтар қоғамның егер ол әрдайым өз-өзін тексеріп, түзетіп, жаңкартып отырмаса, түкке тұрмайтынын  дәлелдеген.
Хайдеггердің  ойынша,  дамымаған қоғамдық  сананың ең басты құралы –былшыл. Неміс  ойшылы бұл қарапайым сөзді терминологиялық  деңгейге көтерген.  Оның айтуынша  былшыл дегеніміз –ешбір негіз, дәлелі жоқ, тек біреуді көтеріп, біреуді өшіру үшін идеологиялық мақсатта айтыла беретін  болжам- долбарлар. Міне ,осының  нәтижесінде ақылға еш қатысы жоқ «предрассудок» кеңестігі  қалыптасады. «Предрасудокты казакшаға аударсақ, алдын ала ойланып қойылған» боп шығады. Сол сияқты біздің қазіргі ұлттық санамызда да көп нәрселер «алдын ала ойланып қойылған сияқты. Әсіресе бұл қағида ақын құбылысына келгенде, қызметін бұлжымай атқарады. Қазақы түсінік бойынша, ақынның екі нұсқасы бар. Ақын иәАбай сияқты ойшыл, иә Біржан сияқты сері болуға тиіс. Ойшыл ақынды қазақ іс жүзінде онша ұнатпайды. Дегенмен, ел мақтағасын, қазақ та мақтай береді. Бірақ жай мақтап қоймай, тірі адамнан тас мүсін жасайды, табыну обектісіне айналдырады. Ойшыл ақынды ешбір мінсіз, қаяусыз, іштен оқып туған данышпан, көктен түскен пайғамбар ғып жібереді. Демек, біз ақын болмысына әлде де мифологиялық тұрғысынан келеміз. Біз ақыннан миф, аңыз жасап аламыз да, сол сәтті қиялмен ешқашанда қоштасқымыз келмейді. Бізде осы тәсілнаманың басты құрбаны-Абай.Бізде Абайдың бір-ақ бейнесі болуға тиіс, ол оның Мұхтар Әуезов жасап берген бейнесі. Бұл жобадан  сәл ауытқыдың ба бітті,Абайдың және қазақтың жауына айналасың. Бұл тұрғыда соңғы кездегі талапкер-ғалым Досым Омаровтың концепсиясынақарсы отызыншы жылдардың лебіндегі жасалған кампанияны айтсақ та, жеткілікті. Алнегізіде қазақ тек өзінің сері ақындарын ұнатады. Олардың айтқан әрбір сөзінің дәміне тұшынып, уызына қанып, масайып отырады. Бірақ оларды бағалау жолында екінші қайшылыққа ұрынады. Егер қазақ ойшыл ақындарын тас мүсінге айналдырса, серілерін анекдотқа, күлкі обектісіне айналдырады. Ойшылдың алдында  қаншама кішірейсе, серігене қатысты өзін соншама зор санайды. Сері мен оның лирикалық кейіпкерін еш ажыратпайды. Міне, осындай жағдайда ақынның небір ащы пәлсапалық тұжырымдары, уытты қалжыңдары , берік ұстанған азаматтық позициясы , бәрі де жай  бір отырыста айта салған анекдот сияқты немесе қожанасыр қылық секілді, өнер алаңынан шығып,өмір алаңындағы елеусіз оқиғаға айналады. Сал серілерге деген бұл көзқарастың басты құрбаны-Тұрмағамбет Ізтілеуов. Қазақ тілінде «Шаһнаманы» өзінше жырлай берген ақын , бірнеше шығыс тілдерін игерген білімпаз ғұлама халық арасында  көбінесе ол туралы анекдоттар арқылы ғана әйгілі.
  Осы жағдайларды ескерсек, біз қазір жазба ақындарымызды қарабайыр халықтық көзқарастың құрбанына айналдырудан бас тартуымыз керек. Біздің заманымызда әдебиеттану таза академиялық үрдістің сақтаушысы һәм басшысы, өнер атырабының елшісі болуға тиіс.
   Бұл ойлардың бәріне мені жетелеп отырған –ақын Өтежан Нұрғалиевтың шығармашылығы  мен тағдыры. Мені қайран қалдыратын нәрсе,,кезінде Ақтөбе облысынан атойлап келіп, 17 жасында «қазақтың Пушкині» деп танылған зор талант иесі кейін Алматыдан ауылына қайта көшіп барып, біраз жылдан соң Алматыға қайта көшіп, бірнеше кітап шығарып, ақыры 80 жылдары «Қазақ әдебиеті» ұйымдастырған «сағат алу» скандалына ұрынып, соның нәтижесінде жаңа ғана оқу орнына түскен жалғыз ұлынан айырылып, енді міне егемендік алған жарқын заманда қалай ешкімге керек болмай отыр? Әлде, мүмкін ақтөбелік Байронымыз өлең жазуды қойып, қалам ұстамай кетті ме екен? Жоқ олай дей алмаймыз! Махаббат лирикасына арналған алғашқы кітаптарынан соң Өтежан проза мен поэзияны ажыратусыз деңгейге жеткізген «Соғыстың соңғы жазы» циклынан бірнеше кітап шығардв. Бұл өте көлемді, форма жағынан жыр-дастан эпопеясына талпыныс жасаған ақынның жаңа бір қадамы еді. Міне, осы қадамынан бастап Өтекең қазақ түсінігіне жат құбылыс ретінде көріне бастайды. Себебі, аңыздық сана тек әдемі көріністерді, жақсы азамат пен жақсы азаматшаларды, зұлымдықтан ада, үнді киносындағыдай тек жақсылық жеңетін тамаша көріністерді көрсем дейді. Ал Өтекең болса соңыстан кейінгі өмірдің нағыз трагедиясын көрсетті, жетім қалған халықты колхоз көлеміндегі кішкентай бастықтардың қалай талан-таражға салғанын көрсетті, аяғын енді ғана тәй-тәй басқан жаңа буынның қауқарсыз,үмітсіз халін орасан көркемдік қуатпен көрсете білді. Бұл шығарманың өз уақытында қабылданбауының тағы бір себебі, «Соғыстың соңғы жазы» 70-80 жылдардағы соғыстан кейінгі  өмірді өнімі мол тақырып қылып «мініп алған» қазақ прозасына пародия сияқты еді. Екінші жағынан, бұл балалардың эстетикасы сол кездегі дүрілдеп тұрған Олжас Сүлейменовтың шығармашылығының эстетикасы мен идеологиясына мүлде қарсы болатын. Егер Олжекең қазақтың ұлттық санасын көтерем деп, өз ұлтын ер тұлғалы, көне тарихы бар, көрегенді мінсіз халық ретінде әйгілесе, Өтекең соғыстан кейінгі қазақ өмірінің тек жетім мен жесір, ластық пен кедейлік, бит, құрт құмырсқа, аштық пен қастықтан тұратынын суреттеген. Үшінші жағынан және ең бастысы, мұндай шындыққа бару  ол кездегі идеология саласындағы саясатқа мүлде қайшы еді. Міне, бір-біріне қабаттасқан осы себептер қазақ поэзиясының жаңа бір шыңы, ғажайып жетістігі болатын дүниені үнсіздік шөлейтіне тастап, шарықтап шығып, қанатын жаюына мүмкіндік бермейді. Іс жүзінде Өтежан Нұрғалиевтің бұл шығармасының өз биігінен бағаланбауы қазақ поэзиясының ерікті түрде есеюден бас тартуымен пара-пар еді. Себебі, Өтекеңнің бұл шығармасы Абай үрдісін дамытудың бір амалы болатын. Автор «Соғыстың соңғы жазында» халқын ең бір болдырған азып-тозған қансыраған қалпында көрсе де, ұлтынан үміт үзбейді. Бірақ ақынның ойынша, тығырықтан шығаратын бір-ақ жол бар, ол шындық жолы немесе өз-өзіңді тану жолы. Тек өз-өзіңді барлық кемшіліктер һәм жетістіктеріңмен қоса толық танығанда ғана, дейді Өтежан халық, ұлт атануға хұқың бар. Және бұл жағдайда тарихқа қарайлай берудің онша қажеті жоқ. Себебі әрбір ұрпақ дер кезінде өз-өзін әйгілеп, тек осы ұрпаққа тиіс шыңдарына иелік етпесе, тарих тоқтап қалу қаупіне кезігеді. Дамуды тарихтың кез келген айналымынан жалғасыра  беруге болады. Және бұрынғыны қаз-қалпынша қайталай беруден гөрі жаңаша үрдіс жасауға талпынған тиімдірек.
   Замандастарынан еш түсіністік таппаған Өтежан бұл жағынан үмітін үзіп,өзімен өзі болуға, жалғыз тірлік етуге бекіп, пәлсапалық, ой тереңіне бет алады. Осының нәтижесінде Ө.Нұрғалиевтің !Афина мектебі» атты грек философиясына арналған шығарманы Өтекең шығыстық назира үлгісімен жазады. Екі жолдық бейт нұсқасында жазылған бұл өлеңдер Жүсіп Баласұғының,Әлішер Науаидың немесе Низамидың жыр дастан үлгілерін еске түсіреді.Бірақ  Өтекен , Абай сияқты , шығыстық үлгілердің  формасын  ұстанып отырып, мазмұнын өзгертеді.  Егер  Абай  «Ескендір» поэмасында  Александр   Македонскийды идеализациялаудан  бас тартып, бүкіл  хамсалық  үрдіске  кереғарлық  танытса, Өтекең  мүлде тақырыпқа , қазақ поэзиясында  ешқашан  жырланбаған  тақырыпқа  барады.  Ондағы  мақсаты-көне грек  және қазіргі қазақ мәдениетін  жақындастыру , тіпті бір-біріне сіңіріп жіберу. Іс  жүзінде  бұл қазақ  поэзиясына жаңа кеңестік ашып берумен тең еді.  Себебі ,мәдениет тоғысында, үрдістер тартысында , биік  интеллектуалдық  сайыста өз-өзін  сынап  көрмеген  әдебиет  әрқашанда томаға –тұйық, ауыларалық  деңгейде қала береді. Сөйтіп, Өтекең  «Афина  мектебіне» кіріседі. Әрине , бұл айтуға ғана оңай , бірақ  орындалуы өте қиын іс еді. Себебі  эпикалық, аңыздық әдебиеттен шыққан  қазаққа  оған грек  философиясының  қажет екенін  ұғындыру  тұрды. Бұл  қиын  жағдайдан  Өтекең  өте сәтті  жол тауып кетеді. Ол грек ойшылдарының пәлпапалық жүйелерін эпостық тәсілмен жырлап шығады. Сонымен қатар, Плутархты еске түсіріп, әрбір грек философына балама қазақы кейіпкерлер қосып отырады. Сөйтіп Өтекеңнің сократы базардағы сотқар гангүнге айналады да, ал әлгі сотқар Сократпен тең болып шығады. Міне, осындай жағдайда ғана кітап абстрактылық деңгейден түсіп, тартымды оқиғалы, желісті, оқуға жеңіп, қызық дүниеге айналады. Сонымен қатар, Өтекеңнің интенциясында немесе ниет-ойында, данышпандықтың бәрі тең деген ғажап тұжырым жатады. Өтекеңнің осы көзқарасы постмодернизмнің басты қағидаларына өте-мөте дәл келеді. Себебі постмодернистер үшін мәдениет биік пен төменге, немесе басты мен қосалқыға бөлінбейді. Олар үшін Гегель де бір жұртта қалған сыпырғы да бір. Тек ойната білсең болғаны. Міне, Өтекең  «Афина мектебі» кітабында осының  ойната білген. Ең сәттісі ол зердеуи грек және эпикалық қазақ мәдениетін вертикалды иерархиялыққатынаста алмай, горизонталды тең қатынаста көрсете білген. «Афина мектебінің» мәнісіне келсек, Өтекең қазақ оқырманына грек антикасын ашып берді және академиялықі ш пыстырар нұсқада емес, сал-серілік лепірме түрде, биік артисттизмге толы, асқақ шабытты үлгіде. Ойлап қарасаңыз, бұл таңдануға тұратын жағдай. Қазақ ақынының грек философиясына қандай қатысы бар? Бұл екі басқа мәдениеттің үш қайнаса да сорпасы қосылмайды емес пе? Мәселе сонда боп тұр ғойІ Бірақ типологиялық анализ жасасаңыз, бұл мәдениеттердің арасынан біраз ұқсастықтар да табуға болады. Бұл туралы кезінде Әлкей Марғұлан жазған. Жас Мұхтар Әуезовты  француз ойшылдары Гомерге теңеген. Мұрат Әуезов «Иппокрена» атты кітабында «Одиссеядағы» циклоп туралы сюжетті зерделейді. Сонымен бұл қай ұқсастықтар?
   Біріншіден грек және қазақ мәдениеті құлаш эпикалық дәстүрден нәр алған мәдениеттер. Екіншіден  бұл екі халықтың да дүниетанымы қатаң моральдық, діни нормалармен шектелмеген. Үшіншіден қазақ та, грек те өнерсүйгіш халықтар болған. Міне, осылай кең ауқымды посмодернистік тәсілмен келсек, Өтекеңнің грек антикасына баруы өте орынды. Сосын, шынын айту керек, көне грек мәдениеті аттап өтуге болмайтын мәдениет қой. Бұл адамзат өркениетінің алғашқы негіздері салынған мәдениет. Сондықтан ол әрбір этностың, әрбір ұлттың жадында жаңғыруға тиіс. Өтекеңнің  табысы  сол, біздің философтардың өзі бұл тақырыпқа назар аудармай тұрғанда, Өтекең оны  бізге поэзия тілімен жырлап берді. Мен өз басым Өтекеңнің тапқан осы үрдісі-батыс мәдениетімен жақындасу, қазақ ұлтын жаңаруға, қайта түлеуге апаратын жол деп санаймын. Бірақ «Жазушы» баспасында 1996 жылы шыққан бұл кітап, ең өкініштісі, толық нұсқасында шықпады. Екіншіден, тиражы аз және көп қателермен шықты. Үшіншіден, бұл кітаптың шығуы оқырман және әдеби қауымды  селт еткізе қоймады. Сөйтіп, Өтекең баяғы Хемингуей айтқан «Жеңімпазға еш нәрсе жоқ» күйін кешіп, өзінің үшінші, ал ең алғаш кезеңіндегі махаббат лирикасын санағанда,төртінші кезеңін бастайды.
  Ең ғажабы, 90 жылдарын қамтитын бұл кезеңде Өтекең қайтадан таза қазақы формаларға ауысып жыраулы, сал серілік поэзияның үлгісін жасайды. Біра бұл тегін оралу емес еді. Өтекең өзінің жаңаша  жыраулық нұсқаларында  поэзияға  батыс және Шығыс поэзиясынан таңдаған үлгілерін еркін сапырылысқа түсіріп, қазақ топырағында жаңғыртады.  Бұл тұрғыда  Өтекеңнің , әсіресе ұрым эпиграммасынан үйренгені көп. Жалпы, эпиграмма дегеніміз- өте актуалды жанр. Ол әрқашанда  қазіргі оқиғаға, ақынның көз алдында өтіп жатқан көрністерге арналады.  Бұл тұрғыда оны қазақ айтыскер ақындардың суырып салма әрекетімен салыстыруға болады. Ертедегі көптеген айтыстарда , әсіресе қыз бен жігіт, бәдік айтыстарында дөрекі әзілге бару, боғауыз қолдану, қарсыласын уытты сөздермен кекетіп-мұқату тәсілдері көп кездесетін.Ұрым эпиграммасында  да мұндай тәсілдер молымен ұшырасады. Мысалы, Катулл, Ювенал, Марциалдардың эпиграммалары кейбір адам төзбес теңеулерге, еріксіз езу тартқызатын ұтқыр қақпақайларға толы. Әйтсе де, ұрым ақындары  өздерінің  мұндай қылықтарынан еш арланбаған. Лириканың осы түрінің негіз қалаушысы Гай Валерий Катуллдың айтуынша, «Ақынның жүрегі  таза болуы тиіс, бірақ жырлары өзгеше болуы мүмкін». Ұрым ақындары өздерінің ұятсыз эстетикаға баруын тек әдеби тәсіл деп түсінген. Эпиграмманың тағы бір қасиеті, ол әрқашанда ақынмен замандас тірі адамға арналады. Бірақ оның мәртебесін өсіру үшін ғана емес, керісінше  сырт көзге көріне бермейтін жағымсыз жақтарын бадырайтып ашып беру үшін. Ал мұндай әдепсіздікке  барудың қанша қажеті бар дейсіз ғой? Біріншіден, әдепсіз ортада, өзінің кекірігі мен шығарған желіне дейін риза ортада әдеп сақтаудың өзі қиянат. Екіншіден, әрбір қоғамда шексіз марапаттала беретін белгілі бір алқалы топ, жақсы мен жайсаңдар пайда болады. Жәнеде  айналасындағы  өмір қанша өзгерсе де , олар өзгермейді. Өмір көшінен қалып бара жатса да, олар өздерін алдыңғы қатардамыз деп сезінеді. Эпиграмма дегеніміз осындай «маркасқалардың» әрбіреуіне сый  дайындап тұрады. Мінекей, Өтекең соңғы жиырма жыл шамасында осындай эпиграммалық арнаулар жазуға көшеді. Және бұл эпиграммалар қазақ әдебиетінің ең көрнекті қайраткерлеріне арналады.  Олардың қатарында Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев және осы іспеттес көптеген белгілі тұлғалар. Мұнымен шектелмей Өтекеңнің Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа соңғы жылдары үлкен лауазым иесі болған эпиграммалықтолғаулары бар. Ең өкініштісі, олардың бірде-біреуі әлі жарық көрген жоқ. Былайынша басуға ешкім кедергі салмаған, бірақ оларды басып шығаратын жүрегі түкті редактор ілі шыға қойған жоқ.
  Ал енді Өтекеңнің эпиграммалық толғауларының құрылысына келсек, олар таза жыраулық үлгіде жазылған. Егер бұрын ақын өлеңдерінің строфикасына, өлшемдеріне көп назар аударса, мұнда поэзияның тізгінін мүлде еркіне жіберген. Өлшем түгілі ұйқасқа да кейде мән бере бермейді. Кейбір бөлшектерін тіпті прозамен айтып береді. Сонымен қатар, Өтекеңнің толғаулары өзге авторлар шығармаларының жаңғырығына толы. Өтежан әсіресе, фольклорлық шығармалардың мотивтерін көп ойнатады. Мінекей, Өтекеңнің бұл қолданыстары да цитаталар мен аллюзиялар ойынына құрылған постмодернизм эстетикасына келеді. Жалпы, постмодернизм дегеніміз шектен тыс білімпаздық емес пе? Бұл ағым тек кемел мәдениетте пайда болады. Ендеше,  өз дамуында  бірнеше кезеңнен өткен, өрімдеріне батыстық та, шығыстық та, таза қазақы да нақыштар қоса білген Өтежан Нұрғалиевтің поэзиясына қарап, біз жан-жақты салаланған, ғасырлар қойнауынан керекті маржандарын тере білшен кемел мәдениеттің иесіміз деп толық айтуға болады. ойымызды қорытындыласақ, Өтекең-біздің антикамыз. Өтекең- біздің Сократымыз һәм Эпикурымыз, Өтекең біздің Марциалымыз. Шығыс мәдениетінен теңеу іздесек, Өтекең өлең жырларының формасы жағынан, кең құлаш дастани тынысы жағынан шығыстың ұлы шайырларының  жалғасы.
   Бірақ, әрине,Өтекеңнің  ең басты ерекшелігі, ол-қазіргі заманның ақыны. Өтекеңнің дүниетанымы мағынасыздық шеңберін бұзып өтуге негізделген экзистенциализм дегеніміз-жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы модернизмнің күре тамыры. Өтекеңнің шығармашылығында қазақы дәстүршілдіктен бас тартып немесе аттап өтіп, жеке тұлғалық ой әрекетіне талпыну басым.
   Бұл қасиет, әсіресе Асқар Сүлейменовке арнаған балладаларында  тамаша көрніс берген. Француз ойшылы Пьер Адоның айтуынша, философтар тек дүниетанымы мен ғана емес, өмір сүру тәсілдерімен де қымбат. Әсіресе, Сократ немесе тояшылар ой нұсқаларында  бұл қағида бұлтартпас ұстанымға айналады. Себебі, философияның өзі абстрақты ойлардың жиынтығы ғана емес, ол ең алдымен ұстаным, мұрат, ойлау һәм ғұмыр кешу  тәртібі.
   Міне, осы тұрғыдан келсек Өтекеңнің сөйлеген сөзіде, жүріс тұрысы да, айналасындағылармен қарым-қатынасы да ерекше. Мұның барын пайымдау мақсатында анолог іздегенде, ең алдымен қытай философиясындағы даос бейнесі еске түседі. Даос- барлық қайшылық таба білетін  тұлға.  Даос ақыл парасаттың  өзін тұғырдан түсіріп,  ең биік дегдармандарды астырып-састырып, қара жаяу адасқанан бейшараға айналдыратыны-құдірет. Қытай философиясында осындай ерен тұлғалар туралы әңгімені «каон» деп атайды. Мұндай әңгімелер даостың аса шытырман ситуацияны  оп-оңай шешумен ерекшелінеді.  Міне Өтекең бүкіл ғұмыры мен шығармашылығын осындай «каон» деп атауға болады. Тек ол қытайлық емес, қазақы каон. Сал-серінің еркелігі, адуынды жыраудың «басымды алсаң да, тіл кеспек жоқ» дейтін өткірлігі және қанша тауқымет көрседе, өмір тойынан жалықпаған тазша баланың мың да бір өтірікке қиналмайтын айласы қосылған коан. Өтекеңді мақтасаң да, даттасаңда, жік-жікке бөліп, қара тер болып зерттесең де, қателесесің. Себебі, ол франсуздардың Кола Брюньоны секілді, ешбір философия өзгерте алмайтын еркіндік рухына толы. Ал еркіндік дегеніміз-ойдың да , болмыстың да өнер шығармашылықтың да алғы шарты. Еркіндік бар жерде ғана жұмыр басты пенденің көкірегі ашылып, бүкіл әлеммен және өз-өзімен диологы басталады. Мінекей, осы диологты шығармашылық деп атаймыз. Ал Өтежан Нұрғалиевтың шығармашылығына келсек, ол таусылмайтын тақырып. Менікі тек бастама ғана.
   Осыдан біраз жыл бұрын  Өтекең 60 жылдық юбейлейін  тойлау  ниетімен  туған жері  Ақтөбе барған екен. Сонда  облыстың  сол кездегі  басшылығы  үйсіз-күйсіз  жүрген  қарт ақынға  айдаладан  бір  адыр сыйлапты. Не деген тапқырлық десеңші?! Оның есесіне  Өтекеннің еліне берген  мұрасы  ұшан –теңіз. Соның  ішінде  басылған дүниелері  айсбергтің  басы ғана десек, басылмаған дүниелері  шексіз. Меніңше , Өтекеннің  шығармалар жинағын шығарып берген  баспа  еш  ұтылмас еді.
Үлесіне  адырдан  басқа ешнәрсе тимеген ақынымыз біраз асудан асқан екен.  Ендеше,  бұл әркімнің иелігіне тие  бермейтін алынған  асулар неге еленбейді деген  сауал  қоймақпыз.  Бірақ  бұл сауалға осыдан екі мың жыл бұрын ұрым ақыны Марциал жауап беріп қойған.
«Как  обьяснить, почему  живым отказано  в слаее
И  современиков читит редкий читатель свойх?!
В  зависти  кроется  тут, без сомнения , Регул  причина:
Предпочитает она новому старое есе.
Неблагодарных , влечет нас к древней сени Помпея,
Хвалят  всегда старики плохонький Катула храм.
Энния, Рим, ты любил читать при жизни Марона,
Над  Меонидом самим век издевался его;
С  рукоплесканьем венок доставался редко Менандру,
Да и Назон  был  одной  только Коринне знаком.
Вам же, о книжки мои, совсем торопиться не надо:
Если  по смерти придет  слава, то  я не спешу.

Өтекеңе  де енді асығатын  түгі жоқ.  Біз асығуымыз керек.    
                                                                                                                            Әуезхан  Қодар


Өлең өлкесінің Өтежаны еді.
  Төбекөң  деп аталатын  табиғаты  бөлек  өңірдің  мөлдір бұлағынан  су ішіп, жидекті  өлкенің  саф таза  ауасын жұтып өскен,  табиғатқа  ғашық  ақын Өтежанның  өр мінезі  Рудаки айтқандай: «Пенделер мені алдады, сенерім табиғат қана»деуімен  арналас еді. Халықтың  Өтежанының  арамыздан оралмас  сапарға аттанғанына алты жыл болыпты. Ол туралы  айтылар естеліктер аз емес.
  -Біз  Жарқамыста 9-10 класта  Өтекеңмен  бірге оқыдық,-дейді  1956 жылы  Жарқамыс орта мектебін бітірген Нағима  Табылова.- Сол кездің  өзінде  қатарынан ерекше еді. Әдемі,қара торы жас жігіттің жанары от шашып тұратын.Сөйлескеде  сынайтын қылып танытатын.  Киім киісі де бөлек. Шалбарынан сыртына шығаратын  ақ көйлегінің  мойын жағын ашып жүретін. Өжет мінезді  болашақ ақын пән мұғалімдерінің ауызша,жазбаша сұрақтарына шұғыл жауап беретін. Оныншы класты бітірген соң әрқайсысымыз әр жаққа оқуға кеттік. Содан  1962 жылы Жарқамыста қайта кездестік. Мен орыс тілі, ол қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
  Бір күні мұғалімдер мерекесі  қарсаңында Нағимаға арнап өлең жаздым деді. Әріптестер оқы, оқы деп жатты,мен қызарып іштей не жазды екен деп дағдарып қалдым. Бірақ  алты жол өлең жұртщылықты  риза етті. Сол өлең  менің де көпшіліктің де есінде.
Өзі отырған партаны танымай ма, тани ма?
Тапты өсірген ортаны Табылова Нағима.
Өзіңізсіз  мектептің ортан қолдай ұстазы,
 Чадаев  пен Пушкинді  жаттатқызар қыс-жазы.
Ұстаздардың ұстазы деп айтамыз тағы да,
Өсе берсін мерейің, Табылова  Нағима.
Осы өлең жыл сайын ұстаздар мейрамында аузынан түспейтін. Ауылда жүріп те, Алматыдан да оның жарқ еткен талай өлеңдеріне тәнті болатынбыз. Ол Жарқамыстың  мақтанышы еді.
   -Бір партада отырған едік,-деп сыр ашты кластасы Жетіру Отарбаев.-Сабаққа зерек,кейде ұстаз  тақырыпты  түсіндіріп жатқанда сурет салатын. Көбіне тушьпен атты бейнелейді. Алтын қанаты бар. Бірде сен неге осы  аттың суретін сала бересің дегенімде, «мен ат басыңдай азамат болғым келеді» деп бетін сәл бұрып жауап берген-ді. Алғыр еді. Ол  сол 9-10 кластың өзінде дүниежүзі әдебиетінің классиктері Гюго, Мопассан, Сервантес, тағы басқалардың  шығармаларын оқып, Жарқамыстағы кітапханадағы  кітаптарды тауысқан болатын. Бұл оған Тобық Жармағанбетовтен жұққан  болу керек деп ойлаймын. Ол да  Қарауылкелді,Ақтөбеден кітап алдыратын-ды.Сол бір жылдары Өтежан  Төбекеңнен Жарқамыстағы  мектепке жаяу қатынап оқыды. Екі араның қашықтығы жеті шақырымдай. Қысы –жазы ерте тұрып, кештете қайтады.Сабақтан соң кітапханада болады. Өзін –өзі  тәрбиелейтін жанкешті еді. Оқушылар үзіліске шыққанда ол класта өлең жазатын. Біз түс қайта асық ойнап жатсақ, ол қасымыздан өтіп бара жатып, «әй балалар»деп дауыстап үн қатып, «асық ойнаған озар, доп ойнаған тозар, білсеңіздер, бәрінен де оқыған адам озар»деп өлеңдететін. Жоқтық заман болса да, бөлек киетін. Және онысы өзіне  ғана жарасып тұратын. Киеті ақ көйлек, жібек баулы белбеуі бар.  Көйлектің мойын жағы үш ілгекті болатын-ды. Оны орыстың батырларына ұқсататынбыз. Бірде оған « осы сен кімге ұқсағың келіп жүрсің?»десек, «Пашков болайын деп» деп ойлана жауап берді. Ал  Пашковтың  Максим Горкий екенін кейін білдік. Ол жылдар орыс тілінен басқа ұлт өкілдері келіп сабақ беретін Бірде  Елфимов деген  орыс ағайымыз сабақта  өзімен –өзі  болып ойланып отырған Өтежанды  иығынан көрсеткіш таяқпен салып жіберді. Сөйтіп, Елфимов тақтаға қарай қасынан өтіп бара жатқанда  Өтежан  рогаткамен бас жағына атып өшін алды. Сабақтан алып қалып,қорқытса керек. Сонда да артынан қалмай, «сіз мені қорлап ұрдыңыз, бұл «әділетсіздік» деп  Некрасовтың « Кому на  Руси жить хорошо» деген өлеңіндегі:
Кого хочу помилую,
Кого  хочу казнью,
Закон –мое желание,
Кулак –моя полиция,- Дегеніндей ,сіздікі дұрыс емес деп соңынан қалмады. Ол үндемей кете барды. Талай кездестік. Елу  жасқа келгенде «Афина мектебін» жазғым келіп жүр» дегені есімде. Өтежан  біз мақтан тұтатын ақын болды.
-Өтежан  оныншы класты бітірерде күміс медальге ұсынылған-ды.1955 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң Жарқамыс орта мектебінде ұстаздық еттім. Математикадан оныншы класқа сабақ бердім. Ол жылдары  ауданда орта білім беретін екі мектеп болды. Соның бірі Жарқамыста. Аттестат алар түлектер саны жүзге жуық,-дейді Айладыр Нәріков. Сол топтың  ішінде болашақ ақын Өтежан Нұрғалиев те болды. Өтежан  көп оқушының ізденімпазы еді. Сабақты тек  беске оқитын. Білмегенін сұраудан жалықпайды. Сұрақты көп беретін де сол. Өзіндік мінезі бар. Кейде  қайдағы –жайдағы қиямпұрыс сауалдарды  да береді. Әлемдегі болып жатқан оқиғаларды сұрайды. Көп оқығандықтан  біздің пікірімізді білгісі келетін болғандығы ма, әлде сынайын дейді ме, ол жағы белгісіз. Мектеп бітірушілер арасынан төрт оқушы медальге ұсынылды. Олар – Есен Тасыбаев, Өтежан Нұрғалиев, Иван Шалабаев, Қырланбай  Қаражігітов. Өтежан жазғанын көшіргенде  түбірдің  астындағы таңбаның  жоғарғы жағын  толық салмағандықтан медальге іліге алмай қалады. Математик еді. Ақындық  жолды қумағанда  математикадан ғылым жолына түсер ме еді деп ойлаймын. Бірақ одан талантты ақын шықты.
-Өтежан өте жақсы оқыған-ды,- деп әңгімесін бастады кластасы  Есен Тасыбаев.-1953-1956 жылдар аралығында Жарқамыста бірге оқыдық. Ниетжан Беріков ағай –директор.Сол жылы Жарқамыс орта мектебін 105 бала бітірдік. Мектепте  қабырға газетін шығардық. Редакторымен. өлеңімен өрнектейтін –Өтежан . Сол секілді  колхозға матаға ұранды сөз жазу бізге жүктелетін.Тіс пастасын пайдаланып жазамыз. Оқуды бітірдік, армандап он бір бала бірге аттандық. Көбіміз  түсе алмадық. Тапсырушы  өте көп. Мен медаль иегері болғандықтан бағы жанып зоовет институтына оқуға қабылдандым. Өтежан  бір жылдан соң КазГУ-дің  студенті атанды. Ортаның  көркі ақын Өтежан болды. Жерлестері  болып жиналған  кезімізде буырқанып өлең оқиды. «Жалпы  білім ордасы» деп аталатын өлеңі сол кездегі  жастардың аузынан  түспейтін. Өлеңді жатқа оқиды. Студенттік  жылдары ол  танымал ақын болды. Алмытыда  Күләшқа үйленді. Тойға шақыру  қағазы  альбомда  әлі сақтаулы.
Кеселер, көк тұқылдар, сақалы ақтар,
Табыспақ желтоқсанда  махаббаттар.
Тезірек біздің  тойға  жиналыңдар,
Біздерде  махаббат бар, махаббат бар,- деп жазған  Тойға барып куә болдық. Содан институт соң  кездесе алмадым. Темір ауданында  бас мал дәрігері,совхоз директоры болып қызмет атқардым. Ақын  Өтежан  көп оқитын, көп білетін. Біз оны осындай  жерлесіміз бар деп мақтан тұтатынбыз. Адамға тіке қарамай сәл қырын қарап, жанарынан от шашып тұратыны көз алдымда.
  -Біз  Төбекеңде көрші тұрғанбыз,-дейді шәкірті  Сырлыбай  Кереев.-Төбекең  елге белгілі  Жарқамыс пен  Ақтам арасындағы жер. Өтежан осы киелі  топырақта  дүниеге келген.  Бұл- Жем өзеніне құяр сағаның  жағасы. Күрекпен жағалауды түртіп қалсаң-бұлақ.  Суы мөлдіреп ағады. Бүгінде  ол жерде бірнеше төмпешіктің  ізі жатыр. Бұрынғы үйлердің  орны. Өтежан мен біздің үй –екі отбасы мен бесінші класты бітіргенше осы жерде тұрды. Менің шешем Бақыт пен  Өтекеңнің анасы  Ақбөпе колхозда бірге жұмыс жасады. Екеуі замандас.  Түске  дейін шөп шабады. Түс қайта  Барғана деген  қыстаққа  арбамен тасиды. Көлігі-түйе. Мен жазда  көмектесіп, түйені  жетектеймін. Шөпті айырмен  түсіріп, шөмеле етіп үйеді. Өтежан ағай  Күләшті  келін етіп, осы жерге түсірді. Апай  Жарқамыстағы мектепте сабақ берді.
Өтежан ағай  оқып жүргенде ауылға жазда талай келді. Көбіне кітап оқиды. Ойланып, табиғатты тамашалайды. 1967 жылы  Алматыға  жұмысқа шақырды. Өтежан ағайдың  болмысы бөлек болатын.