«.. Өлекселер қашатын тірілерше, өксіп жүрген өлеңнің Пілі келсе»,-деп жазды Жұматай Жақыпбаев Мұқағали туралы өлеңінде . Өлеңнің пілінің бірі –Өтежан Нұрғалиев. Кезінде Мұқағалилардың өзі іздеп келіп, соңына ерген Өтеағаң қуатты поэзиясымен қатар «қисық» пікірлермен де танымал. Оның «мұртын басуға» келмейтін сөздерін жұрттың іздеп жүріп оқитыны да содан. Біз қарағайға қарсы біткен бұтақ секілді ақынмен «Айқын» газетінде жарияланған сұхбаты жерлестерінің назарына ұсынғанды жөн көрдік.
- Өтежан аға сізді газетке сұхбат беруге әзер көндірдік. Көп журналистердің сауатсыз сұрақтары мезі етті ме, жоқ әлде оның басқа да сыры бар ма?
Біріншеден мен жазбаған жанр жоқ, Журналистердің көбі менің
« Соғыстың соңғы жазы» туралы кітабымды ғана біледі. Мені танығысы келген адам телефон соқпау керек. Шақыртусыз үйіме келуі керек. Менімен пікірлесетін адам менің білгенімді білуі керек. Онсыз сұхбат жүрмейді, диолог болмайды.
Екіншіден креслоға жамбасы тиген, ел тізгінін қолына алған жігіттерге сенімім жоқ менің. Бұл –туа біткен мінез. Өзгере қоюы да екіталай. Сүтпен келген мінез сүйекпен кетеді. Ешкімге сенбейтін көңіл күйде жүрмін. Өйткені жоғары эшалонға өткен, депутаттың нанын жеген жан өзінен төменгі адамдарды көруден қалады, көзін шел басады. Өзім ғана болсам деген пиғылмен өмір сүреді. Сосын өзімен қатарлас келе жатқан адамды шалады.., құлатады.., жала жабады... өмір бақи теріс аңыздар таратып,жолымды жабуға тырысты. Олар сияқты алпыс екі айласы бар, қу адам болмағаным үшін олар мені жек көрді. Мен шығармашылық қуатымды сексенінші жылдары шындап көрсете бастағанда, қасымда қарақтап жүргендердің бірі де қалған жоқ. Досым да, дұшпаным да... өйткені олар потенциалымнан қорықты, менің кім екенімді білді.
-Дұшпаныңыз түсінікті, ал достарыңыздың қасыңызда қалмауының себебі неде?
- Менен тұра қашқан достарымның көбі билік басында болды. Атақты жазушысы бар, танымал ақыны бар, қолдарына депутаттық мандат тигеннен кейін, олардың жоғары эшалонға сөздері өтті. Сосын жоғары жаққа жеккөрінішті болмас үшін менен іргелерін аулақ салды.Кітабымды баспады, бастырмады. Үйіме келіп келісім шартқа қол қойғызып тұрып, 5 кітап аудартты. Мен оны 5 ай тапжылмай жатып тәржімаладым. Ал енді сол кітапты аударып болған соң, оны баспай қойды, бір тиында төлеген жоқ. Бұл адамды мазақ ету емей немене? Сол тенденция әлі күнге жалғасып келеді. Ал мен алған бетімнен қайтпадым. Қайтсем де кітабымды жарыққа шығарғым келді. Бірақ көп қашанда көптігін істейді. Енді бұл мінез газет –журналдарға көшті.
Қай кітабыңызды баспады сонда?
-Поэзиямды баспады. Аты «Соғыстың соңғы жазы». Мен оны 1974 жылы бітірдім. Бірақ басылмады. Ол мәселе Мәскеуге дейін көтерілді. 1981 жылы 5 мәрте Сталин сыйлығын алған Константин Симоновқа жолықтым, осы қиянатқа байланысты. Оның да қолынан келмеді. Енді басқа кімге баруға болады? Оның маған деген ниеті түзу болғанмен, араша түсуге шамасы жетпеді. Ал бұл еңбек Абай мен Жамбылдың кітаптары сияқты халықтың қазынасына айналуы керек еді.
Соғыстың соңғы жазын не себепті баспа тартпаларында тұншықтырғысы келді? Әлде бұл кітаптан қызыл кітап империясының шамына тиетін дүниелер тауып алды ма?
-Соғыстың соңғы жазын» мен Ұлы Отан соғысынан кейінгі өмірді көрсету мақсатында жаздым. Шындық қашанда сүйкімсіз. Кейіпкерім кеудесі орденмен көрінбейтін табы да, қызыл жұлдыздан көрінбейтін батырлар да емес еді. Менікі –тура өмірдегідей жай адам, қатардағы ешкім білмейтін жауынгер. Өлімнен қорқады. Уралап соғысқа шаппайды. Соғыстан бұғып қалуға тырысады. Оқ тимейтін тылда жүргісі келеді. Астық қамбасына түскіш ұры. Сорлы. Екіжұзді. Міне, мен осы адамдары айна қатесіз суреттедім. Бірақ сол дәуір үшін ол нағыз кері кеткен поэзия болды. Бірақ тарих қашанда шындықты жақсы көреді. Осы кітап ең құрығында, Жеңісті 60 жылдығында қайта басылып шығуы керек еді. Соны бірде-біреуі ескермеді.
-Талантты адамды құрту үшін оған арнайы шабуыл жасап, қақпан құрудың еш қажеті жоқ. Ол туралы қоршаған ортасы жұмған аузын ашпай қойса болғаны, ол өз-өзінен құриды-дейді батыс ойшылдары. Әріптестеріңіздің «үнсіз қалу» позициясы осыны мақсат тұтқан жоқпа?
Мен туралы пікір айтылды. Шықты. Жазылды. Бірақ мені шығармам жөнінде жақсы сөз айтылса, оны жазған адам мідетті түрде таяқ жейді, пікірлері өздерінің басына сор болып жабысатын. Мен туралы батылы барып, ешкімнен қорықпай сын жазған Сағат Әшімбаев болды. Орыстың әдеби ортада кеңінен танылған атақты сыншылары баға берді. Бірақ оны көрсе де көрмеген , білсе де білмеген кейіп танытты. Сын мақаласының мақсаты біреуді мақтау,даттау емес. Немесе Өтежанның атын шығару емес. Жасалған еңбектің құнын жоймайтын құндылыққа айналуы, рухани қазынаға қосылуы керек. Өкінішке орай, ол қазаққа керек болмай қалды. Ақын көзі тірісінде ардақталуы керек. Керісінше ,олар мені жексұрын етіп көрсеткісі келді.
-Бұрынғы жазушыларға қызыл цензура кедергі болды. Олар көп нәрсені тұспалдап қана жеткізуге тура келді. Тәуелсіздік Туының астында жазып жүрген кейінгі толқын жайлы пікіріңізді білсек.
- Қазіргі толқын қарақан басының ғана қамын ойлайтын, эгоист, жарқылдап көзге түсетін, жақсы атқа мінетін, баққұмар,сосын мен ғана шықсам деген пиғылы басым. Біздің толқын өзінің қайратына сенген, күшін көрсетуге тырысатын азулы, жігерлі,дүлей ұрпақ болатын. Бүгін оның жұрнағы да жоқ. Бүгінгілер бала-шағасын, болашағын ойлайды. Ақшасын ойлайды. Ақымақ болмайды. Біз құсап пышақты онды-солды сілтемейтін, бұғатын жерде бұғып қалатын, ақылды ұрпақ келді. Олар әдебиет жасағысы келмейді, ақша сынағысы келеді. Олар сөзсіз байиды, бірақ тарихта қала алмайды. Жігерлі жастығын түкке тұрмайтын алдамшы дүниелерге сарп етеді. Ал біз олардай данышпан болған жоқпыз. Біз өзіміздің Аллаһқа арналған қойдай құрбандыққа шалдық. Біздің толқын ақындарының ірі болатыны сол. Ондай қуатты толқын енді қайтып келмейді.
Қазақ әдебиеті маған көкке аузы әрең жеткен арық –тұрық төл сияқты әсер етеді. Осы кейпімен кете берсе, онда қазақ әдебиеті тарих бетінен көшеді. Айтып жүрген Сәбиті де, Ғабиті де, Мұхтары да, Олжасы да қазақтың әр ауылында қаптап жүр. Олар үлгі тұтатын әдебиетшілер емес. Бірақ әлі күнге дейін үлгі тұтамыз, үйренеміз. Бүгінгі әдебиет өткен күннің қалдығымен ғана өмір сүріп жатыр. Өзімізге өзіміз риза болып, қампайып жүргеніміз болмас, әлем мойындайтын әдебиет жасалған жоқ. Жазушы – қоғамның барометрі . Жазушы халықтың өзі де білмейтін, түйсініп көре алмайтын жан –жарасын қаузауы керек. Әдебиеттің міндеті –халықты сілкіндіру, оларға рух бітіру. Әдебиеттің міндеті оларды күлдіріп, я мазақтау емес. Ұялуды қойып, мұндай жазушысы бар Еуропадан үлгі алуымыз керек.
-Қазақстанның бүгінгі даму қарқынына қандай баға бересіз?
-Жалпы , біз –елдің соңында қалған халықпыз. Босқа шапқылап , осы күнге жеттік. Ал кейбір елдер бірден 300 жыл енді біреулері 200 жыл ен жаманы орыстың өзі бізден 100 жыл ілгерілеп кетті.
-Қазақ әдебиетінің әлем әдебиетінде алатын орны қандай?
-Қазақ әдебиетіңді білмеймін. Сен дүниедегі ең озық әдебиет қай елде екенін білесің бе? Ең мықты әдебиет- француздарда, ең үздік тарих, драматургия –ағылшындарда. Қазақ әдебиеті қай кезеңде де әлем әдебиетінде орын ала алмайды. Оны мен айтып келе жатырмын, айта да беремін. Онда жазба әдебиетінің басы саналатын Абай немесе Әуезов болғанына қарамастан,оның алатын орны өте төменде.Біздің әдебиеттің рөлі жоқ деп есептейді. Әлемдік қауымдастықтың арасында оның рөлі нольге тең. Шаханов өз бетінше жүр, мен өз бетімше, Мағауин бар, солардың еңбегін алып қараймын. Қазақ әдебиетінде не жазылды? Білгенінше тарих жазылды. Қазақтың хандарын бейнеленеді. Оянған өлке, миллионерді жаздық, бірақ олардың бәрі уақыт сынына шыдаған жоқ. Әдебиетке уақыт қана төреші. Кеңес үкіметін мақтаған, дәріптеген, айналып –толғанған дүниенің бәрі таза әдебиетке жатпайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де әдебиет дамып кете қойған жоқ. Даму үшін Еуропаның кітапқұмар монахтарының әдебиетке тұтастай берілуіміз керек. Сол шетелдің алатын дүниелерін алып, үйренуіміз керек.50 ел қатарына кіру онай шаруа емес. Біз асыққанды жақсы көреміз. Көп жерде бәрі жылдам бола қалса деп ойлаймыз. Ал ұлы әдебиет жылдам жасалмайды. Менің ойымша қазақ әдебиеті өз пайғамбарларын күтіп отыр. Бірақ оның туу –тумауы-екіталай дүние. Өйткені қазір әдебиетті ақшаға жасағысы келеді. Ақшаға жазатын жазушы нан табар пиғылда ғана жұмыс жасайды. Сондықтан біз армандаған әдебиет жасалады деген үміт менде жоқ.
-Жұрт сізді «қазақтың Байроны» дейді...
-Мен Байрон бола алмадым. Болғым келер еді , жүрегім дауаламайды. Байрон болу үшін порд болып, бай болып туылу керек. Ал мен кіммін? Менің рухым күшті жарқылдаймын, бірақ жаудыра алмаймын.Байрон отыз жасында туған жері Англияны тастап , Грекия үшін өлді. Шындық үшін Англия оған бір тиынға да тұрмады. Байронға Гете де бас иген. Мен Байрон болсам , Еуропаға барар едім, қазақтың намысын жыртар едім, кешегі желтоқсанда өлер едім. Олай істеген жоқпыз. Шымылдық ішінде жүрдік. Бірақ өлең үшін қызмет еткенім рас. Сондықтан мені Байрон дейді. Бірақ осының бәрі – бекер әңгіме. Байрон сияқты романтикалық заманда өмір сүрсем, болар ма едім.
-Одақ жаққа барған сайын қандай оймен ораласыз?
-Одаққа барған әдебиеттің елге керек болмай қалғандығын түсінемін. Бізде енді еш уақытта ұлы ақын – жазушы болмайды. Өйткені қазақ әлі артта,
« жайдақ атпен тепеңдеп, бәйгі алам» дейді. Айтматов та ала алмады. Бүкіл қазақ қырғыз Айтматовтың тілеуін тіледі. Бірақ Айтматов Мағауиннің бір ұрған қамшысынан сұлап түсті.
-Мақатаев ше?
-Мақатаев әуелі жас болды, мойындаған жоқ. Содан кейін мас болды, мойындалған жоқ.Ең ақыры тас болды, мойындалды. Яғни мойындалу үшін тас болу керек.
-Қазақ поэзиясында реформа бар ма,кейінгі ақын жастарға қалай қарайсыз?
-Реформаны мен білмеймін, өйткені жас ақындар бұл үйге келмейді. Ылғи замандастарым келеді. Олардың айтқан әңгімесі маған мәлім. Отыз –қырық жыл бойы көріп келе жатқан аярлар, қулар, өтірікшілер , сосын жағымпаздар. Оған жүрегім еш жылымайды. Ал жастар маған доллоршы , апиыншы болып көрінеді. Өйткені олар қазақта, орыс та, ағылшын да болғысы келеді.Мүмкін емес. Мен өзім француз болғанды қалаймын. Дүние жүзінде мен сыйлайтын жалғыз мәдениет бар. Ол –Рим мәдениеті. Ал ең мықты әдебиет –француздарда , екіншісі -орыста , үшіншісі -ең үздік елу елдің бірінде деймін. Марқұм Сәкен Жүнісов «Үшінші ең мықты әдебиет –қазақта» дейтін . Күмәнім бар. Өйткені Абайдың дүниежүзілік энциклопедияда өзіне лайық орны жоқ. Қодаровтан басқа ешкім аударып та жүрген жоқ. Абай –жұмбақ , Абай –адам түсінбейтін индивидуалист. Біз Абайға еліктеуіміз керек,біз шамамыз келсе, Жамбылға еліктесек болады. Біздің жарық жұлдызымыз –Жамбыл, ал Абай –«черная дыра». Мен жастарға Абай болуды ұсынбаймын. Өйткені бір қазақтың басына екі Абай сыймайды.
-Сізді карикатура етіп салуға батылы барған суретшілер бар көрінеді.
- Менің кітапханамда 8000 кітап бар. Сол кітаптарыммен бір жарым бөлмеде 27 жыл тұрдым. Кітап адамның сорын қалыңдатады. Адам тағдыры кітапқа байланады. Бірақ бір түсінгенім, кітап оқып адам бақытқа жетпейді екен. Кітаптан гөрі өмірдің күлкісі, шаттығы, табиғаттың тамашасы одан әлдеқайда қызық. Кітап менің қайғымды қалыңдатты. Менің үйімнің көрпе жататын жерде кітап жатады. Бір суретші менің үйіме сыймай жатқан кітаптарымды көрді. Сосын шаңырағымды кітаптан жасалған үйшік етіп, өзімді інінен шыққан суыр етіп карикатура салды. Ол мені келемеждейін деген жоқ, шындықты салды.
-Қазақта Борхес сияқты адамдарды қадірлемейді деп қалдыңыз, оның сыры неде?
-Борхестің кітабын оқуың үшін өзің Борхес болуың керек. Ол қоғаммен араласпай , жалғыз өзі кітаппен ғұмыр кешкен. Аргентиналық жазушы елінен кетіп, Женевада тұрған. Кітап оқу адамның интелектісін өсіреді. Оны да оқитын адамдар бар. Қазір осындай адам болған екен деп ол ауыздан түспейді. Бірақ өмірі өмір емес қой. Борхес көзі көрмейді, құлағы естімейді. Өмірін кітапханада өткізген. Дүниеден өтіп кеткен адамдардың кітабының тізімін жасаған, Нобель сыйлығын алған. Ол рас , біздің елде Борхес сияқты адамдарды қадірлемейді. Тіпті , біздің Абай ондай емес. Ол да өз заманында оқыған адамдардың бірі болған, әрине. Бірақ одан ондай мұра қалған жоқ. Абайдан қалған қырықтан астам қарасөзі бар, санаулы өлеңі бар. Сол Абай – біздің үлгіміз. Ал Еуропаның жазушылары монах сияқты шіркеуге барып, кітапқа батқан. Содан кітаптан алатынын алған, ақылын молайтқан. Қазақ жазушылары сияқты емес. Біз барлығын өмірден аламыз.
-Жазушыларға баспасөз бетінен айтарыңыз бар ма?
-Жазушыларға айтар сөз біреу –ақ . Шамасы келсе ,жазушы болмасын.
Болса , жаман жазушы болсын. Ешқашан классик жазушы болуға ұмтылмасын. Классик жазушы болсаң, Марк Твен мен Борхестің кебін киесің. Өмірден ләззат ала алмайсың, ақшаның қызығын көре алмайсың. Бұл әлемде өмірден артық қызық жоқ. Сол өмірден құр қаласың, махаббаттан құр қаласың, бәйгеден құр қаласың, алтыннан құр қаласың, жұпардың иісіне құр қаласың.
-Көптеген жазушылардың танылмай жүргендегі халықтың кітап оқудан ажырап қалғандығынан емес пе? Оларға берер кеңесіңіз бар ма?
-Кітапты сүймеңіздер. Кітапты сүйсең, сол сүйген қалпыңда қаласың. Оның құлы боласың. Кітапта басы қалған адамдарды «книголюб,книгман» дейді. Олардың ішкені –у, арқалағаны –тікен. Кітаптың уы болады,оны оқысаң, уланасың. Мен бұл жолды жастарға ұсынбаймын. Олар « Болашақ бағадарламасымен Лондонда, Парижде, Сорбоннада оқысын. Жылдам оқытатын жерлерде қысқа да нұсқа нәрселерді оқу керек. Біз сияқты Толстойдың шаңына батудың , Достоевскийдің есі дұрыс емес кітаптарын оқып, жынданудың дымға да керегі жоқ. мен ақыл айтпаймын, ал айтсам, айтқан ақылымның түрі –осы. Кітап жазсаң, кітап оқысаң, көретін күнің –осы. Жазған нәрсеңді шығармайды, аударған нәрсеңді баспайды.
-Тағдырға сенесіз бе?
- Көлеңкеде жүрген, соны саялаған жабайы аң сияқтымын.Сен туасың өзіңнің тағдырыңмен. Жазушы болып, қолбасшы болып, президент болып, ұры болып туасың. Дәм таусылғанша күнәға батумен боласың. Ұрлайсың , өтірік айтасың. Соның бәріне апармайтын жол –кітап.
Ал кітапсыз өмір сүруге бола ма? Өтірік айтпай, ұрлық жасамай, зорлық қылмай, біреуден алдап алмай, біреуді қорқытып алмай күнелтуге бола ма?
-Тарихта кімдер қалады?
-Жаңа сен менің өлеңімнен үзінді оқып отырсың. Ақынның өлеңін үлгі етуге болмайды. Ақындар –қоғамды ірітушілер. Өзінің қара басынан басқаны ойламайтындар, міне осылар. Олар қоғаммен оппозицияда . Платон заманынан бері келе жатқан шындық –осы. Депутаттыққа қолы жеткен ақындары бар,тіпті, Махамбеті бар, барлығы –қарақан басын ғана ойлайтын эгоистер, жарқылдап көзге түсетін, жақсы атқа мінетін, атын қалдырғысы келетін, мен ғана шығайын дейтін баққұмар адамдар. Бірақ тарих олардың барлығына бірдей мейірленбеген . Мыңдаған ақындардың ішінен саусақпен санарлық, бірлі –жарым адам ғана тарихта қалған. Қалған ақындар жел қуалаған қаңбақ секілді тарихтан көшкен. Соның бірі –Сегіз сері. Ол –тек қазақта ғана емес, түркі әлемінде аңызға айналған жалғыз ақын. Ән де , жыр да шығарған. Қыз Жібек пен Айман – Шолпанды шығарған. Әрі палуан , әрі шешен , әрі композитор болған. Сегіз сері қазақтың театрын жасаған. Театрдағы барлық Гауһартастан бастап Қамажайға дейінгі әндер-Сегіз серінікі . Сол Сегіз серіні кім біледі қазір? Тарихта 62 айласы бар, қу адамдар қалғысы келеді. Ертең көзі жұмылған соң тарихта қала ма, қалмай ма, бір Аллаһ біледі.
- Сіз айтып отырған Сегізсері ауыз әдебиеті болып жатқа оқылды, жадымызда жатталды. Біздің ата –бабаларымыздың жады мықты болған. Олар тұтас бір толғау -қиссаларды кітап арқылы емес, құлақ арқылы құйып өсті.
-Ол –қазақтың өзінің соры. Сөз кітапта қалу керек. Кітапқа түспеген сөз қаңбақ сияқты желге ұшады. Талай ақындар құмға сіңіп жоқ болды. Біздің ең мықты деген классик ақындарымыз кітабын шығара алмай, дүниеден озды. Сондықтан мен « ұмытылған ақындар» деген серияны көп қозғаймын. Ақын көзінің тірісінде ардақталуы керек. Баяғы Рим империясының 3 ақыны бар: Вергилий , Овидий, Гораций. Осы 3 ақын ғана Рим империясын мыңдаған жылдарға көтеріп кетті. Рим империясы –әлемдегі мәдениетті тұңғыш мемлекет. Тарихта жасаған да сол, өнерді жасаған да сол, тарихи ескерткіштер де соныкі. Осы ақындар бүкіл соғыстардың жеңісін жазып қалдырған.
-Бізде осындай ақындар жоқ па?
- Ондай ақындар бар. Біз оларды ұмыттық. Көзіне құм құйдық. Менің де көзіме құм құйғысы келетіндер бар. Мені мазақ қылады, мені кітап оқиды деп күледі. Қазір кітап оқымаймын , көзім көрмейді. Сөйлесетін адамым жоқ. Қазір менің не оқитынымда жұртың шаруасы жоқ. Кітапты оқымау керек, кітаптың дәмін алу керек. Көзің көрмесе , иіскеу керек. Одан замананың иісі шығады.
-Оқи білудің құдіреті неде?
-Адамның соңғы демі шығарда кітаппен бақұлдасады. Адамзаттың ақылдарының біреуі –Пушкин , біреуі –Ленин. Екеуі де бара жатып , кітаппен қоштасқан. Лениннің соңғы оқыған кітабы –Джек Лондонның «Белая безмолвия» деген шығармасы. Соны «оқи алмай, дүниеден өтем бе» деп уайымдап, Надежда Константиновнадан кітапты алдыртып, туындының соңғы беттерін оқып жатқанда өліп кеткен. Пушкин дуельден жосадай болып қансырап, өліп бара жатып: «Қош болыңдар, достарым»,-деген. Ол сөзді адамдарға айтпаған , кітаптарымен қоштасқан.
-Жазушы еңбегін сонда қалай бағалау керек.
-Мен кітапты әлі күнге жасырын оқимын. Оны есі ауысқан адам болмаса, сау адам оқуға болмайды. Толстой кімге керек? Одан тіпті орыс діндарлары да баз кешіп, шіркеуден аластады. Бүкіл Ресей оған қарғыс айтты. Сол Толстойдың біздің үйде 90 том кітабы бар. 1928 жылы Министрлер Кеңесі «Толстой қанша нәрсе жазса, сабақты инесін қалдырмай , түгел басып шығару керек» деп қаулы шығарды. Ол кезде халық аш, азаматтық соғыс жүріп жатқан кез. Есептей келгенде , Толстойдан 90 том кітап қалған екен. Әр кітабы мың беттен -90000 бет. Соны зерттеуге академиктер отырады. Толстойдың тоқсан томында бір қате жоқ. Ең полиграфияның шыңы деген әдемі жазулармен шығарылған, ең қымбат қағазға басылған.1928 жылдан бері шығарыла бастаған томдықтарының ең соңғы параға 1958 жылы басылып шықты. Сол Толстой ешкім алмағаннан кейін, бағасы төмендетіліп, 9 тиын болды. Кейіннен одан да төмендеп, 4 тиын болды. Ешкім оқымай, шаң басып, Тастақта жатты. Толстойдың қолжазба күйінде де шыққан, листовкамен де шыққан барлық басылымы мені қызықтырады. Ол- адамзат тарихындағы ең ақылды, ең дана, ең ғұлама адам. Қылышынан қан тамған Қырым соғысының батыры,патшаға қарсы келген бүлікші, бунтар әрі иманды, ең діндар адам болған. Бүкіл әлем оны іздеп, табынуға келетін. Қазір ешкімге қажеті жоқ, оқымайды, менің ұялатын себебім-сол. Екінші ғұлама-Пушкин. Орыс халқы-бір төбе, Пушкин бір төбе. Пушкин болмаса, орыс ұлты әншейін бір сыған болар еді. Пушкиннен кейін оның тілі әлемдегі бірінші тілге айналды. Пушкиннен соң орыстың тарихы мен өнері дүниеге келді. Пушкиннен кейін ғана орыстарды Еуропа ақындарымен шендестірді. Оны Дантеге теңеді. Басқа ұлттардың Пушкині бар, Қазақтың Пушкині жоқ.Мен өзім сол Пушкин сияқты ақын болғым келді. Соның жолымен жүрдім. Бірақ менің жұртыма «Иванушка дупачок» сияқты да қадірім жоқ. Өмірдің қадірін көрем десең, ақын болма. Ақындық-тек қасірет. Ал Ресейде Путин Солженицынның үйіне барып, кеңес сұрап тұрады. Қадірлеу, бағалау деген сол.
Кімдермен араласасыз?
Мен ешкімге сырымды ашпау позициясын таңдап алған адаммын. Түзу жүру керек, сосын үндемей барып, батпаққа батып өлу. Өйткені мен жалғыз бұлтпен сөйлескенге, жалғыз жартаспен сөйлескенге, аңдармен сөйлескенге тойдым. Кітап деген өлі аруақ. Жетпіс жыл бойы сол өлі әрақтармен сөйлесіп келемін. Әркімнің өз ауруы болады. Менің ауруым- кітап.Біздің ұлтты Еуропа болсын, басқа ел болсын, кеміткенде кітабы жоқ халық деп кемітеді. Тіпті, мына бізден басқа Орта Азия мемлекеттерінің өз әрпі, өз кітабы мен өз медресесі бар. Қазақ аттың жалында , түйенің қомында жүріп оқыған.
Үрейленетін кезіңіз бола ма?
Кітап-көмілген адамдардың көзі. Іңірде жердің бетінде қаптаған көз жатса, қандай қорқынышты. Және жай жатпай жыпылықтап жатса...Сен үстімен келе жатырсың. Басасың. Міне, кітап-сол. Тұңғиық ашылып жатқан аран сияқты. Олай болу керек емес еді. Кітап –дос, кітап –жыр, кітап –ғашық, кітап –ілім. Қазір сол кітап ағып жатқан уақытқа құл болды. Кітапты Горький секілді оқу керек. Боранды түнде, айдалада, аш қалпыңда, жалғыз жүріп оқуың керек. Өлейін деп жатып, сол кітапты оқимын деп тірі қалатын болуың керек. Кітаптың құдіреті сонда.
Қазіргі шығып жатқан кітаптарға көзқарасыңыз?
Қазір кітап өз фунциясын жоғалтты. Қазақстанда жылына 10000 кітап шығады. Оның9999 –ы оқуға жарамайды. Өкінішке орай, соның бәрі бізде қазына деп есептеледі. Соның ішінде бір ғана кітап әлемнің қазынасына қосылады. Ол кітап қолға тиеме, тимей ме, мен білмеймін. Қандай кітап оқу керектігін мен айтпаймын. Ол- менің құпиям. Әрбір адам малтығып, адасып жүргенде, іздеген кітабы алдынан шығады. Сонда кітаппен бетпе бет қаласың. Философияның шырқау шегі –несістің Гегелі. Гегельді ешкім түсінбейді. 35 том шықты, орыс тілінде. Кітап дүкендерінің бәрінде бар, бірақ ешкім алмайды. Сол Гегельді оқу керек.ол өзі сөйлейді. Қазақ топырағында Гегель тумайды. Оған жылдар керек. Біз бәрі оңай келсе екен деп ойлаймыз. Асығыстық бар біздің халықта. Жолың болмау керек, тауың шағылу керек. Отаныңнан айырылу керек, сонда ғана кітап өзі сөйлейді, сырын ашады. Ал біздің жеңіл-желпі қарап шығайын дегенге кітап сөйлемейді. Бір кітап өқып шығу деген сөз – бір адаммен дос болу деген сөз. Кітаптың түбіне жете алмайсың. Әр адамның өзінің соры бар, өзінің бақытсыздығы бар. Сол сорыңды күтіп алсаң, кітап өзі келеді. Сонда ол ақыл айтады.
Қазақ бұрын кеңестік идеологиямен өмір сүрді. Бүгінде идеологиясы жоқ вакуумда тұрған жоқпыз ба?
-Фоменко мен Носовский деген екеу орыс халқының тарихын жаза отырып, оның идеологиясын қайта жасап шығарды. Өйткені орыс халқы тығырыққа тірелді. Бұл жасалған еңбек тарихқа мүлде жаңа көзқарас әкелді. Мұрат Аджи- түркі халықтарының идологиясы. Батыс әлеміне қарсы. Дукенде жоқ, өтіп кетеді. Түркі мәдениетінің әлем цивилизациясында орны бар деп айқайлап жүр. Ондай жігіттер бізде жоқ. Бүгінгі қоғам кітап оқығанды ұнатпайды, ақша санағанды ұнатады. Әрі ақшалары жамандық жасауға бар, жақсылыққа жоқ. Бүкіл өмірімді кітап жазуға, кітап аударуға арнадым. Бірақ менің кітаптарымды шығармады. Мен Мемлекеттік сыйлық алуым керек еді. Тіпті, Нобель сыйлығына ұсынылуым керек еді. Адам деген пенде ғой енді, көңілің соған шапқылайды. Менің мектебім, институтым, өз зерттеушілерім мен шәкірттерім жоқ. Бұл –қасіретім.
СұхбаттасқанТанакөз Толқынқызы.
«Айқын», 2.11.2007 ж.