Тобық Жармағамбетов



    1934  жылы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылында туған. Жазушы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.  1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1957-59 жылдары  Жарқамыс орта мектебінде мұғалім,  1959-73 жылдары Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газетіне жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Ақтөбе телевизия студиясында  аға  редактор, бас редакторы, облыстық  «Коммунизм жолы» газетінде  және  облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет атқарды.
          Тобық Жармағамбетов шығармашылық қызметін  50 жылдардың аяғында бастады.  Ол нағыз талантқа тән тереңдікпен, ойшылдықпен, сыршылдықпен қалам тербеп, уақыт талабына сай салиқалы, салмақты жүк арқалаған шығармалар жазды. Үлкен бір повеске пара-пар «Отамалы» әңгімесі қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл мұра болып қалды. «Ақ жауын»  повесінде 30-ыншы  жылдардағы қиын кезең туғызған халық қозғалысын, «Бәйтеректің жастық шағы» повесінде халық  ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өмір жолының кейбір сәттерін оқырманға шебер суреттеу арқылы жеткізді. 60-ыншы  жылдардағы ауыл жастарының тіршілігі, сырласу, нәзік сезім, шын сүйіспеншілік, қазақ ауылының көрікті бейнесі «Нәзік бұлттар» деп аталатын повесінде көркем бейнеленеді. Т.Жармағамбетовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өміріне арнап жазған «Қара жаңбыр»  атты туындысы да көпшілік оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Жазушы адамгершілік, достық, махаббат тақырыптарында «Нәзік бұлттар» (1966), «Екі жүрек» (1968), «Қызыл ай» (1970), «Сентябрь түн» (1973), «Соңғы хат» (1974), «Ақ жауын» (1984), «Отамалы» (2002) әңгімелер  жинақтары  жарық  көрді.
       Жазушы  Т.Жармағамбетов есімі Қарауылкелді селосындағы бір көше мен орта мектепке берілген.

Тобық Жармағамбетов туралы ой толғаулар.

ҚАРАЛА  СИЫР
    Ауылдың  ең  шетінде  жарқабан  басында  тұрған  қыстаудың  түрі  тым  жүдеу. Алыстан  қарағанда  мал  тапаған  ескі  кебен  сияқты. Тышқанның  ініндей  үңірейген  үш  қара  тесік  терезе  есебінде. Есік  алдында  ескі  самтықтан   тұрғызылған  ашық  аула. Оның  ішіндегі  шөптің  жанында  бір  қарала  сиыр  байлаулы  тұр. Неге  екені  белгісіз, екі  мүйізі  қалың  шоқпытпен  оралып, таңып  тасталған. Бейне  басына  кішігірім  қаңбақ  іліп  алған  сияқты. Қора  жанында  сорайып  тұрған  ұзын  діңгектің  басына  ескі  қаңылтыр  шелек  төңкеріліпті. Ол  көктемгі  суырма  желдің  әсерімен  аласұра  даңғырлайды. Ағаш  басынан  босануға  әрекет  қылады. Кейде  ол  дегеніне  жетіп  қалғандай-ақ, тап  ұшар  басына  көтеріле  береді  де, бірақ  артынан  әлсіреп  барып, қайта  төмен  құлайды. Шелек  дауысы  жел  дауысынан  да,  қыстау  маңайын  қаптай  өскен  жалаңаш  шидің  ызылынан  да  аянышты,мұңды.
    Қыстау  үстінде  төмен  ұшқан  жыртық  бұлттар.
    Кенет  жансыз  қыстаудың  есігі  шықырлап  ашылды да, ішінен  қырықтар  шамасындағы  мығым  денелі,қара  мұртты  еркек  шықты. Қолында  құс  мылтығы  бар.
    Бұл  Малдыбай  еді. Қожайынын  көрген  қарала  сиыр  мөңіреп  жіберді. Қара  мұртты  көңілі  толған  кісіше  сиырына  қарап  бір  жымиып, мұртын  сипап  қойды.
    Малдыбай  әкеден  туғалы  қарыны  тойып  ас  ішіп, көркейіп  киім  киген  адам  емес. Әйелімен  екеуінің  қолынан  құрық  пен  көген, күрек  пен  шелек  кетпесе  де, өздерінің  желісіне  қотыр  бұзау, я  тышқақ  лақ  байланбаған  болатын. Екеуінің  де  күні  бай  есігінде  өтумен, бай  малын  бағумен  келеді. Малдыбай  деген  атын  да  тағдыр  әншейін  мазақтап  қоя  салған  сияқты.
    Мінеки, сол  Малдыбай  ойда  жоқта  малға  ие  болды. Еңбегі  үшін  байдың  бірер  мал  берермін  дегеніне  де  біраз  уақыт  болып  қалса  да, айтқанын  орындамай  жүр  еді, жақында  осы  қарала  сиыр  Малдыбайдың  қорасына  байланды.
    Қарала  сиырдың  сүттілігі  ауылға  аңыз  болып  кеткен. Соны   бай  жалшысына  беріпті  дегенді  естігенде  жұрттың  көбі  таң  қалды. Бірақ  сиырдың  айыбы  да  бар  болатын – ол  өте  сүзеген-ді. Малдыбай  алардың  алдында  ғана  байдың  бәйбішесі  мен  бір  жалшыны  жарып  кете  жаздаған. Бірақ  Малдыбай  онысын  елең  ете  қойған  жоқ, өйткені  қарала  сиырды  қақпайлап, жөнге  жүргізетіндердің  бірі – өзі. Сондықтан  ол  жұрт  не  десе, ол  десін, сиыр  алғанына  қатты  қуанып, көтеріліп  қалды. Малдыбайдың  бұған  қуанатын  тағы  бір  реті  бар. Осы  қыстаудың  бір  жағында  отырған  ауру  інісі  мен  оның  бала-шағалары  үшін  де  сиыр  қуаныштың  көзі  болды. Өкпе  ауруынан  қыстай  әлсіреп, жүдеп  шыққан  інісі  көктемге  қарсы  ауызы  аққа  тиіп, оңалайын  деді. Малдыбайдың  әйелі  мен  келіні  сиырға  кезектеп  шөп  тасып  әкеліп, қора  жылытып, астындағы  көңін  ауыстырып, жатпай-тұрмай  еңбек  етеді. Соларға  жазатайым  бірдеңе  қылмасын  деп, сиырдың  мүйіздерін  шоқпытпен  таңып  тастаған  да  Малдыбайдың  өзі.
    -«Мөһһ!».
    Қарала  сиыр  осы  мезетте  тағы  бір  мөңіреп  жіберіп, шоқпыт  оралған  мүйіздерін  бұлғаңдатып  қойды.
    -Жануар  су  ішпеген  екен  ғой! Суарып  келейін, - деп, ол  сиырға  жақындай  бергенде, артынан  жас  баланың  жіңішке  даусын  естіді:
    -Ағам  сені  шақырып  жатыр! Келіп  кетсін  дейді!
    Бұл  інісінің  жеті  жасар  ер  баласы  екен. Өзі  есік  алдындағы  көктайғақ  мұзда  жалаң  аяқ  тұр. Бәшпайлары  қызарып  кетіпті. Малдыбай  зілсіз  зекіріп  жіберді:
    -Кет  әрмен! Қыстауға  кір! Мен  осы  сендерге  жалаң аяқ  жүрме  деп  қашанғы  айтам,жүгірмектер! Бәшпайыңды  қырқайын  ба,осы?
    Бала  ауызын  қисаңдатып, Малдыбайды  мазақтап, кетпей  тұрып  алды.
    -Мен  саған  көрсетейін-ай, - деп, Малдыбай  күрегін  көтере  оған  қарай  ұмтылып  қалып  еді, сықылықтап  тұрған  бала  үйге  зып  берді. Малдыбай  өзіне    көңілі  біткендей  мұртынан  бір  жымиып  алды  да, інісінің  үйіне  беттеді.
    Есіктен  кірер  жерде  босағаның  омырылып, құлайын  деп  тұрғанын  байқады. Шамасы, күздікүнгі  қара  суықта  сыланып, дұрыс  жымдаспай  қалған  болу  керек, енді  көктемде  суланып, құлап  түсейін  деп  тұр.
    Бөлме  іші  сасықтау  және  қаракөлеңке  екен. Ортада  ескірген  ақ  киіздің  үстінде  басын  терезеге  беріп  інісі  жатыр. Оның  маңайында  ірілі-уақты  үш-төрт  бала  ойнап  жүр. Жаңағы  есік  алдындағы  жалаң  аяқ  әкесінің   артына  тығылып  қалыпты, тек  ақ  дамбалының  бір  шеті  ғана  көрінеді. Шамасы, күлкіден  жарылайын  деп  жақтан  болу  керек, иығы  дір-дір  етеді. Малдыбай  кіріп  келгенде  келіні  жайпақ  қара  қазанды  қырғышпен  тырналап  жатқан, қайнағасын  көріп  жұмысын  тоқтатты.
    Малдыбай  қазандық  маңындағы  ескі  самтықтың  үстіне  келіп  отырды. Інісі  ерінінің  ұшымен  амандасты  да, төбеге  қарап  жата  берді.
    -Халың  қалай, қарағым?
    -Жаман  емес...
   Әңгімеге  келіні  аралсты:
    -Бір  айдан  бері  сүт  болғалы  оңалып  келеді. Бірақ  әлде  де  ішіңкіре, әсіресе  айранын  ішіңкіре  десем, тыңдамайды. Енді  көк  иісі  шығып  кетпей  тұрып, әлденіп  алу  керек  қой...
    Інісінің  артына  тығылып  жатқан  бала  басын  көтеріп  түрегелді  де, Малдыбайға:
    -Ал, көрсетші, көрсетші, ал! – деп  шиқ-шиқ  етіп  күліп, қайта  жасырынып  қалды.
    Інісі  бірдеңе  дейін  деп  келе  жатыр  еді,жөтеліп  қалды.
    -Кха-кхһа! Кхх-ха!.. Я...  мен  бір  жылма  жасаттырып  ішейін  деп... едім. Өткен  жылы  қатты  құлағанымда  содан  тәуір  болғанмын... көк  шығып  кетпей  азғантай  сары  май  жинасаңдар...
    Малдыбай  мылтығының  құндағын  сипап  отырып:
    -Жақсы! – деді. «Көп  болса, аздап  бала-шағаның  аузын  тия  тұруға  тура  келер»  деп  ойлады  ол  тағы.
    -Сосын  мен...  жазылып, аяғыма  тұрсам, жазда  байдың  жылқысына  кетермін. Көшкенде  бізді  тастап  кетпесін, соны  айт. Менің  орныма  Қарақамыстағы  Мұңайдың  Жұбанышын  алам  деп  жүрген  көрінеді.
    -Жақсы...
    Бұл  жолы  Малдыбай  «жақсы»  деп  әшейін  айта  салды. Өйткені  інісі  оңалған  күнде  де, күзге  дейін  жұмысқа  жарамайды. Одан  ерте  қосылса, қайта  жығылуы  ықтимал.
    Малдыбай  түрегеліп, есікке  беттеген  күйінде:
    -Кешке  дейін  су  жылытып  қоярсың, босағаң  құлайын  деп  тұр  екен, сылап  берейін, - деді  келініне. Сосын  тағы  да  мұрнының  астынан:
    -Мен  ши  жақтан  қоян-қопсы  қарап  келейін, - деп  шығып  кетті.
    Ол  мылтығын  асынып, қолына  таяқ  алды  да, қарала  сиырды  байлауынан  шешті. Сиыр  мүйіздерін  шайқап, айбат  шеккісі  келіп  еді, Малдыбай  оны  таяқпен  жасқап, сайдағы  құдыққа  қарай  жетектеді. Жер  бетіндегі  қар  көктемнің  алғашқы  жылуына  ерігенмен, артынан  қара  суық  түсіп, қатып  қалған – маңай  көктайғақ. Малдыбай  мен  сиыр  аса  сақтықпен  төмен  түсіп  келеді.
    -Шәйт,әй!
    Сиыр  ұмтыла  бергенде, Малдыбай  ауыр  таяғымен  тұмсығынан  салып  өтті. Бірақ  ұруын  ұрғанмен, жануарды  ішінен  аяп  қалды. Сонысына  кешірім  сұрағандай, өзі  сиырмен  күбірлесіп, сөйлесіп  келеді:
    -Қайт  дейсің  енді! Ұрмасқа  болмайсың. Таяғым  қатты  тиіп  кетсе, жануарым, ренжімей-ақ  қой. Бәрі  өзіңнен. Әй-әй!! Ана  қарашы, әлде  де  қоймауыңды! Шелектей  басыңда  шақшадай  ми  жоқ-ау!
    Малдыбай  баурайдан  түсіп, құдықтың  жанына  келді. Құдық  жыраның  қақ  ортасынан  қазылған  екен, бұ  жерден  үй  көрінбейді. Жел  де  жоқ. Тек  аспанда  көшіп  жатқан  бұлттар  көрінеді. Ол  қауғаны  құдыққа  саумалап  түсірді  де, кішкентай  астауға  су  алып  құйды. Қыстау  жақтан  шелектің  даңғыры  естіліп  тұр. Сиыр  шөлден  өліп  қалған  екен, бірден  бассалды. Малдыбай  суды  үшінші  рет  құйғаннан  кейін, осыған  қанарсың  дегендей, қауғаны  орнына  алып  қойды.
    Сиыр  танауы  пышылдап  сіміріп  жатыр. Малдыбай  мылтығын  иығына  жайластырыңқырап  қойды  да,аспанға  қарады. Бұлттар  манағыдан  да  қоюланып,жиіленіп,төмендей  түскен  екен. Тіптен  қол  созым  жерден  ұшып  жатқандай. «Қар  жаумаса, не  қылсын. Нағыз  көктайғақ  сонда  болады. Мұндай  кезде  қояндар  кеуектерінен  көп  шықпайды, тек  үстінен  дәл  түсіп  үркітпесең...» - деп  ойлап  тұрғанда, оны  бел  тұсынан  ауыр  бірдеме  түйіп  қалды. Есін  жинағанда  көргені – шоқпыт  ораған мүйіздерін  төсеп, қарала  сиыр  төніп  келеді  екен! Малдыбай  асылы  қайратты, қажырлы  және  тез  адам  еді, жан-дәрмен  атып тұрды  да, иығынан  мылтығын  суырып  алды. Сиыр  сәл  қаймыққандай, ежірейіп  тұрып  қалды. Енді  байқады, жаңағы  қолындағы  таяғы  астаудың  ар  жағынан  ұшып  кетіпті, сиырдан  әрі  жатыр.
    Малдыбай  ауырған  белін  уқалай  тұрып, қарала  сиырды  жылы  сөзбен  жібітпек  болды:
    -Қарағым-ау, мұнша  саған  не  болған? Қабырғамды  сындырып  кете  жаздадың  ғой! Жазатайым...
    Қарала  сиыр  Малдыбайдың  сөзін  аяқтатпай, тұра  ұмтылды. Малдыбай  оны  мылтықтың  дүмімен  кеңсірік  тұсынан  бір  қойды. Шанышқы  тиген  балықтай   қайқаң  ете  қалған  қарала  сиыр  бір  жағына  бұрылып  кетті. Істің  қиынға  айналғанын  сезген  Малдыбай  жыраның  түбіне  қарай  қашты.  Себебі, жыраның  түбі  аласа, адам  бойындай  ғана  болатын. Ойы – содан  секіріп  шығып, құтылып  кету. Сиыр  жыраның  ол  жерінен  қарғып  шыға  алмайды.
    Артына  қараған  Малдыбай  өзін  өкшелеп  келіп  қалған  сиырды  көрді.
    -Атам!
    Ол  мылтығын  кезеп  тұра  қалды. Сиыр  қатты  дауыстан  қаймыққандай  тоқтап  қалды. Бірақ  мүйізін  тынымсыз  шұлғып, айбат  шегуде. Малдыбайдың  тон  кеудешесін  кигені  абырой  болған  екен, жаңа  бүйірден  соққанда  осының  арқасында  ғана  жаны  қалды. Ол  мүйізді  бұдан  да  гөрі  қалың  шоқпытпен   орамаған  екенмін  деп  өкінді.
    Малдыбай  қапы  қалмайын  дегендей  оң  қалтасында  бөлек  тұрған  қасқыр  ататын  ірі  бытырамен  оқталған  оғын  алды  да,мылтығына  салды. Сиыр  бұған  таңқала  қарап  қалыпты.
    Үнсіз  тыныштықты  алдымен  Малдыбай  бұзды. Ол  ептеп  шегіншектеп, жыраның  түбіне  жүре  берді. Сиыр  біраздан  соң, осы  мен  неғып  орнымда  қозғалмай  тұрмын  дегендей, өкіріп  барып, Малдыбайға  атылды. Малдыбай  тез  бұрылғандығының  арқасында  ғана  шоқпыт  мүйіздерге  ілінбей  қалды. Сиырдың  өтіп  кеткенін  пайдаланып, ол  енді  құдық  басында  қалған  таяққа  жүгірді. Бірақ  үш-төрт  қадам  аттамай-ақ  тоңқалаң  асты. Арт  жақтан  екпінмен  соққан  қарала  сиыр  омыртқасын  үзіп  жібере  жаздады. Малдыбай  мең-зең  болып  орнынан  әрең  тұрғанда,  сиыр  үлкен  шеңбер  жасап  құдықты  айналып, осылай  қарай  қайта  тайраңдап  келе  жатыр  екен. Ол  жыра  түбіне  қарай  қайта  жүгірді. Сиыр  осы  жеткенінде  Малдыбайды  бөкседен  соқты. Ол  қайқаң  етіп  бір  жағына  ұшып  түскенде, қолындағы  мылтығынан  айрылып  қала  жаздады. Қарала  сиыр  кезекті  жұмысын  бітіргендей, құдық  жаққа  тартты.
    Сиыр  енді  құйрығын  көтеріп  алып  үнсіз  шапқылап, құдықтың  маңын  қорыс  қылып  жүр. Малдыбай  жыраның  түбіне  жетуге  жақындап  қалды, бұрынғыдай  жүгіруге  де  әл  жоқ, аяғы  ақсап  қалыпты. Соңғы  рет  сиыр  маңдай  тұсына  келе  бергенде, мылтықтың  шүріппесін  басып  қалып, жұмысты  біржола  бітірейін  деп  ойлады  да, бірақ  артынан  саусағын  тартып  алды. Осы  соққы  Малдыбайға  ауыр  тиді, - сиыр    кеудеден  түйген  екен, орнынан  тұра  алмай  қалды. Өкпесі  қысылып, демі  тарылғандай. Жүрегі  де  қатты-қатты  соғып, басы  айналып  кетті.
    Қарала  сиыр  Малдыбайды  бір  құлатқан  сайын  кең  шеңбер  жасап, құдықты  айналып  шауып  келеді. Көптен  байлауда  ұсталып, іші  пысқан  ол  еркін  бой  жазып  алғысы  келгендей  еліре  көсіледі. Аяқ  астындағы  қарда  бір  табын  мал  өткендей  із  жатыр. Ол  соңғы  соққыдан  әрең  көтеріліп, есін  жия  бергенде, сиыр  өзінің  шеңберін  аяқтап, жақындап  қалған-ды. Малдыбай  бұл  жолы  әдіс-айлаға  көшті. Сиыр  тап  қасына  келіп  қалғанша  селт  етпестен  тұрды  да, кенет  бір  жағына  жалт  бұрылды. Басымен  жер  сүзе  жаздаған  сиыр  зымырап  өте  шығып, қайтадан  құдыққа  қарай  қиыстады. Ол  жаздан  бері  екі-үш  ескі  қаңбақ  жатқан  жыраның  түкпіріне  жетіп  қалды. Бірақ  денесі  едәуір  ауырлап, аяғы  алдыртпай  тастаған  екен,онша  қатты  жүргізбеді. Дегенмен, әлді  адам  ғой, сиыр  қайта  айналып  келгенше, ол  жыраның  ернеуіне  жетті. Енді  бір  секіріп  ернеуге  қолын  іліктірсе, шығып  кетпек. «Сиырды  артынан  ауыл  болып  ұстап  алармыз»  деп  ойлады  ол. Бірақ  жыраның  ернеуі  Малдыбай  ойлағандай  төмен  емес  екен. Алғаш  қарғығанда, шамасы  әлсірегендіктен  болуы  керек, қолы  жетпей  қалды. Екінші  рет  күш  жинап  секіре  бергенде, арт  жағынан  бір  қара  күш  кеудесін  жарға  сығып  жіберді. Ол  жансыз  заттай  қаңбақтың  бірінің  үстіне  дүрс  ете  қалды. Тек  көзіне  шалынғаны  құйрығын  көтеріп  алып, тұқайлары  аспанға  қар  шаша, құдыққа  қарай  асып  бара  жатқан  қарала  сиыр  болды.
    Малдыбай  күйіп  кетті  де,мылтықты  алақанына  сарт  еткізіп  төсей  қойды. Маңдайына  суық  тер  шапшып  шықты. Денесі  алау  отқа  жанып, миы  ұршықтай  зыр  айналып  барады.
    -Атаңа   нәлет! – деп  боқтап  жіберді  ызадан. Бұрын  сиырына  мұндай  қатты  сөз  айтып  көрмеген  еді. Сосын  жарға  сүйеніп, теңселіп  тұрып  қалды. «Құрысын, болмас, атып  тастайын»  деп  бекінді  ол.
    Сиыр  бұл  кезде  құдықты  айналып, басын  бері  бұрған  еді. Мөңіремей,дыбыс  шығармай, тек  тұқайлары  сарт-сұрт  етіп  шауып  келеді. Бейне  аяқтарына  он  шақты  күміс  қоңырау  байлап  алғандай. Құйрығын  сәл  көтеріп, артқа  еркін  тастаған. Онысы  жауға  шапқан  батырлардың  найзасының  үкісінше  желбірейді. Малдыбай  қолы  дірілдеп  мылтығын  көтерді  де, қарала  сиырдың  маңдайын  іздеді. Қарауылға  әуелі  шоқпыт  ілікті. Ол  қолдың  қозғалуынан  ба  әлде  сиырдың  шабысынан  ба, бір  төмен, бір  жоғары  секіріп, қарауылда  тұрмады. Сосын  Малдыбай  мылтығын  сәл  төмен  түсіріп, қолын  демалдырып  алды  да,маңдайға  дәлдеді. Маңдайының  қақ  ортасындағы  дөңгелек  ақ  ноқат  көздеуге  жақсы  екен. Мінеки, ол  қарауылға  берік  ілінді. Бұл  кезде  сиыр  тіпті  жақындап  қалған  еді. Жыраның  төбесінде  ойнақтаған  желдің  дыбысы  естіледі. Алыстан  шелектің  әлсіз  даңғыры  жетеді. Малдыбай  шелек  даусын  есітегнде  үй  іші  есіне  түсіп  кетті. Үйдегі  екіқабат  әйелі, баласы (оның  алты  жасар  бір  ғана  баласы  бар  еді), ақырында  інісі, оның  балалары  көзінің  алдында  тұра  қалды. Әлгі  жылма  деген  сөз  құлаққа  ап-анық  естіледі! Мына  жақындап  келе  жатқан, мына  қарауылға  ілініп  тұрған  ақ  ноқат – сол  жылма... айран,сүт, ірімшік, құрт, балаларының  бетіндегі  қуанышты  күлкі  ғой! Солардың  өмірі! Інісінің  өмірі! Өлейін  деп  жатқан  жерінен  тұрғызып  алған  осы  сиыр  емес  пе  еді?! Ендігі  үміттің  бәрі  де  осы  сиырда.
    Оның  мылтық  ұстаған  қолы  төмен  түсіп  кетті.
    Қарала  сиыр  шауып  келе  жатыр.
    Малдыбайдың  көзіне  жылма  елестейді. Жайпақ  қара  қазанның  ортасына  дейін  құйылған  май  бұрқылдап  қайнап  жатыр. Бетінде  көпіршіген  ақ  көбігі. Жылма  ішіп  отырған  ауру  інісі... Алғысқа  толы  көз  жанарын  Малдыбайға  аударады. Інісін  ажалдан  алып  қалу  мұның  міндеті  ғой. Сиырды  атып  өлтіру – ауру   інісін  өз  қолымен  өлтіру  деген  сөз. Осылардың  қамыққанын  көрмейін  деп, жұмыс  істегенде  де  Малдыбай  жан-тәнін  салып  бағатын. Енді  мына  кішкентай  бір  қатерден  қорқып, қарала  сиырды  атып  тастаса, ертең  елге  не  бетін  айтады,үй  ішіне, ауру  інісіне  не  демек?
    Жоқ, Малдыбай  қарала  сиырды  өлтірмейді.
    «Малдыбай  ондай  қояншық  емес!» - деп  қойды  ол  қаттырақ, ойын  бекіте  және  өзіне  бекем  бере  түскендей.
    Бірақ... қарала  сиыр  шауып  келе  жатыр.
    Малдыбай  не  болар  екен  деп  жарға  сүйеніп  үнсіз  күтіп тұр. «Мүйізі  жарға  тірелгенше  шаба  бермек  пе! Астапыралла! Өзінің  өжетін-ай! Аждаһа  сияқты  екен  ғой,кәпір!»
    Сиыр  жыраның  тап  шетіне  жетіп  қалған  кезде  ғана  алдыңғы  екі  аяғын  тіреніп, абажадай  боп  тұра  қалды. Малдыбай  да  мылтығын  қала  көтеріп  алғанын  сезген  жоқ,тұла  бойы  тітіркеніп, дірілдеп  кетті. Қарала  сиыр  бұл  жолы  Малдыбайды  қорқытқанына  мәз  болғандай, біраз  тұрды-тұрды  да, кейін  қарай  қайта  шаба  жөнелді.
    «Көрдің  бе, өлтірмегенім  жақсы  болған! Сөйте-сөйте  желігі  басылады  ғой»  деп  ойлады  ол. Жырадан  жоғарыға  шықпақшы  болып  тырмысып  еді, онысынан  ештеңе  бола  қоймады, тіпті  бұл  жолы  қолы  манағы  топыраққа  да  жетпей  қалды. Денесі  бұрынғыға  қарағанда  әлдеқайда  ауырлап  кеткен. Әсіресе  бүйірі  мен кеудесі  өзге  жеріне  қарағанда  тызылдап, удай  ашып  ауырады. Соққының  көбі  де  сол  жерлерге  тиген.
    «Нем  кетті, - деп  мырс  етті  Малдыбай, - көгеріп  кеткен  жерлерімді  қас  қылғанда  ертең  тап  өзіңнің  майыңды  жағып  жазып  алам  ғой. Бір-екі  жұмадан  құлан-таза  болады. Қап, мана  аңқасы  кепсе  де, азанда  қоя  бермеген  екенмін!»
    Малдыбай  әншейінде    кездесе  кететін  қаңғырған  атты  адамдардың  біреуі  де  келе  қалмайды-ау  деп  ойлады. «Бірақ  олар  жеке  тұрған  Малдыбайдың  қыстуаынан  не  алсын  және  құдық  та  бір  ит  өлген  түкпірде. Үйдегі  әйелдер  біліп, келгенмен, не  бітірмек. Қайта  олардың  өздерін  өлтіріп  кетіп  жүрер. Келмегендері  де  жақсы. Мендей  де  емес, оларда  қурай  сияқты  түк  қауқар  жоқ  қой, мүйізді  бір  шайқағаннан  қалмас...Асылы, мүйізін  таңып  тастап, ақыл  еткенмін».
    Сиыр  тағы  айналып, арбиған  мүйіздерін  алға  тастап  шауып  келеді. Малдыбай  мылтығын  созып, алға  кезеді. Бірақ  бұ  жолы  қарқыны  әлгіндей  күшті  емес. Баяулау  келеді. Дегенмен,  түрінде  бір  сойқандық  бар. Жаңағы  жеріне  жетіп  тағы  тұрып  алды. Малдыбай  желімделіп  қалған  еріндерін  ажыратып, сөйлеп  көрмекші  болды.
    -Ойының  әлі  қанған  жоқ  па, қояншығым. Сен  тентек  болсаң  да,  ақылды  тентек  едің  ғой. Бүгін  қоян  аулауға  жібермей  тастағаның  не  болғаның. Осы  үшін  өзіңді  жақсылап  бір  сабап  алу  керек-ау,ә? Енді  мені  үйге  жіберсейші.
    Қарала  сиыр  тыңдап  тұрғандай  түр  білдірді. Сосын  «жоқ»  дегендей   мүйізін  бір  сілікті  де, оған  жақындай  түсті.
    -Кет! – деп  жекірді  Малдыбай.
    Сиыр  тыңдар  болмады.
    Ол  мылтығын  кезеп, маңдайға  тікелеп  ұстады.
    Қарала  сиыр  тап  берді.
    Мылтықтың  аузы  әуелі  ақ  ноқатқа  тиді  де, екпінмен  жоғары  ыршып  кетті. Малдыбай  шүріппені  баспады, бірақ  соның  артынша  бір  керемет  бір  күш  өзін  жарға  езіп, сығып  бара  жатқанын  сезуге  шамасы  әрең  келді  де,талықсып  кетті. Көзінің  алдында  мыңдаған  дөңгелектер, мұнарлар  нажағайдай  бір  сәтке  ойнап  шыға  келді  де, тез  сөніп, тұңғиық  қараңғылық  жауып  кетті.
    Қанша  уақыт  өткені  белгісіз, ол  есін  жиғанда, сиырдың  мүйіздеріне  ілініп  тұрғанын  көрді. Мылтық  артына  қайырылып, арқасымен  жардың  арасында  қыстырылып  қалыпты. Оның  аузы  апсандағы  көшіп  бара  жатқан  бұлттарға  қарап  шошайып  тұр. Қарала  сиыр  алдыңғы  екі  аяғын  шірене  тіреп  алыпты  да, шоқпыт  мүйіздерін  Малдыбайдың  кеудесінде  берік  ұстап  тұр. Мүйіздің  бірі  кеудеден  сыпырылып, жарға  тіреліпті. Ысырылған  ізі  тон  үстінде  беп-белгілі, қара  жермен  сүйреткен  шананың  ізіндей. Шамасы, осы  мүйіз  ысырылып, кеудесін  босатқан  соң  ғана  есін  жиған  болу  керек. Екінші  мүйіз  кеуде  мен  қолтықтың  арасында.
    Малдыбай  демігіп  тұр. Бетін  суық  тер  жуып кеткен. Әуелі  ол  жауын  жауып  тұр  ма  деп  қалып  еді. Олай  емес  екен. Аузы, беті, тамағының  маңайы  жанып  барады. Үсті-басы  да  судан  ағып  кеткен  болу  керек, удай  ашып, терлеп, қызғындап, өртеніп  жатқандай. Дем  алғанда  кеудесі  ырылдыған  иттей  сыр-сыр  етеді. Тіпті  шапшыған  қан  миды  зырқ  айналдырып, балғаша  соғады. Мылтықты  алуға  мүмкіншілік  жоқ. Мылтық  ұстаған  қолы  одан  айрылған  соң  артына  қайырылыпты  да, жарға  қысылып  қалыпты. Ол  ұйып  қалған  болу  керек, жан  бар  екені, жоқ  екені  белгісіз. Екінші  қолын  да  мүйіз  басып  тұр.
    Сиырдың  жіберетін  түрі  жоқ  сияқты. Малдыбай  есін  жиған  соң,біраздан  кейін  қозғалмақ  болып  талпынып  көріп  еді, сай-сүйектері  сырқырап, омыртқасы  сынып  бара  жатқандай, тұла  бойы  қақсап  қоя  берді.
    «Ит, мықтап  шегелеген  екен... Енді  қайттім?»
    Жел  күшейе  түскен. Оның  зуылына  қалың  шидің  сарнауы  қосылады. Ескі  қаңылтыр  шелектің  даңғыры  әлі  естіліп  тұр. Ол  манағыдан  гөрі  долдана, ызалана  салдырлап  айбат  шегетін  тәрізді. Анда-санда  «дыр-р-др-р, ыр-а-дыр-ыр»  деп  қояды, онысы  «адыра  қалсын!»  деген  сияқты  естіліп  кетеді.
    Малдыбайға  ең  анық  көрініп  жатқан – аспан  ғана. Бұлттар  бұрынғыдан  да  гөрі  көбейе  түскен. Таңертеңнен  бері  көшуде  еді, әлі  ағылуда. Таусылатын  түрі  жоқ. Малдыбай  өзінің  енді  бір  жылға  дейін  жұмысқа  жарамсыз  болып  қалатынын  ойлап  жатыр. Інісі  де  ауру. Өз  де  мүгедек  болса, бұлардың  тамағын  кім  табады? Келіні  ме, өзінің  әйелі  ме? Әйелі  болса   екіқабат, босанайын  деп  отыр. Жас  баламен  ол  жарытып  не  жұмыс  істер  дейсің. Бұл  Малдыбайдың  көрейін  деп  отырған  екінші  баласы. Сондықтан  да  соңғы  кезде  әйелінің  асты-үстіне  түсіп  жұмыс істетпей  қойған. Бай  үйінің  анау-мынау  ұсақ  жұмыстарына  да  қатыстырмаған. Ол  Малдыбайдың  бұлай  сиырдың  мүйізінде  тұрғанын  біліп  отыр  деймісің. Қоян  аулап  жүр  деп  ойлайды  ғой. Малдыбай  келініне  су  жылытып  қоярсың  деген  сөзін  есіне  алды. Мүмкін, келіні  су  жылытып  та  жатқан  шығар.
    Мүйіздер  қыса түсті. Малдыбай  қарлыққан  дауыспен  сиырға  жекіп  еді, ол  қысымын  тоқтатқандай  болды.
    «Астапыралла,- деп  ойлады  ол, - дауысы  шықпай  қалу  деген  оп-оңай  екен  ғой. Жайшылықта  нанбас  едік-ау».
    «Атаңа  нәлет, - деді  ол  ішінен (өйткені  дауысы  естілмеді), - осыдан  құтылатын  күн  болса, өзіңді  іреп  тұрып  сабар  едім! Жаңа  атып  жібергенде, көзің  көкшиіп  жататын  едің!»
    Қарала  сиырдың  көзі  бұрынғыдан  жаман  қанталап  кеткен  екен. Малдыбай  қатты  шошынып, тітіркеніп  қалды.
    -Тпа-тпа, бәлекет, өзіңмен  кет! – деді  ол  тағы  да  дауысы  естілмесе  де.
    «Өлімім  осы  иттен  болар  ма  екен»   деген  ой  басына  оралуы  мұң  екен, одан  жаман  демігіп, денесін  суық  жайлап  кетті. Сонсоң  зұлым  ойды  денесінен  аулақ  қумақ  болып, олай-бұлай  тырбынған  болып  еді, оған  денесі  де  қозғалмады, басқа  оралған  шұбар  жыландай  зұлым  ой  да  кете  қоймады. Малдыбайдың  қорқыныштан  жүрегі  қатты-қатты  соғып, терлеп  кетті. Бір  рет  тіпті  басы  айналып, аспандағы  бұлттардың  селкілдеп, билеп, қозғалақтап  кеткенін  сезгендей  болды. Ол  айқайлағысы  келіп, ауызын  қимылдатып  еді, онысынан  да  ештеңе  шықпады. Тек  бишара  шелектің  дауысы  ғана, зарлы  дауысы  ғана  жетеді.
    Малдыбай  сиырдың  көзіне  қараған  сайын  жүрегін  үрей  билеп, тізесінің  дірілдеп  бара  жатқанын  сезді. Сонсоң  өзіне  өзі  енді  оған  қарамасқа  іштей  серт  етті  де, көзін  аспанға  аударды.
    Аспан  баяғысындай  сүрең  еді. Тек  бұлттар, бұлттар, бұлттар. Жапырақ-жапырақ  бұлттар. Кейбіреулері  өзендегі  шылау, балдыр  сияқты. Біреулері  іріп  кеткен  айрандай. Мына  бір  бұлт  адамға  ұқсас-ақ: мынау  екі  көзі, мына  желбірегені  шаш, мына  бір  шығыңқырап  тұрғаны  иегі, анау  аузы,йә,йә, мінеки, құлағы  да  шығып  келе  жатыр. Қалай, өзі  марқұм  Масабекке  ұқсай  ма? Масабек  демекші, ол  бишара  өткен  күзде  далада  суыққа  ұшып  өлді-ау. Өлем  деп  жатқанда  аспандағы  бұлттарға  көзін  сүзіп  кетті  ме  екен, тіпті  менің  түріме  ұқсас  бұлттарды  да  тауып  алып, сонымен  сөйлесіп  жатып  өлді  ме  екен? Бишара, менімен  жандай  құрдас  болатын. Отыз  тоғызында  қайтыс  болды. Оны  елеп, көмген  де  ешкім  болмады, бай  баласы  өлігін  көріпті  ғой. Қасындағы  жалшысы  айтты. Бірақ  өлгеніне  көп  болған  екен  деп, ауылға  алып келуге  жиіркеніпті. Сонсоң  жалшыны  қорқытып, көрген  жоқпыз, таба  алмадық  деп  айтып  келген.
    ...Мына  бір  бұлт  қой  қора  сияқты  созылыңқы  екен. Ішіндегілері  мал  болуы  мүмкін. Айтпақшы, аспанда  ел  бола  ма  екен? Молдалар  солай  деседі  ғой. Адам  өлгеннен  кейін  аспанға  шығатын  көрінеді. Әлгі  бұлт  дегенім  шынында да  сол  аспанда  ұшып  жүрген  Масабек  емес  пе екен? Қой, олай  емес  шығар, біреулер  аспан  жын-шайтандардың  мекені  деседі  ғой, мысалы, найзағай  жарқылдағанда  сол  шайтандарға  тиіп  жатқан  қамшының  дауысы  екен  деп  те  айтады.
    Әттең, ана  бұлттарға  мініп  жүретін  күн  болса... Адамда  биікке  ұша  алатын  қанат  болса... Қанат  болғанда  ғой, мен  мана  далбаңдап  жыраның  түбіне  қарай  қашпай, аспанға  ұша  жөнелемін  ғой. Қарала  сиыр  аузын  ашып, мүйізін  бұлғаңдатып  қала  береді. Аха-ха...(ол  езу  тартқан  сияқты  болды). Бірақ  ол  кезде, мүмкін, сиырлар  да  ұшар. Қарала  сиырға  қанат  бітіп, менің  соңымнан  қуа  жөнелсе. Мен  бұлттарға  қарай  ұшар  едім. Солардың  арасына  кіріп, жасырынып  қалар  едім. Әлгі  қалқып  өткен  қой  қоралардың  ішінен  керегімше  мал  аралар  едім. Аспан  деген  рақат  қой...
    Қайран  інім! Ауру  болып, қор  болдың-ау, сен  болмағанда, қарала  сиырды  әлдеқашан  ет  қылатын  едім. Қолымды  жіпсіз  байладың  ғой. Енді, мінеки, демігіп  жатқаным... Біреу  келіп  босатып  алғанша, мына  мүйіздерден  құтылу  жоқ. Және  біразға  дейін  жұмысқа  жарамай  да  қалдым.
    ...Бұл  сиыр  неғып  тұр? Неге  жібермейді, қашанғы  тұра  бермек? Сүтті  мол  бергенмен, сиырлардың  ішінде  де  әумесерлері  толып  жатыр  екен  ғой!
    Шелектің  мұңды  дауысы  естіледі. Сол  шелекті  Малдыбай  діңгек  басына  өткен  күзде  өз  қолымен  іліп  еді, содан  бері  әлі  тынымсыз  қаңғырлауда. «Күндердің  күнінде  түбі  я  бүйірі  тесіліп, төмен  сырғып  түсер  ме  екен? Өзінің  де  бүйірі  иттен  берік  екен. Менің  бүйірімнің  жаман  сиырдың  бір-екі  сүзгеніне  жарамай  жатқаны  мынау...»
    Малдыбайдың  денесін  мұздай  суық  билеп  қоя  берді. Себебі, бұл  кезде  кеудесі  қабынып, езілеп, булығып  бара  жатыр   еді. Сиыр  күшпен  итеріп  келе  ме  әлде  кеуденің  өзі  шыдамады  ма, белгісіз. Оның  бет-аузын  ауыр  да  ащы  тер  тамшылары  басып  кетті. Кеуіп  кезерген  еріні  көкшіл  тартып  барады.
    «Ойбай-ай, өкпем! Атаңа  нәлет-ай-ай-й-й!»
    Осы  жолы  қарала  сиыр  Малдыбайды  күшпен  езіп  жіберді. Аузынан  қаны  ытып  кеткен  Малдыбай  әуелі  қырылдап  қалды  да, артынша-ақ  жан  кешті. Оқыс  қимылдан  болу  керек, тап  осы  мезетте  жіңішке  қара  мылтық  аспандағы  бұлттар  тобырының  ең  болмаса  біреуін  құлатайын  дегендей  гүрс  етіп  атылып  кетті.
    Шошынған  сиыр  Малдыбайдың  жансыз  денесін  лақтырып  тастап, құйрығын  шанша  құдыққа  қарай  безіп  барады.