Тобық Жармағамбетов туралы ой толғаулар

Жаны жайсаң ағаға 

Ардақтаған, асқақтатқан асылды,
Халық оны ой төріне асырды.
Аялады ана туған алыпты,
Қадірледі тани біліп хас ұлды.

Шыққан жері-Жем,Сағыздың сағасы,
Жүректегі көп еді ғой жарасы.
Алып шықты таланты мен дарыны
Биікте тұр елдің берген бағасы.

Шығармаң да шыңнан биік баға алған,
Сыршылдық пен табиғаттан нәр алған
Тобық аға, айта қалса өзіңді,
Дейді олар : “Нәзік жан ғой жаралған”

Кемел ойдың кеніштерін ақтарып,
Қаламына шабыт пенен бақ дарып.
Шөліркеген шөлге нұрын сіңіре,
Себелеген жүректерге жатталып.

«Нәзік бұлттар» кетпей қойды есімнен,
«Жанның» да мен жан-дүниесін түсінгем.
Арпалысып Отамалың суықпен,
Бұрынғының өмір жыры есілген.

Бәрі сенің жайсаң мінез жаныңды,
Жоғалтты да, тағдырыңа бағынды.
«Полонез» де туған жерін сағынса,
Туған елің, Аға, сені сағынды.

                                Рита Төралина


                              Кір шалмаған көңілің

                   Терең ойлап,жаққан отын сенімнің,
Тірегі боп отбасы мен теңінің.
Түлеп ұшқан Байғаниндей өр елден,
Тобық аға, мақтанышы елімнің.

Мінезің жаз, көңілің күн көктемің,
Отаныңды құрметтеумен өткенсің.
“Нәзік бұлттай” қалықтап көгімде,
“Ақ жауын” боп мұң-зарынды төккенсің.

Шуақ болып еліңе сен төгілдің,
Кір шалмады жүзін таза көңілдің.
Алай-дүлей “Отамалы” кезінде,
Өткергенсің қиын шағын өмірдің.

Прозада алдыңа жан салмаған,
Саған арнап кім асыл ән салмаған?
«Екі жүрек» шерткенде сыр пернесін,
Таңданбаған өзіңе жан қалмаған

Шығармаңыз шыға біліп талғамнан,
Арыла алмай асқақтаған арманнан.
«Соңғы хатты» жаздың да сен, ағажан,
Кете бардың мынау жарық жалғаннан.

Асуларың көп еді әлі алмаған,
Қыран едің ел көгінде самғаған.
Келешекке қадам басқан үмітпен,
Жас ақынның саған жыры арналған.

                                                    Ақырыс Сейітқазы
  
           Тобыққа арнау

Қайран аға, ардақты жан, асыл Тобық,
Жыр жазамын өзіңізді жақын көріп.
Сексен жылдық бұл кеште сізді еске алып,
Қалың жұртың жиылып, жатыр келіп.
Тобық аға-көрмеген көршім еді,
Сол көршімді тағдырдың көпсінгені.
Бәрінен де көңілді сергітеді,
Санамызға «Нәзік бұлттар» көп сіңгені.
Үй арасын бөлген тек көше еді,
Сол бір көше естелікті еселеді.
 Жазушының еңбектерін ашқан сайын,
Прозаға махаббатым өсе берді.
Жанымызда өз үйінің орны қалды,
Әдебиетте әсем, әрлі жолы қалды.
Жас Тобықтың жырға толы кеудесіне
 Амал нешік, ашкөз ажал оғын салды.
Далаға шығып, қарасам Жемнің бойына,
Тобық аға түседі қайта ойыма.
Талант жаны табиғатпен үндесіп,
Қалам сермер бір Аллаға сыйына.
Бар пенде, сірә, тағдыр ісіне бағынған,
Сол бір бейнеңді қаймана қазақ сағынған.
Қыршын қиылып, қырықта кеттің арадан,
Қазыналы қарт боп табылар ең жастар жанынан.
Өткенге үнсіз қимастықпенен қарадым,
Ойласам сізді, жасқа толады жанарым.
Қиялмен көкке самғай бергенде, сұм оқ кеп,
«Қайран ойлар...» депқамығып қалды-ау қаламың!
                                          Сейлханова Зарина Козибагаровна

 Нәзік бұлттармен сырласу

  Нәзік бұлттар.... Бұл Тобық ағаның туған ауылының аспанында үнемі қалқып тұратын бұлттарға қойған есімі емес пе? Шынында да ауыл аспанында тұрған осынау шүйке-шүйке бұлттарға қарасам, жерлес жазушы Тобық ағамыз есіме түседі. Есіме түседі де, иә «Нәзік бұлттар» деген осылар екен ғой деп ойлаймын. Жыл сайын он бесінші қазан күні мектеп оқушыларын ертіп, ауыл маңындағы бейітке барамыз. Өйткені онда Жарқамыс ауылынан шыққан көрнекті жазушы Тобық Жармағамбетов жерленген. «Ақындар ауылда туып, Алматыда өмірден өтеді», - деп айтылған әңгімені жиі еститінмін. Бірақ Тобық аға өзінің жерінде - Жарқамыс ауылында мәңгі ұйқы құшағында жатыр. Әр жыл сайын қазан айында осы бейіт басына келіп, Тобық ағаға арналған естеліктер мен өлеңдер оқып, қабіріне гүл шоқтарын қойып, дұға оқып, құран бағыштап қайтамыз. Сондай бір тағзым ете барған кезімде, төбемізден қарап шүйкеленіп тұрған бұлттарды көрдім. Көрдім де шынында бұл ағаның нәзік бұлттары шығар деп ойладым. Осы сәтте есіме ақын Ертайағамыздың:
.....Ақтөбенің бұлттары болып алаң, Деп сұрайды: «Қайда сол Тобық аға?» 
.... Тобық ағам әрине Жарқамыста, Жарқамыстың бұлттары толық аман.
«Көк аспанға жүрсек те қонып тегі, Несібеміз жердегі толық,» - деді.
Есіміміз біздердің «Нәзік бұлттар», Есім берген ағамыз – Тобық, - деді, - деп келетін өлең шумақтары есіме түсті. Шынында да Тобық аға мынау бұлттарға «нәзік бұлттар» деп қалай тауып қойған. Нәзік десе нәзік екен. Сол күні мен нәзік  бұлттарға ұзақ қарадым. Қарадым да оларға көңілдегі назым мен сырымды ақтардым.
Нәзік бұлттар! Сендер Жарқамыс аспанында осылай тұрасыңдар және тұра бересіңдер. Себебі сендерге Тобық аға еншілеп ат берген. Сендер секілді есімі бар бұлттар тек біздің ауылда ғана бар. Сендер көк аспаннан күнде осылай қарап тұрасыңдар. Өйткені сендердің мекендерің аспан ғана. Олай болса, сендер көк аспаннан Тобық ағаның мәңгілік мекені болған мынау қабірді көріп тұрсыңдар ма? Қараңдаршы, күмбез қылып салынған мынау қабірдің сыртқы кірпіштері күнге күйіп, құс саңғырығы басқан, шеттері үгітілген. Ал қабірдің ішкі жағы жазушы аға осыдан қырық жыл бұрын өмірден өткен кезде құрметпен, қимастықпен қойылған гүл шоқтарының шіріндіге айналған қалдықтары мен борасыннан жиналған топыраққа тола бастаған. Жазушының құрметіне арнап қабір сыртындағы Қазақстан жазушылар одағының қойған ескерткіш белгісі, құлпытасты күн жеп, жазулары өше  бастаған. Қабір сыртын қоршаған шарбақ та ескіріп, тозған. Жыл сайын осы жерге келіп, қабірдің айналасына шашылған мал сүйектері мен тезектерді, жел ұшырып әкелген қоқыстарды тазалап кетіп тұрамыз.
   Күн жеген құлпытасты жуып, сүртіп кетеміз. Кетіп бара жатып: «біздің қолымыздан келгені осы ғана, риза болып жатқайсыз», - деп келер жылға дейін қоштасып кетеміз. Келер жыл демекші, келер жыл Тобық аға тірі болғанда 80 жасқа толады екен. Мүмкін бұл жерге сол 80 жылдың құрметіне арнап жаңару жұмыстары жүргізілер. Келер жылдың күз айы көңіл көкжиегіне шуақ ұялатар деп үміттенеміз. Нәзік бұлттар! Сендер де сол сәтті көрерсіңдер. Көрерсіңдер де, қуанарсыңдар.
Нәзік бұлттар! Шіркін, нар тұлғалы Тобық аға жатқан жер ұялмай келіп тағзым жасайтын орынға айналса. Бейіттің сырты жаңарып,  қабіріне жан тебірентерлік әсерлі сөздер жазылған ескерткіш тақтасы қойылса. Ескерткіш тақтасы тұрған жерге қабір басына құран бағыштап, дұға оқитын орын жасалып, айналасына адамдар отыратын орындықтар қойылса. Сонда жазушы қабіріне тағзым ете келген жандар, күрсініп емес, сүйсініп кетер еді-ау.Нәзік бұлттар! Сонымен қоса ауылдағы саябақ жанында ақындар аллеясы бой көтерсе, көше ортасына ауылдан шыққан ақын-жазушылардың, атақты адамдардың суреттері мен өлеңдері, өмір деректері  жазылған тақталар ілінсе. Сол тақтаның ішінен Тобық аға «нәзік бұлттарына» күлімсірей қарап тұрса...
  Нәзік бұлттар! Бұл менің сендерге айтқан сырларым мен назым ғой. Осылай нәзік бұлттармен сырласып отырған сәтте, қауым үстін үлкен көлеңке басты. Күн көлеңкелеген көкке қарасам, әлгі шөкім-шөкім бұлттар тұтас болып бірігіп кеткен секілді. Мүмкін олар да мен айтқан сырларды естіп, жабырқап қалған болар деп ойладым.
    ... Мүмкін менің сырымды естіген бұлттар секілді бұл жайтқа   жабырқайтын жандар да табылып қалар. Сендерге шертілген сыр – орындалған арманға айналар. Лайым, солай болғай да. Адамдардың жүрегі мен ниеті нәзік бұлттар сияқты аппақ және нәзік  болса ғой, әттең! Рухымыз жоғалып, рухани жан дүниеміз тоналмаса екен. Топырағы толғатса тек талант пен дарынды ғана дүниеге әкелетін осынау Жем өресі неге тағы да  дарынды, талантты перзенттерді толғатпай жатыр?  Бәлкім, ұлылықты ұлықтай алмай жүрген жоқпыз ба екен?! 
Самал ЖИЕНБАЕВА,
Жарқамыс орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.
                                                                                                       («Ақтөбе» 2013.-16 мамыр)  


Жазушы Т.Жармағамбетовтың 65 жылдығына
Алғыссөз
         Алпысыншы жылдардың басы мен ортасы қазақ әдебиетінің  шарықтау шағы болды десек артық айтпаған болармыз. Осы жылдары ғой бүгінде көркем әдебиеттің шаңырағын тіктеп жүрген Дулат Исабеков, Қалихан Ысқақов, Әбіш Кекілбаев, Мұхатр Мағауин, Сайын Мұратбеков, Баққожа Мұқаев және басқалардың шыққаны, Тобық Жармағамбетов олардан сәл ертерек жұлдызы жанғанымен, бәрібір ол осы шоғырға жатады. Оның алғашқы көлемді еңбегі – «Нәзік бұлттар» повесі алпысыншы жылдың ортасынан ауа жарық көрді.
         Тоқаң өз ерекшелігі, өз стилі бар жазушы еді. Сонысына әдебиет сүйер қауым, әсіресе сыншылар ерте байқады ғой деймін, оның шығармалары туралы жапырласа пікір жазып, болашағынан үлкен үміт күткен-ді. Тоқаңның, әсіресе әңгімелері классикалық үлгілерге тән болатын. Сонысымен бірге оқырман күтпейтін шешімдерге алып баруымен ерекшеленетін. Бертін келе, әдебиет иісі мұрнымызға барған кезде Тоқаңның осы «шешімдеріне» ой жүгіртіп қарасақ, ол көбіне-көп Э.Хемингуэйге еліктейді екен ғой.
         Әдебиетте еліетеу бар да, бірақ біреуге ұқсамаушылық тағы бар екендігі белгілі. Соңғысы, әрине жазушының болмыс-бітімі, мінез-құлық, адами қасиеттермен байланысты екені белгілі. Тоқаңның «Нәзік бұлттардан» басқа барлық шығармалары әуенінде нәзік қайғы, адам басына түскен ауыртпалық сезіліп тұрады. Жалпы, ол қайғылылау жазушы болатын.
         Былайғы жұрт Тоқаңды көңілді, ақжарқын, қалжыңқойлау деп қабылдауы мүмкін. Әсілінде ол олай емес-ті. Сыртынан байқалмағанмен, оның ішкі дүниесі үнемі аласапыранды, соны сырт көзге байқатпай жеңу үшін, бәлкім, оны жеңгісі де келмейтін шығар, өйткені оны жеңсе әруағынан айрылып қалатындай көретін де болар, әйтеуір мұңды күйде жүретінін талай байқағаным бар-ды. Бұл мықты жазушыларға тән қасиет.
         Менің бұлай деп отырғаным, құдай жазып біз екеуміз біраз жыл аралас-құралас, сыралғы болдық. Түс демейді, кеш демейді үйіне ертіп апарып, әппақ Сапия жеңгеміздің қабағын бірер жылы сөзбен жадыратып жіберіп, әңгіме-дүкен құратынымыз әлі есімде. Мені інісіндей ардақтады, ақыл-кеңесін айтып жүретін.
         Сөйткен Тоқаңды «Көзден кетсе-көңілден таса» дегендей, ұмыта да бастаппыз-ау. Қарындасы Әсем мына бір жазбаны қолыма ұстатқанда, оны оқып шыққанымда Тоқаңның бүкіл бет-бейнесі, адамның көңілін жықпас қалжың сөздері, әрине Сапиямен бәріміз бірге отырып нелер бір әңгімелерді қоздататынымыз-бәрі-бәрі көз алдымда тұра қалды.
         Әрине, қарындасы Әсемнің айтып отырғанының бәрі көңілге қонады. Ауылында, туған ауданында халық Тоқаңды әлі ұмытпайды екен, кезінде Қарауылкелді селосындағы бір көшенің атын Тобық есімімен атапты. Ал ол Ақтөбе қаласында барлық саналы, жазушылық ғұмырын өткізді ғой. Сонда осы қаладан, анау туған жері Жарқамыстан бір мектепке, көшеге Жармағамбетов есімін берсе артық бола ма? Осыны ойласақ, ағайын. Жазушының шығармаларын былай қойғанда, атының өзі де тәрбие ғой.

                                                                                                                              Төлеміс Меңдіғали.

                        ТОБЫҚ ЖАРМАҒАМБЕТОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 60 ЖЫЛ
                                   ТУҒАН ЖЕР АРДАҚТАДЫ СҮЙІКТІ ҰЛЫН  
  Жылжып бара жатқан уақыт-ай! Тобық Жармағамбетовтың бұл жалғаннан мәңгілік сапарға кеткеніне жиырма бір жыл толыпты. Сонау отыз төртінші жылдың қоңыр күзінде қасиетті кәрі Жемнің бойында дүниеге келген нәрестенің туған күні қаедай болды екен? Аяулы табиғаттың аспанында асыл ананың ақ жаулығындай нәзік бұлттар қалықтап жүрді ме екен, әлде жанға ақ жауын себелеп тұрды ма екен? Тобық пен көп жолдас болған замадастарының қай-қайсыда оны ақ ниетті ақ жарқын азамат еді деп еске алады. Жаратылыстың құдіретіне кім көз жеткізіп жатыр, бәлки Тобық дүниеге келген күні қазақтың қарапайым ғана шаңырағына нұрын төгіп, маңайын мамыра жай күйге бөлеп тұрған шығар. Кім-кімде табиғат перзенті олай болса, оның мінез- құлқы өзін дүниеге әкелген табиғатына тартып тууы ғажап емес қой.
  Әрине, біз бұдан алпыс жыл бұрынғы ауа райын тап басып айта алмаймыз, бірақ бұған әсер еткен көрініс бізді осыған жетеледі. Талантты жазушының 60 жылдық мерекесі 7-8-9 қазан күндері салтанатты жағдайда аталып өтілді. Сонда өзінің сүйікті ұлын ардақтаған аудан халқы көңілдерге нұр құйған, табиғатқа да риза болған еді.
  Тобық Жармағамбетов Жем-Сағыз өңірінен түлеп ұшқан таланттардың бірі ғана емес, білегейі болатын. Ол өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында барша қазақ сүйсініп оқитын,оқып отырып жазушы рухына бас иетіндей шығармалар жазып қалдырды. Оның қаламынан шыққан туындылар Тобық есімін ғасырлар бойы естен шықпайтынын ескертті. Сондықтан да оны туған халқы әрдайым айырықша мақтаныш етеді. Жерлес жазушымыздың 60 жылдығы жөнінде келелі сөз басталғанынабіраз болды. Оның өмірі мен шығармашылық қызметін жұртшылыққа насихаттау бағытында облыстық Ақтөбе газеті, телевидение ауқымды жұмыстар атқарса мәдениет орындарында, мектептерде, оның шығармалары бойынша әдеби кештер, оқырмандар конференциясы өткізілді. Жазушының туған жері, өскен ортасы болғандықтан Тобықтың 60 жылдығына біздің ауданымызда алдын ала біршама дайындық жүргізілді. Аудан әкімі бұл жөнінде арнайы қаулы алып, нақты шараларды бекітті. Мұның өзі жазушы тойының белгілі бір жүйемен үйлесімді өтуіне қол жеткізді. Тойға арнайы шақырылған қонақтар Темір мен Байғанин ауданының шекарасынан құрметпен күтіп алынды. Оларды облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Еркін Құрманбеков бастап келді. Ертесіне 8 қазан күні аудандық мәдениет үйінде Тобық Жармағамбетовтің 60 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс болды. Бұл салтанатты мереке одан әрі Жарқамыс селосында, жазушының туған ауылында жалғасты.
  Тобық Жармағамбетов 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шыққаннан кейін Жарқамыста мұғалім болған. Біраз уақыт аудандық газетте қызмет жасайды. Содан кейінгі оның қызмет жолы облыстық телевидениеде, облыстық газетте, ал өмірінің соңғы кезінде облыстық мәдениет ескерткіштерін қоғау қоғамында өтеді. Жазушы қаламынан туған алғашқы шығарма «Екі жүрек» атты әңгімесі 1957 жылы Жұлдыз журналында жарияланады. Содан бергіқарайғы өмірінде жауапты қызметтері мен қаламгерлік қызметін ұштастыра жүргізген Тобық «Нәзік бұлттар», «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Қызыд-ай», «Соңғы хат» атты кітаптарын берді. Жазушы қайтыс болғаннан кейін 1984 жылы оның «Ақ жауын» атты бір томдық шығармалар жинағы шығады.
   Аз жылдар ішінде осындай санаулы ғана туындыларымен әдебиет сүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленген Тобық әдеби ортада да талантты жазушылар қатарына қосылды. Оның повестері мен әңгімелерін атақты жазушылар, сыншылар жоғары бағалап,қазақ әдебиетінің тағы бір талантты жазушымен толыққанын паш етеді. Міне, туған жерінің мәртебесін биіктетіп, оны алашқа белгілі еткен жерлесіміз Тобық Жармағамбетовтың шығармашылық жолы, қысқаша айтқанда, осындай. Аудандық мәдениет үйінде және Жарқамыста өткен салтанатты мәжілістерде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педогогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Өтеген Жақыпов жазушының шығармашылығы жөнінде баяндама жасап, оның бірқатар туындыларын талдады.Сол арқылы жазушының шеберлігін, қаламгерлік даралығын ашып көрсетті.
  Одан кейін жазушының оқырмандарына оның қарындасы Әсел Жармағамбетова, аяулы жары Сапия Жармағамбетова, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Идош Асқаров, Егемен Қазақстан газетінің облыстық меншікті тілшісі Әмір Оралбай, Тобық аудандық газетте жұмыс жасаған кезінде редактор болған Қалдыбай Төлебаев, жазушының ұстазы зейнеткер Таңбай Медиев, Жарқамыста бірге оқыған кластасы Болат Ержанов пен Сүндет Сарыбаевтар қызықты естеліктер айтып берді.
Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Е.Құрманбеков жазушы тойын өткізу жөнінде атқарылған істерді айтып, оған демеушілік жасаған облыстағы аудан азаматтарының есімдерін ризашылықпен атады. Жиналғандар жерлес жазушының тойына елеулі үлес қосқан Б. Сандыбаев,Садақбаев, Б.Жұбатқанов, А,Мәйтеков, Н.Дияров, Р.Сағызбайұлы, Е.Жайлыбаев, Ж.Айжанов,Т.Раев сынды азаматтардың адресіне үлкен ризашылық білдірді. Тойдың сәні ән мен жыр екені белгілі.Тойдың бүкіл өту барысында әсем ән мен жырға, тәтті күйге кеңінен орын берілді. Жазушы дүниеден ерте өтті. Бірақ заманалар көші жалғаса береді. Осы ұлы көште Тобық Жармағамбетовтың де, рухы бірге болады. Оны бүгінгі зерделі ұрпақ өткізген салтанатты мереке дәлелдеп берді. Артына өшпес мұра қалдырған жазушы есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені оны әрқашан ардақ тұтатын халқы бар, туған жері бар.
                                                                                                       Жем-Сағыз , 18 қазан. 1994 ж.

Менің  ағам  тобық
          Тобық Жармағамбетов 1934 жылы 15 қазанда туылған, әкесі –Мырзағұл 1941 жылы күз айларының бірінде соғысқа кетіпті.  3-4 рет хат келіпті. Әсіресе, бір хатын: «Жаным, Ниязым, Тобаниязым»,  - деп бір Тобығының атын түрлендіріп, өте сағынышпен өзі де, өзгені де жылағандай етіп жазыпты. Мен 1937 жылы, Сұлу1940 жылы, әкесі кеткенде іште қалған қарындасы Тілектес 1942 жылы туылыппыз. Тума –туыстар ақылдасып азаматтарының елге аманоралуына тілекші болсыншы деп кенже қызының атын Тілектес қойыпты. Шешеміз Нұрбибі сол үш қыз бен жалғыз ұлды, қарт енесін бағамын деп отқа да, суға да түсті. Түн күзетте, күндіз жұмыс қайда болса сонда кете береді. Ол кезде айлап мобилизацияға алып кетеді. Живсырьеда (тері-терсек, жүн-жұрқа алатын жер-ау деймін, сірә) күзетші болды. Сөйтіп жүріп бір күні үйге ауырып келді. Содан өлгенше ауру болып, 1966  жылы қайтыс болды. Сол шешем ауырғаннан бастап біздерге балаларымен бірдей көңіл бөліп, адам қатарына қосылуымызға көмектескен-туған нағашым, әрі туған жездем –Айтжан.
        Бір күні (шешем ауырмай тұрғанда) әлі есімде, шешем Нұрбибі ағасы Айтжанға: «Атеке, осы  Тобаниязды шын жақсы көресің бе, ылғи да Тобығымның орны бір бөлек дейсің де отырасың, басқа балалар өкпелеп қалмай ма?»-дегені бар-ды. Сонда Айтжан ағам: «Неге басқа балалар осы бала құсап тындырымды, шаршағанын білдірмей көңілді жүрмейді. Ал Тобық болса шешесінің де, қарындастарының да, біздердің де көңілдерімізді аулауға тырысады. Оқуына да, жазуына да, ойынға да үлгереді, ілінгенді іліп шаба береді, қолына түскенін Тілектеске  беріп жатады. Мен соның барлығын байқап отырамын. Абзалы, Тобықжан тірі болсын, болар бала басынан, мен айтты деме, естірсің, білерсің, әйтеуір, осы бала бір жерден шығады», -депті.
       Әкеміз Мырзағұл соғысқа кеткенде ағалары Таспағамбет, Құспағамбет, інісі Қартендер бірге кетіпті. Артында анасы –Ағлақ, жары Нұрбибі, баласы Тобанияз (кейін Тобық болып кетіпті), қыздары Әсем, Сұлу, Тілектес қалыпты. Қайран аяулы бауырыма балалық өмірде де Алланың рақымы болмады ғой. Әке, аға, шеше қызығын көрмеді, балалық өмір сүрмеді, тәуір киім кимеді.
        Әкесінен айнымайды деп отыратын тума-туыстар. Ол да әзілқой, орташа бойлы кісі болыпты. Аупарткомда инструктор болып тұрғанда соғысқа алыныпты (суреті бар менде). Шешесі де текті атаның қызы көрінеді, бертін келе біздерді тәрбиелеп, әрқайсымызды әр жерге үй етіп қондырған жаңағы айтып отырған нағашы ағамыз Айтжан соғыстан аман оралып Байғанин ауданында көп жылдар бойы колхоз басқармасы, кейін зейнеткерлікке шыққанша аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
        Елге сыйлы, білімді, беделді азамат атанып, 83 жасында дүние салды. Тобық өлгенде «Тобығымның алдында кетпедім, Тобығымның жаманатын естіп кететін болдым -ау» деп ел алдында еңіреді, аяулы әкедей болған нағашы. Қазір көз көрген тумалардан сол кездегі өмірімізді білетін. Мақанов Отарбай аға мен Қаным жеңешем және Бибатпа Былшықова апамыз қалды. Айтжан нағашымның, шүкір, қазір балалары бар, әрқайсысы әр жерде жұмыстар істейді, бірқатары еңбек демалысында. Сөйткен нағашыларым Айтжан мен Набира ұлдарын ұясына, қыздарын қиясына қондырған қадірменді қарт, ақылгөй ана атанып өмірден өтті. Бұл кісілер үш анадан туған балалардың басын бір шаңыраққа біріктіріп, әрқайсысын әр отбасылы етті. Ауылдастары Набира апамды «тәрбие мектебі», -дейтін.
           Мұны айтып отырған себебім, ағам осы кісілерден де үлкен тәрбие алған ғой деймін. Ол бірінші кластан бастап оныншы класқа дейін барлық пәндер бойынша «беске» оқыды. Менің байқауымша, сол уақытта, әсіресе, сүйіп оқитын сабағы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті еді.Сүйікті ұстазы елімізге белгілі ғалым-аға Ниетжан Беріков болатын. Дүниетанымы мол ұстаз біткеннің бәрі әрине, жан-жақты тәуір оқушыны жақсы көреді ғой. Осының айғағы болса керек, жан ағам өле өлгенше Ниетжан ағасымен байланысын үзбеді. Нәкеңмен үнемі сөйлескісі, бір шаруасымен ақылдасқысы келіп кейде сырласып, кейде мұңдасып, кейде қарқылдап күлісе жүретін сияқты еді. Мен өзімше ағамның жазушылыққа бағытталуының негізіне осы білімдер ұстазының да ұланғайыр бастауы бар-ау деп ойлаймын. Өйткені, ол тыңдай білер құйма құлаққа құйып беретін ұстаз болатын.
           Сөйтіп жүргенде Тобық қайтыс болыпты дегенді естігенде төбесінен мұздай су құйғандай отырып қалыпты, өң мен түс жоқ жетті Ниетжан ағасы. Күні-түні қайғырған ұстаз Тоқаң жерге түспей-ақ «Ұстаз зары» деген өлеңін жарыққа шығарды. Содан бері де талай естеліктер жазды. Өлген адамға, соңың ішінде қимасына естелік жазу қандай ауыр десеңші... «Парыз бен қарыз» деген естелігі ағаның алпыс жылдығына арналыпты. Ниетжан аға сөзінің қорытындысында оқырмандарға «Бойындағы күш-қайратын, білімі мен қабілетін қаншалықты жемісті, қаншалықты ұтымды, қаншалықты пайдаланғанын оның шығармаларын шын түсінгендер бағалар. Біздің парызымыз бен қарызымыз оның еңбектеріне қысқаша шолу жасау. Біз соны орындауды мирас еттік» дейді. Міне, бұл абзал ағаның қимас шәкіртіне деген орнықты ескерткіші.
            Ағамыз Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филолгия факультетін қызыл дипломмен бітіріп келіп, Жарқамыс орта мектебіне мұғалім болды. Өзінің туып-өскен, оқыған жерінде үйленді, Сапия жеңгеміз, Марат, Серік, Сая деген бауырларымыз болды. Ол кезде шешеміз Нұрбибі аурулы болатын. Кейінірек фин соғысына кеткен Қартен көкем елге оралып, 1955 жылы Ақжібек деген қызға үйленді. Сапия көкемнің қолына келін болып түсті. Жаңағы нағашы, әрі жездеміздің жүгі енді жеңілдене бастады, көкем екеуі бірігіп біздерді қарт әжем Ағлақ, анам Нұрбибі қамқорлыққа алды. 1953 жылы 9  наурыз күні біздің үйіміз өртеніп кетті. Сол өртте әжем, Қосжан ағамның балалары кетті. Адамнан зият, аса сезімтал Майлыаяқ деген итіміз болды.Тобық «Соңғы хат» деген кітабында Майлыаяқтың қасиетін тәптіштеп жазған. Өйткені Тобықты анда-санда келгенде мықты танып, қасынан қалмайтын еді. Әсіресе «Соңғы хаттағы» «Қара жаңбыр» деген әңгімесі түгелдей үлкен әкесі мен шешесі, біздердің өмірімізге арналған. «Тек бір кішкентай көңіл ғой», «Екі дос», «Менің достарым», «Қызыл-ай», «Бәйтеректің жас шағы» деген шағын әңгімелері оның өмірін білетін адамдарға ап-анық аңғарылады. Тек қана аттары өзгертіліп алынған.
           Енді осы ойлап жүргендерімді өмір жолына бағыттасам деп едім. Оның не боларын білмеймін. Әйтеуір, басым шаршап, тынымым кетіпжүр, ең қиыны- көздің нашарлығы мен ауыратындағы. 1978 жылы өлген ағайын-тумалардың, Тобық ағаның басына барғанымызда жолда бір топ оқушы балаларға кезіктік: «Тобық ағаларыңды білесіңдер ме?»-дедім бір топ оқушыларыма. «Неге білмейміз, біздің жазушы ағамыз, мақтанышымыз, өзіміз анда-санда басына барып тұрамыз», -деді олар. Қазір сол балалардың бәрі бір-бір үйдің азаматтары. «Тобық» деген бес әріптен құралған сөзді баспасөз бетінен көрсем немесе біреудің аузынан естісем, ол туралы бірдеңе жазған адамды біліп оқысам-ол адамды жақсы көріп, сол адамға борышты сияқты болып жүретінім рас.
            Ендігі бір айтайын дегенім-ағамыздың мүмкіндігіне қарай ел, халқы, әріптестері сыйлап жатыр ғой барынша, 60 жылдығына тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. Қарауылкелді селосында Тобық атында бір көше бар. Міне, бар болғаны осы. Туып-өскен, оқыған жері Жарқамыстан немесе Байғанин ауданы орталығынан, тұрған, қызмет жасаған жері-Ақтөбеден бір мектеп атын сұрап, белгілі адамдар тиісті орынға өтініш арыздар жазды. Ол әлі аяқсыз қалып келеді. Мектеп аты берілсе мәңгі өлмес еді. Шыққан кітаптары қазір дүкендерде жоқ, оны қайтадан бастырып шығару әрине, қазіргі кезде өте қиын екені белгілі. Бұл да үлкен арман. Осы қаладан бір мектептің немесе көше атын берсе ғой шіркін...
           Ағамның қайтқан күні әлі есімде. 1973 жылдың 1 қазанында қайтыс болған аяулы аға 4 қазанда жерленді. Ақтөбеден танып білетін аға-інілері, қаламдас дос-жолдастары- бәрі-бәрі барып шығарып салды. Алматыдан, Ақтөбеден, Байғаниннің тоғыз совхозынан түгел адам жиналды. Курортта жатқан жан досы Әйләдір Нәріков самолетпен ұшып келіп жерлеуге қатысты. Адам дегеннен жер қайысты. Қайғырып жыламаған адам болмады. Жарқамыстың барлық оқушылары мектепті жауып, аза тұтыпты. Сол кездегі ауданның бірінші басшысы Сматолла Беркімбаев ағаның қазасын естігеннен бастап барлық аудан азаматтарын жерлесуге қатыстырды. Комиссия құрғызып, қарауылға адамдар тағайындап, үш күн қонақ етіп, салтанатпен суретке түсіріп, шығарып салды. Жетісіне дейін төбелі кесене тұрғызып кетті. Осы жұмыстарды атқаруға тәртіп берген сол С.Беркімбаев ағай еді, бала-шағасының қызығын көрсін. Елі қапыл кеткен аяулы азаматына елдік жасады. Тірі болғанда ол да талай еңбек етер еді еліне... Елге бергенінен онда берері көп еді ғой. Ағамыздың көрген рахаты сол-өзінің өмірден өткеннен кейінгі елжұртының мықты қайғырып, ебіл-себіл болып, бір жеті уақытын қиып шығарып салғаны. Бұған да шүкір. Алматыдан Жазушылар Одағы мрамордан басына ескерткіш  жасап әкеліп, қойып кетті. Өзінің еңбегі, беделі болмаса оның бірі де болмас еді. Әрі айтып, бері айтқанда мені алдағы еске алу кезеңдері ойландырады. Тобық ағам кеткелі талай қадірін білетін асыл азаматтар естеліктер жазды. Айналайын Нұрмұханбет Дияров тірісінде көрмесе де кітабынан оқып- біліп,  60 жылдығына арнап «Сәлем саған, Ер Тобық» деген атпен естеліктер жинағын шығарды. Ағаның алпыс жылдығын да еліміз ойдағыдай атап өтті. Қалада, Байғанин ауданында, Жарқамыста да атап өтілді. Тойдың барлық рәсімдері жасалды, мұның барлығына ағаға жасалған құрмет деп білеміз. Әрине, ағамыз Тобық қанатын жайып, құшағын аша алмады, көптеген істер орындалмай қалды. Әсіресе, көзінің ағы мен қарасындай үш баласын өсіре алмады. Үш қарындасының да құдай тілегін бермеді... Денсаулығы болып тірі жүргенде өмірі басқаша болар ма еді, кім білген!
         Сағым қуғандай сандылып ойлансам жан ағамның тұтас тұлғасы-тұнып тұрған тұңғиық екен. Қанша іздесем де бір кілтипан таппадым-ау. Ең қиыны-көңіл қалмаған адам көкіркгіңнен кетпейді екен. Ағаны есіме алып аузымды ашсам, жүрегім дүрсіл қағады, көзімнің жасы көл болып ағады, оның тірі кезі, көзімнің нұрлы шағы екен... Азынабаев Сағи, Жиенбаев Сағи, Тамуов Сақи, Қадірқұлов Нұрсұлтан, т.б. достары болды, барлығы жиналып әңгіме-дүкен құрысатын, бірін-бірі іздеп жүрісетін еді. Достары оны «Тапқышбек» дейтін, «Тапқыш қайда» деп сұрайтын үйге кіріп келіп. Үлкен әжем немересіне риза болып, күліп айтып отыратын: «не тауып тапқыш атанып жүр екен», -дейтін. Үйге жақындау жерден балдарымен бірігіп құрған доп ойнайтын сеткісі болатын, үйге жақын құрып жүрген себебі-ол үйден көп ұзап кете алмайтын, арасында Сұлу екеумізге сабақ үйретеді, үшеуміздің де күн сайын сабақтарымызды тексеріп отыратын еді. Үшеуміз үш жаққа үй болып кетсек те, біздерден бұрын алдымен өзі іздеп, телефон соғып, хабарласып тұратын еді. Әр мейрамды, туған күндерімізді ұмытпай ұп-ұсақ тырбиған жазуларымен жүрегімізді елжіретіп, құттықтау, открыткалар жіберетін. Қазір сол открыткаларды оқып, тебіреніске түсеміз. Құда-жекжаттарына да туғандай болды.
        Бірде 1970 жылдың күзінде іссапармен Әмин Фатихов қасында тағы бір кісі бар, үшеуі келді байғанин ауданына. Біздің үйге түсті, екі жарым күндей болды, сол күнді әлі аңсаймын, біртүрлі сағынамын да. Күндіз кеңселерге кетеді, кешке достарын, тумаларын жинап алып, өткен-кеткеннен әңгіме-дүкен құрады, арасында есік алдына шығып, барлығы би билеп, ән салады, әйтеуір, таңғы беске бейін ұйқы көрмейді. Сонда ертесіне сағат оннан қалмай жұмысына да кетіп жатыр. «Шаршап қалған жоқсыңдар ма, аға, ерте тұрдыңдар ғой» -десем, ол: «қайта күшті демалыппын, көкешім, ауылға келгесін жаныңа өзіңді түсінетін жақын адамдар жиналғасын, оларды сендер күткесін біздер неге шаршайық», -деп ақтарыла аңқылдап еді қайран бауырым. Оның сөзін Әмин аға да қостап: «Естен кетпес жиналу болды-ау,Тоқа, бұл да өмірдің бір парағы ғой»,-деп сүйсіне ризашылығын білдірді.
         Кімнің кім екенін білетін сезімтал марқұм Мұхтар Арынов та Тоқаңның 60 жылдығына арнап Ақтөбе мұғалімдер даярлайтын институтында әдейі еске алу ұйымдастырып, қонақасы беріп еді. Ол өз сөзінде: «Қайран азамат тірі болғанда кейінгі мына ұрпақтарға сүйіп оқитын тың шығармалардың талайын жазып қуантар еді-ау» деген еді сонда.
         Бірде менің қолымдағы абысыным, әрі енем Зылиқа жеңешем (ол кезде үндін шайы аз болатын, болса да қолға түсе бермейтін) үйге келген Қуаныш деген жігіттен Тобықжанға барсаң айтшы: шайым таусылды, шай беріп жіберсін дептң, мен оны білгенім жоқ. Екі күннен кейін вокзалға барып (біз Қарауылкелдіде тұрамыз) ол кездегі ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Шора Атантаевтан екі кило шай, 2 кг. конфет жеңешеме беріп жіберіпті. Жеңешем балаша қуанып алғысын беріп жатыр. Енді сол алғыстардың қайда кеткенін білмеймін. Көңілге демеуі-сол адамдардың барлығы оны талай тебірене еске алды.
        Тоқаң Қазақстанның өз алдына шаңырақ көтергенін көрмей кетті. Бірақ, қазір ойлаймын: осы дәуірдің (Қазақстанның) орнайтынын білгендей сол кездің өзінде қазақ салт-дәстүрді, ибалы жандарды көргенде, сөз маржандарын, келісті сөздерді естігенде жаны рахаттана күлімсірей, әдемілене түсіп, қадіріне жетіп отыратынын байқайтынмын. Біздердің көйлектеріміздің ерсілеу жерлерін ескертіп, «жазда аяқтарыңа жұқа шұлық киіп жүрген жарасады, көкештерім»-дейтін. Тілге күшті мән беретін еді. Сұлудың кейбір өлеңдерін оқып, өңдеп «Осы Сұлуым ақын болады-ау», -дейін. Диктант сабақтарын мұқият оқуға шақырып, оқудың түрі көп, түсініп оқу, атүсті оқу, тек әншейін бетіне қарап отыратын. Дауыстап оқығанда үтір, нүктесіне сәл тоқтап, мәнерлеп оқып үйреніңдер, -деп өзі оқып көрсететін.

                                                                                                                        Қарындасы Әсем
                                                                                                («Ақтөбе» 10 қыркүйек 1999 жыл) 

 ЕЛУДІҢ  ЕҢСЕСІНДЕ
   1917 жыл... 
   1 май...
        Ақтөбе  жұмысшылары  қолдарына қызыл  ту  алып, демонстрацияға     шықты.  Алыс Петроградтан  естілген революция  дүмпуі  осында  да келіп жатты...
   ...Тек  қана  дүмпу  жеткен  жоқ  еді. «Уральский  вестник» газеті  өзінің        3  июнь күнгі санында Кронштадтан Темірге екі большевик келіп, үгіт жүргізе бастағанын жазды.Салқын Неваның  жағасынан қазақтың кең даласына алғашқы революция қарлығаштары  ұшып келе бастаған екен...
    ...Июль. Орынборда  Алаш партиясының съезі ашылып, тоғыз күнге  созылған  жамыраған айтыста әртүрлі  шешімдер қабылданды. Соның        бірі – бұрынғы  би сотына жақындатылып алынған сот туралы заңсымақ.   Сол заңды шығара салып, олар Амангелді Имановқа жабысты. Сот үкімі – Амангелдіні 10 жылға Сібірге айдау, қалған 20 жолдастарын 3 – 5 жылға дейін соттау, көтерілісшілерге 15 мың бас мал,  70 мың сом ақша айып салу болды. Ол үкім орындалмай қалды. Алаш орда заңының да, өзінің де күлі көкке ұшты.
     ...Ақтөбеде большевниктер тобы құрылып, оны И. Зинченко басқарды.
     ...1917 жыл. Октябрь Буржуазиялық, ұлтшыл элементтер қару жинап, қарсылық көрсетіп, үкімет – сымақ құрған болып, тырмысып бақты. Сондай «үкіметтің» біреуін Алаш партиясы қайта құрмақ болып, әлгі съездің артынан  ай  құрғамай – ақ, Орынборда тағы съезд ашып, қазақ буржуазиялық   автономиялық  үкіметін «құрып», басына А. Бөкейхановты қойды.
    ...Екінші  бір «үкімет» ноябрьде Қоқандта құрылды.  Ол «Қоқанд автономиясы » деп аталып, құрамына қазақ ұлтшылдары  М.Тынышбаев пен М.Шохаев кірді...                                                                                                                                  
    ...1918 жылдың 21 мартында Орынборда Торғай облыстық  Советтер съезі ашылды. Съезде екі рет үзіліс болды. Әліби Жанкелдин бастаған делегаттар қолдарына қару алып, Орынборға екі рет шабуыл жасаған ақгвардияшыларға тойтарыс беріп, екі рет съезді қайта жалғастырды...
     Мінеки осыдан елу шақты жыл бұрынғы қазақ даласы мен Ақтөбе  манайындағы  оқиғалар осындай еді. Жоғарыда   көрсетілген  фактілерден- ақ біз ол кездің қиын да қысылтаян, күрделі уақыт екенін, екі дүние мен екі жақтың бетпе – бет  келген  қатал заманы екенін көреміз.  Ия, бұл қазақ даласының  үстінен атып  келе жатқан таң алдындағы қарбалас еді...
    ....Ол даңды халқымыз қанша жыл, қанша ғасыр күтіп еді, желімдей созылған қараңғы жылдар халықтың еңсесін көтертпеп еді. Тек сол қараңғылықты тіліп,  анда-санда даланы жарқ еткізген найзағадай болған  Исатай - Махамбет қылыштарының жарқылы мен Құрманғазы домбырасының сазы,  Ақан серінің күміс даусы мен Абай,  Ыбырай, Шоқан сияқты дала даналарының ісі еді.
     Ақтабан шұбырынды сияқты жылдар жылжып жататын.... Кітап  оқу, өнер – білімге талпыну, озық елдерге тенесу дейтін идеялар бұл далаға,  даланы  билеушілерге  жат еді. Себебі білім  жоқ  жерде қамшы өткірірек, сойыл  сомырақ тиетін. Бұл – ғасыр айласы, қоғам қулығы еді. Қазақтар сауатты болу  үшін әлде де  4600 жыл керек деп жазды бір буржуазиялық журнал.
    ...Сол көптен күткен таң атып, күн шығып келе жатыр еді.  Бірақ, бәлен ғасыр дүниені билеген қара күштер билікті бірден қолынан шығарғысы келмеді. Қазақ даласында  да олар позициясын бірден бере қойғысы келмеді. «Қазақ » және  «Сары Арқа» деп аталатын газеттер күні өткен өмірдің атынан сөйлеп,  жаңа туған «Тіршілік»  ( оның  басшыларының бірі Сәкен Сейфулин болды),  «Қазақ мұңы » (Торғай облыстық Советінің органы) газеттеріне қарсы шықты. Ең аяғы жазуы,  түсінуі,  оқытып- үйренуі қиын араб алфавитін  латын алфавитіне көшіру туралы сөз  болғанда кертартпа   элементтер  «бұл құдайдың, пайғамбардың сөзі жазылған алфавит, оны  өзгертсеңіздер,  халық наразы болады» деп соқты. 1928 жылдың декабрінде  Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің алтыншы шақырылған төртінші сессиясы латын алфавитіне көшуді ұйғарды.
    Мінекеи, сөйтіп  еліміз, халқымыз бір қиындықтан соң бір қиындықты жеңіп, бір асудан соң бір асуға өтіп, өрлей берді.
    Қазақтың кең даласын жарып өткен болат жол – Түрксиб алғашқы паровозымен бірге мәдениет пен халық шаруашылығының өрлеуін де алып келді. Алғашқы бесжылдықтар-дың ауыр балғаларының дүмпуі жер – жерге жетіп жатты.
    Ақтөбе манайы да өзгере берді. Жаңа  салттар мен ғұрыптар, жаңа мерекелер мен әндер, жаңа кітаптар мен газеттер дүниеге келе бастады. 1920 жылғы санақ бойынша  Ақтөбе қаласында 10 мыңдай адам тұрыпты. 1922  жылдың күзінде  Қазақстанда алғаш рет Ойыл мен Темірде жәрмөңкелер ашылып, сауда –саттық өрістеді. Мемлекет жеке шаруадан мал,  мал өнімдерін сатып алды,  мата,  шай,  шекер сияқты күнделікті халық тұтынатын заттар сатты.
     Бұрын қараңғылықта  келген  әйелдерді азат ету ісі кең көлемді жүргізіліп жатты. Ашылған қызыл отаулар жанынан әйелдер, балалар бөлімшесі ашылып, онда газет – журналдар оқумен бірге сепаратор тарту, тігін машинасымен жұмыс істеп үйрену сияқты курстар жұмыс  істеді.  Сауатсыздыққа  қарсы күрес жариялады.
    Мәдениет  шарықтап өсті.  Революцияның тар жолы, тайғақ кешуінен  өткен  Сәкен сияқты, Бейімбет, Ілияс сияқты сөз шеберлері, Жамбыл мен Нұрпейіс сияқты халық сүйген ақындарымыз, Күләш сияқты күміс көмей  әншілеріміз шықты. Бұрыннан домбырадан домбыраға, көмейден көмейге көшіп жүрген әндеріміз бен күйлеріміз  А. В. Затаевич сияқты талантты жандардың қажырлы еңбегі арқасында иотаға ұялап жатты. Өзінің осы атақты кітабын жазуға оған себепші болған  Қуандық Жездібаев деген әнші – студент екенін ол кітабында алғыспен еске алды (Куекең осыдан 2 – 3 жыл бұрын Ақтөбе қаласында дүние салды). 
    Көп жыл бойы ұйқыға маужыраған қазақ тарихы өзінің бойынан дала шаңын сілкіп тастап, ояна бастады. Оянғанда да, оның оянуы баяу ояну  емес, найзағайдың жар-қылындай,  «Аврора» зеңбірегінің сілкінісіндей дүр сілкіну болды. Бұрын аспанында қара құс қана  қалықтаған,  даласында қанбақ қана жүгірген қазақ аспаны мен даласына аэропландар мен паровоздар келді. Енді желмен жарысқан  сәйгүліктер мен  қалықтаған қырандар темірден жасалған «сәйгүліктер» мен «қырандарға» қызыға қарайтын болды. Мал соңында ғана жүруді білетін,  шөп шабуды ған білетін қазақ баласы комбайн мен трактордың,  аэроплан  мен кеменің,  паровоздың құлағында ойнайтын болды.  Айыр мен күрек ұстаған  қолдар  қалам  мен  кітап  көтерді. Құранның орнына әліппе  келді. Бүкіл еліміз дүр сілкінген кез еді  бұл. Кәрі Кавказ , Алатау, Оралменен  Карпат,  Саянменен  Гималай,  сонау қиян шеттегі,  Қиыр Шығыстағы кәрі таулардың сағасындағы елдермен халықтар ояна бастады. Кәрі Волга мен  алыстағы  Амур. Сырлы Сыр – Дария  мен ашулы Амурдың,  ескі Енисей  мен даңқты Днепрдің бойы,   Қара теңіз бен Ақ теңіздің,  Тынық пен Солтүстік мұзды мұхиттың бойына дейін жаңа өмір келіп жатты!  Жаңа өмір нығайып, өркендеп жатты.
       Кенет...                          
    ...Ел шетіне жау келді. Батыстағы  жерімізге алғашқы снарядтар  жарылып, ормандар көк түтінге оранды, деревнялар  өртеніп, заводтар қирады, Днепрогэске бомбалар түсіп жатты. 
    Бірақ, еліміз болып түгел жауға аттанды. Қанқұйлы жауға қарсы тұрып, тойтарыс берді.  Біздің елді «Балшық аяқты алып » дейтін буржуазиялық идеологтар соғыстың ақырына таман жұмған ауыздарын аша алмады. Елін қорғаған ерлердің ішінде өжет жүректі қазақ ұлдары да бар еді.
    Москваны қорғау кезіндегі панфиловшыл – Қазақстандық 28 – дің ерлігі де осыны дәлелдейді. Бауыржанның ерлігі де осыны дәлелдейді. Біздің Әлия мен  Мәншүктің ерлігі осыны дәлелдейді.  Алғашқылырдың бірі болып,  рейхстагқа ту тіккен  Қошқарбаевтың ерлігі осыны дәлелдейді.  Ұлы Отан соғысында  500 Қазақстандықтарға Совет Одағының Батыры деген атақтың берілуі осынын дәлелдейді. Соғыстың от – жалыны өз ордасында  өшіріліп, дүние кеуде кере дем алды. Бірақ,  алда үлкен жұмыс тұр еді. Алда тағы да  ерлігіне бүкіл дүние сүйсінетін совет халқының ерліктері тұр еді.  Алғашқы космос корабльдері мен Гагариндердің ерлігі келді.  Ракеталар мен корабльдер ежелгі қазақ жерінен ұшып жатты.
   ... «Елу жылда  ел жаңа», дейтін мақал біздің өсуіміз,  өрлеуіміз үшін шыққан мақал емес сияқты.  Біздің өрлеу  одан да қарқынды, одан да күшті еді.  Енді міне, сот өрлеу басталған күннен бері,  49 жыл өтіп, елу жылдың еңісіне шығыппыз.  Сол мүшелі жылдың алғашқы таңын атқызып,  алғашқы күнінде отырмыз.     1917 – 1967 деген екі санның арасында мінеки, осындай жолдар мен жылдар жатыр еді, асулар мен белдер,  жеңістер мен қиыншылықтар жатыр еді.  Солардың бәрінен де сүрінбей өтті еліміз. Қазір керуеніміз алып адыммен алға жылжуда. Бұрынғы түйе көш емес енді бұл керуен. Сол шерудің ішінде бақытын қазақ елінің де көші бар.
   
               ТОБЫҚ ЖАРМАҒАНБЕТОВ.

                («Коммунизм жолы», 1967 жыл 1 қаңтар)


ХАЛЫҚ  МҰРАСЫ

      Ескерткіштер – халық  мәдениетінің бір көрінісі, оның өмірінің айнасы. Халықтармен елдердің ескі тарихын ескерткіштерге қарап отырыпта түсінесің. Дүниежүзілік маңызы бар, үлкен де көркем,  атағы әлемге жайылған сан ескерткіштер қазір көптеген халықтардың мақтанышы болып отыр.  Египет еліндегі  Хеопс пирамидасы, Индиядағы  Тадж – Махал, ескі грек жеріндегі Парфонен Самарқандағы мавзолейлер, Түркістандағы  Қожа  Ахмет  Яссауидің  мазары  дүниежүзілік мұралар.  Бұлар ғасырлар ағымында тот баспай,  осы күнге дейін жетіп отырған дүние ғажайыптары. Бірақ,  ескерткіштер  тек таста ғана қалмайды, ол папирус  қағаздағы жазуларда, кішкентай ғана металл тарақтарда, кейбір өрнектер мен оюларда да қалады.  Олар  да алыстағы,  бұдан ондаған,  жүздеген жылдар бұрын өтіп кеткен жылдардан хабар жеткізеді.  Сөйтіп,  біздің қазіргі заманымыз бен өткен ғасырдың арасында байланыс туады,  өзіміздің ата – бабаларымыздан  «хат» жетеді.  Адамзат баласы артындағы ұрпағына осылыйша өмірі туралы хабар тастайды екен.
     Әртүрлі халықтар өздерінің тарихи даму заңдарына байланысты арттарына әр-түрлі ескерткіштер  қалдырып кетіп отырған. Біреулері тасқа қашап салса,  біреулері қағазға жазып, енді біреулері аңыз түрінде, келесілері  фольклор,  музыка түрінде жеткізген.  Өмірінің көбін атүстінде өткізген, өз мемлекетінің болашақ картасын ат тұяғымен салған біздің қазақ халқы ескерткіштерін көбінесе әдебиет және музыкада қалдырды. Сонымен   қатар, Яссауи  мавзолейі, Жамбыл облысындағы Бабаша–Қатын мен Айша- Бибі ескерткіштері. Маңғыстаудағы қазақ бейіттері және соңғы кездерде табылып жатқан көптеген ескерткіштер мен жазулар, алтын киімдер мен ескі ғасырлар бұйымдары – осылардың бәрі қазақ жерін жайлаған тайпалар мен рулардың  да көне мәдениеті, оның ішінде архитектуралық дәстүрі болғандығын байқатады.
      Әріге бармай–ақ, осы өзіміздің Ақтөбе облысымыздың территориясын  алып қарасақ та, көне де, жаңа да көп ескерткіштерді көреміз. Әрине, біздің облыс анау  Жамбыл, Шымкент немесе Гурьев облысындағыдай көне ескерткіштерге бай да  емес, бірақ, бізде де  қызыға қарайтын, оқып  үйренетін, қорғауға алатын және тізімге кіргізетін ескерткіштер толып жатыр.
    Байғанин ауданындағы  Ембі өзенінің арғы  бетіне орналасқан  Қарасақал, Дәуімшар, Сүндет мазарлары қандай тамаша ескерткіштер!  Кезінде  кімге салынса да, немесе кімнің  атағын шығару үшін салынса да, оны  жасаған шебер – халық өкілі ғой. Ол ою мен өнер, оның құрылысы – халықтың сәулет, сурет өнерінің жетістігі.  Міне, осы тұрғыдан қарап, олардың көркемдігін эстетикалық тәрбие беретін жағынан бағалаймыз. Халық  қазынасы екендігін мойындаймыз.  Маңғыстау жағынан тараған стиль бойынша өткен ғасырда салынған осы  мазарлардың  құрылысында, архитектуралық  пішімінде үлкен бір бірлестік пен ұқсастық, өзіндік стиль жатыр. Оның өнерлері, тасты қию әдісі, оны ертедегі ас-сириялылықтарда ғана кездесетін  «қарлығаш  құйрық»   деген әдіспен ұстастыруы – міне осылардың бәрі бір адамның ғана шеберлігі емес, арнаулы  бір стильдің өмір сүргендігін аңғартады. Кесуге де, өңдеуге де   оңай теңіз түбінен соңғы мың жылдарда ғана көтерілген  «жұмсақ» тастан қазақтың белгісіз сәулетшілері  үлкен көркем дүние туғыза білген. Қағаз бен сызудың, сызғыш пен циркульдің жоқ заманында – ақ әлгі шеберлер тасты ойша кестіріп, болашақ құрылыстың  түрін басында ғана сақтап, жүздеген  километр  жерден   түйе көшпен  алып жеткізіп, қалап, өте дәл, өте көркем дүние шығару, әрине, адамның қолынан оңай келмесе керек.
     Облысымыздың территориясында бұлардан да бөтен ескі археологиялық,  архитектура-лық ескерткіштер баршылық.  Ал, жаңа заман  -Совет дәуірінде  салынған  ескерткіштер  өз  алдына  бір төбе. Оның ішінде  Совет мемлекетінің авторы- Владимир Ильич Ленинге ескерткіштер мол. Облыс бойынша тіркелген 91 ескерткіштің 19-ы ұлы көсемге арналған. Сол сияқты бізде  С.М.Кировке,  Ф.Э.Дзержинскийге, Ө.Құдайбергеновке арналған ескерткіштер, Әлия  Молдағұловаға, Шығанақ Берсиевке  арналған ескерткіш- бюстер бар. Сол сияқты  азамат соғысы және ұлы Отан соғысы жылдарында қайтыс болған ерлерге арналған  36  обелиск, Коммунистік партиямыздың көрнекті қайраткері  мен Совет  Одағының  Батырларына арнап  қойылған  18 мемориальды тақталар бар. Сол сияқты мұндай  ескерткіш  жазулар көптеген тарихи үйлер белгілі жерлерге ілінген.
     Халық  үшін жанын пида еткен, сол жолда қаза тапқан ерлерді есте сақтау, қадір тұту-халқымыздың қашаннан бері келе жатқан әдеті. Қызыл Армияның командирлері мен жауынгерлері, қызыл партизандар мен белгілі қолбасшылар, батырлар мен ерлігімен көзге түскен жеке адамдар, коллективтендіру  кезінде тап жауларымен күрескен жалынды азаматтар, Совет өкіметін  жер- жерде орнатуға барлық күш-жігерін салып, оның жолында жанын да қиғандар - міне халық осындай адал ұлдары мен қыздарына арнап ескерткіштер тұрғызған.
       Ақтөбеде Қазақ ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 50 жылдығын  тойлау кезінде 1970 жылдың авгусында жанында мәнгі оты бар әскери  Даңқ обелискі ресми түрде ашылды. Осы 18 метірлік үлкен ескерткіш азамат және  Ұлы Отан соғысы кезінде халқы үшін жан қиған Ақтөбеліктерге арналған. Қазір қаланың ортасында,  гүл алаңында орналасқан осы ескерткіш қала пейзажының айрылмас бір бөлігіне, қала облыс жұртшылығының сүйікті орнына айналды.
   Ескерткіштердің тәрбиелік мәні де зор.  Мерекелік,  яки басқа да бір белгілі  күн дерде мектеп оқушылары мен жастар әртүрлі ескерткіштердің жанына келіп гүл қояды,  халқы,  елі үшін аянбай еңбек етуге ант береді.
    Мысалы, пионерге алу салтанаттары кезінде көптеген оқушылары ұйымдасқан түрде  Владимир Ильич   Лениннің ескерткіштерінің жанына келіп, ұлы көсемше еңбек етуге, сондай болып оқуға тырысатындықтарына  уәде беріп,  ұйымға өту сәтін үлкен салтанат жағдайында атап өтеді.  Жоғары,  арнаулы  орта оқу орындарының студенттері мен оқушылары революция  ардагерлерінің ескерткіштеріне гүл қояды, кейде  мұндай ескерткіштердің жанында еңбекшілердің митингілері  ұйымдастырылып,  көпшілік орнына айналды. Ескерткіштердің көркемдік, эстетикалық  маңызынан бөтен міне осындай тәрбиелік маңызы да шексіз. Әңгіме соны дұрыс пайдалана білуде. Жақында Алматыда мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы құрылып,  оның бірінші құрылтай съезі болып өтті. Содан  сәл бұрынырақ   Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында «Мәдени және  тарихи  ескерткіштерді қорғау туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі ескерткіштерді қорғау ісіне қазіргі  уақытта зор маңыз беріліп отырғандығын дәлелдейді.
     Аталған съезде қабылданған устав бойынша қоғамға жеке адамдар да, коллективтік  ұйымдар да мүше бола алады. Қоғамға  жасы 16-ға толған  СССР азаматтары  және жас өспірімдер  секциясына  ұйымдасқан мектеп оқушыларының мүше болуға  праволары бар. Коллективтік мүшелер дегенімізде өндіріс орындары мен ұйымдар, колхоздар мен совхоздар, мектептер мен оқу орындары, тағы басқа осы сияқты мекемелерді айтамыз. Сөйтіп, ескерткіштерді қорғау–біздің республикамызда, тіпті бүкіл одақ бойынша  қазір бүкіл- халықтық іске айналып отыр.  Осыған байланысты ескерткіштерді қорғау  ісінде  біздің облыста  да орын алып отырған кейбір кемшіліктерді атап өту керек сияқты. Бұдан  20-30 жыл бұрын оңтүстік аудандарымыздың бірінде архитектуралық  ансамбль  құрайтын әдемі  ескерткіштердің тасын тарқатып алып, құрылысқа пайдалану жағдайы болғанын қынжылмай айтпасқа болмайды. Сол сияқты,  қазіргі кезде де  қолда  бар ескерткіштерімізді жергілікті органдар  уақтылы қадағалап, қарап, бүлінген, кетілген жері болса өңдеп,  сырлап-сылап, маңайындағы қоршауын бекітіп,  жақсы күтімге алып отырмайды. Кейбір  даладағы  ескерткіштерге өткіншілер әртүрлі  жазулар жазып,  тіпті кейде бүлдіріп  те кетеді. Әлі күнге дейін  көптеген ескерткіштердің тізімге алынып, паспортталмағанын да айтқан жөн.
    Мінеки, осы сияқты ірілі-ұсақты кемшіліктер соңғы кезге дейін орын алып  келген болса, енді ескерткіштерді  қорғау туралы заң шығуымен байланысты  әлгіндей бүлдірушілік  әрекет қылмыс деп табылып, оған жол берілмейді. Ескерткіш мұраларды  қорғаудың республикалық  қоғамының  құрылуы  да осы салада  қол  жеткен  үлкен табыс.  Әр халықтың   өзінің тарихы бар  дедік. Ол тарих  көбінесе  кітап күйінде  жете бермейді.  Ол көптеген  халық  ескерткіштері, мұралары арқылы жетеді.   Мысалы,  Қазақстан  территориясында  тіркеліп  отырған он бір  мыңнан астам ескерткіштердің  ескілеріне қарап  отырып, біз  халқымыздың  өткен жолын,  оның өнерін  көргендей  боламыз,  оның                  «ақ-қарасына»   үңілгендей  боламыз, әр ғасырда  қандай  өмір сүргенін, қандай тіршілікпен  айналысқанын, күрес тарихын, ерлік шежіресін, өнер дәрежесін танимыз.
    Ескерткіштер- уақыт замана сағаты болса, соларға  қарап отырып халқымыздың басынан қандай сын сағаттар өткенін, біздің ата - бабаларымыз  қалай күресіп, сүйіп, күрсініп, күліп өткенін елестетеміз. Міне, ескерткіштердің   зор  маңызының  бірі осында жатыр. Жаңа  дүниенің есігін ашқан  халқымыз–жаңа  сәулетті   өмірге де  өзінің  жаңа ескерткіштерін  алып келді. Олар  әдемі  қалай  салынған тастар,  я мүсіндер  ғана емес, сонымен бірге  олар  терең  сүйіспеншілік  пен  шексіз  патриотизмнің, халық  мақтанышының, халық  құрметінің  қасиетті белгілері. Соларды сақтау, олардан оқуға, білімге, күреске  үйрену – әрбір  совет азаматының міндеті.
                                       
                                             Т.ЖАРМАҒАМБЕТОВ.
                                 Облысаралық  мәдениет ескерткіштерін
                                 қорғау  қоғамы  советі председателінің
                                 орынбасары.

                                («Коммунизм жолы», 1977 жыл 27 қаңтар)