Мұхамбетқалиев Қажығали

            


Қажығали Мұхамбетқалиев 1942 жылы 8 желтоқсанда Байғанин ауданы, Қызылбұлақ  ауылында туған.  Қазақ жазушысы. 1965 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірді. Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде редактор, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде  әдеби қызметкер болды. Алматыдағы «Қазақстан» баспасында аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы, «Жаңа фильм» журналында бас редактор қызметтерін атқарды.
       Кенжағали Мұхамбетқалиев қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал жазушы. Оның прозалық шығармаларында негізінен жетпісінші, сексенінші жылдардағы ел тіршілігі суреттеліп, қоғамдық ахуал көріністеріндегі қарапайым тұрмыстық эпизоттардың өзінен үлкен әлеуметтік гәптер ұтымды жеткізіледі. Қырқыншы, елуінші жылдардың қытымыр кезінен  құтыла бастаған, еркіндік дәмін ептеп татып келе жатқан қауым өкілдерінің басында психологиялық жаңа кеселдердің пайда бола бастауы, адамдардың арақатынасындағы бір кездегі аңғал достықтың бақастық пен арамдық амал-айла шырмауына көмілуі әсіресе, «Мінез», «Ескі достар» атты прозалық шығармаларында айқын сезіледі. Балалық, жастық дәурендегі адал, қимастық сезімдер жылдар өте көңіл ауларлық көлгірсуге айналғанын шығарманы оқып отырып түйсінген жан, енді осы  құлдыраудың себебін іздеуге, қоғам  құбылыстарын ойша шолуға мәжбүр болады. Қазақ қоғамының  өскелең кезеңдеріндегі ахуалы «Дала әуендеріндегі», «Қарымта», «Қаңтардың қара суық түні», «Бір машина шөп» әңгімелерінде қалтқысыз бейнеленеді. Оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сыйғыза алатын прозашы,  адам құлқынындағы құбылмалылықтан басталатын дәуірлік трагедиялар мен әлеуметтік драмалар өзегін дөп басады. Сезім иірімдеріне зер сала отырып, замана қабілетін зерделейді. Әдебиеттің төл табиғаты мен басты міндеті адамның өзін өзі ұғып, өзіне  өзінің жаны аши білуіне баулу екендігін терең түсініп, қатаң қадағалайтын суреткер өзгермелі уақыт пен тез есейіп келе жатқан ұрпақтың қатаң талабына шымбайға батар шындығымен, еріксіз ден қойғызар шынайлығымен жауап бере алатын шымыр шығармалар тудырады.
         Жазушының «Жұлдызды түндер» (1972), «Тоғай сыбдыры» (1974), «Жаңғырық» (1978), «Старые друзья» (1981), «Қайдасың, сен, махаббат» (1981), «Сынық терезе» (2003), «Жалғыз жиен» (2005) кітаптары жарық көрді.
           Қ.Мұханбетқалиев қазақтың ХVІІІ ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы күресінің басшысы, әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы туралы ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп, тұлға туралы республикалық «Арыс» баспасынан «Сырым Датұлы» (2004) атты жинағы, әдебиет пен өнер туралы, қоғам туралы сан түрлі пікірлер мен мақалалардан тұратын «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда...» (2010) атты кітаптары жарыққа шықты. Тәуелсіздік жылдарында жазылған сүбелі еңбегі батыр, би, қайраткер Сырым Датұлы туралы баяндалған «Тар кезең» тарихи романы 2012 жылы оқырмандарына жол тартты.
     Мұханбетқалиев Қ. бірқатар қаламгерлердің шығармаларын (Р.Акутагава, С.Чубек, Л.Хонвано, Я.Брыль, Л.Колодезный, Дж.Одинаев, Х.Абдуллин, Т.Жұмагельдинов т.б.) қазақ тіліне аударды.
     Жазушыға 2002 жылы Байғанин ауданның  Құрметті азаматы атағы берілді. 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.  2014  жылы  жазушы  «Тар  кезең»   тарихи  романы  үшін  Мемлекеттік  сыйлыққа  және «Тар  кезең»  романының  орыс  тіліне  аударылуына  байланысты  Халықаралық  қазақ ПЕН-клубының  сыйлығына    ие  болды.      

Қажығали Мұханбетқалиев шығармалары:

                                                                                     ЖҰЛДЫЗДЫ ТҮНДЕР
Әңгіме
      - Әй, Сәрсен! Мына  баланы апарар болсаң, жүрмеймісің енді. Ымырт  үйіріліп кетті ғой, шырағым.
      - Асықпа, ақсақал, ас-сық –па. Сағат он болыпты-ау,ә! Ім...
      - Айтып  отырмын ғой кешіктіңдер деп.
   - Сен шал, тарылма! Жиенің  жылына  бір келгенде.. болмайды олай. Міне, мынаны алып қоямыз, сосын...
   - Ішсең  іш, шырағым, кім ішпе деп отыр. Шешесі  күтіп қалған шығар дегенім ғой.
   - Қазір жеткіземіз. Солай  ғой, ә, шопыр бала. 
Шофері  Қайрақбай жымиып күлді.
   - Қозғалайық , Сәке!
   - Ә, онда давай!  Ал, шал! У... уһ! Ішім өртеніп  барады. Жүрелік онда...
     ...Қырдың  тегіс  жолымен зулап келеміз. Қабинадан  Сәрсеннің тарғыл даусы естіледі. Ән салып отыр. Анда – санда есінеп қойып, Қайрақбайға  ақыл айтады да, қайтадан әнге басады. Ұйқы ашары бұл. 
     Ұланбелден ай туып келеді. Шоқтай қызарып, кең алапты жалқын  сәулесіне бөледі. Сосын биіктеген сайын оңған шүберектей бозғылт  тартты. Көлемі де кішірейгендей. Айнала  күлгін сәулеге  шомылып, өлі жайындай  сұлап жатқан жақын қыраттар, белес –белдер айқындала түсті.
     Тағы да  Сәрсеннің тарғыл даусы шықты.
«Ай болмаса  аспанда адасады,
Көтермесе  көңілді кір басады ау –а-ай».
  -  Әй, бала, әнге қосылмайсың ба?
   ....Өз ойыммен өзім болып келемін. Үндегем жоқ. Толықсып туған айға қараған күйі отыра бердім. «Қазір үйге барам. Апам тағат таппай күтіп отырған шығар. Рахым қайда екен.  Жылдағыдай  Құмсайдың жол  айырығында  күтсе ғой».
     Тәтті қиялға  шомып, машинаның  бірқалыпты ырғағына тербеле түсем.  Жүрегім алып ұшып, туған ұяға жеткенше шыдай алар емеспін.
     Кенет машина шайқалып–шайқалып барып тоқтай қалды. Қабина  терезесінен Сәрсеннің  басы көрінді.
   - Ал, бала, осы жерден қаласың ғой?!
   - Иә-иә, - деп кузовтан  секіріп түстім.  Еңсемді  жинағанша келіп құшақтай алған  адамның  жұмсақ қолынан, тіпті бүкіл қимыл-қозғалысынан-ақ Рақым екенін бірден білдім.
   - Өй, мынау  неғып жүр-ей! - деген Сәрсеннің  даусына Рақым құлақ асар емес. Қайта –қайта құшақтап, біресе кішкентай қол чемоданыма, біресе білегіме жармасып, туа біткен бауырмалдығын білдіріп жатыр.
- Апам  бүгін: «Түс көрдім, Төкенжан келіп қалатын шығар» деп отыр еді. Айтқандай, түсте ферма меңгерушісі келіп, сенің хабарыңды жеткізді. Осы түнде ауданнан жайлауға қарай өтетін машинамен Құмсайдың басындағы жол айырығында түсіп қалатыныңды да айтқан сол.  Әрең үлгердім...
     - Өзім де сен  күтсең жақсы болар еді деп келе жатыр ем.
     - Естісімен  шыдай алсамшы.  Күнді әрең батырдым –ау!
Өзді–өзіміз болып жатып, машинаның қозғалып кеткенін де байқамаппыз.
    -  Кеттік! –деді  Рахым.
   ... Жаз ортасының  қоңыр салқын тыныш түні. Рахым екеуіміз ғана құмақ жолда борпылдатып, ұзыннан –ұзақ созылып жатқан жотаны бетке алып жүріп келеміз. Жол  шетіндегі бидайық  арасынан түн жыршысы –шілделіктің шырылы мен шегірткелердің сырт-сырт секіргені естіледі. Арба жолмен  құм арасына келіп кірдік. Әлгінде  ұзыннан–ұзақ созылып жатқан жота айқындалып, қарауытқан төмпешіктер баурайынан  топ–топ шағыл мен тораңғылдар зораяды. Дәл соларды көруімнен көңіліммен сезу басым. Бұл уақытта шағылдар қарайып, тораңғылдың домалақ қызыл қоңыр дәні төгілетіні, селеудің бас  жаратыны–бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр. Тап алдымыздан қосаяқтың секіріп өткенін де сезгендеймін. Ертеңгісін құм бетінде шимай-шимай іздері қалатыны да көз алдымда. Соның  бәрі туған жердің табиғат-тіршілігі, соның бәрі өзгеден гөрі өзімізге таныс, жақындығын сезіп, кіндік қаны тамған мекеннің құрғақ шөп исі аңқыған  ауасын  рахаттана сімірем.
   - Оқуың  қалай? - деді Рахым кенет.- Емтиханды жақсы тапсырдың ба?
   - Ойдағыдай.
   - Қыста  әлгі бізбен оқыған Әлтайдың ағасы Алматыға барып қайтқан.  Сол ауыл балаларының  ішінде сенің үздік екеніңді айтып келді. Апам екеуміз  қатты қуандық сол күні.
Ол чемоданды екінші қолына ауыстырып:
-     Қайтсең  де жақсы бітіріп шық, - деді. Маған ақыл айтқандай. Үніңде есейгендік бар. Өзі тіпті өсіп кетіпті. Бойшаң жігіт  болған. Тек жұқа, биязы жүзі ғана ащаң  тартып, жанарына әлдебір кірбің ұялапты.
     Кенет алдымыздан ит үрді. Ай сәулесі төгілген боз төбеге шыға келгенімізде ойпаңда отырған ауыл, әлі жатпаған бірен-саран үйдің ошақ оты көрінді.
     -  Апам ұйықтамапты-ау, - деді Рахым  шеткі боз үйді көрсетіп. - Жер  ошақтағы отты да сөндірмепті...
    Тыныш  түнде  дабырлаған  даусымызды  естіді ме, оңаша ауылды  басына  көтере екі-үш ит абалап келеді. Алдыңғысы  жақындай бергенде: - Жат-әй, Майлыаяқ! –деп қалды Рахым. Дәу қара ала төбет таныс дауыстан ығып, танымай қалғанына кешірім сұрағандай  құйрығын бұлғаңдатып аз тұрды да қайтып кетті.
   Сол сәтте –ақ:
    - Құлыным, Төкенжан келді! - деген  апамның даусы да естіліп қалды.
     Сағынышпен  жайылған  ыстық құшаққа  қалай көміліп кеткенімді де аңдамай қалдым.
***
     Бүгінгі түн  керемет болды. Аспан шайдай ашық. Көгілдір күмбезіне мың сан жұлдыздарын шашып жіберіп, төне қапты. Жұқа, шарбы бұлттан сырғи шыққан аппақ ай, кеңістікке мол сәулесін төгіп, асықпай баяу жылжып барады.
   Неге екенін қайдам, сағынып жүріп қайта оралсаң, осы жер әрқашан жаныңды жаңғыртып, бойға шыңылтыр ауасындай бір тазалық беретін сияқты болады да тұрады. Тіпті сонау салқын жымыңдаған жұлдыздардан да даланың сол бір өзгермес, сергек дәмін сезгендеймін.
     Үй іргесіне, сыртқа салынған төсекте Рахым екеуіміз қатар жатырмыз. Ұйқы келер емес. Іштен апамның «құлыным» деп қойып, әлде бірдемелерді айтып, күбірлегені естіледі. Әудем жердегі сай бойынан тұсаулы аттардың секіргені, пысқырғаны келеді.
   - Төкен! - деді Рахым баяу ғана.
   - Ау.
   - Өлеңді  көп жазып жүрсің бе?
   Жүрегім  әлдеқандай қуанышқа толып үнсіз жатырмын. Мынау дір-дір еткен тыныштықты, баяу ескен түн тынысын бұзғым келмеді.
   - Газеттерден  оқып жүрмін ғой.. Неге айтпайсың. Әлде түсінбейді ғой деп ойлайсың ба?
   - Ал өзің ше,  суреттерді көп салып жүрсің  бе?..
   - Әй, мені қойшы!  Керек десең, жөнді бояуларым  да жоқ.
    ...Рахым мектепте жүргенде-ақ суретті жақсы салатын. Бір күні Қараөзектің  бойына барып   салып қайтқан «Күзгі дала» деген суретін мұғалімдер қатты мақтаған. Сонда  Рахым төмен қарап: «Бояу таба алмай жүрмін, ағай»-деген-ді.  Бұған балалар ду күлген.  Ол жыларман болып, қатты жәбірленіп еді.  Рахымның  сол жүдеу  кейпі көз алдыма тағы елестеп кетті. «Қап, қаладан ала келсемші», -деп өкіндім.
   - Ғажайып суреттер салғым келеді. Білесің бе, Төкен, керемет суреттер!
     Ол  қашанғы  биязы қоңыр  үнімен біздің қыр туралы, даланың әсем түні жайлы, бірде көкшіл, бірде жасыл, тіпті қоңыр ауасы туралы  айта  бастады. Оның  айтуынша: қазір бір жастанып жатқан қуаң бидайық – жәй бидайық емес, жазық даланың жайқалып тұрған қайталанбас көрінісі,  ғажайып суреті сияқты. Оба көтерген  әр төбеден  ерлік пен батырлықтың  рухы есетіндей.
   - Онда  биыл сен де оқуға жүрсейші. Бірге  боламыз. Қалада мен пәтерде тұрамын.
   - Апам  жалғыз ғой.
    Рахым  баяу жылжыған  айға қараған  күйі үнсіз қалды. Әлдене  ойлап жатқаны көрініп тұр. Қиықтау  қоңыр көздерінде мұң табы бардай.
   - Мен де  кетіп қалсам, апама қиын болады ғой. Сен де оқудасың...
   - Жо-о-қ!  Ештеңе етпейді.
    Мен Рахымға  көп нәрселер айтқым келді. Тіпті оған қарай  бүйрегіммен  аунап түстім де.  Бірақ  ештеңе дей алмадым. Ол әлдене  айтуға  оқталғанымды сезді білем. 
- Жоқ, әуелі  сен  оқуыңды  бітіріп шық, - деді ойымды бөліп. – Әйтеуір  сені жақсы деп жатса, біз апам екеуіміз де қуанамыз ғой. Өлең жазуды  тастама. – Ол  тағы  үндемей қалды. Бір уақытта:
   - Білесің бе, неге екенін қайдам, сені біреу мақтаса жақсы көрем, - деді ол.
   - Рахым, - дедім  әлденеге  дауысым дірілдеп. - Рахым, сен де оқуың керек қой.
   - Жоқ! Қазір тіпті қалаға  барғым келмейді.
   - Неге ?
   Ол үндемей қалды.
                                                                         ***
      Жаз  бойы ауылда  демалып, суға түсіп, күнге қыздырынып бой жазып қалдым. Рахым  бұл кезде маған бұрынғыдан  бетер  бауыр басып кетті. Екі елі ажыраған жоқ. Бүгін де   екеуіміз  суға түсіп, жіңішке  өзеннің  жағасында  күнге  қыздырынып жатырмыз. Мен  аққайраңға  көміліп, ол екі жағынан ыссы құмды жинап, аяғына қарай жәй үйіп отыр. 
   - Төкен, - деді  бір кезде әлдене айтқысы келгендей. –Төкен, естіп жатырсың ба?
   - Ау, иә..
   - Осы  уақытқа  дейін түсінбей келіппін, кешір!
   - Нені?! - Басымды көтеріп, қалай етпетімнен аунап жатқанымды да аңдамай қалдым.
   - Түсінбегенімді  деймін, - деді  ол кінәлі дауыспен. Біреулер    сенің  Сәулемен  бірге жүргеніңді көргендерін айтып еді. Қалада  екеуіңнің  театрға да бірге барғандарыңды айтқан. Сен  білесің ғой бізді.
   - Иә...
  - Сәуле маған хат жазыпты. Күйеуге  шыққалы жатқанын айтыпты, - деді ол тұтығып. - Бір ұшқыш жігітке.
     Кенет  көз алдыма кекілі желбіреп, қысқа бұрымы  лақтың  құлағыңдай  селтеңдеген талдырмаш қыз бен қаладан қайтарда ғана кездестірген сымбатты студентка қыз қабат келе қалды. Сонымен бірге балалық шақтың барлық суреттері де  тізіліп өте берді.
   ...Ол  кезде де ауыл көктем шығысымен  Құмсайдың  бойына көшіп, жаз бойы суы мен оты мол осы ойпаңды жайлайтын. Күзде  оқу басталысымен бар бала орталыққа – Жем бойына ағылатын едік.  Ересегі – Рахым, мен, сосын Сәуле.  Ұсақ  балаларды  доңғалағы жаз бойы майлау көрмей, қалқанын шілденің күні  қуратқан шиқылдауық   ырдуанмен тасиды. Біз болсақ артынан  ереміз. Ауық–ауық Сәуле ғана арт жағына орналасып, аяқ суытатын.
   Рахым екеуіміз  жаяу жүргенді жақсы көретінбіз. Біз арбаға мінбеген соң өзінің әлсіздігін білдіргісі келмей ме, Сәуле  екеуімізді  алма кезек жұлқылайтын, «арбаға отырыңдар» дейтін. Мұндайда оның зорлығына көп ұшырайтын  Рахым-ды. Менің  қиястығымды біледі де, сөзін жерге тастамайтын Рахымды шақырады. Рахым  көп мінбейді, сәл отырып шыдай алмай секіріп түседі.  Кішкентай да болса әмірін жүргізгеніне  Сәуле масаттанып:
    - Әнекей сен  де міндің! Сен де міндің ғой,- деп оны ұялтушы еді. Ондайда  Рахымның  биязы, момақан жүзі күреңітіп, не дерге білмей, көздері ғана  әлдеқандай тірек іздегендей жыпылықтап, мұңды, сабырлы бола қалатын. Сонда кекілі желбірей түсіп, қысқа бұрымы мазақ қылғандай селтеңдеген Сәулеге жыным келуші еді.     
    Жұрт  Рахымды  әкеммен бірге туған әпкемнің  баласы дейтін. Ол кісіні көрген емеспін, ертеректе қайтыс болыпты. Әйтеуір кішкентайымыздан бірге ойнап, бірге өстік.
   Сол  кезде –ақ: 
     - Рахымды ренжетпе! Бұл Рахымның заты, бұл Рахымның  орны, - деп апам мені көбірек қақпалайтын. Сол сөз санама  сіңіп қалыпты.  Апамның көзі жоқ жерде араға түсе беретінім, тіпті  Сәуленің  мазағын да оған  деген зорлықтай  көріп, күйіп-пісетінім сондықтан-ды.
    Бертін келе  Сәулемен   екеуінің  арасында  балалық достықтан гөрі өзгеше бір сыйласу бар екенін  сезетінмін. Бірақ  мән беріп ойламаушы ем. Сөйтсем  Рахым, біздің  Рахым оны сүйеді екен ғой. Альбомындағы  «Оқушы қыз», «Сәуле оныншы класта», «Гүл ұстаған қыз» деген суреттердің бәрін тек сол үшін сақтаған екен-ау...
   - Жазғы демалысқа  келмегені де содан  көрінеді. Тамыздың  жиырмасында деп жазыпты. Бүгін жиырмасы ғой.
   - А-а?
   - Тойы  болатын шығар деймін. Бүгін жиырмасы ғой, - деді ол тағы қайталап. Бұрынғысынша құмды аяғына қарай қос уыстап ысыра түсті. Сыр  бермегенсиді. Сезіп отырмын. Іші аласапыран.
     Қатты аяп  кеттім оны. Әлдене айтып жұбатқам келді. Бірақ аузыма сөз түспеді.
   - Жүрерде көрмедің бе? - деді мұңая қарап. - Ештеме деген жоқ па еді?
   - Көрдім... ештеңе деген жоқ.
   - Сонда саған да айтпағаны –ау..
     Ол орнынан атып тұрып өзенге беттеді. Мен де іле-шала көтеріліп, жете бергенімде жылдамырақ адымдап суға күмп етті.
    Сүңгіп шыққанда қарасам, көздері  қызарып тұр екен.
   - Қайтайық... Біраз  уақыт болыпты, - деді ол киімдерге қарай бұрылып.
   - Қайтсақ қайталық...
    Жағалаудан  ұзағанша тіл қатысқан жоқпыз. Ол өз ойымен өзі боп, жол жиегіндегі сояулардың  басын сындырып келеді. Бір сәтте есейіп кеткен сияқты.
   - Алматыға ертең жүресің бе? - деді  бір кезде.
   - Иә, ертеңгісін жүремін.
   - Мен енді Қызылотауды жауып, орталыққа барып қайтам. Түнде  болса да келемін ғой.  Жарай ма? - деді ол, «үлгерсем», «күт» дегенді аңғартып.
   - Жақсы.
    ...Рахым ел жата келді. Қолтығына қысқан бірдеңесі бар. Мені ұйықтап қалды деп ойлады ма, жәй басып ішке кіріп кетті. Соның артынша қағаз сылдырлады. Әлденені мұқият орап жатыр.
    Ұйқысы сергек апам оянап кетті.
   - Рақымжан, келдің бе, айналайын! Кешіктің ғой, - деді.
   - Әй, әлгі тапал бухгелтерге жүз сом бер десем, «ақша жоқ» деп  бет бақтырмайды. Төкен  ертең жүретін болғасын...   Бастыққа барып жалынып әрең алдым.
   - Беу, айналын-ай... Сол итті сөйлетіп неғылайын деп жүрсің? Ақша деген үйде де бар емес пе?
   - Тарықпасын дегенім ғой. Артық  болса киім алар. Жұрт ілініп-салынып жүрген балаларына   да ай сайын ақша салып жатады. Сол  Тәшімнің өзі қайта-қайта оқудан шығып қалып жүрген Қасымына жүз сомнан салғанын талай көрдім.
    Рахым  қызынып тағы бірдеңелерді айтып жатыр. Тіпті ересек адамша сөйлейді. Оның мұндай мінезін бірінші байқауым. Есею  деген осы ма әлде...
                                                                   ***
    Қалаға келісімен  Сәулені іздестірдім. «Кастекская  жетіде тұрады, - деді бухгалтер Тәшімнің баласы кездесіп. -Жақында біз үйінде болдық. Өй, күйеуі де бір нар екен. Коньякты құйды дейсің, құйды дейсің. Біз де аямай тарттық қой».
    Бөлмеге  келіп, чемодан  түбінен  Рахымның  сәлемдемесін алдым. Қабырғаға ілетін плакатқа  мұқият ораған екен. Кәдімгі Рахымның  қолының ұқыптылығы  көрініп  тұр. Қолтығыма  қысып көшеге шықтым.
    Кастек көшесі  жатақханадан қашық болмады. Жетінші үй де жақын екен. Төбесін  шифермен жапқан кең аулалы жеке үй.
Қақпаны орта жастағы әйел ашты.
    - Сәуле осы үйде тұра ма? – дедім сәл шегініп.
   - Иә, шырақ, кір!
     Сәуле алдына алжапқыш байлап стол үстін жинастырып жүр екен.  Мені көріп, аңырап сәл тұрды да қызарып кетті.
   - Ал  біз теледидар көруге кеттік. Қарағым-ау, қонаққа орындық бермепсің ғой, - деді есік ашқан әйел. Өзі арғы бөлмеге кіріп кетті.
   - Төрлетіңіз.. Мында отырыңыз. Сәуле, орындықты бері қойып  жібер, -деді ұзын бойлы, аққұба жігіт.
   Жолдасы осы болу керек. Бұйыра сөйледі.
   «Жарайды, рахмет» дегенімше, Сәуле бойын жиып:
   - Қой, былай шықсайшы,- деді  төрді нұсқап. - Ауылдан қашан келдің? - Үніңде  жеңіл діріл  бар.  «Ауылдан» дегенді жолдасы естісін дегендей нықтап айтты.
   - Жақында.
   - Бір ауылдансыздар ма, - деді жігіт.
   - Иә , бірге оқығанбыз.
   - Мына бір нәрсені Рахым беріп жатыр еді. «Сыйлағаным» деген.
     Мен  ұсынған ораулы нәрсені ала беріп, Сәуле жолдасына қарады.  Үлкен қара көздері кінәлі жанның жанарындай мөлдіреп, ақшыл жүзіне қызыл нұр жүгіріп өтті. Осы уақытқа дейін не екенін ашып  көрген жоқ едім. Жігіт те орнынан тұрып үңіліп жатқанда көз салсам, ғажап ... кәсекіге  керілген шағын сурет екен. Ақшыл, сұр бояумен салынған айлы түн. Кәдімгі сүттей жарық дала түні. Құс жолымен жарыса жымыңдаған  мың сан  жұлдыз. Шарбы бұлттан сырғи шығып, теңгедей ай жүзіп барады. Алыста қарауытқан  төбелер мен  боз белдер. Бергі  кең  жазық ай сәулесіне бетін төсеп, мың-мың жұлдыздар сыңғырын, түн құпиясын, қиял толы аспан жырын тыңдағандай, марғау  жатыр.
     -  Ауылдағы бір жігіт дейсіз бе салған? Залдағы диван  тұсына ілетін шағын сурет таба  алмай жүр едік. Дүкендегілердің  барлығы да арбиған бірдеңе кілең. Әрі  қымбат-ақ. Қабырға жалаңаш тұр еді, жақсы болды-ау, Сәуле, а?!
    Жігіт  суретті  ұстаған күйі екінші  бөлмеге шығып кетті. Кенет ... неге екені белгісіз, қарсы  алдымда ілулі тұрған  Левитанның  «Алтын күзін» жардан  жұлып алғым келді. Анау  саудырап жатқан сары жапырақтар күз  күнінің  нәзік  қолымен емес, белгісіз  біреудің, түсінбестіктен жұлып түсіргеніндей көрініп кетті. Әлгі жігіт даланың алтын күзін  төрт қабырғаға қамап, еріксіз тұтқындап шегелеп қойғандай. «Рахымның суретін де  сүйтеді-ау» деген ой кенет басымды шаншып өтті.
  -  Мен  қайтейін, - деді Сәуле төмен қарап, - соңымнан іздеп келмеді ғой. Жалғыз ауыз сөзін де қимады. Әйтеуір, сау болсын.
    ...Мен  бөлмеге қайтып келіп, шамды жақпастан шешінбей-ақ төсекке құлай кеттім. Белгісіз  бір бұлдыр сезім буып, әлденеге ішім күйгендей. Жаным құлазыды. Кенет  көз алдыма әлгі ұзын бойлы, ат жақты, аққұба жүзді күйеу жігіттің өмірге риза, тоқ, сұлу кескіні мен біздің Рахым қабат келе қалды. «Өмірден тек сұлу адамдар ғана керегінше ләззат алуға тиіс пе? Көкірегінде адал, ыстық шоғы жайнап жатқан Рахымға қарапайым бақыттың да  бұрмағаны ма мойнын?! Әлдилеп  аялайтын ана мейірімін де көрген жоқ еді ғой ол.  Әлде бар кінәсі - ақ махаббатын да ашып айтпай, жан түкпіріне жасырып келгені ме?! Тіпті солай еткеніне кінәлі ме ол?!»
    Терезеге қараған күйі үнсіз жатырмын.
    Жақын тұрған ағаш бұтақтарының арасынан ай көрінді. Күміс  табақтай жарқырай  түсіп, жолындағы жұлдыздарды басып өтіп барады.