Пайдаланылған әдебиеттер:Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы Орал губерниясы, Темір уезінде қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданында туған.
Нұрпейістің әкесі Байғана жоқшылықты көп көрген, Барсай, Досжан деген ірі байлардың қойын бағып күнелткен. Анасы Үміт өте ажарлы, сымбаты мен ақылы бірдей жарасымды келген, оның үстіне ел таныған әнші, күйші болған кісі болған. Тұрмыс тауқыметі өнерлі ананың өз талантын жарыққа шығаруына мүмкіндік бермегені белгілі. Бірақ ана өнері, өнер тағылымы жаңа-жаңа жалын атып талпынып келе жатқан балғын жастың көңіліне жарық нұр құюына себепші болады. Бала Нұрпейіс, ата кәсібін етіп, қозы соңында жүріп қанша шаршаса да, қиналса да кешке үйге келгенінде анасының әсем әнімен ұйықтап, анасы тартқан құдыретті домбыраның қоңыр үніне құмартады. Мұны сезген сезімтал ана баласын өнерге қызықтыра түседі, баули түседі. Үміт ақын да болыпты деседі. Реті келгенде ел арасындағы ойын-тойда айтысқа да араласып кетеді екен. «Алып анадан туады» дегендей, анасының өнері Нұрпейіске дариды. Қозы соңында, кең далада жүріп, өзінің әуенді әсем қоңыр даусымен ән шырқайды. Басқадан естіген өлеңді тез жаттап алып бұлжытпай айтуға машықтанады. Өзі де өлеңді жанынан шығаруға әуестенеді. Әуелде өз өнеріне онша мән бермей жүрген талапты жас, кейін айтқан өлең-жырын жұрт ықыласпен тыңдайтынын байқайды. 16-17 жастар шамасында Нұрпейіс ел ішінде «бала жыршы» атанады. Көпшілік қауымның бұл сенімі оны рухтандыра түседі, реті келген жерде айтысқа түсуге де бекіндіреді. Келе- келе «бала жыршының» атағы елге мол жайылады. Халық құрметіне бөлене бастаған талап, дегенмен өз өнеріне көңілі толмайтынын сезеді де, енді сол маңдағы атағы шыққан белгілі ақын жыршыларды іздейді, олардың ақындық өнерін үйренуге, жыршылық жолына түсуге құмартады. Нұрпейіс осы ізденгіштік, жырға құмарлық қасиетінің арқасында сол кездегі Атыраудағы көптеген белгілі ақын-жыршылармен кездеседі, олармен ұзақ уақыт бірге жүріп ел арасына мол тараған, халықтың өшпес, өлмес қазынасына айналған — ежелгі батырлық жырларды үйренеді. Ол жырларды үйреніп қана қоймай, түрлендіре, әрлендіре жөндей жүріп өзінше жырлайды. Нұрпейістің тағы бір қасиеті ел ішіне мол тараған аңыз-әңгімелерді де ықылас қоя тыңдай жүріп, сол аңыз-әңгімелердің негізінде өз жанынан жыр-дастандар жасауға машықтанады. Мұны Нұрпейіс Байғаниннің кейінірек жарияланған «Ақкенже», «Нарқыз» дастандарынан көреміз. Ақынның батырлық, ерлік дастандарды көп біліп, көп жырлағаны, кейін оның Ұлы Отан соғысы кезінде сол күннің қажетіне сай ел ерлігін, халықтың қажымас қаһарлы қайратын, совет жауынгерлерінің сұрапыл соғыс майдандарындағы жан қиярлық батырлық әрекеттерін жырлауға көп себін тигізді. Сөйтіп, Нұрпейіс ақын жасынан-ақ өзінің болашақ даңқты ақын, асқан жыршы боларын ерте танытты.
Нұрпейістің осы үлкен ақындық, жыршылық дарыны Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі жылдарда да жарасымды жалғасын тапты. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап отызыншы жылдардың екінші жартысына дейін түрлі кеңес қызметтерін атқарды.
1938 жылы Нұрпейіс Байғанин Жамбыл творчествосының жетпіс бес жылдық тойына шақырылып, май айында алғаш рет Алматыға келеді. Тойға арқалы ақын құр қол келмейді, даңқты ақын ағасына арнап «Ғасырдың қарт бұлбұлы», «Жамбылға» т.б. бірнеше жыр шашуын ала келеді. Жамбыл мерекесі үстінде Нұрпейіс еліміздің түкпір-түкпірінен келген көптеген дүлдүл ақындармен кездесті, тілдесті, сөз жарысына түсті. Бұл жағдайдың да ақынға үлкен әсер етіп, қанат бітіргені сөзсіз. Осы жолы өзі де алдына жан салмас дарынды төкпе ақын екенін танытты. Бұрын аты Ақтөбе облысынан басқа жерге тарай қоймаған жырау бұл сапарынан бүкіл елге танылған Нұрпейіс ақын болып қайтты. Осы кезден бастап Нұрпейіс ақынға айрықша көңіл бөлініп, оның творчествосына ерекше жағдай жасала бастады. Жазушылар одағы оған арнайы әдеби хатшы бөлді. Нұрпейіс ақыннығ алғашқы әдеби хатшысы болып Ақтөбе облысындағы белгілі ақын, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Ахмет Ескендіров белгіленді. Нұрпейіс Байғаниннің ең жақсы шығармалары бізге Ескендіровтың жазған күйінде жетті.
1939 жылы Нұрпейіс қазақ совет жазушыларының ІІ съезіне делегат олып қатысады, ал съезден кейін үздік талантты ақындардың бірі есебінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. Ақын осы жылдардан бастап, ұлғайған жасына қарамастан өзін тың сезініп, республикамыздың қоғамдық өміріне белсене араласады: ақындардың республикалық слетіне қатысады, Москваға Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне барады. Көрмеге арнап шығарған «Өңімдегі жұмбақ» атты өлеңі орыс тіліне аударылып сол күндері Бүкілодақтық радиодан оқылады. Ал, көрмеден қайтып елге келгеннен кейін Нұрпейіс «Ғажайып көрмеде» деген өлеңімен жерлестері алдында өзінің Москва сапарын айта келіп, көрмеде көрген таңғажайып табыстар жайында есеп береді.
Үкімет пен партия Нұрпейіс Байғаниннің көп жылғы жемісті еңбегін өте жоғары бағалады: 1939 жылы ақынға «Қазақ ССР-ның өнерге еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ берді және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының грамотасымен наградтады.
Міне, осыдан былай қарай қазақтың атақты төкпе ақыны, жырауы Нұрпейіс Байғаниннің шығармалары мұқият жиналып, жарияланып, зерттеле де бастады.
1939 жылы Н.Байғанин Ақтөбе облыстық Советінің алғашқы шақырылған сайлауында депутат болып сайланып, облыстық Советтің бірінші сессиясын өлеңмен ашты. Сөйтіп, Нұрпейіс Байғанин қоғам қайраткері ретінде де өз өмірін халық өмірімен тығыз байланыстырып отырды. Сессияларға, партия конференцияларына, тілшілер слеті мен шаруашылық мамандарының мәжілістеріне үзбей қатысып, бірде ақыл-кеңесін айтып отырса, енді бірде жұмыста кездесетін кемшіліктерді өлеңмен өткір сынға алды. 1940 жылы Н.Байғаниннің ақындық, азаматтық еңбегі жоғары бағаланып «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Бұл құрметке риза көңілмен шығарған «Қуаныш жыры» орыс тіліне аударылып, кешікпей «Известия» газеті бетінде жарияланды.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде Нұрпейіс Байғанин бейбіт күндегіден әлдеқайда өнімді де маңызды іс атқарды. Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап ақын үнемі ел арасында болды. Өзінің жалынды сөздерін жауға оқ етіп атты, халықтың қажырлы еңбегін жырлады, жауды тез жеңуге шақырды. Нұрпейістің «Қазақстан -майданға» деген өлеңі бойынша документалды киноочерк жасалуы да кездейсоқ емес еді.
Өмірінің алғашқы жылдарында халықтың батырлық дастандарын жырлап, елдің, ердің ерлігін дәріптеп келген ақын Ұлы Отан соғысы кезінде патриоттық тақырыптағы өткір өлеңдерімен қатар, өте маңызды үлкен-үлкен дастандар да шығарды.
Нұрпейіс Байғанин 1945 жылы Ұлы жеңіс күніне аз қалғанда, 9 апрель күні дүние салды. Бірақ оның артында Қазақстанның шындық бейнесін суреттейтін, қазақ халқымен бірге жасайтын мұхиттай терең, әрі таусылмас мол мұрасы — тамаша жырлары қалды.
Нұрпейіс Байғанин жан-жақты, көп қырлы ақын. Бір жағынан ол асқан төкпе (импровизатор) ақын болса, екінші жағынан творчествосының басым жағы оның халықтың дәстүрлі батырлық, ерлік дастандарын жырлауында жатыр. Басқа ақын-жыршылардан бөлек айрықша көзге түсетін ерекшелігі де осында. Оның революцияға дейінгі репертуары — негізінен халық арасына кең тараған, ақыннан ақынға, жыраудан жырауға мирас боп айтылып келе жатқан эпостық жырлардан тұрады.
Нұрпейіс қазақтың батырлық жырын өте көп білген, көп жырлаған ақын. Бірақ, ақын репертуарындағы соншалықты мол қазына кезінде түгел жазып алынбаған, хатқа түспеген. Нұрпейіс жырлаған халық жырларынан қазір бізге белгілісі және Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазба қорларында сақталғаны: «Қобыланды», «Құбығұл», «Алпамыс» (үзінді), «Төрехан» т.б. жырлар.
Нұрпейістің халықтық, сыншылдық беті -оның революцияға дейінгі шығарған «Кектің дауысы», «Нұрпейістің Қазақбаймен айтысы» секілді қысқа өлең жырларында да, ұзақ сонар дастандарында да өзгерген емес.
Қоғамдағы әйел тұрмысы, әйел теңсіздігін, әйелдің өз бас бостандығы үшін күресін көрсету Нұрпейістің көптеген шығармаларының негізгі тақырыбы болды. Ақынның бұл идеясын толығырақ дәлелдеу үшін оның «Аккенже», «Нарқыз» атты екі поэмасын алуға болады. «Ақкенже» поэмасының сюжеті негізінде өмір шындығынан, ақынның өз көзімен көрген оқиғалардан алынған. «Нарқыз» поэмасының негізгі идеясы қазақ әйелінің өз теңдігі үшін жасаған жан қиярлық ерлігін көрсету. Ақынның мақсаты-ел азаматы, намыс, кек иесі болған күрескер қыздың образын жасау.
Нұрпейіс Байғаниннің жырлары көп тақырыпты. Ол үн қосып, өз шығармаларына тақырып етпеген мәселе кемде-кем. 1941-1945 жылдары Нұрпейіс сол кезеңнің мүддесіне сай, қысқа-қысқа үгіттік өткір өлеңдерге өзгеше ден қойды. Нұрпейістің «Жау талқандалады», «Отан үшін», «Қарулан, халық,қарулан», «Зор майданға шапшаң бар» т.б. өлеңдерінде Отанға төнген бар қауіп дәл шыншыл күйінде суреттелген. Ақының «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» атты поэмалары патриотизмнің күшін, оның маңызын көрсететін нағыз батырлық дастандар. Ақын поэмаларының ішіндегі айрықша көзге түсетіні «Ер туралы жыр» мен «Жиырма бес». Бұл поэмалардың басты кейіпкерлері -Москваны неміс фашистері басқыншыларынан қорғауға қатынасқан даңқты 28 батырдың бірі, Кеңес Одағының Батыры Нарсұтбай Есболатов пен Отан қорғауда көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Төлеген Тоқтаров.
Нұрпейіс көп жасаған, көп көрген, көп үйреніп, көп жырлаған ақын. Сондықтан да ол сөзге бай, қазақ халқының қисапсыз мол сөз қазынасын түгел меңгере білген, үйрене де пайдалана білген адам. Нұрпейіс шығармалары терең мағыналы, өткір тілді болып келеді. Нұрпейіс жырлары кестелі шешендік сөзге, мақал-мәтелге, афоризмге толы. Нұрпейістің «Отарба», «Зор майданға шапшаң бар», «Ақын шабыты», «Ақын» т.б. өлеңдері бастауынан аяқталуына дейін дәстүрлі термемен айтылады.
Нұрпейіс өлеңдері соншалықты әсерлі, жанды, жалынды суретті болып келеді. Айтайын деген ойын көз алдыңа айқын етіп елестетіп отырады. Нұрпейіс жырларын оқығанда оқушының жалықпайтыны да, еліге, құмарта оқитыны да содан.
Нұрпейіс Байғанин соңына мол әдеби мұра қалдырған көрнекті халық ақыны.
Исмаилов Е. Ақындар: Жамбыл және халық ақындарының творчествосы туралы монография.- Алматы, Қазақ Мемлекеттік Көркем Әдебиет баспасы, 1956 .- 242-246 б.
Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы.- Ақтөбе, 2006 .- 86-90 б.
Құрманбеков Б. Нұрлы жүзді Нұрпейіс . - Ақтөбе: «А-Полиграфия», 2009 .- 112 б.Шығармалары:
НАҚЫЛ
ТЕРМЕ
Жақсы болса бір адам,
Отанды елге бас болар,
Бас болса да бәс болар.
Кей жаманға бақ қонар,
Бақ қонған соң мас болар,
Ауыл үймен қас болар.
Жалғыздықтың белгісі -
Сөйлер сөзге мат болар.
Ер басынан бақ кетсе,
Жанындай досы жат болар,
Ақылды қарттан ал үлгі,
Қарттың сөзі хат болар.
Кей жаманның жауабы
Адамға қайғы дақ болар.
Жолдас болса жақсымен,
Азамат көңілі шат болар.
Жақсы кісі үлкейсе,
Отанды елге құт болар,
Жаман кісі қартайса,
Аңғарын ашқан жұт болар.
Жақсының сөзі құп болар,
Қара ниет залымның
Көп ішінде жауабы
Елге қайғы, жүк болар.
Бір жаманның сөзімен
Ел арасын бүлдіріп,
Араздасқан жік болар,
Бұл секілді кеп болар.
Дос арасын айырған
Өтірікпен еп болар,
Мінезінен кей жаман
Ауыл, елге жат болар.
Жаман адам белгісі -
Аңдығаны ет болар.
Әжет,
ұят ойда жоқ,
Қол
жуғанша жеп болар.
Білікті
туған адамның
Әңгімесі
сол болар,
Берекет
сонда мол болар.
Көп
жаманның ішінде
Білікті
адам қор болар.
Ағайынның
жаманы
Қазылып
жатқан ор болар,
Шырмаған шынжыр тор болар.
Инабатсыз ағайын
Жігітке
кесе сор болар,
Бірін
–бірі сақтаған
Білікті
адам сол болар.
Ынтымақта
ел тұрса,
Берекет
халықта мол болар.
Айтсам сөзім жыр болар,
Жырды
көркем көрсеткен
Сүйексіз
қызыл тіл болар.
Ақ-қараны айырған
Білімі артық би болар,
Қонақ
күткен азамат
Би
кеңескен үй болар.
Екі
жақсы бас қосса,
Айтысқаны сыр болар.
Екі
жаман достасса,
Араздасып
айрылып,
Татулыққа
мұң болар.
Жүрісінен
кей жаман
Кенде
жүріп құл болар.
Әйелдердің
жаманы
Қазық
аяқ күң болар,
Нақылдап
айтқан бұл термем
Халыққа
үлгі жыр болар.
Ақылмен
ойлап қарасаң,
Осыным
рас шын болар.
Білгенге
сөзім жыр болар,
Білмеске
сөзің дыр болар.
***
Ананы баққан азамат
Ақылды туған ұл болар,
Құрмет етсе анаға,
Абыройлы қыз болар,
Сүргін жорға белгісі -
Базарға сатсаң, бұл болар.
Біліксіз елге бас болмас,
Нәсілсіз бақ қонбас,
Ақылға кең де, ойға кең
Азаматтың асылы
Құрбысына жат болмас.
Сабырға артық азамат
Табысына мас болмас.
Қайырымды халыққа
Азаматтың жақсысы
Отанды елге жат болмас.
Шығады сана асылдан,
Менің айтқан кеңесім
Аулақ кетпес мақұлдан.
Жаман болса, жат артық
Ағайын-тума,жақыннан.
Әзілдес қатар жеңге артық
Нәсілсіз болса,қатыннан.
Жаман болса қатының,
Ер қырсыққа шатылған.
Оңды әйелдің белгісі -
Жаманыңды жасырған.
Тілің тисе зәу қата,
Аяғыңа бас ұрған.
Сақтаулы жырым – сары алтын,
Жел соққан сайын ашылған.
ГҮЛДЕНГЕН
ДАЛА
«Жаяу жыршы» кезімде
Араладым талай жол,
Қазақстан даласын
Еділ, Жайық, Қобда, Елек
Ойыл мен Сағыз, Ұлы Жем
Ор Темірдің арасын,
Көзді бұлақ Балқаштың
Сансыз тарау саласын.
Сол күнде байқап көргенмін
Жер байлығы шамасын.
Тыңдаңыз, халқым, жырлайын
Өткен күннің сарасын,
Жалғаны жоқ расын.
Ел суаты - өзеннің
Ойды қырға теңгерген,
Ағысы тасты төңкерген,
Жылап ақты ұлы өзен
Толтыра алмай сабасын.
Су кеткен соң, ну кетіп,
Тамыр түбі тартылып,
Қуратты жердің ағашын.
Көн тулақпен тең етті
Топырағы торқадан,
Өсімдігі қамқадан
Өзенінің жағасын.
Қайғылы елді хан билеп,
Молда менен бай билеп,
Кетірді солар мазасын.
Сол заманда қоныстың
Көрмеді елім панасын.
Тарлық күнде тарығып,
Жаза алмады ел құлашын,
Көз жасынан жиналған
Сорағытқан сел көрдім.
Халық аңсап зарыққан
Аңызақ қаққан шөл көрдім.
Қонысты мекен жері жоқ,
Сол заманның шағында
Қайғылы көңіл шер көрдім,
Дегеніне жете алмай
Арманда кеткен ер көрдім.
Қонысы мен жері жоқ,
Еш пұрсат жоқ қолында,
Індудің құба жонында,
Түйенің жүріп қомында
Көшіп жүрген ел көрдім.
Киік пенен құланға
Сол күнгі елді тең
көрдім.....
...............................................
БЕСІК ЖЫРЫ
Ұйықтай
ғой, бөбек, ұйықтай ғой,
Ұйықтай
ғой, балғын балапан.
Жырына
бөлеп ұйқыңды
Тербетсін
бұлбұл кәрі атаң.
Қара
көзің жұмбайсың,
Тербетіп
шайқап қарасам,
Не
сездің, нені білесің,
Ұйықтамай
сонша, балақан?
Әлде
майдан елестеп,
Боласың
ба, бала таң?
Сол
жерден сені күлімдеп,
Шақыра
ма я бапаң?
Түсті
ме әлде есіңе
Жұмыста
жүрген жан апаң?
Ұйықтай
ғой,бөбек,ұйықтай ғой,
Ұйықтай
ғой, сәби шырағым,
Тербетейін
ағызып,
Жүректен
жырдың бұлағын.
Неге көзің жұмбайсың,
Тосасың неге құлағың?
Бапаң жүр шалғай майданда
Зулатып
желдей пырағын.
Екі
жүздей семсердің
Қанға
бояп қияғын,
Білемін
оның, немерем,
Ел
үшін жанын қиярын.
Өйткені
о да бөбегі
Батырлар
ұшқан ұяның.
Ұйықтай
ғой, бөбек, ұйықтай ғой,
Ұйықтай
ғой тыңдап бабаңды!
Бапашың
сау - майданда
Қырып
жүр фашист тағы аңды.
Жапырып
жауды дауылдай
Жоғалтса
жерден арамды.
Күн
күлімдеп төбеден
Мейірмен
сүйсе адамды.
Қайтады туған аулына
Даңқы
жарып ғаламды,
Алдынан
шығам сені алып,
Көруге
сонда баламды.
Ұйықтай
бер, бөбек, ұйықтай бер.
Ұйықтай
бер, тыныш, қарағым!
Тыныштығын
қорғап жүр
Бапаң
сендей баланың.
Жаудың
қолын жапырып,
Қыранындай даланың.
Алдырмас жауға мазаңды
Тапжылтпай
кесер қаралын,
Жылжытпас
арам табанын
Көктен
түскен жасылдай
Өшірер
күнін, заманын.
Ұйықтай
бер, бөбек, ұйықтай бер,
Ұйықтай
бер, балғын балапан.
Жырына
бөлеп ұйқыңды
Тербетсін
бұлбұл кәрі атаң.
1942
ж.