Айымбетов Мәди Айтбенбетұлы

             
 1946  жылы  14  қарашада  Қостанай  облысы, Аманкелді  ауданында  туған. Балалық  шағы  өзінің  ата-қонысы  Ақтөбе  облысының  Байғанин  ауданында  өтті. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін көп жылдар бойы республикалық газет-журналдар басылымдары - «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер», «Қазақстан коммунисі» журналдарында - кіші, аға әдеби қызметкер, бөлім бастығы, жауапты хатшы  қызметтерін  атқарды. 1986-1993 жылдар аралығында республиканың Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінде көркем әдебиет бөлімінің бастығы, «Ғылым» баспасының бас редакторы болды. 1993-2011 жылдар аралығында Жоғарғы Кеңесте, одан соң Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенаты Аппараттарында Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің  орынбасары, баспа бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2009 жылдан бері мемлекеттік қызметтен зейнет  демалысына шыққаннан бері - ҚР Әділет минстрлігі жанындағы Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері.

     М.Айымбетов – республикадағы танымал жазушылардың бірі, оның алғашқы туындылары («Шілденің күні», «Ертегіден келген бала» т.б.) балалар өмірі мен олардың болмыс – тіршілігіне арналды. Жазушы шығармаларында Жем – Сағыз өңірінің тарихына байланысты оқиғалар да көркем тілмен баяндалады / «Ол дәурен бір көрген түс», «Құм киесі» және басқалары/. Жазушы кейіпкерлері – замандастары мен өз тұрғыластары.
М.Айымбетов шығармалары орыс, украин, белорус, молдаван, түркмен, қырғыз, азербайжан, өзбек, ұйғыр, ингуш тілдеріне аударылып, жарық көрді. Жазушының өзі де бірқатар батыс және орыс қаламгерлерінің туындыларын қазақ тіліне аударды. Олардың арасында швед жазушысы М.Гриленің, латыш жазушысы А.Поцюстің, украин прозашысы А.Головконың, белгісі орыс жазушысы В.Шукшиннің шығармалары бар.       
Шығармалары: «Шілденің күні» (1976), «Ертегіден келген бала» (1978), «Көгілдір соқпақ» (1980), «Көлге шомылған ай» (1984), «Плато голубых цветов» (1985), «Шыққа тұнған нұр» (1989), «Құмөзек хикаялары» (1992), «Ол дәурен бір көрген түс» (1995), «Чаша печали» (1997), «Тылсым» (2001), «Аспан асты, жер үсті» (2002), «На тверди земной» (2004), «Құла түздегі үнсіздік» (2005), «Нәзік жаңғырық» (2006), «Құмөзек  хикаялары» (2007), «Дүние-керуен» (2013). Жазушының  бірқатар  кітаптары  орыс  тіліне, ал  жекелеген  шығармалары  украин, белорус,молдован, түрікмен, өзбек, қырғыз, ұйғыр, шешен  және  тағы  басқа  халықтардың  тілдеріне  аударылған.
Мәди  Айымбетов   «Ерен еңбегі үшін» (2010) медалімен, «Құрмет орденімен» (2015), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл»  (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) «ҚР Конституциясының 20 жылдығы» (2015)  мерекелік медалдарымен, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Құрметті заңгер» медалімен (2013) марапатталды. Қазақстан Республикасының  Мәдениет қайраткері (2006).  Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Құрметті азаматы (2011) .

Айымбетов Мәди шығармалары:


ЫМЫРТТАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ    (әңгіме)

    Ауланың күнге қаңсып тозығы жеткен қисық есiгi қиқаң етiп ашылды да, топсасы жүйке тамырды суырып алғандай "ойбайлап" қоя бердi. Есiктi қапсырғалы артқа қарай ебедейсiздеу қарманған Тоқтанбектiң қолы жуан сыммен iлмектей салынған темiр шығыршыққа iлiктi.
    - Тфу! - Ол керзi етiгiнiң  өкшесiмен қаңсыған, қиюы кеткен тұтқасыз есiктi қиқалақтата итере салды.
    Арқасын мал қораның сылағы түскен қабырғасына сүйеп, ақжауыр болған емен дөңбектiң үстiнде отырған жауырыны күржиiңкiреп, кеудесi еңкiш тартқан, тұлға-тұрқы iрi, шойынбас, атжақты қара шал ащы темекiнi тұқылынан қысып құныға бiр сорды да, түтiнiн бұрқ еткiздi. Үнемi қапылыс, арсын-күрсiн жүретiн ұлының есiкпен алысып iшке кiргенiне елең де етпегендей, осы жайбарақат қалпынан өзгермедi. Жол дорбасын дөңбектiң бiр шетiне таман қоя салып:
    - Ассалаумағайкүм-м, көкесi! - деп қос қолын созған Тоқтанбек әкесiнiң салыңқы қабағына, жүдеу жүзiне аянышпен, мүсiркей көз тастады.
    Ол ұзындау бiткен кесек мұрынының астындағы темекiнiң түтiнiне ыстанып, айырығы сарғыш тартқан ақ бурыл қалың мұртының сол жақ шалғысын сұқ саусағымен бiр басып қойды да:
    - Е, не бопты соншама емпелеңдегендей?.. – дедi үнiнен зiлсiздеу мысқыл аңғартып. - Тағы да менен бiрдеңе сұрағың, я болмаса тағы да өнбейтiн шаруаңның бiрiне жұмсағың келiп жұғысқалы жүрмiсiң, айналпаз!?
    -Е, сөйтпегенде ше! - Тоқтанбек қыңыр шалдың қисық сөзiне   май  құйып, одан  сайын  үрлей     түстi.
    - Тектен-тек  жүз шақырым қаладан құдайдың мына аптап ыстығында сандалып менi жын ұрып па?!.
    - Ей, айналпаз, мына дорбаңда нең бар маған әкелген, соныңды шығар алдымен тiл мен жағыңа сүйенбей!
    - Не болушы едi, өзiм iшетiн екi-үш шиша сырадан басқа дәнеме де жоқ. Кемпiрiң барда келiнiң апама деп шәй-пәйiн, тәттi-мәттiсiн сәлем-саухаттап берiп жiберетiн едi, ендi одан да қағылдың. Кемпiрiңдi өзiңнен бұрын құдайдың қолына тапсырып қойып, отырысың мынау ендi…
    - Айт, айта түс, айналпаз… Қамария кеткесiн сендерге қадiр-қасиетiмнiң қалмағаны да, қайтейiн…
    Ол қос тiзесiнiң басын күректей алақанымен мыти ұстап, кеудесiн алға берiп, iлгерi емiне түстi де, орнынан бүйтiп тұра алмасын бiлгендей оң қолын бұған қарай созды.
    - Ұста қолды, осқырынбай! - дедi ол  даусын қатқыл шығарып. - Өз буына өзi пiсiп, құдайдың кiндiгiнен түскендей шiренген неме. Төлептiң былайғы жерде керегi болмаса қаладағы iндерiңде жата бермей, неменеге сүмеңдейсiңдер, айналпаздар!.. 
    Тоқтанбек әкесiнiң тамырлары адырайған қолынан сәл қалтыраған дiрiлдi сездi. Жаурыны әнтек күржиiңкiреп, ұзынтұра тұлғасы еңкiштенген оның қаншама мықтымсынғанымен кәрiлiкке әбден мойынсұна бастағаны байқалады. Жүрегiнiң басы шым етiп, өн-бойын бiр мезет аяныш сезiмi кеулей жөнелдi. Тоқсанды еңсере бастаған тым кәрi адамның көңiлiн құлазытып, жанын жүдетер қитық сөзге ерiк бергенiне өкiндi. Мұның демеуiмен орнынан ауыр көтерiлген әкесiн шынтағынан ұстап, демегiсi келгендей сыңай танытып едi, қолын шалт сiлкiп жiбердi.
    - Әрмен жүр, сүйкенбей! Аяғыш болсаң ауланың сыртында арқандаулы тұрған есегiмдi әкеп бер. Бүгiн жұмаға ауған күн, - дедi Төлеп шал үйге кiре берiсте бұған бiр қырын бұрылып. -  Қорым жаққа, Қамарияға барып бет сипап қайтам. Өзiм барам, ермейсiң маған!..
    Аяқтары жерге қарыс сүйем жетпей, қара есектi мықшитып мiнiп алып, ауыл шетiне шығатын айдау, тастақ көшемен тық-тық тепеңдеп бара жатқан әкесiнiң артынан Тоқтанбек қақпа алдына шығып бiраз қарап тұрды. Иесiнiң соңынан iлесе түсiп, кейiн қайтқан қара ауыз сұр төбет Жек мұның қарсы алдына келiп құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кеттi.
    - Солай де, Жек! Менi үйге жалғыз тастағың келмеген екен ғой, оныңа рахмет! - Тоқтанбек еркелетiп, төбеттiң желкесiн мытып-мытып қойды. - Жүр, аулаға кiрейiк. Шалдың жоңышқасы әбден өсiп кеткен көрiнедi, екiншi орымын өткiзiп алғансыңдар, Жек. Мұншама салдыр-салақ болуға болмайды ғой, түсiнемiсiң, а?! Ә, түсiнемiз, кiнәлiмiз деймiсiң, онда дұрыс екен. Олай болса, шалғыорақтарың қайда, кәнi?..
    Тоқтанбек Жекпен "әңгiмелесiп" жүрiп отын қораның iшiнен жүзiне аздап тат тозаңы жұққан шалғыорақты алып шықты.
    - Шалыңның орағынан да күй кеткен екен-ау! Жүзiн ендi болмағанда тат жей бастағалы тұрғанын қара…
    Ол әйтiп-бүйтiп тiнткiлеп жүрiп қораның бiр бұрышында жатқан темiр-терсек салған қобдидан егеу мен шар қайрақ тауып алып, шалғы- орақты жүзi қылпылдағанша қайрады да, құлаштай сермеп, сыр еткiзiп қалың жоңышқаның бiр шетiнен орам салды. Бiр орамнан кейiн бiр орам, өткiр шалғы лып-лып iлiп, жеп-жеңiл сермелiп, ә дегенше үй орнындай жердiң жоңышқасы орылып та қалды.
    Жаңа орылған балаусаның бұрқыраған көгжiм жас исi Тоқтанбектiң көңiл-қошын жадыратып, сәл бусана бастаған маңдайын бiлегiмен бiлеп қойды.
    Шiлденiң лепсiз талма түсi ауғанша қимылдаған Тоқтанбек бiр әудемде барып белiн жазды. Күнге күйген қоңырқай торы  шымыр денесi өн-бойын жуған терден жылтырап, қақпақтай жаурыны керiлiп, жазыла түстi.
    Тiлi салақтап, сылағы сағал-сағал болып түскен қораның көлеңкесiнде ыстықтан қорғалақтаған Жек ызыңдап, құжынап мазасын алған ұсақ қара шыбындарды демiл-демiл алдыңғы аяғымен тұмсығынан қағып, қыңсылап қояды.
    Тоқтанбек ыстықтан алқынған демiн басқалы, көлеңкеге, Жектiң қасына келiп, арқасын ескi қораның қабырғасына сүйеп қисая кеттi.
    - Уһ, жан-ай, қуырып бара жатқан мына тозақ күннiң ыстығын-ай!..
    Бет орамалымен терге малшынған маңдайын, мойнын сүрткiлеп, дорбадан бiр шиша сыраны алып, тығынын тiсiмен қайырып, ытқытып жiберiп, асығыс-үсiгiс қылқ-қылқ жұтты. Таңдайына жып-жылымық болып тиген сыраның ашымақ дәмiнен сәл тыжырынғандай болды.
    "Ия, шал қалжырап қалыпты. Апам бардағы күйi тайыпты. Мына үйiнiң де, қорасының да тозығы жетiм, алқам-салқамы шығып тұр. Шалға қарайтын қыздың да, күйеудiң де өз тiрлiктерi өзiнде, бастарын ауыртып қайтсын сүйегi қаусаған бұған!?"
    Әкесiмен iргелес үйде, көршiлес отырған қарындасы Сәнiмкүл мен томырық мiнездi күйеу баласы Есболғанға деген әкесiнiң жағдайына қатысты көптен бергi тарқамай жүрген өкпесi тағы да ойына оралып, Тоқтанбектiң көңiл-шырқын бұзды. Жалғыздықтан жабырқаған кәрi әкенiң не күйде екендiгiне жаны ауырмайтын тасбауыр қарындасының үйiне тап қазiр жетiп барып, бетiне түкiрiп кеткiсi келдi. Бiрақ ит те болса, бiрге туғандығын ойлап, амалы құрыды.
    "Мана шарбағының арғы жағынан басы қылтың ете қалған әлгi томырық неме менiң осы үйге кiрiп бара жатқанымды көрдi. Көрдi  де,  үйiнде  бұғып  қалды. Дәу  де  болса, менi  көргенiн  ол қатынына да айтпады. Ой, сасыған шiрiк-ай, бiр шәугiм қара суым шығын болады деп қалтыраған! Керек едiңдер маған, бауыр болмай кеткiр безерлер! Сендерге ерегескенде шалды тап ертең көшiрiп әкетем. Мына үйi аз-маз тиынға өтсе, сатып, ақшасын шалдың қалтасына салып бередi, сатылмаса - өз қолымен бұзып кетедi. Алдап-сулап шалдың оны-мұнысын қағып кетуге ләппай деп тұратын  сендердiң пиғылдарыңды бiлемiн. Сондықтан қайткенде де  бұл үйдi бергiзбеймiн, осыдан көр де тұр, сөйтпесем! " 
    Тоқтанбек қарындасы мен күйеу баласына iштей қатты назаланып жатып, әкесiн қалаға көшiрiп алу туралы ойға бiржола шындап бекiндi.
    "Туған қызы мен күйеу баласы бақпай отыр" деген жұрттың көзтүркi әңгiмесi мына шiрiктерге емес, шалдың өзiне ауыр болады. Соны естiп, кәрi қойдың жасындай жасы қалған байғұс шал қажымасын. Қайтсем де көшiрiп алам!.."
    Тоқтанбек жатқан жерiнде әрлi-берлi аударылып, беймаза ойдан тынши алмады.
    Жаңа бiр әзiрде қызынып алған өн-бойы бiр сәттiк тынысқа балбырап, маужыр рахаттың құшағына енiп, аз-кем мезеттiң арасында көзi кiлгiрiп, қалғи бастап едi, сол ұйқысы шайдай ашылып кеттi.
    Төбеден ауған күнмен бiрге бiртiн-бiртiн ұзара бастаған көлеңке мезгiлдiң бесiнге ауып бара жатқанын бiлдiргендей едi. Көршi ауладан - қарындасы мен күйеу баласының үйi жағынан балапан әтештiң қылғына шақырғаны естiлдi. Артынша үй артындағы жоңышқалықта  арқандаулы тұрған бұзау мөңiредi.
    - Ана   бұзауды  суаратын  бұл  үйде еркек  бар  ма?   -    деп  шаңқылдаған қарындасының ащы да жағымсыз естiлген даусынан Тоқтанбек тыжырынып қалды.
    Жолсоқты болып әрi жер-дүниенi қуырып тұрған ыстықтан шаршаса да ол жоңышқаны тағы бiразырақ орып тастағысы келiп орнынан тұрды.
                   
*                    *                   *
    …Ауылдың күнгей жақ шетiндегi аласа төбенiң қыр желкесiндегi зиратқа барып, кемпiрiнiң басына барып құран оқып, бет сипаған Төлеп шал келген iзiне түспей, қара есегiн типыңдатып, еңiстегi жүгерiнiң шетiмен оралатын жалғыз аяқ соқпақ жолмен кеттi. Бағыты - көктемнен берi қыбырлап, бақша салып жатқан кәрiстердiң қостары тiгiлген жүгерi шетiндегi тепсеңдiк.
    "Қосарықтың" жерiн өз меншiктерiң деп, осындағы әркiм-әркiмге ту талақай қылып бөлiп бергелi, осы ауылдың төңiрегiн торуылдаған қай-қайдағы бiр жалгерлер деген көбейiп кеттi. Қолында күрегiнен басқа жер шұқитын сайманы жоқ жұрт өздерiне тиесiлi жерлерiн сол келiмсек пысықайларға жалға беруге мәжбүр. Күзде түсетiн өнiмнiң пайдасынан ауысатын үлеске емексiп жүргендердiң арасында қолы қысқа дәрменсiздер де, шаруаға қыры жоқ, сал бөксе жалқаулар да жетерлiк. Қосарық Қосарық болғалы сонымен бiрге тiршiлiгi жалғасып келе жатқан Төлепке де бiразырақ жер тиген. Баяғы қайраты болса бұл жерiнiң шұрайын өзi-ақ шығарар едi, ендi ондай дәрменi жоқ. Қала жақтан келiп жердi жалға алушы Аполлон Нигай деген кәрiске ол да осы меншiгiн өткiзiп қойды. Күйеу баласы Есболған әлгiлермен қағаз жүзiнде  уағдаласып, онысын  осы  ауылдың  мөрi   бар    кеңсесiне куәландырып мұның қолына берген. "Көке, қыңқ демеңiз, ендi бұдан былай бес жыл бойы  кәрiстердiң  осы  жерiңiзден   түсiретiн пайдасының үштен бiрiн аласыз да отырасыз, құдай қаласа", - деп алақанын  ысқылап, қутыңдаған Есболғанға онша тап  сенiп  елпең ете түскен бұл жоқ. Әйтсе де мөрленген қағазды көңiлiне демеу тұтып қойған болатын. Содан берi аракiдiк жалгерлердiң қосына барып тұру мұның дағдысына айналған. Олар да мұны жатсынбай, жатырқамай, өздерiнше ашық-жарқын пейiлiн танытып қояды, қаладағы, даладағысы бар, ұл-қыздарының ешқайсысының қолына қарамай, қара басы қалқиып отырған шалдың қаңырайған үйдегi жалғыз-жалқы тiршiлiгiне әрi мүсiркей де қарайды.
    Қатқылмен еңiстен төмен қарай типыңдаған қара есектiң жүрiсi, жыртылған жердiң тепсеңiне жетiп, бақшаның бiр шетiне iлiге бере мимырттанып қалды. Төлеп оны шу-шулеп қинаған жоқ. Тiзгiнiн iрiкпей, өз еркiне салып қойып отыра бердi. Иесiнiң қайда бармағы бұған да аян болса керек, құйрығын сипаңдатып, құлағын қайшылап-қайшылап алып, сол жүрiсiнен айнымай Нигайдың қосы тұсынан бiр-ақ шықты.
    Жаппа-күркенiң алдындағы төрт сырық тiреуге керiп жабылған кенеп шатырдың астында кетпеннiң мұқалған жүзiн төс-темiрдiң үстiне қойып балғамен шық-шық ұрғылап, шыңдап отырған Нигай тiсiн ақсита күлiп, қос қолын ұсынып Төлеппен қазақша амандасты.
    -   Ассалаумағалайком-м, Төке!
    -  Әликүмәссәләм, Негей балам! Бала-шағаң тегiс аман ба өзiңнiң! - деп ол мұның арқасынан қағып-қағып қойды. - Мына жақтан келе жатып жол үстiнен өзiңе соға кетейiн дегенiм ғой…
    -  Дұрыс, дұрыс, көп рахмет!..
    Iнi-қарындастарымен, бала-шағасымен құралып, он-он бестей жан  боп   таң   азаннан   бақшалықтың   күтiм-бабының  соңында жүрген Нигайлардың ортасында аны-мұныны айтып, ашымақ-тұшымақтарынан ауыз тиiп, темiр күрiшкемен қара шәйдi сораптаған Төлептiң көңiлi өсiп, кәдiмгiдей сейiлiп-сергiп қалды. Аполлонды атымен атауға тiлi келiңкiремегесiн ол өзiнiң ыңғайына салып "Негейжан" деп атап кеткен болатын. Мұнысын Аполлон шам көрмейдi.  Көз ашқалы Үштөбедегi қазақтардың арасында өскен кәрiс жiгiт қазақшасы анау-мынау қазағыңнан артық болмаса, кем түспейдi, қалжың, әзiл араластырып есiлiп-ақ отыр.
    - Төке, ендi қашаңғы соқа басыңыз сопайып жүре бересiз, айттырып бiр жақсы кемпiр алып берсек, қалай көресiз?..
    - Кемпiрдiң маған керегi қанша, ендi жетпегенi сол едi! Болды ғой бiреуi, ендi маған келiншек керек екi бетi албыраған… Құдайға шүкiр, қайратым әлi қайтқан жоқ, бiр әйелдi қартайтар шама бар.
    - Ойбой-оу, солай екен-ау өзi! Кемпiр деген пәле сөз тiлiме қайдан оралғаны. Болды онда, алып беремiз! Таңдауы өзiңiзден, қазақ болса - қазағы, кәрiс болса – кәрiсi, өрiп жүрген бiреуiне құда түсемiз…
    Аполлон сығырайған көзi жұмыла, мәз-мәйрам болып күлiп, Төлептiң қолын қысты.
    - Әй, Негей, маған неде болса өзiңнiң туысқаның, кәрiсiңнен таңда. Қазағың маған таңсық емес, өзiң бiлесiң…
    - Аня, Төкең екеумiз бажа болатын болдық! Бiрдеме бар ма, осы үшiн соғыстырып-қағыстырып жiберетiн, әкел, тойдың басы болсын бiр…
    Күйеуiнiң мұнысы әзiл екенi, шын екенiн ажырата алмай таңырқаған жұқалтаң торғын келiншек сауалды жүзбен бiр сәт үнсiз қарап қалып едi, Аполлон:
    - Әлде сен бұған қарсымысың, неге бүйтiп қарайсың? – дедi кәдуiлгiдей даусын нығыздап.
    Аняның басын шайқап күлгеннен басқа лажы қалмады. Мойны сорайып, жұтынып, келiп қалған бiр шиша арақтың аузын аша берген Аполлонға Төлеп шал қолын көтерiп, тоқта дегендей белгi жасады.
- Қой, шырағым Негейжан, келiннен ұятты, өтiрiк бажа болысып iшуге сылтау таба алмай ындыны құрып отыр екен мына шалдың деп ойлап қалар, ашпа, iшпеймiн! Қалада тұратын, әлгi оянкомәт болып қызмет iстеген Тоқтанбек деген балам бар дейтiн едiм ғой, сол айналпаз келiптi бүгiн, үйде отырған шығар қазiр менi күтiп, барайын…
    - Онда осы арақты, Аня, сақтап алып қой, ақсақал екеумiз, мына бақшаның алғашқы өнiмiн жинаған күнi мiндеттi түрде iшемiз! - дедi Аполлон, келiншегiне арақты қайтарып берiп жатып. - Солай етемiз ғой, ә, Төке!..
    - Солай етсек, солай етермiз, агәр осы бақшадан көл-көсiр өнiм жинап қарық қылсаң…
    - Саспа, шал, "Қосарықтағы" ең бай адам өзiң боласың әлi. Жер өте құнарлы, өнiм жаман болмас, әсiресе, пияз жақсы шығады.
    - Әр нәрсе өз кезегiнде, бұйыртса де…
    …Жоңышқаны үш күн жатып орып, жинап берген Тоқтанбек қалаға қайтатын күнi таңертең әкесiне өзiнiң көкейiн күптi қылып жүрген сөзiн тағы айтты.
    - Көке, ендiгi қалған жердегi мына жападан-жалғыз қатыбас тiрлiгiңнiң не мәнi бар? Үй-жайыңның, қора-қопсыңның азып-тозып тұрған сиқы мынау, ұрпағы жоқ қу тұлдырдай сопайып, жалғыз отырғаның ел-жұрттан ұят емес пе, айтшы. Iргеңде отырған қызың мен ана Есболған шiрiктiң түрi анау, ертеңгi күнi алай-бұлай болып кетсең, арулап көмбек түгелi бетiңдi жабуға да  жарамайды, олар сенiң?..
    - Ей, айналпаз, маған ақыл үйретуiңдi осы қашан қоясың! Iстейтiн  iсiң  жоқ  па  сенiң?!  Ерiгiп   келесiң  де,  адамның басын қатырасың кеп. Жөнiңдi тап, әйда! Бұл үй - Қамарияның көзi жұмылғанша екеумiздiң елу жылдан астам отасқан шаңырағымыз. Кеудемде қу жаным барда ешқайда бармаймын да, ешқайсыңның есiгiңнен қарап сүмеңдемеймiн де, осы айтқаным айтқан! Өлгеннен кейiн бетiмдi жаппасаңдар да қыңбаймын!
    Оның жүзi күреңiтiп, үнiнен ызаның әнтек қатқыл сызы бiлiндi. - Анда барып, мында барып, қызмет деп, оянныймын деп, тентiреп жүрдiң де қойдың. Ендi мен сияқты пенсiя алатын бопсың, мойның жұмыстан босапты, неге көшiп келмейсiң, неге ие болмайсың   ендi  мен  отырған осы  шаңыраққа?!  Әлде  қатының  етегiңе жабысып  жiбермей жүр ме?.. Қатының жiбермесе, қала бер сол қаладағы iнiңде, менен аулақ!
    - Ау, көкетай-ау, менiң он балам сенiң мынау құрқылтайыңның қай жерiне сияды, әуелi  соны айтшы! Әйтеуiр дау соғудың жөнi осы екен деп, бiр сөзiңдi қайталап айта бересiң кешке дейiн, айта бересiң. Қалада жүрсем, тiршiлiгiмдi жасап жүрмiн, солардың аяққа iлiккендерiн анда-мұнда кiргiзiп, жұмыс iстетiп, өз нандарын өздерiне таптыртам. Сенiң мына "Қосарығыңда" тiршiлiк етiп, табыс табатын жұмыс қайда? Жас-кәрiсi қалаға босып, ұсақ-түйекпен сауда-саттық жасап жүрген осы тiршiлiк тiршiлiк бола ма!? Мен айтсам, жөн iстi айтам. Шаруасы бүтiнделмей ойран-асыр болып тұрған мына заманда өзiңнiң қиналып қалмағаныңды ойлаймыз-дағы, көкесi…       
    Тоқтанбек шақпағын шырт еткiзiп темекiсiн тұтатты да, түтiнiн езуiнен шиырып жiбердi. - Қартайған шағыңда аулақ, аулақ деп бiзден безiнетiндей не жазып едiк!?.. Әлде бұдан былайғы жерде әке болғың келмей жүр ме, олай болса оныңды айт, бiржола ат-құйрығын кесiселiк.
    - Ақылсыз бастың жөндем сөйлер сөзi болмаса, қайтерсiң! Мен сенi емес, сен менi асырап-өндiргендей гөй-гөйлейсiң ғой тура  бiр. Айналпаз-ау, осы уақытқа дейiн менi жаныңа торсық қылып байлап алып жүр ме едiң! Өз жөнiңмен жүрдiң ғой басыңды күйттеп, жүре бер одан әрмен… Мен парызымнан әлдеқашан құтылғанмын…
    - Өз жөнiммен жүрдiң десең, солай-ақ болсын, мұның да дұрыс шығар. Айналайын үкiмет өзi оқытты, өзi қызмет бердi, өзi арқамнан қағып, зейнетақысын бердi. Баласы бар, пәлен жерде, түгенбай қызмет iстейдi деген атақты ғана иеленiп жүргенiң болмаса, құдайшылығыңды айтшы, менiң адам болуыма тигiзген әкелiк титiмдей де себiң болды ма өзiңнiң?!.. Сондайлық қай парызымнан құтылдым дейсiң?!.
    Төлеп баласының қызарақтап, өжектеп сөйлеп, екпiндеген тұрпатына мысқылды жүзбен қарап, басын шайқады.
    - Адың-гүдiң, тiктеп сөйлейтiнiңдi бiздiң тұқымға тартқан қыңырлығың ба десем, жетiп-толған барың сол екен ғой, айналпаз! Сенiң адам болуыңа тигiзген менiң құдай алдындағы, тоғыз ай сенi құрсағында көтерген шешеңнiң алдындағы парызымды түйсiктейтiн миың болмаса, не шарам бар!? Қос тiземдi қажатып, сенi бала етiп жаратқан менiң бiр түндiк еңбегiм тiршiлiктегi әкелiк парыз-мiндетiм  болмай не болушы, айналпаз неме?.. Жер басып жүргенiң үшiн маған қарыздарсың бiле бiлсең!..
    Әкесiнен өзге сөздi күтсе де, дәл осы сөздi күтпеген Тоқтанбек қапелiмде бұған не айтуды, не деп жауап қатуды бiлмей аңтарылды да қалды. Маңдайына сарт етiп оқыстан соққы тигендей, кiлт мүдiрдi. Бұдан әрi әлдене деп сөз айтудың өзi әнтек болатынын  со  заматта-ақ  iшкi бiр түйсiкпен пайымдап та үлгердi.
    Манадан бергi айтылған көп тәжiке сөздiң ендi мәнi қалмай, кiмнiң кiм екенiнiң байлауы бiр-ақ сөзбен айтылып тынды.
    "Етiм арам болғанмен, еңбегiм адал ғой мен сорлының" дегендей жалынышпен, қораның сырт жағында байлаулы тұрған қара есек екiлене ақырып қоя бердi.
    - Сенiң бар-жоғыңды ұмытып та кетiппiн-ау, байғұсым-ай!.. Қазiр, қазiр…
    Ол аласалау есiктен еңкiш тартқан кеудесiн сәл еңкейтiп шығып бара жатып, сол күйi үнсiз тұрып қалған ұлына бiрдеңе айтқысы келгендей артына бұрылып қарады да, қолын енжар ғана сiлтей салды.
    Тоқтанбек сол күнi қалаға қайтып кеттi. Құлағының түбiнде ызыңдап тұрып алған әкесiнiң әлгi бiр  сөзi оның  жатса  да, тұрса да ойынан шықпай қойды. Өмiр сүрудiң мән-мағынасын, тiршiлiктiң аны-мұнысын, оң-солын бiр адамдай-ақ бiлермiн-ау деп жүрген жазған басы ең басты ақиқаттан мақұрым екен. Шынтуайтына келгенде өмiрдiң өзi адам үшiн жарық дүниеге келгеннен кейiн басталатыны екi жердегi екiнiң төрт болатынындай ақиқат нәрсе ғой. Жақсысың ба, жамансың ба, әйтеуiр аяғыңды жерге тiреп тұрған осы тiрi қалпың үшiн ғана әке құдiретiне өмiр бойы бас иiп өтуi керек екенiн не ғып пайымдамаған?
    Әкенiң жалғыз ауыз сөзi оның осы кезге дейiнгi өмiр, тiршiлiк қақындағы аз-кем түсiнiк-пайымының күл-паршасын шығарды. Кiмнен, нендей құнардан өнiп шыққаның жайлы қарапайым ғана ұлы ақиқатты түйсiктей  алмаудан асқан пендешiлiк болар ма!?.
    Қалаға келгесiн бiр апта бойы өз ойымен өзi арпалысқан Тоқтанбек осы күзден қалмай "Қосарыққа" әкесiнiң қолына көшiп бару туралы шешiмге бiржола бекiндi. Әйелi Қалдыгүлдiң "балаларды  қайтемiз,  олардың   оқуы,  iстеп  жүрген   жұмыстары қалай болады ендi?" деген ұзын-сонар уайымына ол қолын үзiлдi-кесiлдi бiр-ақ сiлтедi.
    -Жұмыс ол жақтан да  табылады. Шалдың жерi бар, кәрiстер ғұрлы жоқпыз ба, пияз, оны-мұны көкөнiс егiп күнкөрiс жасауға болады, - дедi ол шешiмдi түрде. - Оның үстiне шал жылдағыдай емес, қажып қалыпты, бiр күнi арам өлiп қалса…
    -  Неге арам өледi?.. Ол шалды қарайтын бiзден басқа адам құрып қалып па,  қасында қызы мен күйеу баласы отырған жоқ па!? -  деп өзеуреген әйелiне Тоқтанбек ажырая қарады.
    Қалдыгүл тағы да әлдене айтқысы келiп едi, күйеуiнiң бiр кетсе морт кететiн мiнезiн бiлiп, қаймығып қалды. 
     -  Әй, қатын, сен менiмен бiрге қанша жыл бойы қыңқ демей жер-дүниенi кезiп көшiп жүрiп, ендiгi айтып отырған сөзiң қай сөз! - деп ызғарланған Тоқтанбек әйелiнiң аузынан тағы бiр сөз шықса, қолын сiлтеп жiберуден тайынбады. - Көшемiз! Айтылды, болды. Ал көшпеймiн десең, бiр баланы қалдырмай өзiммен бiрге аламын да, кетемiн де қаламын!.. Байдан, баладан тiрiдей айырылудың не екенiн көр сосын…
Сөздi одан әрi қоздатудың арты неге соғатынын сезген Қалдыгүл жым болды.
     …Баласының көшiп келем деген хабарын ести салысымен "мына  айналпаз   менiң  айтқанымды  рас  көрiп,   шыныменен-ақ бала-шағасын шұбыртып, осында көшiп келiп бүлдiрер-ау" деген уайыммен Төлеп шал асығыс қалаға жиналды. Үйiн, қора-жайын  қызы мен күйеу баласына жөндеп тапсыруға да шамасы болмай, таңғы бiрiншi автобуспен қалаға қарай тартып кеттi. Қалаға баруды қиямет сапарына жол шегудей көретiн шалдың  бұл  жолғы  шұғыл аттанысының мән-жайынан қызы мен күйеу баласы бейхабар күйде  қала бердi 
                       
*                  *                  *
    Қаланың күн батыс жағындағы  қаз-қатар  салынып  тастаған сорайған-сорайған өңкей бiр биiк үйлердiң арасына келiп кiргенде Төлеп шал аңтарылды да қалды. Тоқтанбек көшеден тысқары алаңқайда ала-бөтен сорайған жалғыз биiк үйде тұратын, ендi қараса, сол төңiректiң бәрi самсаған дәл сондай үйлер.
    Жобасы осы-ау, сiрә, деп бiр-бiрiмен тақаулас тұрған бес қабатты үйлердiң аула жағынан кiрiп, Тоқтанбектiң кiшкентай балаларының бiрi осылардың арасында жүрген болар-ау деген ой-дәмемен, ауланы басына көтерiп, бiрi әткеншек теуiп, бiрi доп қуалап ойнап жүрген бiр топ баланың қасына келдi.
    - Ата, былай тұрыңызшы, - деп шiңкiлдедi қара томпақ бала. - Бұл жер - қақпа ғой доп соғатын…
    Ол балалардың арасынан ығысып, биiк үйдiң шеткi сыртқы кiреберiс есiгiнiң алдындағы ұзынша орындыққа барып отыра кеттi. Сәскеден түс ауғанша тiзе бүкпеген ол әрi шаршап, әрi шөлдегенiн ендi бiлдi. Ернi тобарсып, бiр жұтым суға зар болды. Осы мезетте екiншi қабаттағы балконнан:
    - Қайсар, Қайсаржан, болды ендi, үйге кiр! – деген жас әйелдiң даусы естiлдi. - Кешке дейiн доп қуалап, әбден шаңға былғандың…
    Қақпашы болып тұрған қара томпақ бала: "Мама, қазiр, кiшкенеден соң!" - деп қолын бiр сiлтеп, шiңкiлдек даусымен айқайлап қойып ойынды жалғастыра бердi. Ойынның қызығына бар ынтасымен берiлген қара балаға олай бiр, бұлай бiр қараған ол:
    "Ойпыр-оу, Тоқтанбектiң ана жылғы әлгi жаман немесiнiң  аты да Қайсар едi ғой, мына жүгiрмек соның өзi болып жүрмесiн, осы күнгiнiң баласы әнi-мiнi дегенше жетiлiп қалады, алжыған басым, танымай қалған шығармын. Жаңағы дауыс та келiннiң даусына ұқсай ма, қалай…" - деп аз-кем ойланып қалды.
    Төлеп шал дереу орнынан тұрып есiкке қарай жүрдi. Екiншi қабатқа көтерiлiп, дауыс шыққан пәтердiң есiгi осы болар деп, оң жақтағы есiктi қақты.
    Есiктi ашқан дөңгелек көз, оң жақ езуiнiң ұшында сiреңкенiң басындай ғана меңi бар қараторы әдемiше келiншек оған бiр сәт аң-таң боп қарап қалды.
     -Амансың ба, қарағым, - дедi ол басын изеп. - Мен… Тоқтанбек деген баламның үйiн iздеп жүрген шал едiм, айналайын қызым… "Қосарықтан" келдiм. Жаңа Қайсарды шақырған даусыңды естiп, менiң де Қайсар деген жаман немерем бар едi, содан Тоқтанбектiң үйi осы ма екен деп келiп едiм…
     -Үйге кiрiңiз, ата! - дедi келiншек сыпайы ғана iзетпен. - Үйге кiрiңiз, төрлеңiз…
    -Көп жаса, қызым!..
    Ол ұзынша тар дәлiзбен әрi қарай өтiп, үйдiң жалғыз бөлмесiнiң төрiнде тұрған диванға барып отырды.
    -  Ата, балаңыздың үйi қай жерде едi, адресiн  бiлесiз бе?
- Осы "Ақсай" деген жерде едi, осындай биiк үй болатын жападан-жалғыз тұрған. Адасқандай жөнiм жоқ едi, бақсам сондай үйлердi көп салып тастапты ғой. Таба алмай жүргенiм манадан, таңертеңнен сандалып… - Төлеп шал өзiне ұяң ғана күлiмсiрей қараған келiншекке үмiтпен көз тастады. - Өзiңнiң атың кiм едi, қызым?.. Жүзiң былай жылы, таныс сияқты көрiнiп отыр. Бiздiң "Қосарықтан" немесе бiзден бергi, анау айрықтағы "Қызыл шiлiктен" емеспiсiң?..
    -Атым - Зәкира! - дедi ол езуiндегi әдемi күлкiсiн жыймастан. - "Қосарықтан" да, "Қызыл шiлiктен" де емеспiн,  бiздiң ауылымыз алыста, арқа жақта, ата!
    - Е, шырағым, дидарың көзiме жылыұшырағасын бiздiң осы төңiректiң, өзiм көрiп жүрген балалардың бiрi ме деп отырғаным ғой. Арқаның елi - қазақтың өскен, өнген байтақ жерiнiң бiрi ғой жарықтық. Сол жақтың қызы екендiгiңдi адамды баураған өнегең де айтып тұр ғой, мiне… Рақмет ықыласың мен пейiлiңе, кiшкене демiмдi басқасын,  баламның  үйiн осы төңiректен iздестiрiп көрермiн тағы да… Әдiресiн жазылған бiр қағаз бар едi, күмәнжiгiмнен соны да  таба алмадым, қайда қалғанын?!.   
    - Адресiн бiлмесеңiз, балаңызды аты-жөнiмен iздестiрiп, адрес бюросынан табармыз, қысылмай, өз үйiңiздей көрiп, демалыңыз, мен қазiр шәй қояйын, шаршаған боларсыз…
    Танымайтын жанның бәйек боп, өзiне құрмет көрсеткенiне көңiлi мейiрленген Төлеп шал бiр мезет шаршағанын ұмытып та кеттi. Ортадағы дөңгелек үстелге дастарқан жайып бәйек боп жүрген Зәкира ара-арасында аны-мұныны айтып салдырлап сөйлеп қояды.
    -Бiздiң Қайсардың да өзiңiз сияқты атасы бар елде тұратын… Осы каникулында ауылға, атама барамын деп, әбден мазамды алып жүр, оған жағдай қайда?! Бұрын атаның өзi келетiн, мен Қайсардың папасымен ажырасқалы ол кiсi бiздi жатсынып кеттi ме, қайдам, қазiр келмей қойды…
    Шәй үстiнде де өз жайынан бiрталай әңгiме қозғаған Зәкира жалғыз ұлы Қайсардың атасын сағынғандағы  қылықтарын  айтып, бiр күлiп, бiр жылады. Жас ана әкесiнен тiрiдей айырылған ұлының жалтақ болмай, жасымай өсуiне көп алаңдайды екен.
    - Е, шырағым, таланың  солай болса, iстерге не шара бар?! Басың - жас, өмiрiң - алда, мұңая берме, жаныңның жарасын уақыт   жазар   әлi, - деп   жұбатты   оны  Төлеп шал.
    -Iзетiң бар,қабағың ашық, көңiлiң шуақты екен, ендiгi тiлегiң оңынан болар, шырағым…
    -Рахмет, ата! Сөзiңiздi батадай қабылдайын! - Шәй құйып отырған Зәкира толқып, көзiне үйiрiлген жасты көрсетпеуге тырысып, жүзiн терiс бұрып әкеттi.
    Көзi боталаған Қайсар шешесiне бiр, Төлеп шалға бiр мойнын бұрып, жәутең-жәутең қарады.
    Телефонмен бiрнеше мәрте звондаған Зәкираға қалалық анықтамалық Төлепұлы Тоқтанбектiң қай мекен-жайда тiркелгенi  туралы жартымды ештеңе айта алмады.
    Төлеп шал рахмет айтып, кетуге ыңғайланды.
    - Ата, әйтпесе осында болып, бүгiнше дем алыңыз, балаңыздың үйiн ертеңгiсiн тағы да iздейiк, қасыңызда өзiм жүрiп iздесейiн… - деп қиылған Зәкираға Төлеп ырзашылық пейiлiн танытып, рахметiн айтты.
    -Күн әлi жарық қой, шырағым, осы төңiректен тағы да сұрастырып көрейiн, бiрi болмаса, бiрi бiлер қаптап жүрген жұрттың…
    Үйдiң сыртқы есiгiнен шығып бара жатқан бұған жоғарыдан, балконнан қарап тұрған Зәкираның:
    -Ата, ұлыңызды таба алмасаңыз, үйге қайтып келiңiз, жарай ма?! - деген даусына ол жалт қарады. Жас келiншектiң үнiнен өзiне деген бiр мүсiркеудiң табы анық аңғарылды.
    -Жарайды, шырағым, жарайды… - дедi ол сәл ғана толқыған үнмен.
    Көшеге қарай шығып, жан-жағына алақтап, кiмнен жөн сұрарға бiлмей дағдарған оның жанынан дәл сол мезетте басына ши қалпақ киген, шолақ жең көкшiл жейдесiнiң мойнына қылқындырып сарыала галстук байлаған, қолына көнетоздау кенеп қалта ұстаған, жас шамасы жетпiстi молынан еңсерген, тыржиған ақ сары шал өтiп бара жатқан едi. Сiрә, қаланың байырғы тұрғыны, бiр замандары қызметкер болғанға ұқсайтын кiсi. Төлеп шал қолын оған созып, тамағын сәл кенеңкiреп:
    - Аман-сау бармысың, туысқан!.. – дедi.
Жұпыны киiнген, өңi жадаулау бөгде кiсiнiң өзiне емiне түсiп, тосыннан тiл қатқан кейпiне жатырқай қараған ол мұның қолын алған жоқ, басын болар-болмас изедi де:
    - Ия, не керек едi? -  дедi жақтырмаған суықтау раймен.
    - Баламның үйiн iздеп жүрген шал едiм бiр. Мына "Қосарық" деген жерден келдiм… Баламның аты - Тоқтанбек, оянкамат болып қызмет iстеген, қазiр өзiм сияқты пенсiя алады. Бала-шағасы көп болғасын қаладан бес бөлмелi үй алған, - деп барлық мән-жайды түгел ақтара айтқан Төлеп шал өзiне жақтырмай қараған тыржық сарының қырыстанған қабағынан аздап именiп те тұрды. - Осындай бiр биiк үйде тұратын ана жылы келгенiмде, ендi мiне, айналасының бәрi осындай самсаған үйлер. Қайдан табамын деп дал болып тұрғаным ендi…
    Тыржық сары бұған бiртүрлi түсiнiксiздеу сыңаймен көз тастады. Суықтау, сұрқыл жүзiнде мұны маған неге айтып тұрсың дегендей сауал бар.
    - Қызық шал екенсiң өзiң… Балаң военкомат болса қайтейiн. "Осындай биiк үйде тұратын" талай қазақ бар, солардың  бәрi  бiрiн-бiрi  бiле  берсе, мұның   қай жерi қала?! Қала деген сол, мұнда бiр үйдiң адамын екiншi үйдiң адамы бiлмейдi, бiлудiң де қажетi шамалы. Бiлiп қажетi қанша, айтшы өзiң?! Бұл сенiң әлгi "Босарығың" емес күнде бiрiмен-бiрi әймөңке-мәймөңке болып жататын, бұл - қала!.. Әркiмнiң өз тiрлiгi - өзiнде, сенiң балаңның да өзiне жетерлiк тiрлiгi бар шығар, әйтпесе сенi өстiп қаңғытып қояр ма едi?! Неге күтiп алмайды, неге сол "Босарықтан" өзiңдi мәшiнге салып алып келмейдi?!. 
    Жөн сұраған жалғыз ауыз сөзiне соншама шамдана сөйлеп, мылжып, ақылгөйсiген тыржиған неменiң әлпетiне ол жақтырмай қарады.
    -Өй, қызталақ, енеңдi… Өзiң былай менiмен шамалас көрiнгесiн, әрi қазақ болғасын жөн сұрап жатқанымдағы, неменесiне тарпынасың! Сөздi қоздатпай, бiлмеймiн десең нең кетушi едi, а?!.
    -Әй, шал, жөнiңмен жүр сандалмай! Боқтық сөзiң үшiн тап осы арада мiлисия шақырып ұстаттырып жiберем қазiр! Көрдiң мұның мықтымсуын, бұл саған "Босарық" емес, бiр-бiрiне аузына келген сөздi айтып жүре беретiн… Бұл - қала!
    - "Босарығы" несi-ай мына қызталақтың қақылдап қоймаған?! Қап-әй, ә, басым әбден пәлеге қалды-ау, мынадан әлгi айналпаздың үйiн сұраймын деп. Қой, әрмен, өзiң де құры, сөзiң де құрсын…
    - Тоқта, бермен қара, сен шал! Кiмге құры деп тұрсын сандалып?! Өзiң кiммен сөйлесiп тұрғаныңды бiлесiң бе! Осындағы бүкiл мiлисияны әкелiп, қазiр ұстатып жiберуге құдiретiм әлi жетедi. Так, солай, босарықский шал!.. Қызталақ сосын өзiң болып қаласың!
    - Құдiретiң жетсе, ұстат та жiбер ал! - дедi тыржық  шалдың аузы жыпылдап  тұшталаңдағанына жыны қозған Төлеп. - Құқай, доғыңнан қорқатын мен емес. Төлеп Төлеп болғалы ғұмырында сендейлердiң талайын көрген, ұсталғанмын да, түрмеге де жабылғанмын ана бiр алмағайып заманда. Бiрақ, өзi түрмеге жапқан айналайын үкiмет, өзi шығарып, ақтап алды. Жаптыр тағы, билiгiң жетiп тұрса, енеңдi ұрайын, шелтеңбай тыржық! Тұқымы құрымап па едi сендейлердiң, әлi бар ма едiңдер, жазықсыздың обалын жүктеген қанiшерлердiң құйыршықтары! Ұстат! Құрт!..
    Өзiне қарай өңмеңдеп, көзi қанталап кеткен Төлептiң түрiнен қатты шошынған тыржық сарының өңi құп-қу болып қуарып кеттi.
- Шақырт, қане мiлисаңды! Неғып тұрсың мелшиiп? - Төлеп бiрер аттап, оған таяна түстi. - Өй, қызталақ неме!.. Бұтыңа жiберiп қоймай тұрғаныңда үйiңе жетiп ал, құры, әрмен!.. Сенен жөн сұраған өзiм ақымақпын-ау…
    Тыржық сары бiр ауыз сөзге келместен, артына жалтаң-жұлтаң үрейлене қарағыштап, аяғын тыпың-тыпың басып жөнеле бердi.
Қаны басына шауып, қап-қара болып түтiккен Төлеп шал көпке шейiн өзiне-өзi келе алмады. Бiр үйдiң көше жақ бетiндегi көлеңкесiне барып отырып, темекi тартты. Әлгi оқиғаны ойына қанша алмайын десе де, тынши алмады. Көз алдынан тыржық сарының сазарып, бозарған түрi кетпей қойды.
    "Апыр-ай, ә, - дедi ол iшiнен, - баяғы отыз жетiде қашып, қырғыз асып кеткен мұны байдың баласы, халық жауы деп ұстап, Тоқмақтың түрмесiне жапқанда түрме бастығының орынбасары, дәл осындай кер маңдай, саржалақ жiгiт қанын тiрiдей сорып едi, мынау баяғы сол емес пе екен өзi?! Сөзi де, адамға iшiп-жеп қарағаны да ұқсайды екен нәлеттiң. Тантығанына қарамай, қолымды бiр сiлтеп кете берейiн-ақ деп едiм, ұстаттырып жiберем деген сөзi жаныма батып кеттi ғой қайдағы-жайдағыны қозғап. Сол, соның өзi, қателеспесем! Құдiретiм әлi жетедi деп тұр ғой, сөзiн көрмейсiң бе өзiнiң. Адамды тiрiдей жұтып жiберетiндей жұтынған неме сол әлгi Тоқмақта қалып қоймай, кейiн көзге түсiп өскен шығар, жетiлген-ақ шығар, сөйтiп құдiретi жететiн қызметтiң тұтқасын ұстаған болар. Солай, айна-қатесiз солай. Бәсе, iшiм сезiп едi-ау бiрдеңенi. Жазған басым қайдан ұрынып едiм?! Ай, айналпаз Тоқтанбек, осының бәрi сенiң салған әурең. Сенiң әурең! Тап осыдан қолым бiр жетсе саған, оңдырмаспын-ау, оңдырмаспын! Қатын-балаңның көзiнше сабамасам, Төлеп болмай кетейiн. Сұп-сұр тастың, ызы-шудың ортасында сандалып, шыққыр көзiм ендi көрмес-ау деген қайдағы сұмпайыларды жолықтырдым сенiң кесiрiңнен. Қап, бәлем, осыдан бар ғой…"
    Тоқтанбекке iштей кiжiнiп, түйiлген ол тыржық сарыны бiр мезет ойынан тарс шығарып жiбердi.
    "Қайдан ғана көшiп кел деп айта қойып едiм, жазған басым. Өзiмнен де бар осы. Сол айналпазға ақыл кiредi деп жүрген менiң есiм ауысқан. Сөздiң парқын бiлмей оңды-солды ақылсып сөйлегенiне жыным құрыстап, бетiн қайтарайын дегенiмдi шын көретiнiн қайдан бiлейiн бүйтiп. Ойбай-ау, шұбырған баласын қайтып асыраймын дейдi екен ыңыршығы айналған "Қосарыққа" келiп? Көрмесе, бiлмесе жақсы, өзi көрiп кетiп жүрген жоқ па айналпаздың. Тауықтың миындай миы жоқ сорлы неме-ау, ойланбайсың ба, алды-артыңа қарап. Менi аяғыш болсаң, осы қалаңда жатып-ақ ая. Ертеңгi күнi мен Қамарияның қасына барып жатқаннан кейiн, артынып, тартынып қалаға қайта көше ме, сонда? Iсiңде бiр берекет болсайшы, сол адың-күдiң, шалт қимыл, бос кеуде әупiрiмi әлi күнге қалмай келе жатқан. Сыған құсап бiр жерден екiншi жерге қатыны екеуi бала-шағасымен сенделiп көше беруге етi өлiп үйренiп кеткен сол айналпаздың "Қосарыққа" көшiп келе салуы түк те емес, келе салады. Ойпырым-ай, өстiп қалада адасып жүргенiмде әлгi пәле көшiп барып қалмаса неғылсын, одан шығады! Шығады!.."
    Төлеп шал түбiртегiне шейiн жанып, әлдеқашан сөнiп қалған темекiсiнiң тұқылын тастай салып, бiр қолымен қабырғаға сүйенiп, бiр қолымен  белiн  ұстап орнынан созалаңдай тұрды да, үйдiң бұрышынан айналып, қарсы алдындағы биiк үйлердiң бiрiне қарай беттедi. 
    Биiк-биiк үйлердiң арасында әрлi-берлi сенделiп, аяғынан таусылған Төлеп шал ендi кiмнен жөн сұрарын бiлмедi. Манағыдай тағы да бiр қыртқа тап  болам ба деп, әркiмнiң бетiне жалтаң-жалтаң қарағыштаған Төлеп шал бiр ауладан бiр аулаға қарай өтiп жүрдi де қойды. Бiрен-саран қарсы келгендерден жөн сұрасуға батпады. Олардың да мұнымен iсi болмады, өз жөндерiмен,  асығыс-үсiгiс жандарынан өте бердi.
     "Қала деген осы ғой расында, адамның бiр-бiрiмен iсi жоқ. Сен неғылған адамсың, қайдан келдiң, оны тұра қалып сұрайтын жан баласын көрмедi. Жаңағы тыржық сарының айтқаны айнымай келiп тұр" деген ойға ден қойған ол ендi ешкiмге жүзiн бұрмады.
     Үй-үйдiң ара-арасымен осылай әрлi-берлi жүрiп, егер Тоқтанбектiң үйi осылардың бiреуiнде болса, кiрiп-шығып жүргендерiнiң бiрi өзiн көрер деп ойлады. Әрбiр есiктiң алдына келiп аялдаған Төлеп шал  баласының үйiн iздеп, тентiреп жүрген жағдайын кiмге мұң қылып айтарын бiлмедi. Ал мұның мұңын тыңдағысы келiп жатқандар да табылмады.
   Бiр есiктiң алдына келiп, аяғы талғасын бос тұрған орындыққа отырып, тiзе бүккенi сол едi, бiрiншi қабаттағы ашық тұрған терезеден басын жылт еткiзген кекселеу қазақ әйел таныс адамын көргендей елбең ете қалды. Өзiн танығандай сыңай көрсеткен әйелдiң ишарасынан Төлеп  шалдың да өңi жылып сала бердi. Базаршылардың қолында жүретiн қытайдың ала дорбасын сүйрете-мүйрете есiктен шыға келген жалпақ бет ақсары әйел аман-саулық сұраспастан, салған жерден:
    -Мына бiр сырт киiмдер ескi болғанымен, таза, жыртылмаған, - деп бүйiрi қампиған әлгi дорбаны бұның алдына әкелiп қоя салды. - Отағасым өле-өлгенше киiмдi ұқыптап киген адам едi, бiр киерлiгiн жақын-жуығына таратып бергенбiз, ал мыналарын тастауға көзiм қимай жүргенмiн, ендi сiзге бұйырсын! Өзiңiз сияқты байғұс кәрiптердiң сауабы өлi мен тiрiге бiрдей тиедi дегендi ырымдағаным ғой бiр жағынан…
    Самсоз болып отырып қалған Төлеп шал лапыра сөйлеп, тiлемсектенiп, есiк жағалаған қайыршының санатына қосып, бұған ескi-құсқыларын тықпалаған әйелге iлкiмде не айтарын бiлмей, осының бәрiн өзiн танитын бiреу-мiреу көрiп, естiп тұрғандай, жан-жағына ерiксiз жалтаңдай қарады.
    -Ата, алыңыз, алыңыз, қысылмаңыз, - деп елбелең қағып мүсiркеген әйел бұның не iстерге, не айтарға бiлмей абыржыған кейпiне назар аудармады. -   Босқа берiп тұрмын, ештеңенiң керегi жоқ!..
    -Маған да ештеңенiң керегi жоқ, аяп, мүсiркейтiндей қайыршы мiскiн адам емеспiн!  Баламның үйiнен адасып, соны iздеп жүрген жағдайым бар, мынауыңды мұқтаждық көрiп жүрген шын кәрiп адамға бересiң, шырағым, ренжiме!..
    Еңсесi түскен Төлеп шал орнынан тұрып, iлбiп кете барды.
"Ай, оңбағыр Тоқтанбек, ақырында менi қайыршы қылдың-ау тентiретiп. Осы жасқа келгенiмше көрмегенiм осы едi, бөгде бiреудiң аяп, мүсiркегенi едi, оны да көрсеттiң маған. Оңбассың сен, оңбассың!.." 
    Үйлердiң арасынан шығып, көше жаққа беттеген ол өзiн осындай күйге түсiрген ұлын iштей тағы да бiр сыбап алды.
    Қаны кеуiп, ернi тобарсып, шөл қысқан ол аялдаманың қасындағы кiшкене алаңқайды базарға айналдырып, оны-мұны сатып отырған қатын-қалаш, кемпiрлердiң жаймаларына көз тастап, iшетiн сыра iздедi.
    Жаймалардың шет жағында отырған кемпiр оның сыра iшкiсi келгенiн бiлгендей, сөмкесiнен алып бiр шиша сыраны алдындағы жәшiктiң үстiне қоя салды.
    - Елу теңге! Алыңыз, салқын сыра!.. Тоңазытқыштан жаңа ғана алдым. Осы арада iшкiңiз келсе, тығынын ашып беремiн, алыңыз!
    -Рахмет, бәйбiше! 
    Төлеп шалдың  өзiнен сыра сатып алғанына қуанған кемпiр:
    -Ас болсын, мейiрiңiз қансын!.. - деп қалбалаңдап қалды.
    Аялдамадағы орындыққа барып отырып, шиша орталанғанша сыраны қылқ-қылқ жұтқан ол мейiрi қанып бiр рахаттанып қалды, маңдайынан тер бұрқ ете түстi. Дәл осы мезетте ол:
    -Атай, сыраңнан бiр-екi жұтым ауыстыршы, - деген дәл бүйiрiнен шыққан дауысты естiп, жалт қарады.
    - Өлiп барам, сенсеңiз. Бiр-ақ жұтым ғана болса жетедi…
    Шашы ұйпа-тұйпа, көзiнiң алды көлкiлдеп iсiнген қырық-қырық бестер шамасындағы жiгiт кезерген, добалдай астыңғы ернiн тiлiмен жалап-жалап қойды.
    Ол орталанып қалған сыраның шишасын бұған амалсыз ұсына салды. Шишаны шап берiп қалтыраған қолымен ұстай алған ол, сыраны бүлкiлдетiп көмейiне бiр-ақ құйды.
    -Ой, жаным-ай, ой, рахатын-ай! Осы жақсылығыңды өлгенше ұмытпаспын!
    Ол кiрi бес  батпан сол қолының  бiлегiмен аузын сүрттi. - Менi, атай, сiрә, маскүнем деп отырсың ғой iшiңнен, ә?..
    Төлеп шал қапелiмде не айтарға бiлмедi, басын тұқыртып қалтасынан темекiсiн iздедi.
    - Темекi шегесiң бе, мә! - деп қабағын түксите өзiне қадала қарап отырған жiгiтке бiр тал сигарет ұсынды.
    -Рахмет, қазiр шегем! – деп, темекiнi қалтыраған, кiр-қожалақ қолымен алып жатқан ол бұған көзi кiлгiре қарап. - Жоқ, сен жалтармай айтшы, менi маскүнем деп ойлап отырсың ғой, рас па?..
    - Жоғ-а, шырағым, о не дегенiң, сенде менiң шаруам қанша?!   - дедi Төлеп шал орнынан тұруға ыңғайлана берiп.
    -Тоқта, қашпа! Мен маскүнем емеспiн, әртiспiн, ия, ия, әртiспiн, анау үлкен сахнада ойнаған әртiспiн. Бiрақ менiң қазiргi  сахнам   -    өмiрдiң  осынау    нақ  ортасы,  мiне,   мынау  сендер, жан-жағымнан қоршаған  айналам. Бiрақ бар ғой, ақсақал, нағыз таланттылар сахнаға да,  өмiр сахнасына да ешуақытта сыймаған, дәлiрек айтқанда, оларды сыйдырмаған, бiлемiсiң! Мiне, солай!..
    Ол елiрiп, кеудесiн керiп, демде пайда болған желiкпен көтерiле сөйледi. - Мынау қаңырап қалған өмiрдiң қаңғырып қалған сорлысы деме менi, ата… Далада туып, қалада өлетiн мен емеспiн. Менiң мұңымды түсiнетiн тiрi пенде қалған жоқ мына жалғанда…
    Аялдамада тұрған жұрт бұл екеуiнiң маңынан шеткерiрек таман ығысып оқшаулана бердi. Қалың көзәйнек киген орта жастар шамасындағы ақ сары қатпа әйел:
    -Қайыршылар мен маскүнемдерден аяқ алып жүргiсiз. Қала толы осылар. Тәртiп сақшыларының бұлармен iсi болмай кеттi, - деп күңкiлдей сөйледi өзiнен-өзi.
    -Тәртiп сақшылары дегенiң - мiлиса ма?! Мiлиса қалтасында көк тиыны жоқ бұл сияқты өңезектердi неғылсын басына қайғы ғып, - дедi бұжыр  бет жуан кемпiр бұл сөздi iлiп алып. - Өстiп жүрiп өздерi өлiп, құрып бiтедi дағы…
    Мынамен бiрге өзiн де қайыршы, маскүнем, мiскiн адамның қатарына қосып күбiрлескен жұрттың жүзiне қарауға ұят-дәтi шыдамай Төлеп шал бұл арадан қайткенде де тезiрек кетуге асықты.
    -Тоқта! Тоқта деймiн, ата! – деп ол да орнынан қалбалақтай тұрып, мұның соңынан iлесе түстi де, тәлтiректеп барып тұрып қалды. -  Менен сен де қаштың, сен де… Неге?.. Бiр-бiрiнен қашқан сорлы адамдар-ай!..   
    Тоқтанбектiң үйiн таба алмай тапа-тал түсте мәңгiрiп адасқан мұның онсыз да сұлық түскен көңiлi ел көшкендей құлазыды. Аялдамадан естiген әлгi бiр сөз құлағының түбiнде жаңғырығып тұрып алды: "өстiп жүрiп өздерi өлiп, құрып бiтедi-дағы…"
    "Пенде шiркiннiң тiршiлiктегi ғұмырының бар мәнi "өстiп жүрiп өлiп, құрып бiтуге" ғана сайғаны ма сонда!? Қандай қатiгез үкiм! Жаңағы бейшара маған және: "бiр-бiрiнен қашқан сорлы адамдар-ай" деп қалды-ау. Менiң оның өзiнен де, одан да бетер аялдамадағы әлгiлерден қашқаным рас қой шынында да. Соны айтты ма екен, әлде қара басын күйттеп, өмiрде бiр-бiрiнен безiнiп, бiр-бiрiнен   алшақтап   жүргендердi   мегзедi   ме?  Мен  де   қара басымды күйттеген пендемiн, манағы дорба ұстаған қызталақ неме де сондай, адамдардың бәрi сондай…"
    Қайда кетiп бара жатқаны өзiне де бимәлiм, ол сол бетi көше бойлап жоғары қарай өрлей бердi. Бұл кезде күн ұясына қонып, қала үстiне жаздың тымырсықтау кешi түсiп келе жатты. Оңтүстiк шығыс беттен шыңдары қардан жалаңаштанған алып та көркем таудың керуенi мұнартады.
    "Мен қайда бара жатырмын осы?.."
    Ол кiлт тоқтады. Тоқтанбектiң үйiн табудан күдерiн бiржола үзiп, мәшинесi ерсiлi-қарсылы жосылған, ызы-шуы мол көшеге тұнжырай қарады.
   "Қайда барам? Баратын жерiм жоқ қой. Манағы "аталап" iзет көрсеткен Зәкираның үйiнен де көз жазып қалдым. Байғұс қона кетiңiз, балаңыздың үйiн ертең өзiм бiрге iздесемiн деп сонша жалынғанын тыңдамаған өз обалым - өзiме. Қап, әттеген-ай, құдай алжастырғанда өстiп алжастырады ғой адамды! Осыдан қолыма бiр түссең, осыншама қорлыққа душар еткiзгенiң үшiн сазайыңды берермiн-ау, айналпаз!"
    Өзiн-өзi iштей қажап, бар зәрiн Тоқтанбекке төгiп, кiжiнген Төлеп шал әбден шаршап, шалдыққанын  да  ендi  манағыдай емес, қаттырақ сезiнiп тұрды. Тұла-бойы езiлiп, сәл дамыл, тыныс  тiлегендей күйге түстi. Бiрақ аялдап тiзе бүгерлiк те жер табу қиямет, басын қайда паналатарға бiлмей дағдарған оны "Бiр түнеп шығарлық орын болса, ертең таң азаннан жағалай әлгi биiк үйлердiң әрқайсысына кiрiп, Тоқтанбектiң үйiн қайтсе де табармын-ау…" деген ой аз-кем тыншытқандай болды.
    "Адамдар сейiлсе, төбесiнде қалқасы бар манағы аялдамадағы орындығына барып отырып, аз-кем тыныс шақырып алғаны жөн болар едi". Осы тоқтамға келген ол келген iзiмен керi қарай жүрдi.
    Аялдамада ел қарасы сиреген екен. Ол ұзынша орындықтың бiр шетiне барып, арқалығына сүйенiп отыра кеттi де, сыздап, талған  аяғын  ауырсына  созды. Тап осы  бiр  мезетте  оған  мына  аялдамадан артық жұмақ орын жер бетiнде жоқтай көрiндi. Қалжыраған  кәрi  денесi  дел-сал  босап, маужырап, көзiне   демде ұйқы тығыла бердi. Оның осы бiр тыныштығын абыр-сабыр қозғалысы әлi толастамаған көшенiң ымырттағы беймаза тiршiлiгi де бұза алмады. Аялдама жанынан өтiп бара жатқан үлкен қаланың жүргiншi жұртына басын бiр иығына салып, қыбырсыз қалған кәрi адамның қандай күйде отырғаны, өлгенi әлде тiрi екенi бәрiбiр болатын. Ешкiм оған назар аудармады, аударса да, мұны жөнi түзу адамның санатына қоспағаны анық. Өткiн-кеткiн жұрттың өзi туралы не ойлап бара жатқанынан бейхабар Төлеп шал оңынан тумаған бүгiнгi қыңыр күннiң мәнсiздеу тiрлiгiн ада-жұда ұмытып, "ия, жасаған ием, бүгiнгi күнiмдi аман еткенiңе, бар еткенiңе де шүкiр!.." деп күбiрлеген күйi  ұйқы құшағына ене бердi.


Ал ертеңгi күннiң оған не әкелерi бiр құдайға ғана аян едi…