Шалқар Ұлықпан Теңізұлы



 03.08. 1995 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қызыләскер елді мекенінде  туған.  2010 жылы   Байғанин орта мектебін бітірген. 2016 жылы Байғанин  техникалық  колледжінің «Ағаш шебері» мамандығын үздік бітірген. 




Білмесін ешкім
Жүректің қансырағанын,
Жанардың тамшылағанын.
Амалсыз жан шыдағанын,
Білмесін ешкім.

Көңілдің күрсінгенін  де,
Қалғаным құр сүлдерім де.
Өмірді кім сүргенің де,
Білмесін ешкім.

Қайғыны нұр етсем дағы,
Бақытты мұң  етсем дағы.
Үмітті күл етсем дағы,
Білмесін ешкім.

Пенде боп сәл қызғансам да,
Жас келсе тамғызбасам да.
Жапанда жалғыз қалсамда,
Білмесін ешкім.


Біреу деп қайғырғанымды,
Табанды  тайдырғанымды.
Сәуледен жай қылғанымды,
Білмесін ешкім.
                                                               
  
Қыздар, қыздар

Қыздар, қыздар қылықтылар, наздылар,
Жүрген жерін  көктем қылар,  жаз қылар.
Жолдарына  еркек  біткен  құрбандық,
Қойсаңдаршы, сендерсізде  аз бұлар.

Қыздар, қыздар тәккәпарлар, паңдар  - ай.
Сендер барда шыдар қызбай қан қалай?
Қыздың жанын жаулап алам  деп жүріп,
Тұтқыны боп  қалыппыз ғой аңдамай.

Маңғазсыздар, мінездерің  бұла тым,
Жігіт  жанын  жаралау  ма мұратың?
Сөздеріңмен  «кетші әрі» -  деп қусаң да,
Көздерің – ай «кетпеші» - деп тұратын.

Қулаусыңдар,  қылықтарың  ерке тым,
Қытықтайтын  сезім  қылын шертетін.
Қастарыңа кейбір аңғал жігітті,
Қол сөмкеңді ұстау үшін ертетін.

Сендер, сендер жан шыға алмас  шыңдайсың,
Мәжнүндердің  түн  ұйқысын   ұрлайсың.
Сүйгеніңді біле тұра сүймейсің,
Бүйрегіңді бұра тұра бұрмайсың.

Сендер,сендер неткен ғажап жансыңдар,
Әр жүректің  түкпірінде  барсыңдар.
Бала сүйер анасыңдар болашақ,
Бала сүйер бір әкеге  жарсыңдар.

Тағдырына күллі  адамзат  бопты алаң,
Жарлығыңа  жігіт біткен  тоқтаған.
Еркекті  де бағалаңдар, білсеңдер,
Сендердіңде  еркектерсіз  жоқ  бағың.

  
Шешем менің

Шешем менің,
Бөлектеу  бақыттысың  десе де, мұң.
Мекен етті – ау жүзіңді  кешір  мені,
Аңғармасам жаныңның  неше  өлгенің.

Ұлың  едім  бақыттың бақшасына,
Байланбаған дүниенің  ақшасына.
Ән сап  жаза  алмадым  әжіміңді,
Қандай сылтау  айтайын  ақ шашыңа.

Мағанда ауыр  жалғанның  жауыр әні,
Басым бүтін,  миым  да тәуір әлі.
Бағына алмай тірліктің тәртібіне,
Менің байғұс жүрегім ауырады.

Қағаз қалам өзгесі қолда мына,
Болмағандай бұйырып  жолдағыға.
Менің шырын сөздерім ақтай алмас,
Тұрмайды ана сенің  толғағыңа.

Шешем менің,
Білмедің - ау  жанымның неше өлгенін.
Саған  қарсы  сөйлеген сәттерімде,
Сүйреңдеген тілімді  кесер ме едім.
Шешем менің.
  
Ассалаумағалейкум

Бұл күнде  адам - басқа ән, заман - басқа ән,
Жақсы ғой  алға  қарай  қадам  басқан.
Жарлының жігіттеріне жарасады,
Ассалаумағалейкум деп амандасқан.
Ұрпағын аялайтын,
Сұңқарын саралайтын.
Ер үшін туған ерлер,
Жақсыны жағалайтын.
Қолда барын алмайтын,
Алланың нұры жаусын.
Ассалаумағалейкум,
Күнәсіз баладай кім.
Бақытын табады айқын,
Кетер  мұң  құстай  ұшып.
Жанарын қамамай  түн,
Алланың нұры жаусын.
Ассаумағалейкум,
Жаманды қаламайтын,
Адамды бағалайтын.
Жанына  төге  бергей,
Сәулесін  саған ай күн.
Алланың нұры жаусын,
Ассалаумағалейкум.

  Сен сияқты болса ғой қыздың бәрі

Неге екенін, сен күлсең  күле берем,
Сезім еді  жаным – ау   бұ не  деген.             
Төреғали секілді  әнге  әнімді  арнаймын,
Қалай теңеу керек екенін,  біледі өлең.

Сен жымисаң  білсең ғой  шалқып кетем,
Осы ма  еді қара  жер  барқыт деген.
Мейірімді  жанарын  мейірлі  үнің,
Сенсің  алты құрлықтан артық мекен.

Сенсің - менің шуағым  қуат күшім,
Сарқылмайтын мөп – мөлдір бұлақпысың.
Сен менің  мұңымды алып демімнен,
Көкке ұшырып  жіберетін  сияқтысың.

Оянатын  кеудеңдегі  үлпіменен,
Оранатын  мың түр мен.
Жылуыңды аямасын жарығым,
Жерде сен ғана  күн төгетін күлкіңмен.

Жігіт едім айтыстан жорық  құрған,
Өлеңінің  қадірін  мол  ұқтырған.
Аллаға мың да бір  алғыс айтамын,
Сендей  қызды  жолықтырған.

Жарқырайды сен жүрген жердің бәрі,
Ажарында  базарымда  күздің әні.
Ешкімді  ешқашан   ренжітпейтін,

Сен сияқты  болса ғой  қыздың бәрі.