(08.11.1932, Доңызтау, Байғанин ауданы) -ғалым, паразитолог, биология ғылымдарының докторы. Қарақалпақ АССР-індегі Нөкіс педагогика институтын (1954) бітірген соң сондағы обаға қарсы күресу станциясында жұмыс істеді. 1971 жылдан бері Алматыдағы Орта Азия институтының паразитологиялық лабороториясын басқарды. Сержан О.С.-ғылыми қоғамда медициналы және қолданбалы энтомология, обаның эпизотологиясы мен эпидемиологиясы саласында өзіндік орны бар ғалым. Ол дүние жүзінде бірінші болып оба эпидемиологиясына ғарыштық әлемнің әсерін көрсете отырып, атақты ғалым Е.Н.Павловскийдің ілімін ілгері дамытты, күн сәулесі активтілігінің оба ауруының таралуына әсерін дәлелдеді. Сержан О.С. жарты ғасыр бойы оба індетіне қарсы күрес шараларын зерттеумен шұғылданды, осы сала бойынша 300-ден астам ғылыми еңбек жазды, оның ғылыми жұмыстары дүние жүзі елдерінің обаға қарсы күрес қызметінде пайдаланылуда. Бірнеше монография, оннан астам әдістемелік нұсқаулардың авторы болып саналатын Сержан О.С. 5 кондидаттық, 1 докторлық диссертацияларға жетекшілік етті. Ол Ресейдің, Эстонияның, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының, Монғолияның ғылыми мекемелерімен шартқа отырып, бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сержан О.С. -зоология, энтомология, паразитология мамандықтары бойынша докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнаулы Кеңес мүшесі, Қазақстан Орта Азия зоологиялық қоғамының вице-президенті, "Селевинья" журналының редакторы, Қазақ ұлттық энциклопедиясы авторлар ұжымының мүшесі. О.С.Сержан "Құрмет Белгісі" орденімен, "КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі"белгісімен, грамоталармен марапатталған.