(22.11.1935, Қызылбұлақ селолық округі) - ғалым, ұстаз, физика - математика ғылымдарының кандидаты, доцент. Балалық шағы Жем өзені бойында өтіп, 1953 жылы Жарқамыс орта мектебін бітіреді де, сол жылы ҚазМУ-дің физика -математика факультетіне түсіп, 1958 жылы оның механика бөлімін ойдағыдай аяқтайды. Еңбек жолын Гурьев (қазіргі Атырау) пединститутының ассистенті болып бастаған ол 1960/1970 ж.ж. аралығында ҚазПТИ -де оқытушы, аға оқытушы болып, студенттерге ұстаздық етті. 1970/1973 жылдары МВТУ-дің теориялық механика кафедрасының аспирантурасында оқып, 1974 жылы (ішінде сұйық ағып тұрған жұмсақ шлангінің статикасы мен динамикасы) деген тақырыпта кадидаттық диссертация қорғады. Ғалым Нұраш Көпесовтың бұл еңбегін өте жоғары бағалаған атақты оқымыстылар: МВТУ-дің Динамика және орнықтылық кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы В.А.Светлицкий, лениндік сыйлықтың лауреаттары: академик К.С.Колесников, профессор В.Л.Бидермен т.б. диссертацияның маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Өйткені, бұл еңбек, біріншіден, ғылымның үш саласының: тербелістер теориясының, сұйықтар теориясының және орнықтылық теориясының түйіскен жерінен туындаған күрделі зерттеу еді. Екіншіден, әскери ұшақтарға аспанда жанармай құюға байланысты практикалық жағынан өте пайдалы жаңалық -тұғын. Ғалым Н.Көпесов ашқан бұл жаңалық аспан әлемінің механикасында көп пайдаланылып жүрген Матье-Хилл теңдеулеріне келтіріп, лабораториялық жолмен эксперимент арқылы да тексерілді; әдейі есептегіш машинаға программа жасалып, алынған қорытындылар сандық мәні бар заттарға да қолданылды. Ақырында, МВТУ-дің "Динамика және орнықтылық" жөніндегі ғылыми кеңесінің мүшелері зерттеу еңбекті бірауыздан құнды ізденіс деп бағалады. 1974 жылы ҚазПТИ -ге қайта оралған Н.Көпесовке 1975 жылы жаңадан ашылған энергетикалық институттың Теориялық және қолданбалы механика кафедрасын ашу және оны басқару жүктелді. 1978 жылдан қазіргі Қазақ транспорт және коммуникация академиясында теориялық және қолданбалы механика кафедрасының доценті болып ұстаздық етті. Бір ғажабы, сол теміржолда рельстің қыста қырқаруы (үзілуі), жазда ұзаруы, яғни температураға байланысты өзгеруі -ғасырдың басынан бері терең ғылыми тұрғыдан зерттелінбеген екен, ешкім бұл проблемамен түбегейлі айналыспаған да. Ғалым Н.Көпесов 1980 жылдан бері профессор И.П.Кривцовтың кеңесі бойынша осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, монографиясын баспаға дайындаған. Бұл еңбегі де ғалымдар арасында үлкен жаңалық болумен қатар, температурасы ерекше өзгермелі мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстанның да теміржолшылары үшін практикалық пайдалы жұмыс болмақшы.
Ғылымға қосқан осындай сүбелі еңбектеріне қоса, ал 60-тан астам зерттеу мақалалардың, студенттерге арналған бірнеше оқулықтардың да авторы. 2008 жылғы 17 мамырда қайтыс болған.