Қалнияз Шопықұлы (1816-1902) – ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ жырауы. Маңғыстаудағы Сам
құмы аймағында дүниеге келген. Қалнияз өз дәуіріндегі Хиуа хандары
басқыншылығына қарсы күрескен Балуанияз бен Қармыс, Төлеп пен Амантұрлы,
Қожалақ, Қарақұл, Сүгір мен Тұрмамбет, Балта мен Дәуіт сияқты батырлар бастаған
жорықтардың көбіне қатысып, жауынгерлерді өлең, толғауларымен ерлікке үндеген.
Патша үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ережесіне» наразылық білдірген Маңғыстау
қазақтарының бірқатар ауылдарымен бірге Хорезм асып, одан әрі Тәжік жеріне
өтеді, одан көшіп Ауғанстанның Төрібағлан деген жеріне тоқтайды. Жергілікті
әкімдерінің талауына төзе алмай Қалнияз, Есембет, Бердібек батыр ұрпақтары Балжігіт, Жалжігіт, бәли Марқабай батырлармен
бірге қайтадан Тәжік жеріне өтеді де, Себістан, Саңлақ, Куляб, Теректі, Төлеу
тау сияқты жерлерді мекен етеді, кейін Душанов, Гиссар бетіне көшеді, сол
Гиссар алқабында Қалнияз 83 жасында, 1902 жылы дүниеден озыпты.
Қалнияздың
«Ер Қармыс» жыры, «Жаскілеңмен айтысы», «Көтібар бөтен кісім бе?» деген толғауы
Жем, Сағыз, Маңғыстау, Атырау, Қарақалпақ, Түркмен жеріндегі қазақтар арасына
кең тараған. Сондай – ақ оның «Сүгір батырға айтқаны», «Батырда Балуанияз,
Қармысы бар» аталатын өлең толғаулары бар. Хорезм өңірінде «Қожалақ батырға
айтқаны», «Ер Көкей», «Билерге», «Қара бір сөзге келгенде» жырлары, тәжік
жерінде «Ожырай Тәжібай ақынмен айтыстары», «Аңсадым аға, жеңге, ағайынды»,
«Қалнияз едім күнінде», «Ата қоныс Нарында» атты толғаулары туған. Оның «Ер
Қармыс» дастаны елді, жерді сақтау жөніндегі өз дәуірінің көкейтесті мәселесіне
арналған. Ақпа, төкпе ақындығымен қатар, Қалнияз айтулы әнші, күйші де болған.
«Қалнияздың жорық күйін», «Қалнияздың жыр күйін» Орта Азия жеріндегі Қазақ
өнерпаздары жиі орындайды. Қалнияз Сыпыра жыраудан басталып, Абыл мен Қарасай,
Қарыз бен Нұрым жырлап ұластырған
«Қырымның қырық батыры» аталатын батырлық жырларды айтушылардың бірі болған. Қалнияз
жырлары «Аламан» (Ташкент, 1926), «Ақберен» (Алматы, 1972), «ХІХ ғасырдағы
қазақ поэзиясы»
(Алматы, 1985) жинақтарында жарияланған. Оның бұрын баспа бетін көрмеген біраз туындылары
Байғанин аудандық «Жем - Сағыз» газетінің 10 маусым 1992 жылғы 47 – санында
жарық көрді.
БИІК
ҚЫЛЫП СӨЙЛЕЙІН
Биік қылып сөйлейін
Асқардың ала тауындай.
Нөсерлетіп сөйлейін
Селдете құйған жауындай.
Тәтті қылып сөйлейін
Жаңа піскен қауындай.
Таза қылып сөйлейін
Бұлақтың мөлдір суындай.
Шыны қылып сөйлейін
Жіліктің аққан майындай.
Қылтыңдатып сөйлейін
Қысырдың емген тайындай.
Жылтылдатып сөйлейін
Сары алтынның буындай.
Сылаңдатып сөйлейін
Жалғыз үйдің қызындай.
Байұлыға белгілі
Ұстазым Тіней
Өгізбай.
Неше буын жыр төккен
Он екі баспа қобыздай.
Тосылып сөзден көрмеген
Адайда айтқыш Абылдай.
Шабатын жүйрік мен едім
Сөзге қамшы салдырмай.
Қаумалаған қарындас,
Құмарыңды сөзбенен
Кетейін неге қандырмай?!
АҢСАЙМЫН
АҒА –ЖЕҢГЕ ,АҒАЙЫНДЫ
Аңсаймын аға –жеңге,
ағайынды,
Қаумалап құрал қылған
маңайымды.
Жетіру, Әлім, Шөмен, Кіші
жүзде
Байұлы , сегіз арыс Адайымды.
Шыға алмай үйден ұзап мен
жатырмын,
Кетіріп науқас әлек
жағдайымды..
Тайсойған және ойлаймын Нарынымды,
Оймауыт, Қызылқұдық,
Жұрынымды,
Кешегі сауық етіп жүрген жерлер-
Жем ,Сағыз,
Елек,Қобда,Ойылымды.
Сарыарқа
сағымданып көрінгендей,
Созамын
кейде солай мойынымды.
Ішінде аға –жеңге араласып,
Кіші жүз, көрдім талай
жиыныңды...
Мен көріп торқалы той
томағасын,
Бергенмін сөзден шашу сыбағасын.
Аянып мерекеден қалғаным
жоқ,
Халқыма сөзім қадыр
ұнағасын...
Аралас Әлім,Табын ауылдасым,
Байұлы он екі ата
бауырласым.
Алшында аты мәлім
Есет,Тұрлан
Және де Байсал,Дәуіт
замандасым.
Үйірін, адам түгіл, мал да
іздейді,
Көңілім қалай сізді сағынбасын?!
Көзіме , қиял етсем,
елестейді
Кешегі шеру тартқан
көп жолдасым.
Не пайда бар болғанмен, жерім шалғай,
Қалекең
біліп жатыр көре алмасын...
... Белгілі белес-белес белесінде,
Белгілі жерлер жатыр әлі есімде.
Әулие атам
Бекет үйін салған
Оғланды ұшпа құлау еңесінде.
Ерлерден Атағозы
қалды дейді
Төменгі Бейнеу
мешіт төбесінде.
Бітіріп һақ бұйрығын Асар сұпы,
Дін ісләм қалған Бәйтіл
Мекесінде.
Баяндап ағаларым тұра
алмаған,
Бізден де, дүние, бір күн
өтесің бе?!..
ҚАЛНИЯЗ ЕДІМ КҮНІНДЕ
Қалнияз едім күнінде
Байұлы –Адай елінде.
Араладым Алшынды
Алланың берген демінде.
Сексеннен жасым асқансын,
Шал атанып бүгінде,
Жастағы сымбат бұзылып,
Еңкіш тартты белім де.
Бағы қайтқан бұлбұлдай
Сайрамай жүр-ау тілім де.
Ебі кетіп еріннің,
Үйлеспей қойды сөзім де.
Аға –жеңге алдымда,
Азайып жүр ғой теңім де.
Сәлемін сирек береді
Іні менен келін де.
Жастағы дәуір өткенін
Байқап жүрмін өзім де.
Қызыл жүзден нұр тайып,
Күңгірт тартты көзім де.
Базарым бастан сейіліп,
Жетімдік кірді көңілге.
Көрінбей қойды көзіме
Табында құрбым Адайбек,
Қосқұлақта Көтібар
Белгілі батыр ерім де.
Кім қалғанын білмеймін
Бұрынғы жолдас ерлерден
Маңғыстау ,Үстірт жерінде,
Елек ,Қобда, Жем ,Сағыз,
Атырау,Жайық өрінде.
Қадырлы аға –жеңгелер
Отырған талай төрінде.
Сағынған кезде осындай
Таппай жүрміз бірін де.
Келер еді бар болса
Сақау батыр замандас,
Бектілеу бастас інім де.
Қайран дүние, қайтейін
Балуанияз, Тұрманбет,
Қияр ма кісі өлімге?!
Амантұрлы,Қожалақ,
Бердалы,Есен ,Сүгір де!..
Бұрынғы еткен ерлерім
Атағозы ,Ер ,Лабақ
Қармыс пен Өмір,Темір де.
Жылқайдар мен Ер Төлеп
Қосылған талай дүбірге.
Құлыбек,Сары,Ер Төкеш,
Қалымдай айттқыш серім де.
Іздегенмен бұларды,
Таппаймыз қазір бірін де.
Асар сұпы, Самалық,
Атам Бекет әулие,
Баяны жоқ пәнисің,
Солардан қалған дүние!..
ЕЛІН САҒЫНЫП АЙТҚАНЫ
..Ата қоныс Нарында,
Нарында қоныс барында,
Жұрт сүйсініп даңқыма,
Отырдым сыйлы орында.
О күнде бүтін елдерім,
Бастары түгел ерлерім.
Халқым құрмет қылған соң,
Сөзіме ынтық болған соң,
Келтірдім сөздің өрнегін.
Байұлы ,Алшын аралап,
Көсіле шауып дүрледім.
Дәрежесі артық ханға да
Сөзбенен сойыл сермедім.
Арасында халқымның
Күнде қызық көргенім.
Жақсыларға серік боп,
Сайран етіп жүргенмін.
Тағдырдың ісі,қайтейін,
Туған елден бөлініп,
Бөліне көшіп бүлініп,
Өзге жерге келгенім.
Енді маған ел де жоқ,
Атырау, Орал көл де жоқ.
Атамекен кең қоныс,
Сағымданған бел де жоқ.
Қадірлесім, қатарым,
Аға –жеңге, сен де жоқ.
Іздеп барып көрерге,
Көріп сәлем берерге
Жүретін қуат менде жоқ.
Асылық сөзім болмағай,
Кемістік жағдай кімде жоқ?!
Халқымнан кімдер өткен жоқ,
Кімдерге зауал жеткен жоқ?!
Ағаларым кешегі,
Іздесем, бүгін тіптен жоқ.
Есен, Сүгір, Ер Жанақ,
Құлыбек, Сары, Қонайым,
Кенжебек, Төлеп, Ер Қармыс,
Атағозы, Шабайым,
Көк сауытты Ер Досан,
Белгілі батыр Мыңбайым-
Бұлардың бүгін бірі жоқ,
Қара жер жұтқан талайын.
Іні, келін, қарындас,
Қаумалаған ағайын,
Көре алмасам, қош болың,
Қалың Алшын,Кіші жүз,
Сегіз арыс Адайым.