(Мектеп-тегі Аманқос) -(9.02.1954ж. Жарқамыс ауылы, Байғанин ауданы) -тілші-ғалым, журналист, ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының мүшесі №1 Қарауылкелді орта мектебін (1971), Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Абай атындағы Алматы университетінің аспирантурасын (1986) бітірген. 1979-1981жылдары Алматы жоғары әскери училищесінде лаборант, 1981-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Тіл білімі институты Ономастика, Тіл мәдениеті бөлімдерінде аспирант, "Ана тілі" газетінде әдеби қызметкер, "Жалын" журналында бөлім меңгерушісі болды. 1996 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстаздық етеді. 1968 жылдан бастап Байғанин аудандық "Ленин туы", Ақтөбе облыстық "Коммунизм жолы" газеттерінде мақалалары мен түсірген фотокорреспонденцияларын жариялай бастады. Республикалық мерзімді баспасөз беттерінде А.Мектептің 100-ден астам ғылыми және ғылыми көпшілікке арналған зерттеу жұмыстары мен мақалалары жарияланды. Сонымен қатар, оның еңбектері "Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері", "Қазақ тілі жөніндегі революциядан бұрынғы зерттеулер", "Бес арыс", "Тіл тағылымы", "Аламан", "Халел тағылымы", "Бекет-Ата", "Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы", "Халел Досмұхамедұлының өмірі мен оның шығармашылығы", "Ұлттық рухтың ұлы тіні", "Байырғы түрік мәдениеті: жазба ескерткіштер" сияқты монографиялар мен анықтамалық сөздіктерге, ғылыми-танымдық жинақтарға, "Қазақ ұлттық энциклопедиясына" енді. А.Мектеп бірнеше халықаралық конференцияларға қатысып, таңбатану, ежелгі түрік жазуының генезисіне байланысты тосын ой тұжырымдарын ұсынды. Ол 2001 жылы Түркияның астанасы Анкарада өткен Исмағұлбек Ғаспрәлінің (Исмаил Гаспринский) туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналған симпозиумға қатысып, баяндама жасады, бұл баяндама ғылыми мәслихат қорытындысында жоғары бағаланады. А.Мектеп журналистика факультеті студенттеріне "Әлем журналистикасының тарихы", "Отандық журналистика тарихы", "Жазу тарихы және шрифтология" т.б. пәндер бойынша дәріс береді.
Шығармалары: "Қазақ көсемдері . Қазақ әдебиеті" 1982.26.11, "Айқап"- оқу-ағарту ісі хақында "Қазақстан мектебі" 1989 №4, 63-67 б., Қазақ жазуының қасиеті мен қасіреті "Жалын" 1996 №7-8 152-170 беттер, Қуғын-сүргін жылдары "Заң және заман", 1996 №1., 97-102 бет. "Көктен келген қонақтың хаты немесе көне түрік руникасының құпиясы" атты монографияға этнолингвистикалық тарихи пайымдама, "Зерде" 1998 №5-6., №7-8, 22-26 б. Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ баспасөзінің тұңғыш теоретигі "ҚазМҰУ хабаршысы" журналистика сериясы. 1999 №5 125-131 б. және басқалары. Х.Досмұхамедұлы -публицист. Қаз.Унив. 2002.А.