Ақбілек Айтжанова

   (1911 - 1992) Доңызтау өңірінде туып өскен, әйелдер арасынан шыққан ақын, сазгерлердің бірі. Ұлы Қазан революциясына дейінгі кезеңді көзімен көрген, көшпелі ауыл тұрмысын бастан кешірген, қазақтың ескілікті салт – дәстүрлерін жақсы білетін шежіреші, көрген – білгенін жүйелі түрде, майын тамыза баяндайтын көркем сөз шебері. Ақбілектің суырып салма ақындығы, әншілік өнері болды. Өзінің жүріп өткен өмір жолын, ондағы тарихи жәйттерді, қиыншылық кезеңді (колхоздастыру, байлардың мал – мүлкін тәркілеу, бай – молданы қудалау, аштық, соғыс) өлең жолдарымен өрнектеп, келістіре жырлайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жетім мен жесірдің көз жасын құрғатып, шерлі көңілдерін өз жырларымен жұбатты. Өз жанынан шығарған өлеңдерін әсем сазымен қоса айтқанда жабыққан жүректерге жол тауып, қамыққан көңілді жадыратты. Оймауыт, Дияр ауылдарында тұрды.
           
        ДОҢЫЗТАУ ТУРАЛЫ
Шошқакөл Доңызтаудың тиянағы,
Дауысыңды мен естимін қиядағы.
Қалқатай, жатыр ма екен,отыр ма екен
Секілді қаз балапан ұядағы.

Қара бұлт күркірейді жауарында,
Қара нар ыңырсиды сауарында.
Жігіттің иті қырын жүгіреді,
Басынан бақ дәулеті ауарында.

Сұрасаң руымды бабам Саяқ,
Ақшоқы екі бетің малға жайық.
Жігіттер, бұл өмірдің бәрі өткінші,
Бұл жалған көзді ашып жұмғандай –ақ.