Отызыншы жылдары қалыптасқан қазақ кеңес зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі Сақтаған Бәйішұлы марксизм-ленинизм институтын басқарады, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты редаторы болады. Осы кезде С.Бәйішев бірінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады.
Ғылымның аса ұйымдастырушысы, әйгілі журналист-публицист Бәйішев 30 жылдан аса халық қалаулысы міндетін абыроймен атқарып, шақырулардың бірінде республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда С.Бәйішев өз тілегімен майданға аттанады. Соғыс жылдарында бригаданың әскери комиссары, әскери құрама саяси бөлімінің бастығы, Қызыл Армия бас саяси басқармасының жауапты қызметкері болады. Соғысты рейхстагка шабуыл жасаған Үшінші екпінді армияның құрамында Берлин қаласында аяқтаған. Комиссардың жауынгерлік ерліктері 1-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және жауынгерлік медальдармен атап өтілді.
Соғыстан кейін С.Бәйішев Қазақстан үкіметі жанындағы Өнер істері жөніндегі басқарманың бастығы болады. Содан кейін тоғыз жыл бойы СОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалын басқарады. Нақ осы жылдары оның ғылыммен айналысу, республикада ғылымның қалыптасуына белсене қатысу жөніндегі асыл арманы жүзеге асады. Оның Қазақстандағы индустрияландыру жөніндегі алғашқы ғылыми еңбектері жарық көреді. 1948 жылы ол кандидаттық диссертация қорғайды.
Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының директоры болған кезде С.Бәйішев Қазақстандағы жұмысшы, социал-демократиялық қозғалыстың тарихын жазу, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, басып шығару жөнінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыс жүргізеді. Оның ұсынысы бойынша институтта арнаулы аударма секторы құрылды.
1956 жылы ол Қазақстан ғылым академиясының академигі әрі Академияның вице-президенті болып сайланады. Содан былайғы жерде оның бүкіл өмірі мен қызметі республикада академиялық ғылымның дамуымен біте қайнасады. Оның шырқау шыңға көтерілуі де осы тұс. Академияны оның негізін қалаушы аса көрнекті ғалым әрі ұйымдастырушы Қаныш Сәтбаев басқарған-ды. Ал, Сақтаған Бәйішев болса оның сенімді серіктерінің бірі ретінде Қазақстанның әйгілі қоғам танушы ғалымдарымен, әдебиет және мәдениет қайраткерлерімен қоян-қолтық еңбек етіп республиканың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға айтулы үлес қосады.
Көрнекті ғалым 300-ден аса ғылыми еңбек, 7 монография жариялады. Бұлар өз уақытымен үндес, сол дәуірдің және республиканың әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуындағы шұғыл қажеттіліктер талаптарына сәйкес келді.
Рсепубликада экономикалық ғылымды дамытуға және ғалымдардың лайықты ізбасарларын даярлауға сіңірген еңбегі де мейлінше зор. Мұның өзі әсіресе, оның Ғылым Академиясының вице-президенті міндетімен қоса бірнеше жыл бойы Қазақ ССР Ғылым Академиясының экономика институтын басқарған кезінде жарқын көрініс тапты. Сол жылдары С.Бәйішевтің тікелей басшылығымен одақтық Ғылым Академиясы жүйесінде Қазақстандық қоғамтанушылардың айқындамасы нығая түсті. Әсіресе, 60 жылдардың бас кезінде Қазақстанда экономикалық ғылымның дамуы көп ретте Сақтаған Бәйішұлының тәжірибесіне, табандылығы мен принциптілігіне байланысты еді.
Сол тұста С.Бәйішев Қазақ КСР-інің өндіргіш үштерін орналастыру, республиканың еңбек ресурстарын зерделеу және оларды қоғамдық өндірісте тиімді пайдалану, Қазақ КСР-інің экономикалық тарихы сияқты республианың экономикалық ғылымын дамытудың ірі де келешегі мол бағыттарын тұжырымдаудың көш басында болады.
С.Бәйішев бірнеше күрделі ірі ғылыми еңбектердің – «Қазақ ССР тарихы», «Қазақстан Компартиясының тарихы», «Коммунизмнің материалдық-техникалық базасы және оның Қазақстандағы экономикалық проблемалары», «Қазақстан халық шаруашылығының совет өкіметінің 50 жылында дамуы» сияқты еңбектердің кейбір тарауларын жазумен қатар, олардың редакторы болды.
«Қазақ Совет Энциклопедиясы» бас редакциясының мүщесі. Бірнеше еңбектері одақтық энциклопедиялық басылымдарда жарияланады. Халықаралық конгрестер мен симпозиумдарда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері шетел тілдеріне аударылды. (ағылшын, француз).
С.Бәйішев Қазақстан Компартиясы 2-12 съездерінің делегаты, 1-6 шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1938-75 ж. ККП ОК мүше болып сайланады.
Шоқан Уәлихнов атындағы сыйлықтың лауреаты. Октябрь революциясы, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Үкімет грамоталарымен марапатталған.
Ірі ғалым, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Сақтаған Бәйішев қазақ
зиялыларына тән, ізденістер мен қиыншылықтарға толы күрделі жолдан өтті. Бұл жолда ол өз халқына өмірдегі мұратына адал болды.
Оның ғылыми мұрасы, тынымсыз ізденісі және жемісті еңбегі өмірдің мәні ретінде болашақ ұрпақ үшін өнеге бола бермек.
Шығармалары:
Бәйішев С. В.И.Ленин және
советтік Қазақстанның гүлденуі .- Алматы: Қазақстан, 1969 .- 182 б.
Бәйішев С. Маркстік –
лениндік экономикалық теорияның өзекті мәселелері .- Алматы: Қазақстан, 1978 .-
218 б.
Баишев С. Вопросы социально
– экономического развития Советского Казахстана .- Алма-Ата: Казахстан, 1981 .-
294 с.
Бәйішев С. Тұнған байлық
өлкесі // Социалистік Қазақстан .- 1981 .- 1-3 қазан.
Әдебиеттер:
Ақтөбе: Энциклопедия .-
Ақтөбе: Отандастар-Полиграфия ЖШС, 2001.- 330 б.
Байғанин ауданы (1928-2008):
Энциклопедия .-Ақтөбе, 2008 .- 120 б.
Жамантаев М. Көзкөрген аға
еді: Академик С.Бәйішевтің туғанына 80 жыл толуына // Коммунизм жолы .- 1989 .-
29 сентябрь
Атағұлов А. Атақты ғалым,
қарапайым ұстаз (Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі С.Б.Бәйішевтің
туғанына 80 жыл толуына орай) //Ленин туы .- 1989 .- 10,14 октябрь
Қозыбаев М. Қошанов А. Ғалым
ғибраты // Жем-Сағыз .- 1999 .- 2 желтоқсан.
Дәуірінің дара дауысы //
Алтын Орда .- 2001 .- 19 қазан.
Нұршайықов Ә., Әйтімов З. Өз
дәуірінің өр тұлғасы еді (Академик С.Бәйішевтің туғанына 90 жыл толуына орай
өткен еске алу кешінен кейін туған ойлар) //Атамекен .- 200 .- 18 қаңтар
Берікұлы Н. Көшбасшы //
Ақтөбе .- 2004 .- 28 қазан
Есімі мәңгі ел есінде:
Жерлесіміз, академик Сақтаған Бәйішевтің туғанына 100 жыл толады // Жем-Сағыз
.- 2009 .- 23 сәуір
Қошанов А. Сақтаған Бәйішев
– ғибратты ұстаз,қайраткер // Ақтөбе .- 2009 .- 24 қыркүйек
Сақтаған Бәйішевтың 100 жылдығына арналған.