(3.03.1959, Жарқамыс) -ғалым, филолог, лингвист. А.С.Пушкин атындағы орта мектепті (1976), №19 кәсіптік-техникалық училищені (1977), Орал педагогика институтын (1984), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің аспирантурасын (1999) бітірді. Еңбек жолын орта мектеп бітірген соң "Алтай" совхозындағы "Жас толқын" комсомол-жастар бригадасы құрамында шопан болып бастады. 1977-1979 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін он жыл А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде мұғалім, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Бұдан кейін Ақтөбе ауданындағы Қарғалы орта мектебінде ұстаздық етіп, 1994 жылы Ақтөбе педагогика институтына оқытушылыққа ауысты. Сәдуақас Н.Ә. 1999 жылы қазақ тілі мамандығы бойынша "Профессор Қ.Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қазақ тілі дыбыстары жіктемінің негіздері" тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.
Қазір ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті. Сәдуақас Н.Ә. "Профессор Қ.Қ.Жұбановтың қазақ тілі фонетикасы саласындағы еңбектерін оқыту" (Ақтөбе, 2001), "Қазақ тілін оқыту әдістемесі: фонетикадан практикалық сабақтар", "Студенттік педагогикалық практикасы" деп аталатын көмекші оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың, сондай-ақ республикалық, облыстық баспасөзде жарияланған 20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. Ол қазақ тіл білімінің фонетика, фонология салалары жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын оқытушылық еңбегімен ұштастыра жүргізіп келеді.