Жанкелді Алпысбайұлы

   (1904 – 1986) Доңызтау, Оймауыт өңірінде туып өскен ақын. Ұзақ  жылдар бойы шопан болған. Оқымаған адам болса да, көкірегі ояу,  өлеңді суырып салып айтатын өнерлі кісі болды. Өлеңдерінің бірқатары хатқа түскен, біразы ел аузында сақталған. Өзі туралы айтқан жыр жолдарына үңілгендер оның ертеректе айтысқа да түскендігін аңғарады. Елуінші жылдардың аяғында, алпысыншы жылдардың басында Доңызтау өңірі әскери ведомствоның қарамағына беріледі де, ондағы байырғы халық Оймауытқа еріксіз көшіріледі. Көшкен елдің кәрі-жасы, кіндік кескен жерімен қимай қоштасады. Осы бір жан толқытар жағдайға Жанкелді ақын да бей-жай қарай алмады. Оның «Доңызтау» атты жыры осы оқиғаны баяндайды. Бұл жырда Жанкелді ақын туған жерінің бедерін көз алдына келтіріп, бейнелейді.
                                   
                             
                                     «Доңызтау»
Жау қайырып мұқатқан,
Батыр жігіт ер еді.
Домбыра салып ән салған,
Жігіттің тәуірі сері еді.
Ат байласа семірткен,
Құмайдан тазы еріткен,
Доңызтау жақсы жер еді...

Сөз тыңдасаң туыстар,
Туып өскен жеріңді,
Айтып ағаң береді.
Ақ саусақты сабындап,
Беті-қолды жуған жер.
Ұмытылмайды туған жер.
Қызыл алтай түлкіні,
Тазы қосып қуған жер.
Егін гектар еккен жер.
Арпа – бидай сепкен жер.
Отан үшін армия,
Көшірді деп сөкпеңдер...

Туған жерім Доңызтау,
Айтамын сөзді арнайы.
Шаш бидайық көк өлең,
Сиыр малдың жағдайы.
Таңдайыңнан кетер ме,
Сипараттың сармайы.
Күн әсетке толғанда,
Пісуші еді сарғайып,
Қауыны мен бидайы...

Шеберлерден үлгі алған,
Ақындардан сөз қалған,
Өлең бір ертіп артыма,
Жастарға тастап кетейін.
Тәңірі берсін аброй,
Ел бастаған еріне,
Әркім ойлап күледі,
Өзінің қатар теңіне,
Жарасады ер-тоқым,
Жүйрік аттың беліне.
Қоныстанып жатырмыз,
Оймауыт, Ақтам жеріне...

Кіндігңді кескен жер,
Туып та өскен қонысы- ай.
Қоныстан елді тайғызды,
Армия заңға дұрыс – ай
Ащы бұлақ, Қаратау...
Шағырай менен Сандықтау.
Қайырлы болсын қонысың,
Енді жоқ бізге Доңызтау!