Қолөнер шеберлері



  Басшыұлы Қарамұқан                                                          (1.01.1901, Оймауыт, - 22.03.1982, Байғанин поселкесі) – шебер, ағаштан түйін түйген ісмер. Оймауыт маңындағы «Басшылық тақыры» аталатын жерде дүниеге келген. Жасынан қолданбалы өнер түрлерін үйренуге құмар болып өсті, ат әбзелдерін, сандық, кебеже, жастық ағаш, адалбақан сияқты тұрмыста қолданылатын заттар мен киіз үй жабдықтарын жасады. Қазан төңкерісінен кейін, 1930 жылдары колхозға мүше болып кірді. Көп жыл бойы «Амангелді» колхозында ұста, малшы, ферма меңгерушісі, кейін дүкенші болды. Басшыұлы Қарамұқан – айтулы шеберлердің бірі. Ол темір, ағаш, сүйектен көптеген бұйымдар, музыкалық аспаптар жасады. Оның қолынан шыққан домбыралар Қарауылкелді тұрғындарында бар. Ал Сибирьден алдырған бұғының мүйізімен сүйектеген ер – тұрманы аудандық мұражайда сақтаулы. Басшыұлы Қарамұқан етік тігумен де айналысқан, үй жиһаздарын жасаған. Ол өзі жасаған домбыраларының дыбыс үндестігін келтіріп, әуенді шығуына мән берген. Өзі де көптеген күйді шебер орындайтын дәулескер домбырашы болды, күйлер тарихын жақсы білді, шахмат ойынының білгірі болды.
Картинки по запросу узоры рамки

             Айымбетова Тоқтар Сайыпқызы                                                (1914, Табын ауданы, №10 ауылдық кеңес- 21.07.1980, Байғанин  поселкесі)  қол өнер  шебер, үй жиһаздарын жасаушы.  Бала  кезінен  қолданбалы өнер түрлерін үйренумен айналысқан. Түрлі-түсті  текеметтер, сырмақтар, тұс  киіздер, құстаңдай  және қошқармүйіз  өрнекті  алаша мен сандық  қап дайындап, шекпен тіге білген. Айымбетова Т.С. жасаған  текемет, алаша  және басқа да  бұйымдарда ұлттық  ою түрлері (қошқармүйіз, сыңар мүйіз, ирек, үшбұрыш  т.б.) айрықша шеберлікпен, дәлдікпен  бірі  біріне жарасымды үйлестікпен өрнектелген, бояулары  дұрыс  таңдалып, істелген зат реңіне әр берген.  Шебердің  дайындаған  бұйымдары  Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұражайы мен Ақтөбе облыстық тарих- өлкетану мұражайының  қорларында сақтаулы. Оның қолөнер туындылары кезінде республикалық, одақтық, халықаралық көрмелерге  қойылады. 
Картинки по запросу узоры рамки

                       
   Оразов  Қали   

 (1898 жылы, № 2 ауыл, Байғанин ауданы – 1973, Байғанин ауылы) – зергер, күйші, орындаушы. Әкесі Медетов Ораз, ағасы Қозыбай елге танымал зергер болған. Оразов Қали солардан іскерлікке үйренген. Зергерлік өнерді шебер меңгеріп, білезік, өңіржиек, ілгек, сырға, жүзік, сақина, қапсырма, алқа сияқты әсемдік бұйымдарын жасаған. Алтын, күміс, басқа да металдарды пайдаланған, осылардан жасаған заттарына әсем бедер, айшықты өнер салған. Сонымен қатар, Оразов.Қ шебер орындаушы – виртуоз күйші болды. Оның репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркештермен бірге Есір, Қазанғаптардың туындылары да болды. Есірдің күйлерін Жем – Сағыз өңіріне алғаш таратқан да Оразов Қали.



                                                 Оңғалиев Тәжіғали 
(1888 – 1974) – Байғанин ауданында өмір сүрген ұста, зергер, ағаш шебері. Жас кезінен бастап зергерлік өнерімен айналысты. Күмістен білезік, сақина, қапсырма ілгек, шолпы, өңіржиек т.б. жасады. Кейін Байғанин ауданындағы "Қызылту" колхозында жер жыртатын сабан, шөп шалғы, арба, атшана басқа да шаруашылыққа қажетті заттар жасады. Оңғалиев.Т соққан екі сақинаға қосарланған күміс білезік Алматыдағы орталық мемлекеттік мұражайда, бірқатар бұйымдары Ақтөбе облыстық тарих - өлкетану мұражайында сақтаулы. Шебердің істеген бұйымдарындағы ою өрнек, бедер түрлері өзіндік үйлесіммен ерекшеленеді.

                 
                      
                                                      Әбдешов Абылай 
1895 жылы туған. №5 Көкбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты «Жайылма» колхозында колхозшы болған. Темірден түйін түйетін шебер адам болғандықтан, соғысқа дейін осы ауылдың ұстасы болып еңбек еткен. 1942 жылы соғысқа алынады. Қоршауға қалып, немістерде тұтқында болады. Кеңес армиясы азат еткеннен кейін елге оралып, бейбіт еңбекке араласады. 1958 жылы қайтыс болады. Өмірінің ақырына дейін «Көкбұлақ» колхозының ұстасы болған ол, ауылдастарының айтуынша, еңбек етуден ерінбеген жан екен. Бір жазда зайыбы Зібира екеуі бір мектеп пен бір клуб үйін салып шығыпты. Әрине, шағын құрылыстар болғанмен, қаншама күш – жігер жұмсалғанын аңғару қиын емес. Колхоз өндірісінің дамуы осындай жанкешті адамдардың ерен еңбегі арқылы жүзеге асырылғаны рас. Әбдешов «Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталған. Оның қолынан шыққан зергерлік бұйымдар кітапқа еніп отыр.

                                 
Қасенов Құтым
1946 жылы 3 шілдеде Жарқамыс ауылында медицина қызметкерінің отбасында туған. Жарқамыста жеті жыл оқып, онжылдықты Қарауылкелдіде аяқтайды. Еңбек жолын аудандық тұрмыстық қамту комбинатында ағаш шебері болып бастайды. 1966 жылдан 1996 жылға дейін Қарауылкелді жылжымалы құрыс колоннасында құрылысшы болып еңбек етеді. Ағаштан түйін түйетін шебер азамат 1996 жылдан бастап домбыра жасаумен шұғылданады. Сол жылы домбыра жасаушылардың республикалық үшінші «Үкілі домбыра» атты байқау – бәйгесіне қатысып, сарапшылардың жақсы лебіздеріне ие болады. 1998 жылы ұлы күйші – композитор Құрманғазының туғанына 175 жыл толуына орай Атырау қаласында өткен конкурста Құтым жасаған домбыралары үшін Қола жүлдегер атанады. Ал 2001 жылы Республика Тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты Алматы қаласында өткізілген «Үкілі домбыра» конкурсының күміс жүлдегері болып, жеңістің екінші сатысына көтеріледі. Құтым домбыраны кез келген ағаштан жасамайды. Қажетті материалдарды іздеп, қымбаттығына қарамай сатып әкеледі. Әрине, жол шығыны, материал құны аз қаржы емес. Солай болса да, өзінің табиғат сыйлаған дарынын көрсету үшін осының бәріне тәуекел етіп келеді.
Қасенов Құтым тек ағаш шебері ғана емес, құрылыс жұмысының қай түрінің де маманы. Ол – тас қалаушы, сылақшы, бояушы, пеш салушы. Кемерши ауылында тұрғызылған Ермағамбет ишанның мешіті де осы Құтымның шеберлігінің куәсі. 2001 жылы ол ауданның «Жыл адамы» атанды.