1966 жылы қарашаның 22-сі күні Қызылбұлақ ауылдық округінің Кемерши ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне 1988 жылы үздік бітіріп шығады. Сол жылы аудан орталығындағы №1 Қарауылкелді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып орналасады. Ал 1990 жылы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтының қазақ тілі кафедрасына оқытушылыққа қабылданады және аспирантураға түседі. 1995 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында "Қазіргі қазақ тіліндегі есім баяндауыштар" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасында доцент. "Тұрлаулы мүшелердің граматикалық формалары", "Қазіргі қазақ тіліндегі есім баяндауыштар", "Грамматикалық анықтағыш", "Қазақ тілі терминдерінің салалық түсіндірме сөздігі. Әскери іс". Атты ғылыми, анықтамалық еңбектердің, сондай-ақ жиырмадан астам ғылыми мақалалардың авторы. Қазақ тілінің синтаксисі, функционалды грамматика мәселелерімен шұғылданып жүр. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім Министрінің "Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан зор үлесі үшін" арнайы алғыс хатына ие болған. 2007 жылы мамыр айында докторлық диссертация қорғап ғылым доктыры атағын алды.
Ермекова Тыныштық Нұрдаулетқызы – жоғары оқу орындарында қазақ тілі мамандарын даярлауға елеулі еңбек сіңіріп, қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша іргелі зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген тілші-ғалым. 2004 жылдан бастап Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.
Профессор Т.Н.Ермекова “Қазақтың тілші ғалымдары”, “Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлемі”, “Қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар”, “ҚҚТ синтаксис” пәндері бойынша студенттер мен магистранттарға дәріс оқиды.Т.Н.Ермекова қазақ тіл білімінің көкейтесті мәселелеріне арналған 100-ден астам мақала мен мектеп және жоғары мектепке арналған 30-ға жуық оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. 2008 “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” грантының иегері. Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Т.Ермекова 12 жылдық білімберу iciнe де белсене араласады. 1-4-сыныптарға арналған оқулық кешендері республика бойынша 26 мектепте сынақтан өтіп, оң бағасын алуда.