Кенжебаев Кенжеғали

     
1953 жылы 6 қаңтарда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Жаңажол орта иектебін, 1974 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын, Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік универститетінің аспирантурасын 1984 жылы, осы университеттің докторантурасын  1995 жылы тәмәмдады. Жоғары оқу орнын бітірген соң Ақтөбедегі №12 орта мектепте, Жезқазған педагогикалық институтында оқытушы, Ақтөбе педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент қызметтерін жасады. 1995 жылдан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Ғалым К.Кенжебаевтың 60 - тан астам ғылыми еңбектері ТМД елдерінің басылымдарында жарық көрді, олардың бесеуі монография мен оқу - әдістемелік кітаптар. Оның жетекшілігімен дифференциалдық теңдеулердің сапалық теориясын зерттеу және басқарудың математикалық теориясының кейбір есептерін талдап жасау жөніндегі ғылыми мектептері қалыптасты. Ғылым 1999ж. Копенгаген (Дания), Мәскеу(Ресей), Дюссельдорф (Германия) қалаларында өткен халықаралық симпозиум мен ғылыми конференцияларда мазмұнды баяндамалар жасады, дифференциалдық теңдеулер, алгебра және талдау проблемаларына арналған ғылыми конференция өткізу дәстүрге айналған. Ғалым ғылыми ізденушілер мен аспиранттарға жетекшілік етуде. Оның жетекшілігімен бір докторлық, сегіз кандидаттық диссертация қорғалды. Жүзден астам ғылыми, оқу әдістемелік оқулықтар авторы. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік универститетінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және ондағы ғылыми зерттеу, әдістемелік жұмыстарды өрістетудегі зор еңбегі үшін ол 1998 жылы Ақтөбе облысының "Жыл адамы"  атағын иеленді, "Қазақ тілі" халықаралық қоғамының облыстық бөлімшесінің төрағасы. 1999 жылы Байғанин ауданы халқының сеніміне ие болып, облыстық мәслихаттың депутаты болды. Сонымен бірге ғылым және білім саласындағы еңбек үшін "Астана", "Тәуелсіздіктің 10 жылдығы" медалдарымен марапатталды. Бүгінгі таңда ғалым Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті Академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының толық мүшесі, және осы Академияның Ақтөбе филиалының төрағасы және ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі. Математика саласына қосқан үлестері үшін Украина ҰҒА-ның М.Остраградский атындағы алтын медалімен (2002) жылы Н.Н.Боголюбов атындағы естелік-медалімен (2002), Қазақстан ҰЖҒА-ның Әл-Фараби атындағы қола медалдарымен (2010) марапатталған. 2012 жылы "ҚР Білім беру ісінен және ғылымына еңбегі сіңген қызметкер" атағына ие болды. "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" К.Кенжебаев туған жердің тарихын таразылауда халқымыз тарихын зерделей зерттеп, терең білуі, Әбілхайыр ханның оң қолы, өңірімізде тәуелсіздік туын желбіреткен Табын Бөкенбай батырға қатысты Ресей архивтерінен құжаттар тауып, оның негізінде жазылған алғашқы кітабын жарыққа шығарды.

К.Кенжебаевтың ғылыми еңбектері: 1 Конструктивные методы анализа периодических и многоточенных краевых задачи. 2.Методы конструктивного анализа решений краевых задач для систем дифференциальных  уравнений. 3.Периодты, көп нүктелі шекаралық есептер анализінің конструктивті әдістері. 4.Дифференциальдық теңдеулер және математикалық физиканың көкйтесті мәселелері. 


Асуды бағындырған ауыл баласы
һәм биікке бастаған баспалдақтар
         Ректор. Ғалым. Азамат. Үлкен құрметке лайық осы бір үш мәртебелі атау, биік зердесі үлкен ғылымда өзіндік із қалдырып, бойындабар талант-қабілетті, іскерлігімен білім саласында қызмет етіп жүрген тұғырлы тұлға Кенжеғали Кенжебаевқа тән танымалдық белгісі. Сондықтанда ол туралы жазылған деректі повесті ақтөбелік оқырман назарына ұсынуға ұйғардық.  Ондағы мақсатымыз-қолында билігі бар, лауазымдық дәрежесі жоғары танымал тұлғаны мақтап дәріптеу емес, ұлттық құндылықтардан ажырамаған, рухы биік, өркениеттің озық жаңалықтарына құлағы түрік отаншыл азаматтың кешегі һәм бүгінгі тірлігін баяндау, сол арқылы жас ұрпақты «елдің бетке шығар қаймағының бірі» атанған ұстаз-ғалымның үлгісінде тәрбиелеу. Ендеше, повесть кейінкері Кенжеғалидың өмірі мен қызметі жөнінде шығарма авторы өзінше пайымдап жазған осынау туынды өз тілінде сөйлесін:

      «Алып анадан туады». Бұл –халық сөзі. Ал, егер осы сөздің түп –төркініне үңіле қарасақ, оның астарында боямасыз үлкен шындық жатыр. Ол шындық Ұлы Отан соғысынан сегіз жыл кейін ақ дүниеге іңгәлап кеп, жөргегінде бұландай бұлықсыған сәбиінің болашақта ия «ғалым», ия «ғали» болатынына күмәнсіз сенген екі адамға қытысты шындық. Олардың бірі бауырына қысқан балдырғанының бас амандығын Алладан сұраған Ақбияз ана болса, екіншісі-бес айлық бөбегіне «Кенжеғали» деп ат қоюға ғана үлгеріп, соғыстан алған ауыр жарақаттан ақтық сапарға аттанып кете барған майдангер- әке Кенжебай болатын. Дүниеден мезгілсіз озған жұбайының аманатын арқалап бір үйдің әрі отағасы, әрі отанасы боп қалған Ақбиязға өмірдің алдынан шыққан алуан түрлі қиындығымен айқасқа түсуден басқа амал да қалмаған-ды.
      Ерінен ерте қалған жас келіншек белін бекем буып, колхоз жағдайында қай істің қолайы келсе, сол іске еңбек торысындай жегілді. Жылдың төрт мезгілінде қайталанып келе беретін науқандық жұмыстардың бірде-бірі Ақбиясыз бітпеді.
    Бозала таңнан, көз байланған уақытқа дейін не егістіктегі (ол кезде Доңыздауда басында баданадай  дәні бар бидай өсіріліп, сол бидай бүкіл Байғанин ауданын нанмен қамтамасыз ететін), не мал жайылымындағы, не қырықтық басындағы, не шөп ауылдағы күнделікті тірліктен дамыл таппай жүрген Ақбияз әрқашан өзін сергек ұстап, елмен етене араласты, көрші-көлем, ағайын-туманың қай-қайсымен де тіл табысып тонның ішкі бауындай қатынас орнатты, балаларын да жұмысқа тартып олардың еңбекпен есеюіне, елмен бірге колхоз-совхоздың сан алуан шаруасын тындырып, табыс табуына ұйытқы болды.
        Әрі көрікті әрі сымбатты Биентай (ауылдағы қатар-құрбысы  Ақбиязды көбінесе Биентай деп атайтын) өз отбасында өмірлік серік болар ер адамның орны толмай-ақ тұрса да, екінші бір азаматпен некелесуді мүлде ойына алған жоқ, тұрмысында да ешкімге жалтақ болмай тік жүрді, тура  жүрді. Ерлермен ер адамша, әйелдермен әйелше сөйлесті. «Бөріктілермен тіл қатысқанда қайсыбір «орамалдылар» сияқты жеңіл ойға берілмеді, олар айтқан болар айтқан болмашы нәрсеге сықылықтап күлмеді. Тек әрқашан орынды айтылған әзіл-қалжыңға, ойнақы сөз, әсем жымиыспен жауап берді. Аттылыны да, жаяуды да, бастықты да, басқаны да ақыл-парасат, көркем мінезіне қоса, «Әдемі әйел» деген атқа лайық басқа да арулық қасиеттерімен өзіне тәнті етті.
       Бүкіл өмірі мен бар тірлігін балаларының ат жалын тартып мінетін азамат болуына, адал болуына, бақытты болуына арнады. Өзімен қатар жүрген ауылдас әйелдердің арасынан Ақбияз не айтса да, тауып айтатын ділмәрлігімен, көрген-білген, естігенін тыңдаушысын қызықтырып, қыздырып, сүйсінтіп айтатын шешендігімен айрықша көрінетін. Ол ауылдың әр үйін өзінің келуімен қуантқаны былай тұрсын, бала-шағаларын әкелген әртүрлі базарлығымен әрқашан мәз ететін. Сондықтан да өздерін келген сайын рухани әңгімемен «байытып» кететін Ақбиязды үлкендер қалай құрметтеп қадір тұтса, балалар қауымы «Ақапа қашан келеді, қашан келеді?» деп қай уақытта да асыға күтетін. Өзін елдің пошташыны күткендей қашанда күтіп отыратынынан ауылдастары арасында абырой-беделі жоғары екенін, өз туыстары, жақын жуықтарына ғана емес, өзге жұртқа да сүйкімді әрі керек адам екенін іштей сезетін және «дәмді жеміс өсірдім бойы өссін деп баланың, дәмді сөзді үйреттім ойы өссін деп баланың» деген Ыбырай сөзін өмірінің қағидаты ретінде ұстанған Ақбияз өз балаларына да талай-талай аңыз-әңгіме, ертек айтуға еш уақыт сараңдық жасамайтын.   
         Тірлікте қалыптасқан сол дағдысымен көктемнің жазғы жалғасқан жаймашуақ бір күні ол, он жасқа енді ғана толған ұлы Кенжеғалимен ауылдың оңтүстік жағындағы биік жалдың басына шығып, тұңғыш рет туған жері Оймауыт туралы төмендегі аңызды тебірене айтты: «Сонау бір бағзы заманда Асан Қайғы желмаясымен Жерұйықты іздеп шығады. Сағыз өзінен сау желдіріп өткеннен кейін, осы маңдағы Мастағатқа аз-кем аялдапты. Тоқтаған жерде түйесін шөгеріп Абыз ата жан-жағына қараса, төңірегіндегі табиғат көз қуантарлықтай таңғажайып күйде, тамылжып тұр екен. Алдында ат шаптырым жерге дейін көсіліп, алқызыл гүлге толы көк-жасыл алаңқай жатыр. Даланың осы бір сұлу суреті мен әсем көркіне қатты сүйсінген Асан ата «Ой, мына жер, құдды, мауыт ғой, ой, мауыт қой, мына жер» деп қайта-қайта қайталап, басын шайқап тамсана таңдай қағыпты. Міне, сол ықылым заманнан бері, сен туғанбұл жер Оймауыт деп аталады. Сол уақыттан бері бұл мекен адам аяғы құрғамаған құтты мекен» Қаладан әбден ерқашты боп ауылды аңсап келген келесі бір сапарында анасы Кенжеғалиді ата-бабалары жерленген киелі қорымға апарды.Әруақытарға құран бағыштап, дұғасын оқып болғаннан кейін Ақбияз: «Кенжеш, -деді бейіттер жатқан төбеден мұнартқан көкжиекке көзін қадап,- сенің мен жағынан түп нағашың Мәні, Шаған өзендерінің бойын жайлап, Бақыр, Қаршатау өңірін қысы-жазы қоныс еткен Табынның Бозымы, оның ішінде Барық балуан, Сол Барық бабаң қалың жұртқа Қаражон деген лақап атымен белгілі.
     Атекемнің  Қаражон атануы турасында ел ішінде бірі аңыз, бірі ақиқат екі әңгіме бар. Біріншісі-бір күні көрші ауылдағы кезекті асқа келе жатқан көп адам құба жолдан бірде ат ізі, бірде адам ізі боп түскен бір ізді байқайды. Бәрі де «бұл қалай?!» деп таңданады. Сөйтіп, аң-таң боп келе жатқан жұрт біраздан кейін, алдарында атын арқасына салып аяғын маң-маң басып келе жатқан бір жолаушыны көреді. «Ау, ағасы мынауың не?» дейді жүргіншінің бірі оның арқасындағы атқа таңдана қарап. «Бұл менің мініс атым ғой, кейде ол шаршайды, кейде мен шаршаймын. Ол шаршаған сәтте мен оны осылай қара жоныма салып аламын да, көтеріп әрі қарай қозғалам» деп жотасына жайғасқан құлан жалды қара дөненді жерге жәйлап түсіріп жалынан сипап тұрыпты. Асқа келе жатқанадамдар ат жанындағы жігіттің еңгезердей пішінін көріп «Ой, шіркін- ай, мына жігіттің қара жоны, шынында, мықты екен, атының да есік пен төрдей тұрқы иесіне сай екен» деп қайран қалыпты. Атамыз содан Қаражон атанып кетіпті. Ал, біз болсақ, Кенжешжан, сол Қаражон атадан тамыр тартып, өзбіген ұрпақпыз.
     Өзің де білесің, менің Алматыда тұратын інім «Қазақстанның түйе палуаны» Аманатай Қарақовты. Жұрт алып тұлғасымен атан түйені алып ұрар қайратына қарап «бүгінгінің Барық палуаны ғой» дейді. Халық айтса, қалт айтпайды. Амантай бауырымның сол бабасына құсап туғаны, шынында, рас. Себебі Амантай нағашың түрі де, тұлғасы да, адамдар айтса айтқандай-ақ, ерекше, ел арасында ілуде бір кездесетін дәу жігіт, қазақша айтсақ «Нән қазақ», қырғызша айтсақ «Шоң қазақ», әсіресе, көршілер көшіп-қонғанда қолға түсіре алмайтын қайратты жігіт, сондықтанда болуы керек жеңгелерінің бірі оған «Таусоғар» дегенатты, екіншісі «Толағай» деген атты жайдан-жай қоя салмаған, -деді Ақбияз ана өз туғанын зор мақтаныш тұтатынын аңғартып.
        Ал, атаң туралы екінші әңгіме-сол атаңның елжандылығы, қайырымдылығы, адалдықтың ала жібін аттамай, адамдарға тек «болсын» деумен ғұмыр кешкендігі жайлы ақиқат, ауыздан ауызға тарап, бүгінге жеткен шындық. Өйткені Барық бабаң мал жұтқа ұшыраған кезде аң аулап, құс салған, балыққа ау құрып бір қауым елді жалғыз өзі асыраған Жеке батыр және өзі қайда барса да үлкен олжамен қайтатын, қанжығасы қашан да қанды, қазаны да майлы аңшы-саятшы-балықшы болған кісі. Ол кісі айтушылардың әңгімесіне қарағанда, сонау бір қиын кезеңдерде тіпті Маңғыстаудағы Шерқала, Оғыланды сияқты таулы-жартасты аймақтан да арқар аулап, алған олжасын түйеге артып Оймауыт-Матайдағы еліне жеткізеді екен. Атаның осы тірлігінің өзі біле-білген адамға ел-жұртын, ауыл –аймағын жұттан, жоқшылық, ашаршылықтан әрқашан аман сақтап қалған батыр-бабаның кейінгі ұрпақ үлгі тұтар қадір-қасиеті емес пе? Мен қазір өз бауырымнан шыққан тек сендер ғана емес, күллі қазақ баласы сол Қаражон палуандай қайрат иесі, ел десе жанын аямай, ішер асын жерге қояр ер болса екен деп тілеймін-деп Ақбияз ана әңгімесін аяқтап, шәйі орамалымен маңдайын сүртті.
       Ақбияз ана тек қана ескі шежіре, тарихи аңыздардан әңгіме желісін тарататын ғана адам  емес-ті. Ол  өз тұстастары туралы және қоғамға қалтқысыз қызметі халық жадында сақталған қайсар азаматтар жайында да тындаушысын әпсәтте еліктіріп әкететін естеліктерді де шебер айтатын әңгімешіл кісі еді.Анасы айтатын естеліктерден Кенжеғалидың есінде қалғаны кезінде елдің игі жақсысы атанған басқама Сұлтан Аманғосов туралы әңгімесі. Бар күні Алматыдан ауылға кезекті демалысқа келген баласы, үйдегі ескі альбомның ішін ақтарып, әрбір суретке айрықша мән беріп қызыға қарап отырды. Сол шақта «Кенжеш,-деді анасы ұлына қарап:- сенің әкеңмен көңіл тату, үзеңгі дос, қарат құрдас болған адамдар аз емес қой. Алайда, солардың ішінде Сұлтан Аманғосовтай әкеңнің (күйеуінің құрдасын қазақ әйелі өз балаларына «ол да сенің әкең» деп кішкентайынан үйрететін әдет бар) орыны бір бөлек қой, соны есте сақтасың және ол кісінің үлгі-ұлағатын да бір адамдай бойыңа сіңірсең артық етпейді. Себебі халықтың қалаулысы болған ел ағаларын танып-білудің өзі «өсемін» деген жасты өрге бастайды емес пе?
        Біздің бүгінгі Оймауыт Сұлтекең басқарған сонау бір кездегі «Жамбыл» колхозының ізі ғой. Құла дүз, жапан далада тұңғыш рет колхоз құрып, елді жаппай еңбекке жұмылдырған, жоқтан бір, бардан нар жасаған абзал азамат еді, шіркін, Аманғосов. Сөйлесе сөзге шешен, тыңдай қалса, ойы көсем, адамның ішкі дүниесін ниет-пейілін жүрегімен сезетін, мінезі қашан да жәйлі, кәріге де жасқа да әруақыт сыйлы, жетекшілік іске аса қабілетті кісі болатын. Марқұм өз тұсында елдің ернін аққа тигізді, ел басқаруға икемді деген жігіттерді асқа мінгізді. Өзі соғысқа қатысып, майдан алаңында қауіп-қатердің қай қайсысын да басынан өткерген, қанды жорықта жолдасын жауға тастамаған, өзі басқарған әскери бөлімшені сан мәрте қоршаудан аман алып шыққан өжет командир болыпты. Сол сардарлығы кейін колхоз шаруасында да пайдаға асты ғой. Ерен еңбегінің арқасында Сұлтекең үлкен мемлекеттік наградаларға әлденеше рет ие болды. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің, облыстың маслихаттың депутаты болып әлденеше рет сайланды. Өмірде шын мәніндегі халық  қалаулысы болды.
       Сенің бала кезіңде жарықтық жұмыстан қолы босаған кейбір кеште әкеңді еске алу үшін «Кенжебай құрдасымның рухы риза болсын деп келдім, бәйбіше, айыпқа бұйырма, қандай көмекке зәрусің?» деп есікті айқара ашып бір –екі қызметтес жолдасымен үйге соғатын. Төрге жәйлап жайғасқаннан кейін дастархан басында өзі үздіксіз тартатын «Қазбек папиросының немесе Сталиннің сүйіп тартатын сигареті «Герцоговиня Флордың» будақтаған түтінімен бөлмеге бір «кішкентай бұлт» орнататын. Кей сәтте жанындағы жігіттермен «наркомовский стограмды да» орнынан тұрып: «Наше дело правое, мы победим?», «Скоробим по нашим» деп бір-бір реталып жіберетін де, сонан соң кешегі ұлы соғыс, одан кейінгі қиындықтар, бүгінгі шаруашылық жайлы таусылмас әңгіме шертетін. Сөйтіп отырып «Ақбияз, мына балаң мендей әкесіне ұқсасын, сонда жерде қалмайды!» деп сенің де ауызыңа талай рет түкірді ғой, жарықтық. Мен де оның бұл ырымын жақсыға балап «Сұлтекең қазақтың азаматы, қазанаты  ғой топ жарған, Кенжешжан бұл «әкесіне» ұқсаса да жаман болмас» деп әркез жылы қабылдайтынмын.
        Ұмытпасам Сұлтан Аманғосовтың аты 61 жылдың 21 наурызында Қазақстанға Өңдірістік кеңес өткізуге келген Н.С.Хрущевтің баяндамасында жақсы аталған-ды. Сол жиында баяндамасын оқып тұрып партия көсемі үлкен трибунада «СССР дағы ең арзан, әрі жоғары сапалы қой еті, құрметті жолдастар, осы сіздің  республикада нақты айтсақ, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Жамбыл атындағы колхозында, (басқармасы Сұлтан Аманғосов) деп  залға Сұлтанды  көзбен іздегендей бір қарап алды да, -бұл шаруашылықтың тек қана бір өзінде 54 мың бас қой өсірді. Соған қарағанда, қазақстандықтар, сіздерде мал санын әлденеше есе көбейтуге жағдай туғызатын әлі де талай мүмкіндіктер бар» деген еді. Біздің бұл сөзді сол кезде «Социалистік Қазақстаннан» оқып, бүкіл ел болып қуанғанбыз. Осы кеңестен кейінгі бір жылы Оймауыттың құнарлы жайылымдық шөбін қоғамдық малға тиімді пайдалана білген Ленин орденді Сұлтекең басшымыз колхоздағы қой санын жаздағы төлімен қоса санағанда 90 мыңға жеткізді. Бұл әлгі Хрущев сөзінің растығын іспен дәлелдеген бір мысал еді. Іскер, ұйымдастырғыштығымен қатар сол Аманғосов ағаң жүрегі жұмсақ, құшағы кең адам еді, өмірден оқығаны да, тоқығаны да көп, ойлаған ісін, берген уәдесін орындамай тынбайтын жаңашыл, бастамашыл кісі еді. Халық депутаты ретінде Алматыда, Ақтөбеде болатын Сессияларға аттанардың алдында ауылдастардың бәрін клубқа жинап «Үкіметке айтар қандай талап- тілектерің бар, қандай мәселе шешілмей жатыр, қорықпай айтындар» деп біздің елдегі жаңдайдың бәрін де ашық айтуға шақыратын, сөйтіп іс сапарға кетпестен бұрын еңбекші бұқараның көкейінде жүрген  сұрақтарын мұқият тығдап, анықтап алатын.
        Жамбыл колхозы тарағаннан кейін 1969 жылы Сұлтан ағаң Оймауыт жерінен «Матайқұм» деп  аталатын жаңа совхоз құрып оған да өзі басшылық жасады. Жоғарыда айтқандай жетістіктермен 15-20 жыл бойы үздіксіз шаруашылық басқарып, Байғанин ауданын бүкіл Одаққа танытқан абзал азамат 47 жасында өз кабинетінде отырып жұмыс үстінде кенеттен қайтыс болды. Бүкіл аудан болып ақтық сапарға шығарып салдық. Артында Матан деген жалғыз ұлы қалды. Кенжешжан, айналайын, шамаң келсе, сол балаға қай кезде болмасын қажет уақытында қол ұшын берерсің, жақсыдан қалған жалғыз тұяқ қой», - деп аяқтаған сәтінде Ақбияз ананың көңілі біртүрлі босап кеткендей болды. Анасының сол өтінішін Кенжеғали аяқсыз қалдырмады, жақсының көзі Матан Аманғосовты кейінірек қанатының астына алып, шаруашылық жұмыстарының біріне жауапты қызметке қойды, сөйтіп, тектінің «тұяғына» ағалық қамқорлығын жасады.
        Аты аңызға айналған Сұлтандай әйгілі директордың «Ең азы мендей басқарма бол!» деген батасы қабыл боп кейіннен Оймауыт өңірінен кейін талай «Аманғосов» шықты. Солардың біріншісі –бірнеше жыл қатарынан «Облыстың ең таңдаулы кеңшар директоры» атағын жеңіп алған байғаниндік Бақберген Қарақов болса, әңгімемізге арқау боп отырған екіншісі- Батыс Қазақстандағы ең үлкен оқу орны –Ақтөбе өңірлік университетін бүгінде 21-жыл басқарып отырған Кенжеғали Кенжебаев еді. К.Кенжебаевтың іскер көшбасшы, танымал ғалым, таңдаулы азамат болып қалыптасуына ана тәрбиесі, жақсы ұстаздардың жанашыр ықыласы, ұлы тұлғалардың үлгі-өнегесі, жан дүниесіне тебіреніс пен сілкініс туғызған көркем әдебиет пен өнер және жас кезінен бала қиял, балапан сезімін баураған ғылымдар патшасы-Математика тікелей әсер етті. Әрине, мектепте оқыған кезінде Кенжеғали барлық адамға салған жерден  ұнайтын «алтын айдарлы Тотанбай» (қазақ ертегісінің бала кейіпкері) болған жоқ, бірақ оның мақсатқа жетпей тынбайтын табандылығы мен еңбек құмарлығының риза болғандықтан ба кім білсін, әйтеуір, мұғалім атаулының бәрі ерекше бір ілтипатпен қарап, оны өз назарларынан ешуақыт тыс қалдырмайтын. Өйткені терезеге жапсарлас шеткі партада жеке дара өзі ғана отыратын ойы ұшқыр, ұғымтал, алғыр оқушы сабақ үстінде кей  кезде қабырғадағы бір нүктеге қадалған күйі терең ойға шомса, кей-кезде алдында жатқан есеп кітабын қайта-қайта парақтап, пәндік дәптеріне басқа оқушыларға беймәлім әлдебір теңдеулерді шешіп әбігерленіп отыратындығымен, кей кезде сабақта берілген тапсырманы әп-сәтте еңсеріп тастап, оқулықта жоқ қайсы бір формулаларды шешуге тырысып бас қатыратындығымен мұғалімдердің көзіне «мен мұндалап» бірінші түсетін.
         Бір қызығы Кенжеғали пәннен сабақ беретін ағайға ғана белгілі, ал шәкірттерге белгісіз бұл есептерді шығаруда әруақыт оң нәтижеге қол жеткізетін де, математик  мұғалімдердің «кезектен тыс» мақтауларын басқаларға қарағанда көбірек естиді. Бос уақыттарда, мейрам күндері зерделік әлеуеті озықтығы мен математикалық ойлау қабілетінің жоғары деңгейде жетілгендігі арқасында Кенжеғали өз ауылы орналасқан аймақтағы «Күлдір» тақырының ауданына, шетелдіктер «Шахмат ханшайымы» деп атайтын «Ақбота-Сәңкібай» Шыңының биіктігі мен еніне, «Жем» өзенінің жылдам, баяу ағысына және Сам жайылымындағы «Тұрыш» қазған шыңырау құдықтың тереңдігіне қатысты небір есепті өзі құрастыратын да ертеңіне сол есепті «Бірінші боп мен шешемін» деп әдетте бір-бірімен таласатын кластастарының «додасына» тастайтын. Ал, сыныптастары қанша күш салғанымен шеше алмаса, оны Кенжеғалидің өзі шығарады немесе шешудің ең оңай жолдарын құрдастарына ерінбей-жалықпай түсіндіретін де. Сол есептерді кері қайтарып сыныптастарының өздеріне шештіретін. Кенжеғали сондай қиын есептердің бірін сонау 60-шы жылдардың басында Ақтөбе облысын дүр сілкіндірген оқиға –«АН-2» самолетінің әуе апатына ұшырауына байланысты да құрастырған-ды. Оған себеп қаңтар айының бір бұлыңғыр күні «Оймауыт-Жарқамыс-Кенкияқ-Ақтөбе» авиамаршуты бойынша ұшып келе жерде апатқа ұшырған-ды. Сол  «АН-2» самолетінің ұшу жолын геометриялық амалдар арқылы есептеген Кенжеғали ұшақтың  Жарқамыстан шыққаннан уақыттан 1946 секундтан кейін (шамамен 32,5 минуттан соң) құлағанын және апатқа ұшырағандарды жақын жердегі елді мекенге хабарлау үшін қанша уақыт ішінде он алты жасар Жәрдемғали Бегісовтың 15 шақырым жерді қандай жүріс жылдамдығымен жүріп өткен, қанша уақытта құлаған самолет ауылға хабарланғанын да ақтөбеліктерге өзі анықтап берген еді.
    Ағайлары үшін зейінді, алғыр, небір тосын сұрақтар қойып бірақ олардың әруақытта «бастарын қатыруға» әсте шаршамайтын Кенжепаш (Кенжепаш- Кенжеғалидың екінші аты, «Если Кенжеғали пашет, то пашет за всех» деген сыныптастарының сөзінен шыққан ат) кейде сабақтың соңғы жағынан мұғалімдерге тақырыптан тыс «Хеопс пирамидасының» құпиясы неде?, Эйфель мұнарасының геометриялық құрылымын қандай?, Тутанханом, Нефертити жерленген қабірдің тереңдігі, көлемі мен ені қандай? Деген сияқты сан-сапат сұрақтар қойып, өзін жақсы көретін ағайларының да интеллетуалдық әлеует- «әуселесін» байқайтын.
    Ағайлары болса, бұл «беймаза» оқушының қайсы бір сұрағына дер кезінде жауап берсе, қайсы біріне не деп жауап берерін білмей оны «Кенжеғали, бұл сауалыңа жауапты кейін берем» деген шығарып салма сөзбен алдандырып үйлеріне қайтатын. Ал, кейбір ағай «вундеркинд баланың» сұрағына үйден арнайы дайындалып келіп жауап беруімен әр нәрсені білуге құмар үздік шәкіртті риза қылатын. Мұғалімдердің енді бірі сұрақты да, оған қатысты сабақта берген уәдесін де оп-оңайақ «ұмытып» кететін, қайсыбірі Кенжеғали сұрағына берер жауабын ұлы жобамен айтса, қайсыбірі сұрақ мәселесін «сиырқұйымшақтандырып» соза беретің, ең соңында Кенжеғали сол сұрақтың жауабын әр жерден өзі іздеп табатын. Әйткенмен, не десекте, қалай десекте сол оймауыттық ұстаздарының Кенжеғали туралы бәрінің ойы «Түбінде бұл бала бір жерден жарып шығады», өйткені «өткір пышақ кап түбінде жатпас» деген сөзді халық бекер айтпаған шығар» деген бір ортақ түйінде тоғысатын.
     Қай баланың болмасын мектептегі өмірі, бастан кешкен қызықты да күлкілі оқиғалыры есінде жақсы сақталатындығы әркімге де белгілі. Мұндай жағдайлар ректор Кенжебаевтың да бала кезінде, жасөспірім кезеңінде аз болған жоқ. Солардың бірі төмендегі бір жәйт еді: кезекті бір сабақта Н. Деген ағайға 12 ші сәуір – «Ғарышкерлер күні» қарсаңында Алпыс деген бір сыныптасы қатысты «Гагариннің бойы осы қанша екен?» деген сұрақ қойды. Мұғалім маңдайына түсе беретін «тен-тек» шашын кейін бір сілкіп жіберді де, көп қиналмай-ақ «Юрийдің бойы, балалар, 180 см.» деп қойып қалды. Сол сәтте Кенжеғали орнынан ұшып тұрып: «Ағай, кеше ғана мен Юра туралы деректен оқыдым, Гагариннің бойы бар болғаны 152 см ал, сіз неге 180 см. деп айтып тұрсыз? Мұныңыз жаңсақ қой » деді.Сонда мұғалім не дерін білмей ауызына сөз түспей абдырап: «Қ..қ..қ... қайдан білейін, Кенжепаш айналайын, батыр болғасын бұл кісінің бойы да биік, тұлғасы да ірі шығар деп ойлап едім, енді білетін болдық» деді. Сабақта отырған оқушылар ағайдың бала сияқты аңғырттығына ду күлді.
        Жеке адамның тұлға боп қалыптасуы балалық, жастық шағында көргендері, естігендері мен әр түрлі нәрседен алған әсеріне байланысты. Көбінесе үстіне өте қонымды, өзіне жарасатын көгілдір костюмін киіп мұнтаздай тап таза жүретін, өзгелерден саяқтау отырып сабақ үстінде өзінше ой түйетін ұзынша бойлы, аққұба, «стильный» Кенжеғалидың жадында 1 кластан 11 класқа дейін өзі оқыған мектепте көргендері әр түрлі пәннің, әсіресе, өзіне айрықша ұнайтын математика пәні мұғалімдерінің біріне-бірі ұқсамайтын табиғат-болмысы, мінез-құлықтары, оқыту шеберліктері мен әдістемелік амал-тәсілдері бүгінге дейін сақталып қалыпты.
     Мәселең оның естелігіндегі Аманғос Нұргалиев еш уақытта тақтадағы есепті шығарып болмай, шәкірттерін үзіліске де, үйге де жібермейтін, сабақ аяғында пәндік тапсырмаларды орындаған оқушыларға өзінің әділ бағасын қоятын да, ал, орындамағандарға ескерту жасап, олар шығармаған қиын есепті шығарудың өзі білетін оңай жолдарын тақтаға жазып бүге-шүгесіне дейін түсіретін. Сонан соң ч.т.д (что требуется доказать) деген өзінің күнде айтатын үйреншікті сөзімен сабақты аяқтайтын да, қолындағы бормен тақтаны тақ еткізетін «қызық мұғалім».   
       Ал Төлепберген (қысқаша аты Төкен) ағай болса, өтетін тақырыптың беташар сөзінен кейінгі айтатының бәрін сызықтармен, болса сурет, формулалармен түсіндіретін. Сабақ үстінде есептерін шығара алмай қиналып жатқан оқушыларға қашанда дереу ауызша да, жазбаша да көмектесетін, бірақ әрдайым шәкірттерінен өздерінің зерделік күш қуатын пәндік жұмыстарға пайдалануды талап ететін. Кенжеғали болса есепке жүйріктігі арқасында Төкен Нұрғалиев үшін «исключение из общих правил» (ағайының айтуынша). Олағайының айтуымен мектеп кітапханасында шаң басып жатқан «Математика в школе» журналдарынан не бір қиын есептерді тауып алатын да, оларды шығару үшін мұғалімнен 10 күн үйіде жұмыс істеуге рұқсат сұрайтын, оның ойынша жеңіске жетудің бір жолы-берілген тапсырманы өзіңмен-өзің оңашада отырып асықпай орындау. Зерек оқушының осы дағдысын жақсы білетін Төкен ағайдың сол мерзім ішінде үйде математикамен жекпе-жек «күресіп» жатқан Кенжеғалиға анда-санда қандай кітап керек екен, соны біліп кел деп оған «арнайы тапсырмамен» өз балаларының бірін жүгіртіп жіберетін әдеті бар-ды. Ағайдың бұл әдетіне көрсеткен үлкен жанашырлығы, қамқорлығы деп түсінетін. Өйткені ол осы Т.Нұрғалиев ағайдың ең үздік оқушысы бола жүріп 2 жыл қатарынан ауданда, облыста математикадан өткен пәндік олимпиада да жеңімпаз атанғанды.
       Мектептің келесі бір математик мұғалімі, оқушыларға пәндік тақырыптарды меңгерту де өзжүйесі, өз «секреті», өз ұстанымы бар Межеш Досқуатов әрбір шәкіртінің кезекті сабаққа дайындап әкелген жеке тапсырмаларын қалай орындағанын тәптіштеп сұрау арқылы тексеретін. Физматты толық меңгерудің төте жолы есепті көп шығару деп ойлайтын бұл ағай теориялық тұжырымдарға аса көп тоқталмай, сабақтың практикалық жағына баса назар аударатын және балаларға есепті көп шығаруды күнделікті дағдыға айналдыруға кеңес беретін.
        Мұғалімнің мұндай кеңесі «өте дұрыс» деп түсінген Кенжеғали арифметика, математика, геометрия, физика, химия пәндерінің есептерін шығаруға ешуақыт жалықпай, бұл іске күш-қайратымен қоса бос уақытының көбін жұмсайтын. Оның сабақ оқуға ешуақыт ерінбейтінін білетін мұғалім оқушысына көбінесе шешуі қиын теңдеулерді беріп тұрып: «Мұндай есептерге сендей «білімді батырдың» ғана шамасы келеді. Себебі сен қандай асулардан да сауырына қамшы салдырмай жүйіткіп өтіп жүрген тұлпарсың ғой» деп көтермелеп арқасынан қағып қоятын. Міне осылайша Межеш ағайы әрқашан мақтап жұртқа айтатын зерек оқушы Кенжеғали жыл сайын жаратылыстану пәндері бойынша өтетін аймақтық білім байқауларында әрқашан жоғары көрсеткіштерге жетіп, жүлделі орындармен  ауылға оралатын.
       Ал, 8-кластың математика мұғлімі Әли Құрақбаевтың тәлімдік әдісі өзгелерден сәл бөлектеу болатын. Әли әр уақыт сабақ тақырыптар  бойынша пәндік бағдарламаға сай, бірақ шәкірттердің өздеріне ұнаған, өздері таңдағн есептердібірінші кезекте шығаруды ұсынатын. Кенжеғалиға келгенде бұл ағайы  «Кенже бала, сен қазақтан шығатын Әл-Хорезми дайын тұрған балалсың, сондықтан саған оқулықтағы есептерді шығару бұйым емес, одан қайта келесі сабақта мына «Жоғары математиканың» есептерін шығарып көр, кейін өзім дұрыстығын тексерем» -деп ішінде маьематикаға қатысты әр түрлі есептері бар оқу құралдары мен журналдар беріп кететін және сол берген тапсырмасын ұмытпай 2-3 аптадан кейін сыныптастары алдында одан міндетті түрде «сынақ» алатын.
     Кенжеғалидің есепке алғырлығын білетін кластастары Құрақбаев берген қайсар бір теңдеулерді шешу оң жамбасына келмесе, ондай қиындықтардан «оймауыттық вундеркинд» -Кенжебаев қана алып шығатынына сайыпқыран сардарына сенген сарбаздарша имандай сенетін. Кластастарының ойынша Кенжепаш пен Құрақбаев ағай екеуінің оқитын кітаптары бір, мұғалім өзінің студент кезінде жинаған есеп жинақтарына сүйеніп тапсырма берсе, -сол математикалық есеп кітаптарын Кенжеғали Ақтөбеде оқып жатқан ағасы Данағали, апасы Бақтылы арқылы қала дүкендерінен сатып алдырып оқиды. Ендеше, ол математиканы бізден көп біледі, сондықтан да ол шығаралмайтын есеп жоқ. Кластың бұл болжамы іс жүзінде әрқашан дұрыс шығады да, «елі (7а класы) ерінің (Кенжеғалидың) көмегңмен күн көреді». Нәтижесінде Кенжеғали оқитын сынып оқу жылының қай тоқсанында да жақсы үлгеріммен аяқтап отырады.
      Әрине, ғылым кеңістігінде оңайлықпен алдырмайтын асқаралы асу-Эвересті бағындыру кім-кімге, де соның ішінде дүбірлі дүниеден, үлкен кітапханалардан алыстау қиян шеттегі ауыл мектебінен білім алған Кенжеғалиға да оңай болмады. Алайда бойындағы қайрат –жігер, мұғалімдердің жәрдемімен және өз бетімен, алған сапалы білім, зияткерлік әлеует, мақсатқа жетпей тынбайтын табандылық пен тынымсыз ізденіс Кенжеғалидай ауыл баласы сол асудың шыңына көтерген басқышы берік баспалдақтар болды. Кенжеғали Кенжебаев –Қазақстанның Өзбекстанмен шектесетін қиырдағы Доғызтау елді мекенінде өсіп, ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақ-Альма матер атанған С.М.Киров атындағы (қазақ Аль-Фараби атындағы) КазГУ-дің механика-математика факультетіне сонау 69 жылы оқуға түскен бірден-бір ақтөбелік алғыр жас. Тағдырдың жазуымен арман қала Алматыда оқу бақыты бұйырып, тағылымды-тәрбиелі ортадан білімнің кәусар бұлағынан мейірлене сусындады: алғашқы курстарда ол Одақ көлемінде тұнғыш рет жоғары кластық механизмдер теориясын жасап, оның дамуына үлкен үлес қосқан әлемдік деңгейдегі оқымысты-ғұлама, инженерлік ғылымның «екінші Әл Фарабиі» атанған академик Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбековтың (әрі КазГУдің  сол жылдардағы ректоры) білімге құштар кез келген жанның рухани-кәсіби қажетін өтейтін әрі әсерлі, әрі мазмұнды дәрістерін тындады,сол сияқты отандық физика тарихында өз атын мәңгілікке қалдырған атақты профессор Асқар Закариннің «Абель, Галуа, Эйнштейн» атты ғылыми-танымдық кітабын талай рет парақтап, конспектіледі, жаратылыстану ғылымдарының өзекті проблемаларын зерделеуде өзі іспеттес ғалымдар арасынан суырылып шығып топжарған ағасы Марат Құсайыновтың тәлімдік мектебінен өтті, дарынды балалардың республикалық физика-математика мектебін (РФММ) ашық аты әлемге мәшһүр Орымбек Жәутіковтың университетте өткізген практикалық сабақтарының бірде-бірін жібермей белсене қатысты. Әлемге әйгілі ғалым-қайраткерлермен әр түрлі жағдада кездесу мәртебесіне ие болды. Сол жүздесулердің ішінде, әсіресе, университет ректоры, академик Ө.Жолдасбековтың мехматтың 1-курсымен  өткізген бір сұхбаты Кенжеғалидың күні бүгінге дейін есінде: 1970 жылғы қараша айының бір күн Өмірбек Арыстанұлы бұлар оқитын факультет студенттерін конференция залына жинап әңгіме-дүкен құрды. Алдында самсап отырған студенттің қай өңірден келгенін білгісі келген болу керек, академик:
      -Қазақстанның ең алыс жері нен, киян шетінен келген кім бар араларында? –деп сұрақ қойды.
      Сәл тыныштықтан кейін залдың орта шенінде отырған Кенжеғали орнынан ұшып тұрып:
    -Мен бар, ағай, фамилиям Кенжебаев! Ақтөбе облысының Қарақалпақстанмен шектес ауылы Оймауыттан келдім, Алматыдан есептегенде 3500  шақырым.
       -Олай болса, жас жігіт еңбегің бар екен, ал, енді орысшаң қалай, өзің таңдаған мамандыққа қатысты қандай кітап оқыдың? –деді Өмірбек ағай салған жерден, бірақ Кенжеғали қыңа қоймай, ректордың жүзіне тура қарап:
      -Орысшам, аға, нан табарлық (курстастар мырс ете қалды) ал, оқыған кітабым Жюль Верннің   «Су астындағы 80 милі» мен «Инженер Гариннің гиперболойды».
          -Өзің Өзбекстанға жақын жерден екенсің, ал, енді шығыс математиктерінен кімді білесің?
          -Әль-Хорезми мен Омар Хайям, Ұлықбекті білем.
         -Ал, ол данышпандардың айтқан- жазғандарынан ойыңда қалған бір нәрселер бар ма?
      -Ия, аға, маған, әсіресе, алғашқы «Алгебраның» авторы Әль-Хорезмидің «математика болам деген кісі  өзінің тірлігі мен іс-қарекетіндегі минустарын плюске кемшіліктерін артықшылықтарға айналдыра білсе ғана математик бола алады» деген сөзі ұнады және геометриядан «Бастау» атты траутат жазған Омар Хайямның сұлулыққа, өмірге деген құштарлығы қатты әсер етті.
  Шығыс шайырының математик болғанынан бейхабар курстастарының қайсы бірі Кенжеғалиға «Оу, Омар Хайямы несі? Ол ақын емес пе еді?» дегендей күмандана қарады.
        -Жарайсың, інішек (ағайдың інішек деген сөзі), Хорезмидің ұлағатты сөзі сізге ойландырар ой тастаса, Омар Хайямның үш дәрежелі теңдеулері мен геометриясы өзіңізді қатты қызықтырған ғой, шамасы, бірақ ұлы математиктің сұлуларға жазған өлеңдерін де біреусендей жас жігітке артық болмайды, ақынның аруларға арнаған әдемі шумақтарын төгілтіп айтып жүрсең қыздарға да тез ұнайсың, -деп Жолдасбеков ағай аудиторияны көзбен шолып жымия бір қарады да, -талантың жетсе ақын да болған дұрыс, ғылымға жақын да болған дұрыс, орыстарша айтсақ «кашу маслом не испортишь», айтпақшы, ұлылардың бірі, ұмытпасам, Гаусс болу керек «Ақын болмайынша, ұлы математик те бола алмайсың» деген ғой. Меніңше, сол сөз де бекер айтылмаған сияқты. Астарына үңіліп көріңіздерші өздерің –деді Арыстанұлы. Залда отырған жастар ректор Жолдасбеков пен студент Кенжебаевтың арасында қызу өрістеп, саналарына сілкініс туғызған, қайсы бірінің өлеңге деген құмарлығы мен ынтасын түртіп оятып, қайсы бірін өмірге ғашық көзбен қарауға үйреткен бұл қызықты диалогқа үлкен ризашылық білдіргендей ду қол шапалақтады.
       Кездесудің аяқталуы мұң екен, Кенжеғали отырған партаның төңірегі біреу балық үлестіріп жатқандай у да шу болды. Бірінің сөзін бірі аузынан қағып алып Кенжеғалиді қошеметтеген курстасы Сәлім: «Сен өзің Арыстанмен айқаста тең түскен ақтөбелік арлан болдың Кенже ұл» десе, екіншісі «Өзің бір жүрек жұтқан батырсың ғой, қасқайып тұрып, ректормен қалай тең адамша сөйлестің, шамасы, тарханның тұқымысың-ау»-деп «көпшік» қойып жатты. Курстастарының шынайы қолдауына ие болған Кенжеғали да өз достарының мақтауын жеткізе: «Сағитжан, сенен асқан көріпкел бар дейсің бе Қазақстанда?. Өзің осының бәрін қалай біліп тұрсың, иә, арғы атам-Бөкенбай Қара ұлы, шынында, қанды шайқаста Әбілқайыр ханның әскерін тумен басқарған басбатыр, ал, өз әкем кешегі соғыста Берлинге бірінші боп кірген жауынгердің бірі, фюрердің бункерін талқандаған жаужүрек майдангер. Менің де бойымда солардың қаны бар емес пе? неден қорқайын?! Дұрыс байқапсың» деген сәтінде «Кенжеғали, сеніңарқаңда Арыстан ұлының ауызынан әмбебап Омар Хайям туралы қандай керемет әңгіме естідік десеңші, дегенмен, сенің де тегін тұқымнан емес екенін (жалғасы бар).
   
                                                                                                         Жем Сағыз 19 мамыр 2016.