(1941, Баршақұм Байғанин ауд. -1998, Алматы) -ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Қопа орта мектебін (1958), Ақтөбе педагогика училищесін, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1970). Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қазақ КСР Ғылым Академиясында ғылым қызметкер болды, Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы және Байғанин ауданындағы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді, өмірінің соңғы жылдарында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында ұстаздық етті. К.Назарғалиева қала балаларына қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берудің қыр-сырын зерттеп, меңгерді, оларды ана тіліміздің асыл қазынасымен таныстырып, сол арқылы әсемдікке тәрбиеледі, оқытудың неғұрлым қолайлы әдіс, тәсілдерін шеберлікпен қолдана білді. Мектептегі кластан тыс шараларды ұйымдастырып, шәкірттерінің шығармашылықпен өз бетінше жұмыс атқаруына мүмкіндіктер жасады, әдебиет үйірмесін ашып, мектеп, оқушыларының рухани жағынан дамып, жетілу жолдарын қарастырды. К.Назарғалиева 6-класқа арналған "Әдебиеттік оқу кітабы" мен 7- класқа арналған "Қазақ тілі" оқулығы авторларының бірі, ол "Қазақ тілін оқыту методикасы" тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. К.Назарғалиева қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді насихаттады, бұл жөнінде елімізде және Ресей, Қытай, Монғолия елдерінде өткен ғылыми- практикалық конференцияларда баяндамалар жасады. Ол мұғалімдерге арналған бірқатар әдістемелік, көмекші көрнектіліктер дайындады, солардың бірі "Аяз би" диафильмі республиканың барлық мектептеріне таратылды.