1946 жылы қазіргі Сартоғай селолқ округінің Баршақұм ауылында туған. 1965 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін совхозда шопанның көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Ресейдің Кострома қаласындағы ауылшаруашылық институтын бітіріп, - зоотехник мамандығын алады. Оқуын аяқтағаннан кейін, ауданымыздың Крупская атындағы совхозында зоотехник болып жұмыс жасайды. 1972 жылы облыстық ауылшаруашылық басқармасына қызметке алынып, алғашқыда аға зоотехник, кейінен осы басқарманың қой шаруашылығы жөніндегі бас зоотехнигі болады. 1982 жылы Қазақстан Республикасының ауылшаруашылық Министрлігіне бас мамандыққа қызметке ауыстырылып, осы Министрліктің Ақтөбе жүнді алғашқы өңдеу фабрикасындағы өкілі болып тағайындалады. Кейіннен Ақтөбе аймақтық жүн лабораториясы ашылуына байланысты сол лабораторияның бастығы болып бекітіледі.
Еспағанбетов облыстың қоғамдық өміріне белсене атсалысып келе жатқан азаматтарының бірі. Ол Ақтөбе қалалық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы, Қазақстан Халық Конгресі партиясының облыстық атқару комитетінің мүшесі. Қазақстан шопандар одағының вице -президенті міндеттерін атқарды. Ауданымыздан Ақтөбе облыстық кеңесіне депутат болып сайланды. Қазіргі ол Ақтөбе облысының шаруа қожалықтары, фермерлер қауымдастығының төрағасы, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық фермерлер федерациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағысы. Сонымен бірге ғалым-зоотехник өзінің туған жері Баршақұм ауылына, оның мектебіне "Көркейе бер, туған жер" акциясыаясында балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашып, спорттық -сауықтыру құралдарымен жабдықтады.