Ұлқыш

   (1904, Сарықобда ауылы, Алға ауданы – 1925, Сағыз өңірі, қазіргі Байғанин ауданы) – қазақтың өнерлі қыздарының бірі, ақын, сазгер, әнші. Ата туысы Табын руының Кедейғұл бөлімінен. Жас шағында молдадан оқып, сауат ашады. Ән өнеріне, шығармашылыққа бейім болып, сұлулығымен, ақындығымен Кіші жүз өңіріне аты жайылады. Ел аралап жүргенде Ағыс қажының інісі  Қара Ұлпанды көріп, оның өнеріне қызығады да інісіне келіндікке айттырады, сөйтіп, 1922 жылы Ұлқыш ұзатылып келіп, Адайдың Шегем руының Меңдіғұл деп аталатын ауылына келін болып түседі. Ауыл ақсақалы Ағыс Қажы дәулетті де, инабатты адам болған. Ұлқыштың күйеуі осы кісінің Тәмин атты кенже баласы екен. Келін болып түскен Ұлқыштың ендігі жерде бұрынғыдай еркіндігі болмайды, ән салуы да сирексиді. Өнерді, ақындықты, әншілікті тек әуейілік деп ұғатын, жүйрік ат пен дойыр қамшыны көбірек ұнатқан тентегі көп бес Меңдіғұл атанған ауылда Ұлқыш өнерін бағалаушылар табыла қоймайды. Дегенмен ақын қыздың әні мен зарын көптеген есті адамдар тыңдап, аяушылық білдіреді, олар Ұлқыштың қадірін білмей келгеніне өкініш те білдіреді. Қайғы мен құсаға бой алдырған ақын жастай дүниеден өтеді. Ұлқыштың ел аузында қалған өлеңдері мазмұн жағынан әр түрлі, қыз кезінде шығарған өлеңдерінде әзіл, шымшыма тұстар көбірек байқалады, ал келін болып түскен қысқа ғұмырындағы жырларында мұң, алыста қалған еліне деген сағыныш, талантын, өнерін буып қойған ескі дәстүрге деген нала, реніш мол аңғарылады. Ал, оның өлеңдері («Адайдың аю аңдай Қарасы бар», «Қалдымырза болысқа айтқаны», «Сарықобда», «Толғансам тулап ағар сөз дегенің», «Сайраған сандуғаштай Ұлқыш едім» т.б.) көркемдік жағынан ауыз әдебиетінің інжу – маржандарының қатарынан орын алады деуге әбден болады.