Тарих
беттерін парақтасақ, сайын сахара төрінде талай мәдени, әдеби мұраларымыздың
дәріптелмей жатқанына көз жеткіземіз. Бағалы жәдігерлер мен қызыл тілге
келгенде қамшы салдырмай саулаған талай сөз зергелерінің біразының аттары
атаусыз қалып,шығармаарын шаң басуда.Уақыт көшін кері бұрар қандай әулие.
Кешегімізге көз сала бастасақ кемшілікті кеңес үкіметіне артып, күрсінеміз. Ия,
ол жылдарды еске алудың өзі қасірет. Дегенмен келмеске кеткен кер заман кезінде
жіберген олқылықтарымыздың орынын толтырар уақыт жетті.
Әңгімемізге арқау болар Маңғыстау ойы мен
Атырау даласы, Ақтөбе өңірін ен жайлған көшпенді жұрттың жазылмай жүрген жарасы
да, дәріптелмей жатқан дарасы да мол. Тегінде біз, арамыздағы ардақтымызды
бағаламай, айдаладан алтын іздейтін әпенді жұртпыз-ау.
Сонау
көне жыраулардан мұрты бұзылмай жеткен киелі жыраулық дәстүрді бек сақтаған
«адайдың белгілі бес жүйрігі»:Абыл, Нұрым, Ақтан, Аралбай, Қашағандар мен
желдей ескен «жеті қайғының» ізін басқан кейінгі жырау – жыршыларды халық хан
көтеріп құрметегенімен, кеңес өкіметі ұлттық өнерді мейлінше тұмшалап ұстағаны
ақиқат. Сол бір сойқан кезеңде еркін шырқап шаба алмай өткен жүйріктің бірі –
Қосай Байсеңгір Көптілеуұлы.
Жүзінен нұры төгілген, шағын балуан
денелі, астында есік төрдей көк аты бар, жанынан қара домбырасын тастамайтын
кісіні, халық «Байсеңгір жырау» атандырады. «Халық айтса – қалт айтпайды».
Байсеңгірдің дәуренінде даңқты дүлдүл
болғандығына шежіре жандардан жеткен төмендегі деректер дәлел.
«Қыдыр көрген Қосайдың тұқымы», «үш
жолдасың болса, біреуі Қосай болсын», «қырық жігі жауға аттанса, қолды Қосай
бастасын» деп қазақтың қара шаңырағын ұстап қалған, найзасының ұшы алтын Кіші
жүздің халқы бекер айтпасы анық. Сегіз арыс Адайдың басы қосылған жиын –
тойларда, бата берер тұсқа жеткенде қалың қауымның: «Қосайдан кім бар!» деп
сұрау салатынын естіп те, көріп те жүрміз.
Көнекөз қарттардың айтуынша
1959 – 1961 жылдар шамасында Түркіменстанның Дашховуз облысының Тахта көпір, «Ызымықшиыр»
маңынан, Байғанин ауданы даласына : «Ата – Бабамның сүйегі жатқан атамекенім,
қасиеттері топырақ», деп тәу етіп, бес ұлымен
Байсеңгір деген кісі, немере ағасы Қылышбай екеуі көшіп келеді. Ежелгі ата
қонысы Жем – Сағыз өңірі, Желтау- Жылой аралығы екен.
Ел ішінде Байсеңгірдің жыршылығы, азаматтығы, палуандығы жайлы сыр
шерте алатын ақсақалдар қазірде кездеседі. Солардың бірі, жыраумен талай жолдас
болған Байғанин ауданы Ебейті ауылының
байырғы тұрғыны, соғыс ардагері, марқұм Есқуат Төкешов айтқан естелік «Байғанин
ауданында, «қой тұқымын асылдандырамыз» деген науқанда, Бәйекең екеуміз бас
болып Форт – Шевченкодан бірнеше мәрте
отар – саулық қой айдап келгеніміз бар. Жаздың күні «тоғы, шайқалсын» деп жайып
айдап, ай, ай жарым уақытта Қопаға жететінбіз. Жат жердің жыра – жықпылы көп,
түн баласы малшылар көз ілмей қой күзетеді. «Ұйқы жауға» жол жоқ! Дегенмен
«андыған жау, алмай қоймайды». Қойшылар қалғи бастаса, Бәйекең домбырасын алып
шырқап береді.Қоңыр үн таңғы самал мен қосылғанда ұйқың шайдай ашылатын».
Есқуат атамыз: «Бәйеке, көп жырладың, шаршайсың ғой» десе, «бұл құрғырды
қайталап тұрмаса, кейінгіге қалмайды ғой» дейді екен Бәйекең. Көбіне көп
жырлайтыны: «Едіге», «Қарасай – Қази», «Орақ – Мамай», «Қобыланды» сынды
батырлық қаһармандық дастандар мен Абыл,
Нұрым, Қашаған, Ақтан, Аралбай, Әбубәкірдей дүлділдердің насихат сөздері,
ұстазы, қазақтың соңғы жырауы атанған Ескелді Сүгірдің жыр – термелері екен. Ел
ауызында: «жұрт «Ер Едігені» тыңдар алдында дәрет алып келетін» деген сөз бар, бүгінде соны естігенде, «қара
сөздің қадірін білген қайран бабам - ай» деп еріксіз бас шайқаймыз. «Бұрынғының
бәрі әулие» деп Мәшһүр Жүсіп бекер айтпаған ғой. Реті келгенде айта кетейік,
Атақты Ескелді Сүгір Бегендікұлы Байсеңгірдің Тоғайбай деген ұлы үйленгенде
Ажар атты келінінің бетін ашыпты. Беташар құрметіне қалың кілем жауып, Нар
жетектетіпті дейді.Бұл өнерді құрметтегені деп түсінген жөн.
Ал, Алтай ауылының тумасы, Бүгінде
Ақтөбе қаласында тұратын Қойшыбек ағамыз да Байсеңгірмен жүздескенін былайша әңгімелейді: «Ертеректе
Самға көмекші шопан болып бардым. Ол кезде «Қызыл әскер» бөлек, «Жданов» бөлек,
«Қопа» бөлек, бірақ, бәрінің орталағы «Тұрыш» еді. 1960 жылы қыс айында түйе
жетектеген салт атты бір жолаушы келіп, Садуов Орынба сар деген ағаның үйіне
түсті. Жан – жақтан хабар күтіп отыратын құйттай ауыл адамдарының , кімнің
үйіне қонақ келсе де хабар тыңдау үшін жинала қалатын әдеті ғой, жетіп бардық.
Ол кезде адам жатырқау деген жоқ, «төрлет, төрлет» болды да қалды. Төрде қызыл
шырайлы, өңді кісі отыр екен, сөзге қарық қылды. Ең қызығы сұраса келе
Орынбасарды іні қылды, ақыры батасын беріп, түскен үйінің босағасына нар маясын
байлап кетті. Ол кезде біреудің аузы аққа тиіп, біреудікі тимеген кез,
«айпырмай, бір көрген кісісіне мынадай жақсылық қылады, жақынына қайтеді екен»
деп таң қалысты жұрт! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп айтып
отырғаным ғой. Жарықтық талай жақсы өтті ғой», - деп қалың ойға шомып қалды,
Қойшекең.
Тағы бір дерек, Бештамақтағы Тама Есет
батырдың Басында шырақшы болған Айтаманов Орақ ақсақал Бәйекеңе балдыздығы бар
кісі екен, жездесімен көріскен бір сәтін баяндайды. « Жас шағымда буаз інгенін
іздеп жүріп, Байсеңгір ауылының үстінен шықтым. Соғыс аяқталып, ел тоғайған
кез, Апам қазаннан баданадай – баданадай бауырсақтарды тоғытып алып жатыр екен,
«дәм ауыз тиіп, жүрем» дегеніме қарамай, жездем: «отыр да отыр қылды». «Қап,
түйемнен айырылатын болдым – ау» деген ойымды дөп басып: «Түйеңді күн
көтерілмей, ботасымен бірге табасын», деді және айтқаны айнымай келді. «Құр
адам емес қой. Сөзендінің құмында жұмыртқа пісетін ыстықты, жалаң аяқ жүріп,
ораза ұстайтын еді», деп бір тоқтап, Орақ әңгімесін былайша түйіндеді .Бесқала
жақ, аламан басын құрлатып, жыршысын жырлатқан, қазақтың салт – дәстүріне бекем
ел ғой. Сондай жиындарда Бәйекең жырлап отырып, бір көзін күрес алаңынан
айырмайтын. Намысқа шабатын шақ туа қалса, домбырасын қоя салып, күресе кететін
әдеті бар еді және жықпай қоймайтын қызбалығы да болатын.
Орақ ақсақал айтқан жыраудың күреске
түскен палуандығын мына мәлімет нақтылай түседі. «Бір күні Байсеңгір түскен үйге кірсем, демалып, ұйықтап жатыр
екен, байқағаным шалқасынан жатқанда, балтырының жуандығынан өкшесі жерге
тимейді екен» - дейді, Ақтау қаласының тұрғыны Сағымбаев Амангелді.
Ал, Байекеңнің азаматығын танытар
әңгімелердің бірі мынадай: «Қопа да отырғанымызда – қай жақтан екенін білмеймін
– жетімдер үйінен бір орыс баланы әкеп, біраз баққаны есімде» дейді Алтын
әжесінің бауырында өскен, Құлсарыда тұратын хашайым апа.Алтын Әжібайқызы бір
рет егіз, бір рет үшен көтеріп, сегіз баладан бес ұлын аман өсірген жан, 98 –
ге қараған шағында дүниеден өткен.
Байсеңгірдің атасы Кенжебайға нағашы атасы Бегей Қараша молда батасын
беріп, кісесін сыйлапты. Құдай қолдап
Кенжебай да қасиет қонған, айтқаны келетін аузы дуалы жан болыпты. Бақиға
көшерінде: «маған молда іздемеңдер, құбыла жақтан ақбоз ат мінген кісі келеді,
сол жаназамды шығарады» деген екен, айтқаны келді деседі. Осы Кенжебайдан –
Көптілеу, Жылданбай, Қылышбай туады. Көптілеуден Таусеңгір, Қали, Ақілгек,
Байсеңгір өрбиді. Ақілгек қара тоқа Сағын
дегенге ұзатылған екен, одан үш қыз және Нұрлыхан атты ұл қалады, өзі
ауырып қайтыс боларында: «Кенжабай атамның кісе – белбеуін әкелші»деп өтініпті.
Көптілеу ашаршылықта інісі Қылышбайды іздеймін деп жүріп, қызыл өкіметтің
құрығына ілініп, содан оралмайды. Байсеңгір әкесі Көптілеуге Самда, 1967 жылы,
желтоқсанда ас беріп, құран шығартыпты.
Байсеңгірдің белгілі жүйрік Сүгір
Бегендікұлымен етене араласқанын жоғарыда айтқанбыз. Тіпті «қасына еріп
өнегесін, батасын алыпты» дейді, білетіндер.Сол Сүгірдің шау тартқан уағында,
1950 жылдардың тұсында, Бесқала жерінде елге сыйлы азамат – Айтқұл Әбілғазы мен
Нұрақ басқарма үлкен той қылып: «Сүгір, Шамығұл, Ұзақбайлар үлкейді ғой, оларды
әурелеп қайтеміз, оның үстіне Сүкең Есқуатын уайым қылып жүргенде, жырлап бер
дегеніміз әбестік болар, Құнанорыс Дүзмағамбет пен өзіміздің Айтқұл
Байсеңгірде жырдан кенде қылмас» деген
кеңесті той иесі де құл көреді. Бұл әңгіме Сүгірдің құлағына жеткенде Ескелді Сүгір мен Шоңай Шамығұл:
«жырламасақ та, бата берер едік қой», депті, кейін бір жиында сол ағайындар
арасында, Сүгірдің өзі кесікбас домбырасын қолына алып, назын айтқан екен.
Бүгінде Маңғыстауда тұратын Серкеш
Сәрсенбай жыршы, Қырықмылтық Бүркітбай жыраудан қалған сол сөзді жаттап алып,
ретті жерінде толғап жүр. Бұл сөзді кезінде жыршы Құнанорыс Рейім Құрмантайұлы
да жырлаға екен. Төмендегі жыр жолдар Сүгірдің айтқандарынан үзінді
Сүгірдің
назы
Құтты болсын құрдасым
Қуанышты құралың
Әруақты Ер Қосай
Қасиетті еді ұраның,
Ақсақал басы егізім
Жақындықпен жолдадым
Әбілғазы, Нұрағым!
...Әр алуан сөздерді
Есітіп жатыр құлағым
Шақырмапсың тойына
Қартайды деп бұларың
...Қосайдың қалсам тойынан
Қыбал болсын айта алмай
Бұлай да қалай тұрармын
Былтырғы тойда айта алмай
Кесел тапты пырағың
Жыр айтпаған шалдардың
Батасы қабыл болмайма
Қасиетті ошағы-
Менде өзіңнің Мұңалың
Шақырмасаң шақырма
Бесеуі кем алпыс жас
Қарылыққа барма лажым
Мен не күнәнің иесімін
Жиын менен тойларды
Тарқатқан еді кесібім
Баламның барып тойына
Бермегесін батамды
Ажалды жетіп, кешікпей
Ашқаны жақсы ғой Сүгірдің,
әләу
Ләқаттың баяу есігін...
«Айталмайды» деп көпшілік
Тауып жүр ғой сөздің расын
Кәріліктен жаман зат барма
еді ау
Қысқарғанда шығар ау
құлашым
Жолаушы балам да келе алмай
Хабарын оның біле алмай
Қайғы, Кәрілік қабаттап
Тырнағым сынған қыранмын
Баса алмай жүрген ұясын
Көпшілікпен барғанда
Мен сөйлемей жатамба
Сөзімді бұлдап сатам ба
Нағылам оның дүниясын!
Зерек көңіл қызыл тіл
Енді көтті қысалық
Сөйлесеңде ыриясын!
...Елу деген еңку жас
Сыйланды ғой талай біздің
бас
Жапыра шапқан жүйрікпін
Құдай берген ауылмыз ғой
Өлсем де құрал бұзылмас
Кетірді ғой менің бәсімді
Жасаған өлмей ұзын жас
Көңілге келген қиялым
Өкпелеген жоқпын
қарындас...
...Мен жүйрік едім жүлделі
Сәттіғұл мен Қашаған
Ақтаннан алған үлгіні
Бармай кетті ғой Шамығұл
Ол да Адайдың бұлбұлы
Адайдың жақын арасы
Дүзмағамбет барды дегесін
Оның да сөйлейтұғын жолы
бар
Келімбердінің үлкен баласы
Ежелден ердің сойы еді
Тойыңды сауып беріпті ғой
Өзінің бар да шамасы
Біз орнымызды бердік
балдарға
Рахмет айтып құлшынып
Қуанып жатыр екі шал
Шамығұл, Сүгір данасы
Ендігі қызық балдарда
Шақырудан қалғасын
Шамырқанар шалдарда
Сөйле десе, сөйлейміз-ау
Ұяты кеткен үлкендік
Азайғасын ар бар ма
Ей, бізден кетті ғой бұл
өнер
Еріп жүрміз ғой қоя алмай
Нәпсі деген заңғарға
Дүзмағамбет, Байсеңгір
Ода өзімнің балдарым
Несіне болам арманда!
Көңілдегі сөзімді
Жақындық үшін жолдадым
Әбілғазы ақсақал
Нұрақ басты-сардарға
Қабыл болсын айта алмай
Торқалы тойдан қалғасын
Сөйледі ғой шайыр арманда
Маған да оңай болған жоқ-ау
Айталмасам жыр құрсын
Жырымнан батам арзан ба!
...Шыққан жоқ мүйіз басыма
Адай, Әлім, Байұлы
Бәрі қалмай жиналып
Боқыш пенен Тауанның
Байрағын озып алғанда
Бәйгеге шапқан тарланның
Енді аяғын тұсадың
Қатардан қалған қарылықтан
Зір қара шалға ұсадым
Биялай былғап қондырған
Қыран құс еді ау мысалым
Сүкесі едім-ау кешегі анау
Оңайбай мен Мұсаның
Ендігі еске салдыңыз
Бұрынғы өткен қысаның
Ал, Нұрақжан шырағым
Баяны болсын баланың
Құтты болсын айтуға
Шіркеулі беті ағаның
Өкпелеген сөз емес қой
Түсінерсің де өзің қарағым
Өлілердің жиынын
Тірілердің түйінін
Бәрін де көрген данамын
Осыменен сөзімнің
Мұқтасар еттім тәмәмын...
Махамбет
Өтемісұлының 200 жылдығына арналған халықаралақ жыршылық байқаудың бас
жүлдегері, сөз зергері, жыршы – Амандық Көменұлы:
« Байсеңгірдің мақамын алғаш рет шешемнен естідім, Ел ішінде нағашымның
дауысы жазылған үнтаспа немесе тағы басқа суреттері сақталуы ғажап емес», -
дейді.
Байсеңгірден өрген Бурабайды, өкімет
1965 жылы жаңа ашылған «Дияр» совхозына
жұмысқа жібереді. Қызмет бабымен шалғай ауылға көшкен баласы Бурабаймен бірге
келіп, көп ұзамай Байекең дүние салып,
қыр басында жалғыз зират пайда болады. Жұрт оны « Бәйекеңнің басы» деп атап
кетеді.
Сексенге аяқ басқан ұлы Ноғайбай мен
оның Құлсарыда тұратын інісі Асанның айтуынша, тірлігінде құдай берген
өнерімен, палуандығымен елге танылып, аты жайылған Байсеңгір Көптілеуұлының дүниеден көшкеніне 45 жыл, туғанына 105 жас
толады екен. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», дегендей Байсеңгірдің өнері немере ,
шөберелерінен айналып өтпегеніне куә болып жүрміз. Мысалы, ата даңқын асырған
«Біздің ауыл тамаша», «Адай қыз», «Бәкір аға» сынды талай танымал әндердің
авторы, ҚР Құрмет Грамотасының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай
Байсеңгірдің әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
Есен-Түгел Әзи Ақтөбе қаласы.
«Жем –Сағыз» газеті,2014 жыл.3 шілде