Ақтан Керейұлы

1850 жылы  Ақтөбе өңіріндегі   Байғанин ауданы Сағыз өзенінің бойында дүниеге келді. Ақын, жыршы. Қазақтың Абыл, Махамбет, Шернияз, Нұрым, Марабай ақындарды  өнеге тұтқан.
Жем мен Сағыз, Ойыл  мен Жайық  бойындағы жұртқа атақ-даңқы кезінде кең жайылған Ақтан Керейұлы әрі арынды ақын, әрі ағынды  жыршы болған. Айтқыштығымен аты шығып, халық арасында белгілі «бес жорға» атанған саңлақтардың бірі.              
Кейінгі ұрпақа елуден астам  батырлар жырын  жеткізіп, қазақ әдебиетінің алтын қорына қымбат қазына сыйлаған атақты Мұрын жырау  көп қиссаны осы Ақтаннан мирас еткен. Нұрым, Қашаған, Аралбай, Құлмамбет, Қоспақ сынды жүйріктермен үзеңгілес жүріп өнер өрбіткен.

      Ақын жыраудың «Аяғына қан түссе», «Біріншіден не жаман», «Той бастар», «Бата»,  «Біразырақ сөйлейін», «Заман жайында», «Тыңдасаңыз сөзімді», «Ерлік жыры» т.б. терме толғаулары бар.   Ақын жырлары  «Ертедегі әдебиет нұсқалар» (1967), «Ақберен» (1972), «Өсиетнаме» (1982), «Бес ғасыр жырлайды»(198561989),  «Жырдария», «Абыл,Нұрым,Ақтаным» (1997),  «Жәдігер» Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы (2006), «Адырна» Ақтөбе кітапханасы (2011), «Ақындар аманаты»  (2014) жыр жинақтарына енген.  1912 жылы Байғанин өңіріндегі   Шибұлақ деген жерде өмірден өткен.
                        
                        ҚАЛАҒАНДАРЫҢ СӨЗ БОЛСА
Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын.
Шобалаң құйрық шұбармын.
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын.
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
Екі атысқан жау болса,
Арасында панамын.
Мен - ақ бауыр кержорға
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң, көзің жеткісіз
Жылмиып жатқан даламын.
Жортар атқа жеткісіз
Ұзын бауыр саламын.
Жоғарыдан Жайықпын
Теңізге құйған аяғын –
Күншығыстың күшті желімен
Ылайлатып ағамын.
Сөйлемейін мен неге,
Қашаннан да мен өзім
Заржақ туған  баламын.
Сөйлесем, сөзді табамын.
Сөйлей -сөйлей аламын.
Көпшілік сөйле дегенде,
Кідірмеймін жел сөзге,
Кеудедегі білгенді
Алдыңа төгіп саламын.

Сөйлей - сөйлей берейін,
Сөз жүйесін көрейін.
Әрі - бері сөйлесем,
Бұл да өзімнің мерейім.
Сөз дегенің бұйым ба,
Сөйлегенім қиын ба,
Талай - талай сөйледім
Сатырлаған жиында.


 МЕНІҢ СӨЗІМ ҚОШЕМЕТ

Кәріліктің белгісі -
Көңілдің қошы келмеген.
Жарлылықтың белгісі -
Жанын қинап өлмеген.
Жалғыздықтың белгісі -
Өзіне өзі сенбеген.
Палуандықтың белгісі -
Өнермен  өрге өрлеген.
Сақилықтың белгісі -
Халықтың қамын көздеген.
Әкімдіктің белгісі -
Тентекті тиып жөндеген.
Қаттылықтың белгісі -
Халықтың көңілін көрмеген.
Жамандықтың белгісі -
Қаумаға басы енбеген.
Төреліктің белгісі -
Аяғын басып жүрмеген.
Сұлулықтың белгісі -
Көргендер аңсап шөлдеген.
Жігіттіктің белгісі -
Мезгілсіз жүрген көлденең.
Екіталай болғанда,
Айқын жүйрік терлеген.
Кейбір жаман жыршылар.
Әшейінде ақтарып,
Сатып жүр жырын теңгеден.
Менің сөзім аяусыз
Аға менен жеңгеден.
Құлақ қойып тыңдасаң,
Зейін қойып тыңдасаң,
Менің сөзім қошемет,
Көңіліңді делбеген.

Билік пенен жыр басқа,
Өнердің түрі әр басқа,
Ортаға сөзді салайын,
Сағыңыз бізден сынбасқа.
Жігіттің қайтар базары,
Өнерін білген бұлданып,
Шығарып тұрса қымбатқа.
Арзан сөзден ала бер,
Дүния, шіркін,жолдас па?!
Мысал етіп толғайын,
Жаманға айтсаң бір сөзді,
Келмейді сөзің татымға.
Жақсылығың жамандық,
Үлкейіп шығад басымға.
Жақсы сөзбен жай айтып,
Мейманды үйден қашырма.
Сөйлес десе қонаққа,
Үйде отырып айқайлап,
«Не сұрайсың?»  айтынба.
Барым деп берсең, ол қонақ
Риза болад шай-суға.
Түсінгенге сөздерім
Құлағына хат болар.
Түсінбейтін жаманға,
Мал қимайтын сараңға
Айтқаның мен айтпаған
Бәрі бірдей сап болар.
Кейбір, кейбір жамаңдар,
Мал қимайтын сараңдар
Жыршыменен қас болар.
Зәресі шығып жыршыдан,
Үндеместен тас болар.
Ақ, қараны айырған
Қағазға жазған хат болар.
Шешендерді  сынаған
Тізелескен  дау балар.
Ер жігітті сынаған
Қарсы шапқан жау болар.

Кейбір, кейбір жамандар
Тақылдатар таңдайын.
Қыламын деп мал-жайын.
Қайдан білсін о қонақ
Ол кісінің қандайын.
Ер жігітті білгесін,
Көп дәметер сауыр деп.
Қонақ іздеп қонады
Аты шыққан ауыл деп.
Көп аралап жүргесін,
Сол мінезді білгесін,
Сүйкенбейін әркімге,
«Қарап жүрген тәуір» деп.            
       
         НЕ ЖАМАН
Біріншіден не жаман?
Білімсіз болған ұл жаман.
Екіншіден не жаман?
Анасының  тілін алмаған,
Қасарысқан қыз жаман.
Үшіншіден не жаман?
Үш жеріңнен буғызып,
Көрге салған – сол жаман.
Төртіншіден не жаман?
Төресін  ғаділ бермеген,
Парақор болған би  жаман.
Бесіншіден не жаман?
Бес уақыт намазың
Қаза болған - сол жаман.
Алтыншыдан не жаман?
Алғашқы алған әйелің
Көп ішінде кеңкілдеп,
Тіл алмаған - сол жаман.
Жетіншіден не жаман?
Жеткеншікте оқ тиіп,
Жетпей қалсаң- сол жаман.
Сегізіншіден  не жаман?
Серке санды ат мініп,
Сергелдең болған - сол жаман.
Тоғызыншыдан не жаман?
Торғайдай болған бір басың
Топқа түскен -  сол жаман.
Оныншыдан не жаман?
Оймақ ауыз,қиғаш қас,
Жазық маңдай, жалқыш шаш
Бір перзенттің жоғынан
                  Мұңлық болған  - сол жаман