(14.04.1965, Жарқамыс с., Байғанин ауданы)- тарихшы ғалым, ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Жем орта мектебін (1982), Гурьев педагогика институтын (1990) бітірді. Еңбек жолын Абай атындағы совхозда (Байғанин ауданы) "Жас дәурен" комсомол-жастар қой өсірушілер бригадасында шопан болып бастады, 1984-1986 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. 1990-2002 жылдары Атырау педагогика институтында (қазіргі Атырау мемлекеттік университеті) оқытушы, аға оқытушы, сырттай оқу бөлімі деканының орынбасары, Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, Кеден және құқық пәндері кафедрасының меңгерушісі болды, 2002 жылдан осы оқу орнында заң факультетінің деканы және проректор. Оқытушылық қызметтен қол үзбей жүріп, академик М.Қозыбаевтың жетекшілігімен диссертация қорғады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Атырау қалалық кеңесінің (1989-1994) қалалық мәслихатының депутаты ретінде жастар тәрбиесін, білім беру ісін, ұлтаралық қатынастарды жақсартуға бағытталған шаралардың ұйымдастырылуына ықпал жасап, басшылық етеді, студенттердің ғылыми, ізденіс жұмыстарымен шұғылдануын үйлестіреді. Юбилейлік медальдармен және мақтау грамоталарымен марапатталған.