Тәжібаева Айсан 1938 жылы 14 желтоқсанда Доңызтау өңірінде туған. Әкесі Тәжібай сол өңірдегі Осипенко атындағы, кейін "Қаратөбе" колхоздары басқармасының төрағасы болған. Тәжібаева 1957 жылы Жарқамыс орта мектебін бітірген. Жастайынан ән – күйге үйір болып өседі. Жетінші класс оқып жүргенде өнерпаздардың аудандық байқауына қатысып, жүлделі орын алады. Мектеп бітіргеннен кейін бойындағы өнерге деген құштарлық оны Ақтөбе мәдени – ағарту училищесіне алып барады. Ол осында кітапхана бөлімін бітіреді, сонымен бірге баянистік курсты тәмамдайды. Ауылға маман болып оралып, әуелі клуб меңгерушісі, одан әрі мәдениет үйінің директоры болып үзбестен жұмыс жасап, зейнеткерлік демалысына шығады.
Тәжібаева – аудан жұртшылығына жақсы танымал өнерпаз жан. Халық күйшісі Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестірінің солисі бола жүріп әлденеше рет лауреат атағын жеңіп алады. Ол басқаратын Оймауыт селолық мәдениет үйі жанынан құрылған өнерпаз жастардың драмалық үйірмесі халық театры дәрежесіне көтерілді. Облыстық, республикалық байқауларда олар сахналаған спектакльдер сарапшылардың жоғары бағасына ие болған. Бұл өнерпаз ұжым өзінің халықтық атағын абыроймен қорғап келеді. Театр қойған спектакльдерде Тәжібаеваның өзі де басты рольдерде ойнаған. Мәселен "Әке тағдыры" спектакліндегі Оңалхан ананың бейнесін өте шынайы шығарғаны үшін ол Республикалық ұйымдастыру комитетінің бірінші дәрежелі дипломымен (1981 ж) наградталады. Халық театры да осындай марапатқа ие болады. Осы мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған, Бейбіт Қалишеваның басқаруындағы "Аққулар - қыздар" вокальды тобы, "Мұстафиндердің отбасылық ансамблі" жұрт таныған өнерпаздық ұжымдар болды. Тәжібаева 1971 жылы КСРО Мәдениет Министрлігінің "Үздік мәдени қызметі үшін" белгісімен, 1970 жылы Қазақ КСР Мәдениет минитрлігі мен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің Құрмет грамотасымен, ал 1983 жылы Құрмет дипломымен наградталады. Тәжібаева өзі еңбек етіп жүрген шаруашылықтың ғана емес, ауданның, облыстық қоғамдық өміріне де белсене қатысып отырды. Ол облыс мәдениет қызметкерлерінің үшінші съезінің делегаты болды. Аудандық, облыстық комсомол конференцияларына бірнеше рет делегат болып қатысады. Жаңажол ауылдық кеңесінің тұрақты депутаттарының бірі болды. Зейнет демалысында болса да, Тәжібаева өзінің өмірлік бай тәжірибесін, өнерпаздық жолын ауыл жастарына үйретіп, әңгімелеп беруден әлі де жалығып көрген емес.
Күнінде күміс көмей әнші
болған Айсан Тәжібаеваны ел біледі.
Байғанин ауданының Оймауыт селолық округінде тұратын Айсан Тәжібаеваның кейінгі ұрпақ заманында жақсы әншілердің бірі болғанын білер де, білмес те. Алайда алдыңғы толқын ағалар мектеп қабырғасында жүргенде -ақ сахнаға шығып ән айтқан Айсанның қоңыраудай сыңғырлаған дауысын әлі күнге ұмыта алмайды.
Ортамызда аман -есен жүрген, бүгінде зейнеткер Айсан апамыздың өнер жолында төккен тері мен бітірген шаруасы туралы еске алып қою парызымыз секілді. Өмірін өнерге арнаған, сөйте тұра еңбегі билік тарапынан еленбеген, алайда ел-жұртының алдында қадірі артық Айсан апа-Оймауыт халық театрын құруға мұрындық болған кісі. Тыңнан жол салып, ауылда театр құруға әркімнің жүрегі дауаламас та. Әлі күнге осы театр Байғанин ауданының абыройын асырып жүр. Байғанин ауданына іссапармен барғанда бір қуанғанымыз-көкірегі шежіре қарттардың бар екендігі, аман-есен жүргені. Мырзағали Төлеуов ағамыз Айсан туралы бір ауыз жылы лебізін білдіріп еді: "Мен Айсанды бірінші рет 1957 жылы Мәскеуде өтетін жастардың ҮІ дүниежүзілік фестиваліне дайындық кезінде ауданда өтіп жатқан байқауда көргенмін. Жарқамысқа Қарауылкелдіден келді. Дауысы керемет, сыңғырлап тұр, сопрано, Бибігүлдің үніне ұқсайды. Диапазоны кең. Шәмші Қалдаяқовтың "Ақ маңдайлым" әнін әдемі айтушы еді. Дайындық кезінде байқағаным -табандылығы мен еңбекқорлығы. Содан күні бүгінге шейін сәлеміміз түзу. Айсан Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін сырттай бітіріп, Қарауылкелді станциясында клуб меңгерушісі болды. Одан Оймауытқа кетті, онда да клубта жұмыс істеді. Осы Оймауыт халық театрын ұйымдастырды. Айсан сияқты талантты, қажырлы кісі болмаса, театр құру қайда? Қайда жүрсе де еліне сүйкімді болды, мінезі де жайдары, ашық, байсалды. Қолынан келсе кісіге жақсылық жасағысы келіп тұратын адам. Жұмысбарысында талай өзімізге келіп, сәлем беріпғ ақылдасып кететін. Осы Айсанды аудандық мәдениет бөлімі үш рет атаққа ұсынды, өтпеді. Еңбегі елеусіз қалды-ау обалсынамын. Атағы болмаса анау-мынау кітапқа да кіргізбейтін көрінеді".
Ардақ Қонақбаева, "Ақтөбе"