(20.08.1949, Баршақұм ауылы Байғанин ауданы) -ғалым, физика- математика ғылымдарының кандидаты. 1970 жылы Ақтөбе педагогика институтын физика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Байғанин ауданының Қопа сегізжылдық мектебінде мұғалім болды, 1971-1977 жылдары Ақтөбе педагогика институтының жалпы және теориялық физика кафедрасында аға оқытушы. 1977-82 жылдары Киев мемлекеттік университетінің бейсызықтық оптика кафедрасында ғылыми ізденуші болды, сол университеттің аспирантурасында оқыды. 1984 жылы Киев университетінде "Инфрақызыл аумақтағы моминесценция және комбинациялық шашырауды бейсызықтық оптика әдістерімен зерттеу" тақырыбында диссертация қорғады. 1982 жылдан 1985 жылға дейін Ақтөбе педагогика институтында оқытушы, 1985 жылдан физика факультеті деканының орынбасары, 1990 -1994 жылдары осы факультеттің деканы, 1997-2000 жылдары инженерлік -техникалық факультетінің деканы. 2000- жылдан эксперименталдық және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Негізгі ғылыми еңбектері "Квантовая электроника" журналында, КСРО Ғылым Академиясы хабарларының физика, оптика және спектроскопия басқа да одақтық ғылыми басылымдарда жарияланды. "Когеренттік және бейсызықтық оптика" тақырыбымен 1980,1982, 1985 жылдары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық конференцияларда баяндамалар жасады.