ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақ
ақыны, жыршы әрі жырау. Адайдың Құдайкесінің Қосайынан тарайтын Тіней руынан.
Қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы территориясында дүниеге келген. Шаруа
жағдайын жақсы білетін, іскер, замана ағымын түсінетін адам болған. Ол
ауылдастарын отырықшылыққа уағыздап, аласапыран заманда Қоғалыкөл, Сулыкөл,
Наршөккен атты шұрайлы мекендерді игеруге мүмкіндік жасайды. Алайда ел қамын
ойлаған азамат бір арызқойдың көрсетуімен жалаға ұшырап, қамауға алынады,
сөйтіп Закария Жұбанұлы 1930 жылы Көкжар (Ойыл) түрмесінде дүниеден озады. Ел
арасына Закарияның шығармалары кеңінен тараған. Оларды, әсіресе, Маңғыстау,
Қарақалпақстан, Түркменстан жерін мекендеген қазақтар жақсы біледі, ән
айтатындары терме, жыр ретінде көпшілікке ақын өлеңдерін таныстырады. Закария
туындыларының шоқтығы деп оның «Тұтқын жырлары» аталатын өлеңдер циклін атауға
болады. Осы жырларында ол отызыншы жылдардағы әділетсіздік, зорлық – зомбылық,
ашық қиянатқа барып отырған билік иелерін, тұтқындардың ауыр халін, өздерінің
жазықсыз жәбір көргенін ашық айтып, жеткізеді, сонымен қатар өлең жолдарында
алдағыдан үміт, бостандыққа талпыныс сияқты ойлар да қылаң береді. Закарияның
өзі жырды айрықша мәнерлеп, екпінмен айта білген дарын иесі болған, оның
жыршылық дәстүрі де Маңғыстау, Түрікмен қазақтарында осы күнге дейін сақталып
қалған.
ТҰТҚЫН
ЖЫРЛАРЫ
Жазайын жауап толғаудың,
Толғасам шерім қозғалған.
Пікірге түсіп бір қиял,
Шайырың қалам қолға алған.
Біздер түгіл кешегі,
Зұлқарнайын Ескендір,
Қайғыны басқа шұлғанған.
Дәуіттің ұлы Сүлеймен,
Он сегіз мың ғаламға,
Дәрежесі артып бұлданған.
Содан да өткен бұл заман,
Неше бір түрлі қырланған...
Адай деген ел едік,
Аруағы бұлттай
торланған.
Есепсіз дәулет қорланған,
Екі талай жер болса,
Бір жағын күшпен қолға
алған.
Ерлік, байлық, билік, бақ,
Жоқ еді жерім құр қалған.
Қасарған жерден қан алып,
Ерлерім өтті тұмсарған.
Бұл Адайдың ішінен,
Неше бір жандар өтпеді?
Бала сүйіп, мал бағып,
Құдайым күйін оңдаған.
Дұшпанның тауы шағылып,
Әулие Бекет қолдаған.
Қоралап қонақ түсірген,
Шалғынға тігіп орданы.
Медресе, мешіт салдырып,
Көңілдің кірін қалдырып,
Ұстадық иман, молданы.
Сол қызықтың бірі жоқ,
Заманым бүгін оңбады.
Қауіпті деді қоғамға,
Жолығар бәле оған да.
Артық кемін тексермей,
Қарамай кетті обалға.
Осындай заман болмаса,
Жүйріктен мәстек озар ма?
Артқан жүгі ауыр болмаса,
Бидасын нарлар созар ма?
Айтайын сөздің келісін,
Желіге байлап ұстап тұр.
Талайдың тарпан, телісін.
Көкірек қайғы, көңіл шер,
Көрмеңіз айып, кемісін.
Құдіретті күшті құдайым,
Өзіңнен жәрдем сұрайын,
Ер басына не келмейді.
Тәуекел етіп тұрайын.
Құр қайғыдан пайда жоқ.
Әңгіме –дүкен құрайын.
Айдаса да қай жаққа,
Несібе тартса барайын.
ТҮРМЕДЕН ЖАЗҒАН СӘЛЕМ ХАТ
Адамзаттың баласы
Арманы болмас дүниеде
Алласы болса Панасы,
Жақсылар аттан жығылса
Жаманның қанар табасы.
Тұтқынға алған біздерді
Сәл нәрсенің жаласы,
Жазықсыз қуған дұшпанның
Көңілінің болып аласы,
Өтірік жала жаптырды
Атасыз иттің баласы,
Жазықсыз іске шатаған,
«Жауыз» деп бізді атаған,
Анығын ашпай қылмыстың
Тұтқынға бізді матаған,
Газетке басып әйгілеп
Жер-жерге хабар тараған.
Центрден келді тергеуші
Бір жеті өтпей арадан.
Бұзықтың сөзі «шын» болды
Болса да нехақ-қарадан,
Жүректі езген ауыр дерт
Толтырды ішті жарадан.
Қайғырды сыртта ата-ана
Күдерін үзіп баладан.
Жолыға алмай кетеді
Көбіне жылап даладан,
Хәкімнен үміт үзілді
Соттары болып жаңадан,
Бержағы алты ай, жыл жарым
Аржағы бес жыл шамадан,
Бұдан артық не болсын
Болмаса жәрдем Панадан?
Келген екен қорғаушы
Ақтөбе деген қаладан
Қаратайұлы Бақытжан-
Жасы жеткен шал адам,
Тыңдамады айтқанын
Дерегі қолда бар адам.
«Қасиет бұдан шықпайд» деп
Айтатын еді көп адам,
Табылды айтқан шамадан.
Сыртым бүтін болғанмен
Қапаланып осы күн
Ішім толды жарадан.
Аңсұңқар құс талпынар
Баласын көрсе ұядан,
Арғымақ жылқы жайылмас
Қараны көріп қиядан,
Көңіл бір көшіп қозғалса
Қайғылы болмақ сірәдан.
Көтеріліп қаламыз
Хәл сұрай келсе бір адам.
Тұтқында ерлер ойлайды,
Ойласа ойға тоймайды,
Дәретке толған сұм жүрек
Ерді еркіне қоймайды
Орынсыз көрген оқиға
Көңілдің шерін қозғайды,
Байлаулы жатқан нар тайлақ
Үйірін іздеп боздайды.
Келгесін адам
жаралып
Баянсыз фәни жалғанға –ай,
Қапа шегіп кімде-кем
Қалған екен арманда-ай.
Сол арманның бірі біз
Отыралық қорланбай.
Әзіреті Жүсіп
біз түгіл
Ол-дағы түскен торларға-ай,
Жалғыз өзі зынданда
Бірнеше күн сандалды -ай.
Тағынан тайған бірнеше
Ел билеген хандар да-ай,
Не көрмейді адамзат
Кеудеде шыбын жан барда-ай.
Не көрмейді адамзат
Кеудеде шыбын жан барда-ай.
Басынан бақыт ауған күн
Талайлар болған албарлы-ай
Мүгедек болып отырмыз
Жасы жеткен шалдардай,
Сәл нәрсеге жұбанып
Нәресте - сәби балдардай,
Асыр салып жатырмыз
Төрт-бес бөлме вокзалда-ай,
Қасірет-қайғы орнады
Жеті мүше – ағзаға-ай,
Қапталы жауыр болса да
Қайыспас жүкке қара нар,
Мүсәпір қылса пендені
Аллаға нешік шара бар?
Тұтқында жатқан біздерге
Нахақтан болған жала бар,
Өзекті барып өртейді
Жүрекке түскен жаралар.
Сөз жазайын қорытынды-
Дұшпанның көңілі бір тынды,
Қолдан келер шара жоқ,
Ағайын –туған жұртым да
«Іс істелді төтен,-деп
Төтесін тауып жетем» - деп
Келгендер бізге айтпады
Аяушылық етем деп.
Сақтамаса құдайым
Қалмады ешкім паналар,
Қарындас-халқым күйзеліп
Аңдыған дұшпан табалар...
ҚОШ АМАН БОЛ, ЕЛДЕРІМ
Тағдыры бір азамат,
Туысың жүйрік қазанат,
Бұрын – соңды көрмеген
Тап болды бізге қиянат,
Көргенше енді күн жақсы,
Сапарым болғай саламат.
Хош –аман бол, елдерім.
Тапсырдым Хаққа аманат.
Хош –аман бол ерлерім,
Қалды байтақ елдерім.
Ұялы тоғай, қалыңдық,
Айдын шалқар
көлдерім.
Ойыл мен Қиыл, Жем, Сағыз
Өсіп –өнген жерлерім,
Қайта айналып көрермін
Саламат болса дендерім.
Тағдыр болса жазулы
Көрмегі солай пенденің.
Хош-аман бол, сабаздар,
Поштыға салып жіберің
Қатынас сәлем қағаздар.
Сағынып жүрген халыққа
Білініп тұрсын хабарлар,
Алдым биік, артым жар
Айналуға жерім тар,
Тардан кеңге шақырса
Биліктінің еркі бар.
Құрметті сәлем, халыққа.
Күн батпайды таң атса
Біздей міскін-ғарыпқа.
Тұтқын үйден босанып
Шығармыз қашан жарыққа?...