Қашаған Күржіманұлы

   Қашаған Күржіманұлы (1841, Ташауз, Түркменстан, - 1929, Маңғыстау) – қазақтың көрнекті суырып салма ақыны.әкесі Күржіманнан жастай жетім қалып, 15 – 16 жасында ағасы Сәрсенбай үйімен бірге Каспий теңізінің бойындағы Қараөзекке  келеді. Жасынан ноғай жырларын «Қырымның қырық батыры» жаттап жырлап өскен ,16 жасында  ақын атанады.  Ол бұрынғы өнерпаздардың дәстүрімен біраз елдерді аралайды. Маңғыстау, Хорезм аймағында Еділ, Жайық бойындағы елдерде, Жем, Сағыз өңірінде болып, Құрманғазы мен Нұрым, Ақтан мен Мұрат, Бала Ораз бен Қоспақ, Құлманбет пен Жаскілең, Қашқынбай мен Ізім шайыр, Өмір мен Ығылман сияқты өнер саңлақтарымен кездеседі.
Қашаған Күржіманұлы қайырымсыздықты, надандықты аяусыз әшкерлейтін көптеген терме, толғаулар мен сықақ өлеңдер шығарып, айтысқа түседі. «Атамекен», «Адай тегі», «Топан» сияқты толғауларында халық өмірінің әдеби шежіресін баяндайды. Қашаған – айтыскер ақын болған. Қашаған шығармалары Ұлы Қазан төңкерісіне дейін ауызша тарады. Алғаш «Әдебиет майданы» (1935 №5) журналында жарияланды. Оның шығармаларын А.Жұбанов, Қ.Сыдиықұлы, Х.Сүйінішәлиев т.б. зерттеді, жырлары «Ақберен», «Бес ғасыр жырлайды», «ХІХ ғасыр қазақ поэзиясы» жинақтарына енді, 1991 жылы «Топан» деген атпен ақынның жеке жинағы жарық көрді.
                   
         
                            ТОПАН
 «Жем суының тасқыны»  (Поэмадан үзінді)
 Бегім  төре,нәніміз,
Сөзге құлақ салыңыз,
Айтқаныма менің наныңыз,
Тауқымет тартып тосыннан
Болмай отыр хәліміз.
Аз ғана тарих айтайын-
Саралап талдап алыңыз,
Өткен күннің шежіресі,
Не зият, не жат-таныңыз.
Бұлағын жырдың көзейін,
Қызыл  тілді безейін,
Көзінен әбден қаңыңыз,
Шырқатайын шығандап
Келгеніңше хәліміз,
Шамыңа  тимей қарайын,
Жыр құмартса жаныңыз...
Өткен менен кеткеннен,
Бұрынғы би –бектерден
Біраз мысал әшкертсем,
Түсер ме екен бабымыз?
Ол күн  менен бұл күннің
Айырымы не нәрсе?-
Екі арасын бағыңыз.
Және бір жайды айтайын:
...Ноғайлының  елінде,
Үш қиянның жерінде,
Ұзын аққан  Еділде,
Ақ Жайықтың  кеңінде
Талай хандар шалқыған.
Басынан бақыт ауғанда,
Пошымы аумай ғаріптен,
Бұғалықты аттай бүгіліп
Шалқыған хандар алқынған.
Дәреже тапқан ерлер бар
Саланың бойы салқыннан.
Менмендік тасқан шағында
Едіге ерді қорсынған
Тоқтамыс ханның елі де
Қапияда отқа шарпылған.
Бақыты баста тұрғанда
Кәпірдің  жұрты қорықты
Орақ пен Мамай даңқынан
Алшы  Ысмайыл ,Қалусарыдан-
Бақыт бұлардан да арылған.
Басынан бақыт ауған күн
Патшалар да ауған тағынан,
Айырылған  атақ-бағынан.
Мыңғырған малды байлардың
Қоңсысы кеткен жанынан.
Батырлар да өтті әруақты
Қанжығасы қанға малынған,
Бексауытын жамылған,
Дұшпаннан кегі алынған.
Көрмесе жауын сағынған,
Алмастан қару тағынған.
Қамалға шауып шеп бұзып,
Жүрегін басқан қабынған.
Он сан ноғайлының  хандығын
Билігімен  басқарып
Орақ, Мамай, Телағыс,
Асанқайғы атам, Қазтуған -
Олар да кеткен шарасыз
Мынау көлденең  жатқан Нарыннан.
Асан-қайғы бас болып
Қайғыменен  өтсе де,
Нарынды  тастап кетсе де -
Құтты жұрт екен бұл қоныс:
Тоқтығы берен  іркіттей,
Баққан қойы қара бүркіттей,
Тізбектелген нарының
Дулығасы үйген іскірттей.
Кәрі биесі жал алған,
Нарлары семіз, қом алған,
Кәрі саулығы шайланған,
Сағызын нандай шайнаған.
Еркек қой мен тоқтысы
Шырынын шөптің «байлаған»,
Ерлері бар ед егескен,
Дұшпанымен шенескен.
Аллаға жағып құлығы,
Ұрпақтары көп өскен.
Әруағы күнді жасқардай,
Абыройы асқардай, -
Не жақсымен теңескен.
Үлкен  бір іске көшерде
Көшелі қарттай кеңескен.
Ғалымдары болыпты
Құраннан неше хат білген,
Көңілі толып Хақ білген,
Бір Алласын жад білген,
Жаңылмаған тәспі,тәкпірден.
Мырзалары  болыпты
Құбарлан  ертіп құс салған,
Ылашын, сұңқар ұстаған,
Томағасын әдіптеп,
Мақпалменен тыстаған.
Елеуретіп екі жүйрік жетектеп,
Сулығын алтын бедермен кердірткен,
Жалын сабаутіспен тердірткен.
Жүйріктерін жүйткітіп,
Алысқа сап көрдірткен.
Мынау Еділ мен Жайық,Жем екен,-
Бұл жетімдерге жем екен,
Жесірлерге кен екен.
Қасерлерге кең екен.
Шөбі малға май болар,
Аш-арыққа жәй болар,
Төрт түлігі сай болар,
Баға білген бай болар -
Қашаннан да бұл қоныс
Құтты болған жер екен.
Өзегі де қайырлы-
Аш-арығы  сүйреп жейді екен
Бекіре  менен жайыңды.
Балқашын  орып мал жеген,
Аралас  үйрек-қаз жеген,
Малының  жақын өрісі,
Құланның ұзын желісі,
Ағашында піскен алма бар,
Миуалы жемісі.
Еділ мен Жайық, Нарынның
Осылай екен келісі-
Бір Алланың берісі.
Күндердің  күні болғанда:
«Орыстар  зорлық етер,-деп,-
Жағама  қолы жетер,-деп,-
Еңіреп  ерлер өтер»,-деп,
Асан- қайғы бабамыз
Жерінен безіп сол үшін
Амалсыз  тастап кетіпті
Көк  Еділ менен  Ақ  Жайық,
Кең   Нарынның  қонысын!..
Мынау  бір өткен уақиға,
Бұдан да хабар берейін:
Тайшық  ханның елі толғанда,
Тай тулап талқан болғанда;
Үш қиянның жеріне
Ормамбет ханның елі тегіс қонғанда;
О да келіп бір күні
Бір  құтырған құртқа жолықты.
Ормамбет хан сол күнде
Қайтерін  білмей торықты.
Бүлдіруге көп елді
Сол құрт себеп болыпты,
Арша  деген ағашқа
Бір  бозторғай келіп қоныпты.
Сол ағаштың бойынан
Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырып торғай шырлайды,
Қанатын сілтеп пырлайды,
Көкке қарай зырлайды.
Өзінен зордан қаша алмай,
Жүрегін торғай баса алмай,
Шарықтап жүрген бүркітке
Шапқан екен торғай тайсалмай....