Байсеңгіров Орал Ноғайбайұлы

  
1973 жылы  7 сәуірде  Ақтөбе облысы Байғанин ауданы «Оймауыт» совхозының Дияр елді мекенінде дүниеге келді.1980-1988 жж Дияр ауылындағы Матайқұм орта мектебінде, 1988-1990 жылдары Атырау облысы, Жылой ауданы (Гурьев облысы,Ембі)  Құлсары қаласындағы №1 орта мектепті бітірді. 1990-1991 жылдары Ақтөбе республикалық мәдени ағарту училищесінің режиссерлік  бөлімінде оқып жүріп,  әскерге шақырылып, РСФСР- де   борышын өтеді. 1993 - 1995  жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институт жанынан ашылған театр студиясынан  актерлық мамандығы, 1995 – 2000 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттәк универститетінің музыка факультетін,    2009 - 2011 жылдары С.Бәйішев атындағы Ақтөбе универститетінің филология факультетін бітірді. Алғашқы еңбек жолын  1994 жылы Т.Ахтанов атындағы  облыстық драма театрында актер болып бастады. 1999-2000 жылдары С.Бәйішев атындағы Ақтөбе универститеті жанынан студенттер театрын ашып, М.Мақатаевтың  туғанына 70 жылдығына орай ақынның «Қош махаббат» драмалық шығармасына режиссерлік етті.  2006-2007 жылдары Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі,  2008  жылдан бері  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік универститетінің Жастар Сарайының директоры  және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның бас редакторы. Қызметін атқарып келеді.
   О.Н.Байсеңгіров өзінің айтыскер ақындық ,сазгерлік, әншілік, актерлік қабілетімен танылған өнегелі жан.  Республиканың,  облыстың қоғамдық мәдени өміріне белсене араласып, республикалық,облыстық деңгейдегі  ірі  мәдени іс шаралардың сценариисті, телевизиялық бағадарламалардың ұйымдастырушысы, шебер жүргізушісі. Актерлік қабілетпен көрермендерге рухани нәр сыйлап,  театрда  көптеген ролдерді сомдады, әсіресе Т.Ахтановтың «Ант» пьесасында Әбілхайыр ханның бейнесін сомдауы ерекше.   Өскелең ұрпақтарды тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды  таныту, сахна мен мәдениетке баулу, өнерін қолдауда  ел игілігіне  Қазақстан Театр Қайраткерлері  Одағының мүшесі, ҚазАҚ авторлар қоғамының Ақтөбе облысы бойынша төрағасы, «Димаш Али» шығармашылық ороталығында әдеби редактор, «Қазақстан  Ақтөбе  телеарнасында  теле жүргізуші редакторы қызметтерін қоғамдық негізде абыроймен атқарды.  Ел, туған жер тақырыптарында жазылған  «Мәңгілік  ел Қазақстан»,«Темірім әнім», «Мұғалжар вальсі», «Адай қыз», «Атырау асыл мекенім», «Ақтөбе менің», «Біздің ауыл тамаша», «Бәкір аға», «Байғанин маршы» әндерінің авторы, сонымен бірге жерлес Т.Жармағамбетов, Е.Ашықбаев, Б.Бабажанұлы,т.б. ақын жазушылар өлеңдеріне ән жазған талантты сазгер.
  Бала кезінен  өнерге деген ынтасымен танылған О.Н.Байсеңгіров 1990 жылдары  Гурьев облыстық комсомол комитетінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталған. Республика, облыстың  мәдениет саласындағы ерен еңбектері үшін  ҚР Президенті Н.Назарбаевтың (2012) «Құрмет Грамотасы» және  Ақтөбе облысы әкімінің «Алғыс хат» «Қазақстан қажылар қауымдастығының  «Құрмет Грамотасы» (2010),   облыстық мәдениет басқармасының  «Құрмет Грамотасы», «Алғыс хаттармен»  бірнеше рет марапатталды.  2011 жылы  «Облыста  театр өнерін дамыту және ірі көлемдегі шараларды өткізуге қосқан үлесі үшін» Ақтөбе облысы әкімінің сыйлығының лауреаты,  «ҚР Мәдениет саласының үздігі» белгісімен( 2012 ) , Халықаралық  ядролық қаруға қарсы «Невада Семей» қозғалысының  2014 жыл адамы байқауында  «Таза табиғатпен ядролық қарусыз ғасырға» номинациясының  иегері  атақтарын иеленді.   


Тарихты білу- парыз

  Байғанин ауданы Миялы селосы округі әкімі Әлжан Құрманғали ақын Төлеген Айбергеновтің атын мектепке беру туралы  «Ақтөбе» газетіне жариялаған мақаласында «Дияр – ертеден келе жатқан атау. Бірақ неліктен олай аталғаны туралы дерек жоқ» деген мәліметті алға тартады.
    Осыған орай  аудан тұрғындарының назарына «Дияр» атауы жайлы мәлімдегенді жөн көрдім.
Журналист Жанат Нұрмаханованың  «жылойдың жайсаң жандары» циклымен Алматыдағы «Зерде» баспасынан 2001 жылы шыққан  «Дүсіптің ұлы Дияр» атты кітабы бар екендігі айтқым келеді.. Кітапта Жем бойындағы қазақ ауылдарының хал-жайы, 1932-33 жылдары аштықтың зардабын тартқан халықтың тағдыры шынайы бейнеленген. Ал Дияр Дүсіпұлы Атырау облысы Жылой аудандық су шаруашылығы бөлімінде шолушы болып қызмет еткен.
... Кезінде Одақтың бірқатар жерлерін суландыру мәселелсімен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары болған. 1947 жылы көршілес жатқан Байғанин,Жылой аудандарындағы жайылымдық жерлерді суландыру ісі қолға алынатын болып, «орал» тәжірибелік шаруашылығынан мамандар келген. Мақсаттары – жер жағдайын зерттеп, су көздерін іздестіру. Жол көрсетуге Жыойдан Дияр Дүсіпұлын ала шығады. Диекең жер бедеріне, шөпке қарап, сол жердің суының ащы-тұщысын, қанша су қоры бар екендігін лабороториялық зерттеулерсіз айтып береді, мамандар жерді бұрғылап көрсе, су атқылай бастайды. Мұндай тұжырымдарға су инженерлеріні өздері таңғалады. Мамандар  су нүктені картаға түсірейін десе, жердің атын ешкім білмейді. Экспедиция мүшелері «судың көзін тапқан өзіңсің» деп, Диекеңнің қарсылығына қарамай, топ жетекшісі картаға да, қағылған белгіге де «Дияр» деп жаздырады.
   Мұнай, газ, тұз секілді табиғат байлықтарына тек қасиетті адамдар ғана кезігеді екен,меніңше Дияр атамыз да құр адам емес деп ойлаймын. Ол «1941-45 жж Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалымен және Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасымен марапатталған қарапайым еңбек адамы болған. Бейіті Жылой ауданының орталығы Құлсары қаласында.
                                                 Орал Байсеңгір, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ақтөбе қаласы.                                                                                 («Ақтөбе» газеті, 2014 жыл 13 ақпан)

ОРАЛ-ҚОСАЙ БАЙСЕҢГІР,
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ:

ӨНЕР АДАМЫ ЕШҚАШАН ДЕМАЛМАЙДЫ

Қазақ радиосы» арқылы әндерінізді естіп жүрміз, Ақтөбеде жатып ән оздырған Орал-Қосай Бәйсеңгір мен жақынырақ таныссақ дейміз.

-Иә,әуе толқынынан «Біздің ауыл тамаша» деген әнімді Нұрлан Абдуллиннің орындауында жиі береді.Ауылға деген сағыныштан, туған жер,өскен ортаға деген махаббаттан туған дүние еді. Әу баста сахнаға өзім алып шыққанмен, кейінірек Ақтөбедегі «Достық сазы» фольклорлық ансамбілінің  сүйемелдеуімен дәстүрлі әнші Гүлмарс Аманбаева нақышына келтіріп шырқады.
 -Ән мәтінінен сағыныш сазын шерттірген туған жеріңіз туралы біле алмадық.
-Оныңыз рас, өлеңнің ішінде ешқандай ауылдың аты аталмайды. Өйткені өскен жерін сағынып жүрген жалғыз мен емес шығар. Әр қазақтың түп тамыры ауылда емес пе? Сондықтан да оларға әнім ортақ болсын, осы туындымен сағынышын басса екен деген ой туды. Жалпы кіндік қаным танған жер- Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағанбетов, Сәбит Баймолдин, Бәкір Тәжібаев, Есенбай Дүйсенбаев, Қажығали Мұқанбетқалиев сынды дүлділдер туған Байғанин ауданы. Бұл өлке мың жылда бір туар ақын Төлеген Айбергеновтың де атамекені.
 -Ауылыңызды айтқанда арқаланып шыға келдіңіз ғой...
-Құдайға шүкір, біздің ел мақтануға әбден лайық таланттардың мекені. Мақтанудың да түр-түрі бар, біреу «Абайды сабағанда менің атамның қамшысы бірінші тиген» деп мақтаныпты ғой. Ал менікі «ауылдастың аты озсын» дегендік.
Көлдерін көптен көрмеген
Көктемгі қаздай оралып
Ауылға тартып мен келем
Ақ жібек бұлтқа оранып- деп атақты ақын Сағи жырға қосқан «Оймауыт» деген бұрынғы кеңшардың «Дияр» деген бөлімінде дүниеге келіппін.
-өзіңізді сахнада, әлеуметтік желіде көпшілікке Орал-Қосай Бәйсеңгір деп таныстырыпсыз. Жаңылыспасам, қосай руыңыз емеспе, «Ақ маңдайлы адай қыз» деген өлеңіңізде де руы аты айтылады.
--Бұл менің рушылдығым емес, ата-баба, шыққан тегіме деген құрметім деп түсінген дұрыс. «Сүйген құлдарыңның құрметіне бер» леп тілеген ырымшыл халықпыз ғой, жалпы қазақтың қай баласы да ата-бабасымен мақтана алады. Өйткені Мәшһүр Жүсіпше айтсам «бұрынғының бәрі әулие».
Адам руын айтқаннан «рушыл» болып кетпейді, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, «Ағатай Беріш-ұраным» деген Исатай, Махамбеттер рухы үшін құрбан болған ғой.
-Есенқұл Жақыпбектің өлеңіне жазылған қадырғали Көбентайдың «Өнер адамы» әнін ерекше орындайтын көрінесіз. Бұл туынды сіздің репертуарыңызға қалай енді?
-Тек мәнді де, мағыналы жазатын Қадырғали ағамыздан Ақтөбеде өткен әе кешінен кейін аттай қалап сұрап алдым. Ол кісі көңіліңе ұнаса,табиғатыңа келсе айт деді. Ол кезде театрда актер болып жүрген кезім еді. Тахауи Ахтанов театрының 15 жылдығыда алғаш рет орындап шықтым.
  Кезінде облыстық театрда Тахауи Ахтановтың «Ант» драмасында Әбілхайыр ханның, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанында»-Жарасты, С.Балғабаевтың « Ең әдемі келіншегінде» Абдолланың ролін сомдапсыз. Кейіннен сазгер атандыңыз. Бүгінде актерлік, сазгерлік өнеріңіздің бәрін жиып қойып, басшылық қызметке кіріскен тәріздісіз.
-Жиып қойған жоқпын, жайып қойып кірістім.Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайының басшысымын. 2009 жылы облыстық мәслихат шешімімен, университет жанындағы көпсалалы колледжден ректор Кенжеғали Кенжебаевтың қолдауымен «Актерлік өнер» деген мамандықтың ашылуына мұрындық болғанмын. Қазір құдайға шүкір, шәкірттеріміз баршылық, облыстық театрларда, телрадио саласында жемісті еңбек етуде.
-Бәкір Тәжібаев мұраларының насихатталуына біраз еңбек сіңіріпсіз. Осы жұмыстарыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
Сауыққа сәті жоқты сән бермейтін,
Кеудесін шайыр еді-ау ән кернейтін.
Жыры боп, Әлия әннің ол өзіне,
Ескерткіш қойып кетті мәңгі өлмейтін..-деп Есенбай Дүисенбай шын бағасын бергент тума талантқа әрдайым тағзым етіп жүремін. 80 жылдығына орай алғаш рет Ақтөбеде Бәкір әндерінің кешін өткізіп, «Ана жүрегі» деген пьесасын арнайы өз үйінен барып алып, Т.Ахтанов атындағы облыстық театрда қойылуына себепкер болғаным рас.Ол кезде театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі едім.
 Бәкір ағамыз өзі ән шығара жүріп,талай әнге өлең жазған және ол әндердің әлі күнге сыры да, сыны да кеткен жоқ. Өйткені Мұқағалиға «Саржайлауды» жаздырған Нұрғисадай, Бәкір ақында Ескендір Хасанғалиев жырлата білген жан. Олар ешкімнің тапсырысын орындаған жоқ, тек жүректерінің әмірімен ғана сәтті шығармашылық одақ құра білді. Әндері халықтады, халқы тыңдаудан жалықпайды.
Ал сіздің әндеріңізді кімдер орындайды.
Мирас-Құралай Бекжановтар, Есет Сәдуақасов, Асқар Көшеров, Жадыра Арыстанова, Асхат Тарғынов сынды танымал әншілер және жұлдыз Димаш Құдайбергенов өз репертуарына енгізген. Ақтөбе қаласында шығармашылық кеш өткізгенмін. Оған жергілікті әнші, сазгерлер қатысты. Қанат-Света Айтбаевтар, Марат Әйтімов, Аймұрат Мәжікбаев, Нұрталап Жүсіпов, Дулат-Рита Айтжановтар т.б өнерпаздар қатысты.
Байғанин маршы әніңіз сол ауданның әнұранына айналған екен, одан өзге жарыққа шықпай  көлеңкеде қалып қойды-ау деп жүрген әндеріңіз бар ма?
  Зайыбым Нұргүл Тілегенованың орындауындағы «Бәкір аға» және «Қайран көңіл» деген әндерім көпшілікке жетсе екен деймін. Сазгер Жалғас Кеңесовтың М. Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Пай-пай өмір» деген әні де менің қоржынымда еді. Ол да мекің жалқаулығымнан жетер жеріне жете алмай жатыр. Орайы келгенде «қалғып бара жатқанда, оятқаныңыз үшін» алғысымды айтсам деймін. Сіздің сауалдарыңыздан шығармашылық шабытым қайта түлегендей болып отыр. Дегенмен ізденісім мүлде жоқ емес. Жақында Бижан Қалмағамбетовтың өлеңіне «Есте қалсын» деген өлеңім жазылды. Бұйыртса, әр түрлі жанрдағы шығармаларымның басын қосқан «Мың алғыс» деген кітабым жарық көреді.
  «Қыдыр қонып,өнер дарыған» отбасыңыз туралы білсек...
Атам Бәйсеңгір-жырау болған, сөз ұстанған адам.Жалпы, «сөз» деген киелі дүние ғой. Ертеде «Ер Едігені» жырларда халық дәрет алып келіп тыңдайды екен. Бабаларымызқ қасиеттің құнын білген ғой, сол үшін өнерге тазалық, адалдық керек!
Өз отбасымда Сенім,Сезім;Кемеңгер,Көзайым атты Алланың берген сыйы бар. Арманым балапандарымды иманды етіп тәрбиелеу.
 Ақтөбеде өткен С.Жиенбаев,Т.Жармағамбетов,Б.Тәжібаев,Т.Досымов, Е.Серікбаевты еске алу кештерінде  және Мейірхан Ақдаулетұлы.Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Сәтжан Дәрібайдың шығармашылық кештерінде өлеңдерін оқып, көрерменді бір серпілткен екенсіз. Жалпы қоғамдық-мәдени шаралардан қалмайтыныңызға куә боп жүрмін, бәріне бірдей уақытты қайдан табасыз?
Өнер адамы ешқашан демалмайды.24 сағат жұмыс істейді десем, шындыққа қайшы келмес. «Өнер» деген сөздің түбірі «өн» дегеннен шығады, егер өнбесе өнер өспейді.
 Әңгімеңізге рахмет!
                                                                                                             Қаншайым Байдәулет

                                                                                                      Айқын, 29 қаңтар, №17. 2015 жыл



....деген сөзді санасында берік ұстаған, жерлесіміз, ҚР Құрмет грамотасының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Жастар сарайының директоры қызметін атқара жүріп, үнемі облысымыздағы мәртебелі жиындардың ортасынан табылады.
Қай жерде салтанатты концерт, ақын-жазушылардың шығармашылық кештері, теледидарда деректі фильмдерді дыбыстау, бейнебаяндарда роль сомдау, театр қойылымдарында, қала берді студенттер театрында, филармония концерттерінде,студияларда ән мәтіндері, сазгерлік туындыларын тыңдаған,көрген сайын нақты қай саланың маманы деп ойлайтынымыз рас. 
- Осының бәріне уақытты қалай табасыз, негізгі мамандығыңыз қандай?
- Дұрысы уақытты пайдалана білу – ең үлкен өнер! Істеп жүрген кәсібімнің бәрін өзімнің төл мамандығым деп білемін. Жалпы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінен – «режиссер», кезінде Ақтөбе педагогика институты жанындағы студиядан - «актер» мамандығын  және  Қ.Жұбанов атындағы университеттің «музыка» факультетін, кейінірек С.Бәйішев атындағы университеттің «филология» факультетін бітіргенмін.
- Сан түрлі оқу орындарында білім алсаңыз да осының бәрі бір арнаға тоғысатын сияқты. Жалпы өнер кімнен, қайдан дарыған?
- Атам Байсеңгір Көптілеуұлы, елге танылған домбырашы, жыршы. Заманында атақты Ескелді, Сүгір жыраулармен бір жүрген кісі болған. Ал, нағашыларым «бізден дарыған!» дейді, ал, енді  «туған топырақтан» деген сөз, шындыққа 
100 пайыз жақындайтын сияқты, өйткені, біздің ауылдың құмына дейін ән салады! 
- Туып-өскен жеріңіз жайлы біле отырсақ...
- Жақын «шетелде», анығын айтсам,  Доңызтаудан бері, Жем өзенінен әрі, Оймауыт пен Диярдың қасында, Сарыбай әулиенің «басында» туғанмын, ал, кіндігімді кес-кен, аты ел есінде алтын әріппен сақталған  атақты «халық доғдыры» Қуаныш Теңізбаев!
- «Халық доғдыры»   дегенді бірінші рет естіп отырмын.
-  Ол кісіні біздің ел, ерекше, қатты құрметтейді.
-Өз отбасыңыз жайлы білсек...
-Әкем Байсеңгірұлы Ноғайбай, биыл 80-ге толады, шешем  – Ажар Алпысбайқызы, «Алтын алқа» иегері, көп балалы отбасында туып-өсіп, ер жеттім.
Келіншегім – Нұргүл Тілегенова, музыка маманы. Есімі елге танымал Момын Байғаниннен домбыра класын бітірген. Ұлдарымыз Сенім – А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде, Кемеңгер – С.Бәйішев атындағы университеттің колледжінде «дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша» тәлім алуда, фехтованиядан «спорт шеберлігіне кандидат», қызым – Сезім, мектепте оқиды, ән айтады, өнерге, әдебиетке жақын.
- Елбасының алдында өнер көрсеткеніңізді ел айтып жүр, домбыра қағысыңыз бен төкпе термеңіз ерекше дейді жұрт? 
- «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» деген ғой, ұстазым академик Ахмет Жұбановтың сенімін ақтаған профессор Қайырғали Қожанбаев, ал, ең алғаш домбыра ұстатқан, туған жеңгем, марқұм Оразгүл Боқышқызы Тауханова еді...
Жалпы, өмір деген үлкен мектеп қой, біздің ауылда домбыраның «құлағында ойнаған» Әлден ақсақалдан «Домалатпайды», «Баламайсанды» тыңдадық, Тілеубаев Құдайберген есімді азаматтың «қағысын» көрдік, Мұқанғалиев Саматтың әніне елтідік, Темірхан Әділхановтың өлеңін жаттадық, Жалғас Қоспағанбетовтен патриоттық тәрбие алдық. Тіпті Оймауытта туып, қазақ өнерінің «алтын діңгегіне» айналған Халық әртісі Алтын Ружееваның ат төбеліндей ауылға театр қойылымдарымен қайта-қайта айналып соғуының өзі үлкен мектеп болатын, кейін байқасам, сол ауылдың құйттай сахнасынан,  атағы дардай Чапай Зұлқашевты да, Мағзом Бақытжановты да көрген екенбіз... 
-Театрдағы сомдаған рөлдеріңіз туралы айта кетсеңіз.
-Алғашқы еңбек жолымды Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында актерліктен бастадым. Дихан Жәлекенов бастаған, алғы буын ағалардан үйрене жүріп, киелі сахнаның санаға салар салмағын сезіне тер төге білдім деп ойлаймын. Өнердің иесі қашанда халық. Халықтың берген бағасы, елдің ілтипаты өнер адамына қанат бітіріп, биікке ұмтылдыратыны рас. Театр сахнасында С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» – Абдолланы,  М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Жарасты, Е.Әлімжановтың «Тақталасында» – Дауғабайды, Т.Ахтановтың «Антында» – Әбілхайыр ханды, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпанында» – Қожықты, Ж.Тілепбергеновтің «Рамазан-Перизатында» – Жарылғапты, У.Шекспирдің «Король Лирінде» – Бургундия герцогін тағы басқа да рөлдерді сомдап шықтым, сол тәжірибемді қазір жастарға үйретудемін  
- Былтыр «Жастар театры шақырады» деп, «Айналайын, ақ келін», «Ғашықтар хикаясы» қойылымдарына келіңіздер деген сөзіңізді естіп едік теледидардан?
- Иә,  бұйырса, биыл да жар салатын боламыз, «актерлік өнер» мамандығы, былтырдан бастап «Тарлан» колледжіне ауысты, сондағы студенттер күшімен тағы да бір қойылым дайындалуда, жалпы, театр ешқашан көптік етпейді! «Осындай дайындап жатыр екен, қолтығынан демейік, осыдан біздің балаларымыз, жас ұрпақ тәлім-тәрбие алады ғой деп жұрт өре түрегелсе»  деймін, кезінде «облыста мәдениет мамандары, халық театрларында оқыған актер жоқ» деген ұсынысты қолдаған, облыстық мәслихаттың шешімімен ашылған мамандық қой. Аудандық мәдениет басшылары өздеріне керек маманды өз есептерінен оқуға жіберіп облысымыздың мәдениетін көтеруге үлес қосса деймін. Қарапайым отбасылардан шыққан өнерді сүйетін балалар ақылы оқуда. Үркетін дүние емес, мен казино, бар немесе лохотронға шақырып жатқаным жоқ қой. Егер, басшылар қолдаса, қалада Жастар театрын ашу қолда тұр, оған маман да, режиссер да, суретші де бар! 
Көпшілік театрға жиі келуі керек. Тіпті керек десеңіз, құзырлы орындар арқылы, әрбір мекемені ай сайын театр қойылымына келуге міндеттеу керек,  билет құны мекеме есебінен төленуі тиіс. Театрға келген адамның санасы тазарып, еңбекке құлшынысы артады, осыны мекеме басшылары ұққаны дұрыс, адамға ауа,су, жылу қандай қажет болса, бұл да сондай – рухани қажеттілік!
- Шығармашылығыңызда не жаңалық, «Байғанин маршы», «Бәкір аға», «Біздің ауыл тамаша» сияқты әндердің ізін суытып алған жоқсыз ба?
- Нақты жоспарым жоқ, екі етек болып шауып жүрмін, әйтеуір, алда Сағи, Тобық ағаларымыздың мерейтойы, арнап жазылған әндерім бар, бұйырса, «Ақтөбеме, мың алғыс» деген әртүрлі жанрдағы шығармаларымның басын қосқан кітабым жақын арада жарыққа шығады.
-Әңгімеңізге рахмет. Өнеріңіз өрлей берсін!

О.Байсеңгіров : Тәуелсіз қазақ елінің, әр өнер адамы, әр сөзінде өлмес рухты өнеге етуі тиіс. Ұлттық рух десек, ойымызға Исатай мен Махамбет оралады. Олар – халық көңілінің тұнығындағы ең асылы еркіндікті, теңдікті аңсады. Махамбет ақынның қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, селдей серпінді сөздері қараңғыда алдан жарық күнді қармаған қалың қазақтың ақ жүрегіне толқу салды, ер көңіліне жел берді. Махам­бет жырларын оқыған адам тез тұтанып, терең тебіреніп, Исатай сарбаздарының сапында айқасқа кіргендей, жеңіс қуаны­шын, жеңіліс күйігін бірге кешкендей сезі­неді. Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ! Өйткені оны жалғаған кешегі Фариза мен Табылды еді...
                                                                              Айқын, 29 қаңтар, №17. 2015 жыл