Қайдасов Жеткербай
(29.06.1951, Байғанин ауданы) – математик, ғалым, Байғанин ауданындағы Сағыз орта мектебін (1969), Алматы мемлекеттік университетінің математика факультетін (1973) бітірген, физика – математика ғылымдарының кандидаты (1987). 1973 – 75 жылдары математика пәнінің мұғалімі (бұрынғы Торғай облысы мектептерінің бірінде) болды. 1975 жылдан 2000 жылға дейін Арқалық педагогика институтында аға оқытушы, доцент, факультет деканы болып қызмет атқарды. 2000 жылдан бері Ақтөбе мемлекеттік университеті алгебра және дифференциалдық теңдеулер кафедрасының доценті. Қайдасов Ж. 1976 – 1977 жылы Ресейдегі Рязань педагогтік институтында, 1981 – 1984 жылдары Москва мемлекеттік университетінде геометриядан ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізді. Онда әлемдік деңгейдегі танымал математиктер Н.В.Ефимов пен Э.Г.Позняктың мектебінде профессор Е.В.Шекиннің жетекшілігімен дифференциалдық геометриядан үш өлшемді Евклид кеңстігінде Лобачевский жазықтығының шексіз облысына изометриялы болатын регуляр беттерді іздеумен айналысты. 1987 жылы Қайдасов Ж. Москва мемлекеттік Педагогика институтының мамандандырылған ғылыми кеңесінде геометрия және топология мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Ол Евклид кеңстігінде бұрын ғылымға белгісіз болып келген жаңалық ашты, яғни кеңістіктегі бұрын белгілі үш беттен басқа тағы бір беттің барлығын дәлелдеп, оның пішіні мен параметрлік теңдеуін айқындады. Бұл жаңалық «Вестник МГУ», «Математические заметки» ғылыми басылымдарында, аудармасы АҚШ тың ғылыми журналдарында жарық көрді. Қайдасов Ж – республикадағы геометрия саласы бойынша ірі мамандардың бірі. Ол отыздан астам ғылыми - әдістемелік еңбектер жазды. Орта білім беретін мектептердің 7, 8 – 9 кластары үшін геометрияның байқау оқулықтарын жазды. Ғылыми тақырыптағы мақалалары Москва, Ленинград, Одесса, Алматы қалаларында шығатын басылымдарда жарық көрді. Ол – Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі (1997).