Берікұлы Ниетжан
(27.10.1927 ж.т. Жарқамыс ауылы) – ғалым – педагог, кеңес қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Қызылорда педагогтік институтын бітірген, филолог. 1951 – 1957 жылы Жарқамыс орта мектебінің директоры, еңбекшілер депутаттары Байғанин аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1957 – 1988 жылдары Ақтөбе облыстық атқару комитетінің хатшысы, облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі, Ақтөбе педагогика училищесінің директоры қызметтерін атқарды. 1988 – 1998 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында, 1998 жылдан Батыс Қазақстан экономика және қаржы (қазіргі С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті) институтында кафедра меңгерушісі. Беріков Н, педагогика, психология, тіл білімі салаларында 250 ден астам ғылыми – зерттеу еңбектерін жазды, олар Одақтық, республикалық ғылыми басылымдарда жарық көрді. Беріков Н. 1991ж. «Жоғары сыныптағыларды қой шаруашылығындағы ұжымдық еңбекке бағыттау және дайындау» тақырыбында диссертация қорғап, пед. ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Беріков Н. ВЦСПС тің ХV съезінің (1974), Бүкілодақтық ІІ мұғалімдер съезінің, Қазақстан мұғалімдері съездерінің делегаттығына, бірнеше рет Ақтөбе облыстық Кеңесінің депутаттығына сайланды. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, 8 медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, КСРО және Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі белгілерімен марапатталды. 2002 жылы оған ауданның құрметті азаматы атағы берілді.
Аға туралы сөз
Халық ағарту ісіне
қалтқысыз қызмет етуімен қатар ізгі адами қасиеттерімен айналасының құрметіне
бөленіп жүрген ғалым, ұстаз Ниетжан Берікұлының өмірі өнегеге толы. Биыл сексеннің
бесеуіне келген ұстаздың жасаған қызметі мен кейінгі ұрпақтың игілігі үшін
жарыққа шығарған ғылыми еңбектері «ұстаз боламын» деген әрбір жас үшін қазына
екендігі даусыз.
… 1942 жылы
8-сыныптың оқушысы Ниетжан Берікұлына аудандық оқу бөлімі «Ақжар» колхозының
бастауыш мектебіне мұғалім болуды сеніп тапсырады. Бұл 15 жастағы Ниетжан үшін
ұстаздықтың басы еді деуге болады.
Ол бастауыш мектеп
мұғалімінен бастап ғалым, профессор деңгейіне дейінгі жолды зор ізденіспен
жүріп өтті. Жарқамыс орта мектебінің директоры, Ақтөбе облыстық оқу бөлімінің
меңгерушісі, Ақтөбе педагогикалық училищесінің директоры, Ақтөбе мемлекеттік
медицина академиясының қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, С.Бәйішев
атындағы Ақтөбе университетінің тілдер кафедрасының меңгерушісі қызметтерін
атқарды. Қазіргі уақытта Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының
бастауышта оқыту теориясы мен технологиясы кафедрасының профессоры.
Қай қызметте жүргенде
де ол жаңашылдықтың жаршысы бола білді. Мысалы, Жарқамыс орта мектебі директоры
болғанда ұжымның жұмысының жеті бағытын жаңа үрдіске бейімдеді. Олар — билік
және қоғамдық ұйымдар бірлігі, тұтастығы, сыныптан, мектептен тыс іс-шараларды
және тәрбие істерін кешенді түрде жүргізу, оқушылардың орыс тілін игерудің
кемшілігін шешу, білім беру сапасын жақсарту және оқушыны сыныпта екінші жылға
қалдырмау, мұғалімдермен жұмыстың деңгейін арттыру, ата-аналарға педагогикалық
білім беру және отбасында шәкірттерді тәрбиелеу, педагогикалық технологияларды
нығайту. Бұл бағыттарды жүзеге асыруда ол алда кездескен қиындықтардың барлығын
жеңуге тырысты.
Бұл мақсаттардың үдесінен
шығу үшін аудандық партия комитетінің, қаржы бөлімінің, оқу бөлімінің,
коммуналдық-шаруашылық бөлімінің, ауылшаруашылық бөлімі, денсаулық бөлімінің
қамқорлық жәрдемін және көмектесуін ұйымдастыру, мәселе көтеру, шешілуіне қол
жеткізу керек болды. Екінші бағытты жүзеге асыру үшін аудандық комсомол
комитетіне ұсыныс беру, мәдениет, спорт комитетіне, ішкі істер бөліміне жүгіну
керектігі күн тәртібінде тұрды.
Аталған жеті бағыттың
бесеуін мектеп ұйымының өз күштерімен шеше алатындығы осы мәселелерді талқылау
барысында белгілі болды. Екінші бағыттың шешімі үшін бүкіл бұқараны жұмылдыру,
тәрбиеге теріс ықпал ететін факторларды анықтау, алдын алу қажеттігі байқалды.
Көше тәртібінің әсері, басқа да ықпалдармен күресуге тура келді. Жетінші бағыт
көп қаражат талап етті. Міне, осы мәселелердің барлығын білікті басшы шеше
білді. Бұл шебер ұйымдастырушыға тән қасиет еді. Жалпы мақсатқа жетпей тынбау —
Ниетжан Берікұлының басты қасиеті.
Ғалым Жарқамыс орта
мектебінің ұшырған түлектерін үнемі мақтаныш тұтып отырады. Сондай түлектердің
бірі — қазақ даласына ғана емес, өркениетті елдердің бірқатарына белгілі ғалым
ретінде танылған математик ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, қазақ
математикасының ғылыми көшбасшысы Назарбай Былиев. Сондай шәкірттердің тағы
бірі — жазушы Тобық Жармағанбетов. «Тобық алғашқы туындыларын мектеп жанындағы
«Әдебиет» журналында жариялады. Әдебиетті сүйіп оқитын Тобықпен әдебиет
теориясы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы, проза, поэзия, драма салаларынан
әңгіме-дүкен құру жас ұстаз мен үшін өте қызықты еді», — дейді Н.Берікұлы.
Жарқамыс орта мектебі осындай ұрпақтардың шеберханасы іспетті.
«Тоғыз белестегі
іздер» атты қолжазбамен сырласу Ниетжан Берікұлының директорлық жұмысының он
бір бағытынан сыр шертеді. Ол негізінен білім алушыларға жағдай жасау,
шәкірттану және кәсіби бағдарды ізгілендіру, тәрбие беру, оқу процесінде
мамандыққа қызықтыру секілді мәселелерге баса мән берді.
Оның ұстанымы —
қандай жұмысты да біліп, ішкі иірімдеріне үңіліңкіреп бастау. К.Ушинский
айтқандай, әрбір ұстаздық етуші шәкіртінің әрқайсысының ішкі жан дүниесін
білмей, танымай іс етуге болмайды. Әйтпесе, іс оңға баспайды.
Жұмысты атқаруда
нәтижесінің көрсеткіші жоғары, ең болмағанда ойдағыдай болуы шарт дегенді
мақсат тұтты ол.
Мектепте басты тұлға
әрқашан мұғалім болып келді, солай бола береді де. Ұстаздық – киелі мамандық.
Патша да, хан да, президент те, ғалым да, шаруа да — бәрі де ұстаз алдынан
тәрбие алады. Мұғалім – көркем, ойлы сөздің, ақылды сөздің, нұрлы сөздің өкілі.
Мұғалім — әділет пен тәртіптің шебері. Мұғалімдік —мейірімділікпен егіз
құбылыс. Мұғалім — болашақтың бағбаны. Мұғалім — адам жанының рухани инженері.
Нәкеңнің
естеліктерінде айтылғандай, педучилищеде жұмыс істеген 9 жылда 278-ден астам
сабаққа қатысып, қатысқан жұмыстарын саралап көрген. «Бұл сабақтарда кім қалай,
нені оқытады?» деген сұрақтарға жауап іздеген…
Н.Берікұлы «ұстаздар
ұясы» аталатын оқу орнын басқаруға екі бесжылдық өмірін арнаған екен. Оқу
орнының тарихи жолын айқындайтын да үш тірек бар. Олар — оқушылар, оқытушылар
құрамы және материалдық база. Осы аталған кезеңде училищенің күндізгі бөлімінде
оқушылар саны 1,7 есе, оқытушылар құрамы 1,7 есе өскен, материалдық базасы
жақсарған.
Педучилище аталған
жылдары еліміздегі алдыңғы оқу орындарының бірінен саналған. 1987 жылы 16
маусымда республика үкіметі мен кәсіподағы республикалық кеңесінің ауыспалы
туымен наградталған, бірінші дәрежелі сыйлық берілген. Атқарылған істер,
тындырылған жұмыстар осы сыйлыққа лайықты болатын-ды. Бұл сыйлық училищенің
тарихындағы үлкен белестің бірі деуге әбден болады.
Ниетжан Берікұлы 1991
жылдың маусым айында Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының
арнаулы ғылыми кеңесінің мәжілісінде диссертацияны сәтті қорғап, ғылыми
кеңестің қаулысымен педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағына ие болды.
«Ғылыми атаққа қол жеткізгеннен кейін шабыт қосылды. Бойымдағы педагогикалық
білімді жоғары оқу орындарында білім алушыларға беруді ойлап, тағы қайтадан
педагогикалық жұмысқа кірісіп кеттім», — дейді Н.Берікұлы
Ғалым- педагог
қаламынан 375-тен астам ғылыми және ғылыми- әдістемелік оқу құралдары,
еңбектері шықты. Ол білім берудің барлық сатыларынан өткен, тәжірбиелі ұстаз,
ғалым, педагог, әдіскер, ұстаздардың ұстазы…
Сембай ҚАҢТАРБАЙ,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының
профессоры.