(1940, Қызылбұлақ
ауылдық кеңесі, Байғанин ауданы – 20.12.1993 ж. Байғанин) – жазушы, журналист.
1958 жылы Жарқамыс орта мектебін, 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің
журналистика факультетін бітірді. Байғанин ауданының Абай атындағы кеңшарында
механизатор, автомобиль жүргізушісі, спорт жұмыстарын ұйымдастырушы нұсқаушы,
комсомол комитетінің хатшысы, шопан, Темір аудандық «Жаршы», Байғанин аудандық
«Ленин туы» газеттерінде әдеби қызметкер, Қазақстан ЛКЖО Байғанин аудандық
комитетінің нұсқаушысы болып істеді. 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Ақтөбе
облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Байғанин, Ойыл, Темір аудандары бойынша
меншікті тілшісі болды. Сұлтанов И. 1964 жылдан бастап түрлі хабарлар,
мақалалар, очерктер мен суреттемелер жазып, газет жұмысына белсене араласты.
Оның «Таң алдындағы тағдырдан», «Дала
жігіті», «Жолмен жарысып», «Дөң асқан», «Торғай күнделігі» секілді очерктері
оқырман көңілінен шықты. 1964 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Шүкәйт
астаудың хикаясы» атты әңгімесі жарияланды. Кейін И.Сұлтанов «Нұсқаушы қол бала
ма?», «Қайсар», «Қош бол, келін», «Ақ айдар» сияқты әңгімелер жазып, олар
республикалық «Социалистік Қазақстан», облыстық «Коммунизм жолы» газеттерінде
жарияланды. 1975 жылы «Жұлдыз» журналында оның «Таң қараңғысы» повесі жарық
көрді. И.Сұлтанов аудандық, облыстық және республикалық баспасөз беттерінде
ауыл адамдарының ерен еңбегі туралы мақалалар жариялап, тұрмыстағы көкейкесті
мәселелерді қозғады, жұмыстағы кемшіліктерді ашып көрсетіп, қоғамдағы келеңсіз
құбылыстарды батыл сынады.