Айбергенов Төлеген (1937-1967)

Қазақтың көрнекті ақыны. 1937 жылы Қарақалпақстанның  Қоңырат ауданында туған. Ата-бабасы   Доңызтау өңірінен. 1959 жылы  Ташкент педагогикалық институтын бітірген. 1959-62ж. Қоңырат ауданындағы орта мектептерде мұғалім,  1962-65ж. Шымкент облысы, Сарыағаш ауданындағы орта мектеп директоры, 1965-67ж. Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросында ұйымдастырушы болды.
Алғашқы туындылары 1957 жылдан республикалық газет-журналдарда жариялана бастады. Туған жерге деген ыстық сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері «Жас дәурен» атты жас ақын-жазушылар шығармалары жинағына енді.(1961). Ақын қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғаққа құрылған, тегеурінді екпін, асау сезімге бай, әсем нақышпен өрнектелген бояуы қанық жырлар әкелді. «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975) «Бір тойым бар» (1981,1989), «Бақшаға саяхат» (1985) атты жинақтары шықты. Сондай-ақ  орыс  тілінде  «Мир  созвездия» (1987)  деген  атпен  таңдамалы  өлеңдері  аударылып  басылды. «Ақерке  Жайық», «Жаңғырған  Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені  ойладым», «Мені  ойла», «Ақ  қайыңдар», «Бір  тойым  бар», «Атамекен»  т.б.  өлеңдеріне  жазылған  әндер  ел  арасында  кеңінен  танымал.

     Өзі  өмірден  өткеннен  кейін, 1974  жылы  Қазақстан  Ленин  комсомолы  сыйлығының  лауреаты  атағы  берілді. Байғанин  ауданының  Миялы  ауылындағы  мектепке  Төлеген  Айбергенов  есімі  берілді. 


           БІР ТОЙЫМ БАР

Бір тойым  болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ...бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың  да бір ән салмай.
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам...

Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтыртам гүлге етегін.
Менің жарым бұл күні кірпік ілмей,
Ақ көңілмен ақ қайың бүртігіндей,
Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.

Мен өзім  де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным  бұл күнге құмар қанша!
Бәйге берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.

Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін.
Мен, әйтеуір, бар жиған-тергенімді,
Бір тамаша той қылып өткеремін.

Біздің үйді  сол күні бетке ал, қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын.

Мен сөйтіп бір шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін, талай түнгі тілегім ед,
Мәңгілік тарқамауы мүмкін оның.


 ТАБИҒАТПЕН БЕТПЕ БЕТ

Лапылдаған менің ыстық лебізім
Тас тәніңді тұрған сені жұмсартып.
Мен болмасам теңіз де емес теңізің,
Даңқың сенің кете де алмас мұнша артып.

Мен болмасам аспанда емес аспаның,
Жұлдызыңа қарайды кім қызығып.
Орманыңа менің көзім сүзіліп,
Жапырағынан сорғалайды жүз үміт.

Тек менімен бақыты бар далаңның,
Менің қолым ертеңіңді қамшылар.
Тек ұшымен мен ұстаған қаламның
Сатыр-сатыр ұйқасады тамшылар.

Менің жаным лирикаңның жинағы,
Туларыңның биіктеткен мерейін.
Менің кеудем ерекше бір күй бағы,
Бұлбұлыңның бүлкілдеткен көмейін.

Ең сұлу нұр саған  менен тараған,
Мен болмасам көкірегіңе толар мұң.
Кешіре көр, жаратылыс жан анам,
Тентектікпен қатты айтқан да болармын.

                  АДАМДАР
                          І
О,адамдар, біргемін мен сендермен,
Ықылысыңа  ешнәрсені теңгермен.
Сендер менің  бақытымның бұлағы,
Сендер менің  дарыныма жел берген.

Өздеріңмен  өмір шыңын бірге астым,
Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.
Дүниеге  келгенім жоқ шет жүріп,
Рақатын ойлау үшін бір бастың.

Гүлстанға  айналдырған тақырды,
Болат қолдар, алғыр милар ақылды,
Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді
Алар демім қалғанынша ақырғы.

Менің үшін бірдей тілің, жынысың,
Көбің ана, көбің аға-інісің.
Достық өскен, ерлік өскен ортаңа
Енген сайын кеңи түсер тынысым.

Не кездессе өздеріңмен көрмекпін,
Қарапайым  адамдары еңбектің!
Барлығын да бағыштар ем сендерге
Махаббатын  маған берсе жер-көктің.
                            ІІ
Қолыңнан  қала тұрса тас қаланып,
Құдіретіңе  табынса аспан алып,
Сен жасаған бақытты  көріп тұрып,
Сені сүймеу не деген масқаралық.

Адамнан  көрген емес жол кесіліп,
Келемін демеуіңмен  өрге шығып
О, адамдар ғапу ет, шалыс бассам,
Кешіріңдер,Менікі  пендешілік.
        
      ТУҒАН ЖЕРДЕН АТТАНАРДА

Сенделіп  өрттей сезімнен,
Лапылдап  кетіп барамын.
Үзуге моншақ көзімнен,
Жақындап кетіп барамын.

Құдіретіңе о,туған
                              Жер,
сеніп кетіп барамын.
Қимастық  сенің  отыңнан,
Теңселіп кетіп барамын.

Алысты  барам арман қып,
Ауырың  болса арт,өмір!
Жолына  жырдың  құрбан қып,
Басымды  тіктім әйтеуір.

Сенімге  мені  бөлеген,
Жандардың  мынау алдында,
Ұялас  дос ең, о,өлең,
Ұятқа мені қалдырма.

                   САҒЫНЫШ
                     (Әні бар)
Талайын артқа тастап сағым қырдың,
Сәулешім, алыс кеттің, сағындырдың.
Қадалған көкірегіме от көзіңмен,
Жаныма жағып кеттің шамын жырдың.

Сені ойлап ертелі –кеш қиялдадым,
Бөлмеде қиын болды сия алмағым.
Есіме  ап күбірлесем, күмбір етіп,
Кеудемнен таси ақты сыр-арманым.

Кетпей  бір көз алдымнан күлімдедің,
«Бақытым, бар тапқаным,күнім»дедім.
Уақыт озған сайын сағындым мен,
Жүз жерден жүрегімді  тілімдедің.

Қадамың басқан сайын алға сағат,
Барады бойда тіпті қалмай тағат.
Он көріп  тәулігіне  келер едім,
Ұшатын  әттең  менде жоқ қой қанат.

       МЕНІҢ ХАЛҚЫМ ҚАШАННАН ҰЛЫ БОЛҒАН

Менің  халқым, ей досым!
Бүгін ғана  Ұлы болды деймісің?
Жо –жоқ, оған мен көнбен,
Мың  рет жанған ол,
Мың рет сөнгенмен.

Менің халқым қашанда ұлы болған,
Менің кеудем қашаннан  жылы болған.
Соғыс өртін қоздатқан дауылдардан,
Қақсатқан  ауыр зардан,
Көкірегімде  бостандық жыры қалған.

Білемін, ой-арманын,
Ғылым мен  аяулы әнін
Көмбегенде  соғыста қарғыс атқан.
Бүгінде біз оларды,
Тұрар едік күтіп ап алғы саптан.

Біз білгенді, тіпті, олар ерте білген,
Ой  қозғаған олар да жел кегінен.
Қаламдары  қылыштан қирағасын,
Айтқан сөзін  аңызбен, ертегімен.

Сонда  да адам сыр ұғар ілім қалған,
Қыруар ғылым қалған.
Мен олардың  дауысын есітемін,
Мақалдар мен жұмбақтар ұғымынан.

Ізде оны сенбесең «Аяз биден»,
Күрестердің  отынан аяз күйген.
Армандаған,
                   күңіреніп «аттандаған»
Әжімінен  қарттардың  қатпарланған.
Яки  байланған жылысқан пернелерден
Шанағын  от қармаған.

Менің халқым ұлыны аз туған ба,
Басқалардай  басында жаз тұрғанда.
Олардың да дауысы жетер еді,
Бұл ғасыр құлағына
Бірақ,бұған ұлылар кінәлі ма!

Бұның үшін жылдардың өкпесіне,
Қандай адам кепілдік берер еді.
Дауысы олардың бүгінге жетпесіне,
Қаншама жұлдыз туды ол,
Жарқырар  көк төсінде!

             ТУҒАН ЖЕР

О, менің байтақ мекенім,
Жанымның  қаршығасы сен.
Шырқағым келіп кетеді,
Жазбаған ән шығарсың сен.

Қызығың  тербеуде мені,
Тарқамас той шығарсың сен.
Тулаған тар кеудедегі,
Тумаған ой шығарсың сен.

Ай маңдай алуан дарынның
Тері боп тамшылайсың сен.
Сан жүйрік армандарымның
Тұлпарын қамшылайсың сен.

Бақыт па ең қонған басыма,
Қиялды  ойнатарсың сен.
Құмар ғып ұйықтатасың да,
Қуантып оятасың сен.

Құстарың  мәңгі ән салсын деп.
Жат қолға  ілгізбедім мен.
Қызарып мәңгі қалсын деп.
Қырыңнан гүл де үзбедім мен.

Далаңның  тербеп өскені,
Қызғыштай шыр айналдым көп.
Толқып  бір көл де кешпедім,
Тұнығын лайлармын деп.

Аптапта аяласын деп,
Бұздым тау жылтыр мұздарын.
Мәңгілік сая қалсын деп,
Бауыңа  балта ұрғызбадым.

Келемін таласа гүлдеп,
Алдыңда кіршіксіз едім.
Бір сенің болашағың деп,
Мың ойға кірпік сүземін.

Шынында мен үзбей жүрген,
Көктемгі бір гүлімбісің.
Телегей теңіздей сырмен,
Тебіренген бұлбұлымбысың!

Көлбеген ақша бұлтпысың,
Көгімнің қаз әнімісің.
Бір келген пәк шабытпысың,
Бір менің базарым үшін.

Сенбісің  шамшырақ толған,
Ақ сәуле – жолақтармысың.
Аспанға  шаншылып қалған
Ақ сүңгі заводтармысың.

Сен  десе тоған ағыстан
Қалайша ақтарылмайын.
Сағынып  салған  алыстан
Солдаттың  хаттарындаймын.

Жауыңды  кескілермін де,
Қас  етпен  ешкімді ешкіммен.
Бағың  боп естілермін де,
Сорың боп естілмеспін мен.

     ӨПКЕЛЕМЕҢДЕР АҒАЛАР

Жер бетінде қанша өкпелі ағам бар,
Бәрі менің  болашағыма алаңдар.
Бірақ маған сенімменен  қараңдар,
Мен сендерді алдамаймын, адамдар!
Көз алдымда келесіңдер алаулап,
Менен бұрын көтерілген жалаулар!

Сендер барда мен де таңмын шығыстан,
Шұғылаңды  батысқа алып жылысқан.
Сенімдерің  қалар болып мұратым,
Жігіт болсам бір өкпеге тұратын.

Алыстама,  бермен кел,
Көк теңізде көтерілген желкендер.
Өкпелеңдер, күйініңдер, ұрсыңдар,
Бәрің маған сыңғырлаған жырсыңдар,

Әйтеуір тек үміт үзе көрмеңдер...