(1936 жылы. Кемерши селосы, Байғанин ауданы) – ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, инженер – математик. Жарқамыс орта мектебін (1952), Қазақ Мемлекеттік Университетін механика – математика мамандығы бойынша (1957) бітірді, Қазақ КСР Ғылым Академиясы аспирантурасында оқыды. Еңбек жолын Гурьев (қазіргі Атырау) педагогика институтында оқытушы болып бастады, 1959 жылдан бастап Қазақ КСР Ғылым Академиясының Таукен институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, 1977 жылдан Алматыдағы техникалық жоғарғы оқу орындарында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болды. Бақытов Қ жер асты қазба байлықтарын игерген кездегі жер қабаттарының қозғалысын, оның шахталар мен жер бетіндегі құрылыстарға тигізетін әсерін зерттеді. Осы бағытта қолданылатын шахталық, эксперименттік, эквиваленттік модельдеу және теориялық әдістер мәселелерімен айналысты. Бұл жөнінде академик Ж.Ержанов, Қазақ КСР ҒА корреспондент мүшесі А.Машановтармен пікірлесіп тұрды, Москваның А.А.Скочинский атындағы Тау – кен институтында, Санкт – Петербургтің маркшейдерлік институтында ғылыми баяндамалар жасады. 1971 жылы «Тау жыныстарының физика – математикалық қасиеттерінің жер қозғалысына әсері» тақырыбында диссертация қорғады. Бақытов Қ – Байғанин ауданынан шыққан алғашқы техника ғылымдарының кандидаты.
1973 жылы «Ғылым» баспасында «Қарағанды бассейні тау жыныстарының физика – математикалық қасиеттері мен олардың жер қабаттары қозғалысына әсері» атты монографиясы жарық көрді. Ол 70 тен астам ғылыми – зерттеу және әдістемелік мақалалардың авторы, қазақша – орысша терминологиялық сөздік жасауға қатысты. Оның еңбектерінің кен өндіру ісіндегі техникалық қауіпсіздігі жөніндегі маңызы зор.