1935 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы,
Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты Көктүбек ауылында дүниеге келді. 1954 жылы Ақтөбе
педагогика училещесін, 1962 жылы Орал педагогика инстутынының филология
факультетін бітірген. 1954-1957 жылы КСРО Қарулы Күштері қатарында қызымет
етті. 1962 жылдан Байғанин ауданындағы Көкбұлақ орта мектебінде мұғалім, 1978 –
1985 жылдары осы мектепте директор қызметін атқарды. Б.Сәуірбаев ұстаздық
қызметте қазақ мектептерінде орыс тілінің оқыту әдістемесін терең зерттеп,
оқыту жолдарының тиімді әдістерін ұсынды Ұстаздық ете жүріп, өлең жазып,
шығармашылықпен айналысты. Өлеңдері жергілікті, облыстық, республикалық
баспасөз беттерінде жарияланды. 1977 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген
«Шұғыла» ел ақындары өлеңдері жинағына Бекес Сәуірбаевтың бірнеше өлеңдері
енгізіліп, республика көлеміне танылды. Ақын өлеңдерінде ауыл өмірі, ауыл
адамдары, қоғамдық құбылыстардың кейбір сәттерін баяндап, жыр сүйер қауыммен
үндеседі. Сонымен қатар ақын шығармаларында балалар мен жастарға берер
тәрбиелік мәні зор рубаяттар, төрттағандар жазды.
Байғаниннің
«Шекспирі» әлде «Омар Хайямы»
Өзінің «Өлең» деп аталатын планетасында сырын ақтарып, қуанышта да,
қайғыда да өзімен бірге болатын «өмірлік серігі» өлеңімен бірге жасап келе
жатқан ағамыз Бекес Сәуірбаевтің жазда «Жусан иісі» деген кітабы жарық көрген
болатын. «Жақсылығын жақсының айтпау деген, Жақсылыққа жасалған қиянат!..» деп
ағамыздың өзі айтпақшы, кітап шыққалы бері, бірнеше айдың жүзі болды. Сондықтан
кітапты оқып алып, үнсіз жата алмадық.
Аудандық «Жем -Сағыз» газетінің 80
жылдық тарихында өзіндік қолтаңбасы бар Бекес ағамыздың соннеттері мен
рубаяттары осыған дейін де жарияланып жүр. Десе де, кітап болып басылған бір
топ өлеңдерін оқып, ол кісінің ой –толғамдарымен тереңірек танысқандай болдық.
Ақын шығармашылығынан табиғат лирикасын, өмір туралы фәлсафаларын, бүгінгі
қоғам туралы ой толғауларын оқуға болады. Белгілі тұлғаларға арналған арнау
өлеңдері де бір төбе. Еңбек пен еңбек адамын дәріптеу, ядролық сынақтардың
зардабы секілді біршама тақырыптар қамтылған. Сыршыл өлеңдерінде негізінен
табиғат, адам табиғаты сынды тақырыптарға кеңінен көсілген. Соннет- сыңғырлау,
сылдырлау деген итальян сөзінен шыққан
өлең түрі. Академик З. Қабдоллов «Лириканың әдемі түрлерінің бірі – соннет арнаулы
өлшеммен, әр түрлі тақырыпқа жазылатын сыршыл өлең» деп баға берген болатын.
Б.Сәуірбаевтың шығармашылығынан қазақы үлгідегі сыршыл өлеңдерге қанық боласың.
Әркімнің өз туған жері Мысыр шаһары демекші, туған жерге деген махаббат пен
әдемі суреттеулер мен теңеулерді көптеп кездестіресің.
Қараған, тобылғысын, балғын талың,
Жусанын, бетегесін, әр қырқаның
Шолып өтіп, осынау жерге деген
Ең ыстық сезімімді жаңғыртамын!
Сондай-ақ, Шилі Ашаны Тынық Донға теңеуі де жоғарыдағы сөзімізді растай
түседі.
«Өмір мен өлім», «Жақсы мен
жаман», «Жастық пен кәрілік», секілді ұғымдарды төрт жол өлеңге белгілі шығыс
шайыры Омар Хайям әдемі сыйғыза білген еді. Әлем әдебиетінің классиктерінен
молынан сусындағанының тағы бір айғағы оның рубаяттары. Бекес ағаның да
рубаяттары дүниенің жалғандығын, өмірдің ақ пен қарадан тұратынын тағы бір рет
еске салғандай.
Өмірден тартпай азап, тақсырет сен,
Шын бақыттың не екенін түсінбейсің.
Ал бірақ жақсы келіп, жақсы кетесің,
Сол бақыттың қадірін түсірмейсің, - десе, жастық пен кәрілік
туралы былайша жеткізеді:
Маңайымда жүз жасаған жоқ мендей
Жұрт қайтеді ұзақ және көп көрмей
Ал өзіме сол жүз жылым... желаяқ
Жүз метрді он секундта өткендей.
Немесе:
Маған қуып жетуіңе көп бар, деп,
Кәрілікке күліп едім тоқтар деп.
Ол да күлд, қуып сені қайтемін,
Өзің келіп берілесің, сотқа деп, -деген жолдары қамшының сабындай ғана болған мына дүниеде тек адамша
өмір сүруге үндейді.
Өлеңде жоқ кештік және ертелік,
Болу мүмкін өлшемінде келтелік.
Өн бойынан шындық жолы жарқырап,
Жалын атып, тұрса болды өртеніп.
Бұл да
ағамыздың өз сөзі. Сексеннің сеңгіріне соннеттерімен жеткен ағамызды жасымен де
кітабының жарық көруімен де құттықтаймыз. Ал сіз оқырман, әлем әдебиеті
мұраларының қазақы үлгісі, жусан иісі аңқыған нұсқасын оқығыңыз келсе, Бекес
Сәуірбаевтың шығармашылығына үңіліңіз.
«Жем – Сағыз» 19
қараша 2015жыл.