Жиенбаев Сағи


   1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған. Қазақтың көрнекті ақыны, лирик. Жарқамыс орта  мектебін, Қызылорда педагогтік институтын бітірген.
1955 жылдан Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын ітіргеннен кейін Жезқазған  қаласының №10 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
   1956 жылдан әдеби қызметке ауысып «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1965-84 жылдары «Жазушы»  баспасында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі болып істеді. Соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының бас редакторы болды.
      Сағи Жиенбаев көптеген жыр кітаптарының авторы. Оның алғашқы  «Қарлығаш» атты өлеңдер жинағы 1959 жылы жарық көріп, қалың оқырманды  ақындық аса нәзік, ерекше тынысымен баурап алды. Бұдан кейін ақынның «Сыйлық» (1960), «Дала гүлі» (1961), «Теңіз сыры» (1963), «Таң алдында» (1964), «Менің көршім» (1965), «Қайырлы таң» (1966), «Ақ толқын» (1967), «Ор киік» (1969), «Алтын қалам» (1971), «Жадымдасың жас күнім» (1972), «Әлия» (1973), «Оймауыт» (1975), «Ақ самал» (1976), «Құралай салқыны» (1979), «Бозторғай» (1980), «Іңкәр дүние» (1981), «Жарық жұлдыздар» (1983), «Нан мен тұз» (1984),  тағы басқа көптеген жыр жинақтары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
   Сағи Жиенбаев түрлі тақырыптарға қалам тербеді, оның  өлеңдерінің біраз бөлігі  Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңіндегі ауыл өмірін суреттеуге, соғыс зардаптарын бала көңілі арқылы бейнелеуге, туған жерге деген сағынышты, адамдар арасындағы сан қилы қарым-қатынастарды көрсетуге арналды. Ақын өлеңдерінде табиғат әсемдігі, жан сұлулығы, махаббат, басқа да кіршіксіз сезім иірімдері асқан шеберлікпен өрнектеліп, көрініс табады, лирикалық  жыр жолдары оқырман жүрегін жаулап алады.
         Өзінің 40 жылдық шығармашылық қызметінде Сағи Жиенбаев айрықша ақындық үнімен танылды. Дүние құбылыстарын барынша кемел де келісті бейнелейтін шебер дәрежесіне көтерілді. Ол 30-дан астам өлеңдер мен поэмалар кітабының авторы. Әсіресе оның Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Нүркен Әбдіров туралы дастандары, диқандар жайындағы өлеңдері көпшіліктің жүрегінен орын алды. Сағи Жиенбаев поэзиясының айтулы қасиеті – Отанға, туған жерге, биік адамдық атқа деген өте нәзік те асқақ сезімінде.
      Ақынның ең таңдаулы өлеңдері музыка тілінде сөйлеп, «Қарттарым аман сау жүрші», «Ана», «Елім менің», «Бейбітшілік жыры», «Ашық аспан», «Ауыл азаматтары», «Таң бұлбұлы», «Соғыс ардагерлері», «Қайдасың сен», «Дәурен-ай» т.б. өлеңдері халық арасына кең тарап кетті.  Ақын композитор Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек», Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операларына либреттолар жазды.
  Сағи Жиенбаев әлем поэзиясының аудармашысы ретінде жемісті еңбек етті. Оның аудармасында Байронның, Пушкиннің, Туманиянның, Лермонтовтың, Гамзатовтың  және басқа әлем әдебиетінің классиктерінің өлмес туындылары қазақ тілінде тамаша сөйледі.
   Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі ретінде ол қазақ әдебиетінің жас өркенін әсіресе, лирика жанрындағы ізбасарларын тәрбиелеп өсіруге көп күш жұмсаған. Өнегелі еңбектері орыс, украин, армян, түрікпен, грузин, қызғыз және басқа  ТМД халықтары тілдеріне аударылған. Сондай-ақ неміс, поляк, чех, монғол, француз тілдеріне де аударылып жақын және алыс шетелдерде басылып шықты.
   Сағи Жиенбаев қазақ әдебиетін дамытудағы үлкен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, басқа да үкімет наградаларымен марапатталған.
  Көрнекті ақын, нәзік сезімді суреткер, поэзия зергері және ақындардың әлденеше буынының ұстазы Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15 мамырда 61 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
  Халық мұратына, елдің еншісіне айналған көрнекті ақын Сағи Жиенбаевтың парасатты поэзиясы оқырманның жүрегінен орын алып, уақыт озған сайын мағыналы бола түсуде.
 Сәулелі сөздің шебері, жаны жайдары ақын Сағи Жиенбаевтың мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан – ғасырға жалғаса береді. Сағи Жиенбаевтың есімі Қарауылкелді поселкесіндегі бір көшеге,Ақтөбе қаласындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына, Байғанин ауданы  Оймауыт  ауылындағы Жаңажол орта мектебіне берілді.

 Шығармалары:


                                      

                                                 Сағи Жиенбаевтың 80 жылдығына  арналған

                         ОЙМАУЫТ

Бір өзің жайлап жалғанды
Жатырсың шалғай аймақта,
Жастанып құба жондарды,
Шаң менен шудан аулақта.

Төбенің үсті, сай іші
Даланың жұмсақ саздары-
Көктемгі  жаңбыр дауысы,
Көктегі құстың назды әні.

Шайқалып кеткен шалғыннан
Көгілдір моншақ төгіліп,
Көктемнен қалған айдынға
Жатасың жаздай шомылып.

Жөңкіліп  сонау биіктен
Адырдан қарғып, алды орап,
Барады зулап киіктер
Артына тастап ақ жолақ.

Шолып тұр байтақ даласын
Аруана қырда желпініп,
Аспан мен жердің арасын
Бір өзі ғана толтырып...

                        ***
Көктемнің балғын кезі еді,
Әнші құс көкте ағылған.
Жемнің  де жасыл өзегі
Көгілдір мұнар жамылған

Сондай бір күннің бірінде
Жағаға  келіп жаттым да.
Саусағым басы дірілдеп,
Атыңды жаздым ақ құмға.

Білмедің, бірақ сен де оны,
Ол жайды  ешкім білмеген.
Сол бойда тентек жел қолы
Жасыра салған құмменен..

Қоштасып қырлар көп гүлмен,
Жер бетін қырау жапқанда,
Атыңды  жазып кеттім мен
Алғашқы жауған ақ қарға.
        
Түспеді көзің  оған да,
Саған да  бірақ, жоқ өкпем.
Сол күні  соққан боранда,
Қар басып қалған кенеттен.

Гүл жапты талай белеңді,
Бұрқады талай ақ боран..
Атыңды сенің мен енді
Кеудеме жазып сақтағам.

Сақтаулы сонда бейнең мен
Сонау бір балғын күлкің де.
Енді оны менің кеудемнен
Өшіру ,сірә мүмкін бе?...

                           ***
Жылы жел есіп тау жақтан,
Бұлттардың  өзі бусанып.
Қабағын қалың қар жапқан
Жартастың жүзі жұмсарып,

Өзендер ойға жөңкіліп,
Толқынын тартып ұзаққа,
Аспанды күйге толтырып,
Құс келіп жатыр бұ жаққа.

Жетті ме екен  Жемге де,
Кетті ме қыстың ызғары..
Жарқырап күміс теңгедей
Жарылды ма екен мұздары?

Қарлы жел ерте –кеш борап
Қасарып тұрған жоқ па екен,
Жайсыздау еді бесқонақ,
Бесқонақ қалай  өтті екен?

Құстардың  кербез  керуені
Кешеулеп  барсын, аз барсын,
Елеусіз  жатқан көлдерім
Естіді ме екен қаз даусын?

Ұрынбай  қарлы мұздаққа,
Жел тұрды ма екен оңынан?
Көктемнің  өзі біз жаққа
Келетін  ылғи соңынан...

                      АЛТЫН БЕСІК

Армысың, ақ бесігім, аяулы елім,
Сан жылғы сағынышым, саям менің.
Алдымнан  гүл құшақтап, алып –ұшып
Шықтың –ау, сайын далам, самал белім.

Шаттығын  әнге қосып,әр үйіңнің,
Тербеткен  тал бесігін  сәбиіңнің.
Сәл ғана  жел жұқартып, күн  шарпыған,
Өзіңнің  сол баяғы   Сағиыңмын.

Ардағым, арман қуып мен кеткелі
Қанша рет көктем келіп, жер көктеді?!
Бір кезде  бөбегім деп  тербетіп ең,
Келесің  әлі күнге тербеп мені...

Көз жазбай  күндіз-түні гүл өңірден,
Ел –жұртым есеңдігін  тіледім мен.
Көңілін  көтерсің деп  туған далам,
Ұшырдым  жыр құсымды  жүрегімнен.

Бұл күнде-абырайы ақсақ, атағы алып,
Көргем жоқ жерім жайлы  қапаланып.
Жанымда  Іле өзені асып-тасып,
Қанымда  Жем өзені жатады ағып.

Барады жыл құсындай өмір зырлап,
Келемін, туған елім, сені жырлап.
Басына Алатаудың  шыққан кезде
Тұрады  Мұғаджарым  қолын бұлғап.

Қондырып  көкірегіне  қырдың гүлін,
Жинаған  жердің нәрін, күннің нұрын,
Сайрайтын  дүниеге  өзің жайлы
Мен сенің  бағыңдағы бір бұлбұлың.

Өзіңсің құмарым да, құшарым да,
Өзіңсің  қонарым да, ұшарым да.
Бәріңді  жалпақ елім, жақсы ағайын,

Сүйемін қысып тұрып құшағыма!.