Ыбырайым Ахуан Құлбайұлы (1886 – 1982) – ишан, ахун, мұсылман дінін ұстаған
ғұлама, ұстаз. Туған жері Жыңғылтоғай, Атырау облысының Жылой ауданы мен Ақтөбе
облысы Байғанин ауданының шектескен жері. Әкесінен төрт жасында жетім қалып,
анасы Күней ханымның тәрбиесінде болды. 1893 жылы Байқұл қажы мешітінде оқыды,
кейін Хиуа, Бұхара медреселерінде білім алды. Ыбырайым ахун діни сауаттылығымен
ел арасында белгілі болды, 25 жасында ахун атағын алды. Ыбырайым ахун 1936
жылға дейін Байғанин ауданының қазіргі Жыңғылдытоғай (бұрынғы Қызыләскер)
ауылында тұрып, қудаланудан қашып Түркменстан, Өзбекстан жерін мекендеді. Елуге
келгенде өзбектің атақты ишаны Әбдіқадырға қол беріп, ишандық атаққа ие болды.
Ыбырайым ахунның бай кітапханасы болған, оның өзі де халықты имандылыққа
тәрбиелеу жөніндегі бірнеше кітаптар жазған. Ыбырайым ахун 96 жасында
Өзбекстанның Мырзашөл ауданында қайтыс болады. Оның артында көптеген дастан, өлеңдер қалды. Олардың
ішінде «Қазақ шежіресі», «Кіші жүз қазақтарының шежіресі», «Адай тарихы»,
«Қараш тегі» сияқты поэмалар мен «Өмір термесі», «Молда Медетбайға», «Бота»
сияқты халық арасына кеңінен тараған өлеңдер бар. 1996 жылы Байғанин ауданының
Жарлы ауылында Ыбырайым ахунның туғанына 110 жыл толуы кеңінен атап өтіліп,
есімі көшеге берілді.
ӨМІР ТЕРМЕСІ
Ағузы мен бісіміллә
Қаламның
алдын бастаған,
«Алһамдү-лиллә салауат»
Мұсылман адам аузынан
Дұрыс емес тастаған.
Ала таңмен аралас
Зікір айтып зарлаған
Бір Алланың досы Адам
Исламның мынау бес парыз
Әмірі Хақтың нұсқаған,
Көңілім білсе көз танып
Айтайын сөзді қысқадан.
Он екі имам, сегіз жар
Діншілдердің басты адам.
Бұрынғының бірі жоқ.
Өлмей жүрген тірі жоқ,
Өлмесе қайда жақсы адам?
Дүниенің жүзін билеген
Зұлқарнайын Ескендір
Сүлеймендей патшадан,
Алланың досты Мұхаммед
Алпыс үштен о да
аспаған....
... Аса біткен дәулеттен
Пайда етпеген қасқа адам,
Неше бір хандар өткен жоқ
Алдырмаған соғысып
Мың сан жауға қаптаған,
Нешелер ғалым өткен жоқ
Дін –шариғат сақтаған,
Нешелер тақуа өткен жоқ,
Дәретсіз жер баспаған ,
Нешелер шебер өткен жоқ
Істеген ісін оздырған,
Нешелер сұлу өткен жоқ
Періште, Хұрдан
қалыспаған,
Нешелер кербез өткен жоқ
Қызмет етіп еріне
Қырмызы қызыл жастанған,
Нешелер бәйбіше өткен жоқ
Қазаның орта пісірмей
Шәйнегін оттан түсірмей
Киім, тамақ таза ұстаған.
Баянсыз мынау дүниеден
Әлденеше жақсы өтті
Кеудесінен кемеңгер
Сөз табуға тынысты,
Кетпес дәулет, кең пейіл
Берекетті, ырысты,
Мынау жалған дүниеден
Әлденеше жақсы өтті,
Көп тұрмас деп ойлаймын
Бұлардан соңғы басқа адам.
Көңіл сеніп, көз көріп
Білгірлер айтқан нұсқадан
Махшар таңы атқан күн
Ислам діні бас панаң,
Ғибрат алың бұл сөзден
Үлкен –кіші, жас балаң,
Тәжірибе етіп көңілмен,
Ата-анаға баланы
Алла берген тегіннен,
Тәрбиелеп баланы
Ана сүтін емізген
Шығарып емшек өңірден.
Азаматтың дәуірі
Төрт фасылға бөлінген,
Сол төрт фасылдың алдымен
Балалық дәуір келінген,
Бірге келсе талпынып,
Екіге келсе қаз тұрып
Қызбалықты көрінген,
Үш пен төртте тіл шығып
Сөйлеседі сенімен.
Асық атып алтыда
Ойнасады теңімен,
Сегіз бенен тоғызда
Сабақ алып ұстаздан
Үйренер ғылым өңілмен,
Он жасына келгенде
Белі түзу найзадай,
Беті сұлу айнадай
Іздесең де таптырмас
Артық дәурен сол күннен.
Балалықтың дәуірі
Он бес жылдық өмірден,
Қазасы жеткен пенделер
Оған да жетпей өлінген,
Балалықтан өткесін
Жігіттік дәурен келеді,
Қызыл –жасыл киініп,
Киген киім құйылып
Жарлы болсын, бай болсын
Тапқанын бойға жиынып
Жігіттіктің дәуірі
Алда өтеді дейді ғой
Жиырма жылға сыйылып,
Қазасы жеткен адамдар
Оған да жетпей өледі
Бір күні келсе Алладан
Мәлләкүл мауыт бұйырық..
...Кісілік деген бір дәурен
Жігіттік пен кәріліктің
Арасының шегі еді,
Бұл төрт дәуірдің беті еді
Ақылдың толған кемері,
Ой ойлауға денелі
Елдің басшы төрі еді,
Ашулыны басуға,
Арыздарды қосуға
Ақылдың жеткен жері еді.
Сол уақытта адамның
Өткен іске өкініп,
Тәубе ету Хаққа өнері.
Тәубе етіп Хаққа өнері
Тәубе етіп хаққа зарланған
Қарттардың айтқан
нақылы
Бұл дәуірдің тамамы
Бұл да жиырма жылдық деп
еді
Қазасы жеткен адамдар
Оған де жетпей өледі..
.. Бұл дәуірден кеткесін
Кәріліктің келер кезегі.
Қартайғасын басыңа
Қиыншылық төнеді,
Қызғалдақтай баянсыз
Дәуренің басынан өткені,
Үш жүз алпыс тамырдың
Бәрі бірдей суалып
Ағзалар қурап кеткені.
Жақындап тұр таялып
Ахирет сапар шеккелі,
Даярланып халық тұр
Тафсир, тафир еткелі,
Тар қабірге кіргізіп
Үстіңе топырақ төккелі,
Көміп халық жөнелсе
Мәңкір, Нәңкір періште
Сұрайтұғын секілді,
Пана келсе оңынан
Хош мезгілдің жеткені,
Одан кейін адамзат
Махшар таңы атқан күн
Жүздің суын төкпейді,
Қыл көпірден өткенде
Дозаққа тайып кетпейді
Растұғын бұлардың
Әйет –Хадис бектейді,
Хабардар бол сөзден,
Әр уақытта есіңе ал
Сен жігіт болсаң ептейлі.
Сен жігіт болсаң ептейлі.