Мәтбаева Назекен Маратқызы


 06.12.1993  жылы Ақтөбе  облысы, Байғанин  ауданы, Қаражар  елді  мекенінде  туған. Оқушы кезінен өлең жазғанды ұнатады. Өлеңдері  мен  мақалалары  аудандық, облыстық, республикалық  басылым  беттерінде  жарияланып  жүр.  2015 жылы Алматы  қаласындағы  Қазақ  Мемлекеттік  Қыздар  педагогикалық  универсиетінің  «Кітапхана  ісі»  мамандығын  бітірген. Қазіргі  таңда  Байғанин  аудандық  орталықтандырылған  кітапхана  жүйесінде  әдіскер  болып  қызмет  жасайды. 2016  жылы   Ақтөбе  облысының  мәдениет, архивтер  және  құжаттама  басқармасымен  облыстық  «Оқитын  өлке»  акциясы  аясында  ұйымдастырылған  «Дала  сазының  дарабозы»    атты  Е.Дүйсенбайұлы  атындағы  жазба  ақындар  мүшәйрасының  3-орын  жүлдегері.

  
Қош   келдің, ақын  аға!
(Есенбай  Дүйсенбайға)

Туған  жер. Боз  кілемдей  дархан  дала,
Ұшырды  сан  түлегін  сан  арнаға,
Туған  жерді  жыр  қылған  түлектері
Бүгінде  көпті  көрген  дара  тұлға.

Соның  бірі - өзіңіз  ақын  аға,
Қиналса  да  қаншама, жасымаған,
Балалықтың  балдәурен  жырларына
Сағынышы  от  болып  лапылдаған.

Асқақ  арман  алысқа  жетелеген,
Содан  бері  жыл  өтті  нешелеген,
Ақын  ұлын  күн  сайын  көрмесе  де,
Туған  жерге  әдемі  жетеді  өлең.

Сағынышын  сыйдырып  жырларына,
Сәлем  жолдар  бел-белес, қырларына,
Ауылдан  түлеп  ұшқан  ақын  ағам
Қош  келдің  сол  баяғы  құмға  мына!

Адалдық, арды  жиған  өн  бойына,
Жеріңнің  қанық  болғын  мән-жайына,
Туған  жердің  дарынды  бозторғайы-
Ақын  аға, қош  келдің  Жем  бойына!

Еліңнің  құшағы  кең  баласына
Не  жетер  туған  жердің  даласына?
Ақын  аға, еске  алғын  бала  кезді
Қош  келдің, ауылдастар  арасына!

...Қалдайбек – мынау  бізге  тиіп  тұрған
Үйлердің  орнын  ғана  жиып  тұрған
Қаңырап  елсіз  тұрған  даласы  бар
Өзегі  өртенердей    күйіп  тұрған.

Қалдайбек  сағынады  өткен  күнді,
Ел-жұрты  далаға  дән  сепкен  күнді,
Тғуна  жер, өз  өркенін  тосуда  әлі
Сағынып, өзін  іздеп  жеткен  күніді.

Сағынышын  әніне  қосып  жатқан,
Жазық  дала, мұңы  көп  жасып  жатқан
Сол  даланы  жырменен  жұбатыңыз,
Сіздерді  зор  үмітпен  тосып  жатқан.

Туған  жерді  сағыныш  сезім  кернеп  бір,
«Еліңе  біраз  ат  басын  бұр» - деп, «кел» - деп  тұр.
Сіз  өскен  дала, шалғынды  мынау  Жем  бойы
Сарғайып  сіздің  жырларыңызға  шөлдеп  тұр.

Мұқағали  рухына

Ақиық  түлеп  ұшқан  Қарасаздан
Жырлары  -  жаңа  әлем, жаңаша  арман,
Өлең  атты  әлемге  терең  бойлап,
Өлең  атты  алып  бір  қала  салған.

Өмір  жолы  өрілген  өлеңменен
Өлең! Өлең! Тек  соған  елеңдеген
Өлеңмен  жазған  дертін  ақын  үшін
Жырына  бөгде  нәрсе  теңелмеген.

Жолдасы – жыр, рухани  сүйеніші
Жыр  дегенің – ақынның  киелісі
Жыр  дегенің – ақынның  ет-жүрегі,
Өлгенше  тоқтамайды  жүрек  ісі.

Шабыты – шалқар  дария  тоқтамайтын
Жырлары – жан  серігі  тастамайтын
Жалған  сөз, жағымпаздық, жалтарылу-
Қасиеттер  бойынан  жат  санайтын.

Заманның  тап  келсе  де  қиынына,
Шыдаған  дауылы  мен  құйынына
Құтқарған  бәрінен  де  құдіретті  өлең
Тағдырдың  тартқан  жалғыз  сыйы  ғана.

Мынау  жалған  өмірде  арнасы  көп,
Махамбет, Абайлардың  жалғасы  боп,
Шындықты  тура  айтқан  жалтақтамай
Болмаса  да  шыншылдың  жолдасы  көп.

Сағы  сынбас  жан  едің  болмашыған,
Ақындай  бол: «аязға»  тоң  да,  шыда
Сонда  өлең  жаныңа  жалау  болар
Айналады  ақынның  жолдасына.

Жүректерге  от   берген, жалыны  жоқ
Қалтқысыз  қасиеті – дарыны  тек
Тірісінде  бағасын  бере  алмадық
«Қолда  барда  алтынның  қадірі  жоқ».

Бір  өлеңі – бір  елдің  мұрасындай
Әр  сөзі – маржан, гаухар, шын  асылдай
Елін  сүйген  даңқты  ұлы  қазағымның
Ұрпағына  жол  сілтеп  тұратындай.
 
Поэзия  көгінің  пайғамбары
Өлң  деген  әлемнің  майталманы
Барша  қазақ   құрметтер  есіміңді
Ақиық  ұлы  ақынға  айналғалы.

Тілің  сенің...

Тілің  сенің – тұңғиығың, тұнығың
Менсінбесең, өз  тіліңді  құрыдың!
Тілсіз  көктеп, көгермейді  еш  халық
Айтшы, жоққа  шығарады  мұны  кім?!

Тілің  сенің – салт-дәстүрің, ой-санаң!
Асқар  тауың, жазық  далаң, сай-салаң,
Туған  тілдің  арқасы  ғой  қашаннан
Білім  алып, көкке  қанат  жайса  адам.

Тілің  сенің – мәдениетің, азығың,
Ұлт  болуда  қағар  алғаш  қазығың!
Тілің  сенің – жыр-дастаның  өлмейтін,
Жауһар  жырдан  төгілетін  нәзік  үн.

Тілің  сенің – кен-байлығың, қазынаң,
Шұрайлы  сөз  тек  тіліңнен  табылар,
Оралымды  ой, бейнелі  сөз  табарсың
Бабалардың  толғау  айтқан  сазынан.

Тілің  сенің – тарихың  да  өткенің,
Сан  ғасырлар  тоғысынан  жеткен  үн,
Өз  баласын  өзге  тілде  сайратқан
Тіле, ағайын, тілің  құрып  кетпеуін!

Тілің  сенің – тәрбиеңнің  қайнары,
Тілің  сенің – еркін, дербей  ойларың,
Тіл  дегенің – ұлттық  қара  шаңырақ
Шаңырақтың  бұзылмасын  қаймағы.

Лайламаңдар  туған  тілдің  аясын,
Тіл  болмаса  қалай  қанат  жаясың.
Туған  тілің – алып  ағаш – бәйтерек
Баптап, күт  те, көлеңке  қыл  саясын!
  

Жеңіс – ерлік  жемісі

Ата-баба  өр  рухынан  нәр  алған,
Асып  туған  дәуірінен, заманнан
Батырларым – ұлы  көштің  жалғасы,
Өрлік  пенен  тектіліктен  жаралған.

Қатігез  жау  бастағанда  қан  майдан,
Ел  қорғаудан  бас  сауғалар  қандай  жан?
Өтінішпен  кетіп  жатты  әскерге,
Жастық  жалын-жігерімен  шалғайдан.

Қасық  қанын  аямады  елі  үшін,
Жанын  берді  азат, еркін  жері  үшін.
Елге  деген  сағынышын  серік  қып,
Жақындатты  Ұлы  Отанның  Жеңісін.

Талай  адам  оралмады  майданнан,
Көп  болды  үйлер  қара  қағаз – қайғы  алған.
Қаншама  үйдің  қуанышы  сарқылып,
Қыршын  кетті  жас  ғұмырлар  жайқалған.

Ал  бүгінде  тәуелсізбін, азатпын.
Туды  бүгін  ғажап  уақыт, ғажап  күн.
Отан  үшін   от  кешкендер  арқасы,
Желбіресе  көк  байрағы  қазақтың!