Pages

Дүйсенбаев Есенбай

                                           

    1940 жылы 16 мамырда Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген. Көрнекті қазақ ақыны. 1958 жылы Жарқамыс орта мектебін, 1963 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын  бастауыш сынып мұғалімінен бастап, көп ұзамай журналистік қызметке ауысты. Байғанин аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе  облыстық «Коммунизм жолы» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.
1978-84 жылдары Алматыдағы «жазушы» баспасында аға редакторлық қызмет атқарды.
 Есенбай Дүйсенбаев қазақ поэзиясына өз үні, өз бояуымен келіп, ерекше танымал болған ақын. Ол поэзияны қадірлейтін оқырмандардың сүйікті ақынына айналып, ондаған өлең жинақтарын берді.  Оның шығармаларында халықтық, ақын-жыраулардың екпін мен жігерге, қайсарлыққа құрылған үздік дәстүрі бар. Сол дәстүр  дүбірі осы күнге дейін ұласып келеді. Е.Дүйсенбаевтың алғашқы жыр топтамасы  1967 жылы Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің дипломына ие болды, бертінірек келе ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толу мерекесінде бас бәйгені, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықты жеңіп алды. Есенбай Дүйсенбаевтың «Боз ала таң мен бозторғай» (1971), «Ақ пейіл» (1974), «Ұланғайыр» (1977), «Ашық аспан» (1978), «Ақ желкенді ағыстар» (1979), «Біздің толқын» (1981), «Ашық хат» (1982) деп аталатын жыр жинақтары Алматыдағы «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан жарық көріп,  еліміздің өлең сүйер оқырмандарына кеңінен тарады. 2000 жылы 60 жасқа толуына орай оған ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді.
   Ол көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Қазақ тіліне М.Горькийдің «Әдебиет туралы», Г.Ломидзенің «Ұлы достық ұлағаттары» деп аталатын сын кітаптарын, қырғыз ақыны Б.Абакировтың, палестиналық ақын Абдрахман әл-Хамисидің өлеңдерін, екі томдық «Орыс-совет поэзиясының антологиясын» аударды.

 Есенбай Дүйсенбаев шығармалары:



                               

                        Есенбай Дүйсенбайдың 70 жылдығына арналған


АҚ ЖАҢБЫР
(Тобық Жармағамбетов рухына)

Өмір деген өксігін бір қоя алмай,
Өтті жыршым, кетті қыршын жасында.
Жарқамыста жатыр ұйықтап оянбай,
Гүлдер жылап қабірінің басында.

Көк үйірімі көңілінің көп еді
Табиғатқа тарту етер сый әні...
Күз желіне күміс моншақ төгеді
Кәрі Жемнің изені мен қияғы.

Жан дүниесі жас майсадай жұмсақ ұл,
Туған жердің  ту көтерді ол атын.
Оның үшін осынау бір құм шағыл.
Ақындықтың  пайғамбары болатын.

Табиғаттың  таңғажайып бау шағы
Тебірентпес  тыныштыққа бөленді.
Ақтөбесін ақ нөсердің әуені
Әлдилесе,   естімейді ол енді.

Өтті жыршым, кетті қыршын жасыңда,
Бұл өмірдің қызығына тоя алмай.
Гүлдер жылап қабірінің  басында
Жарқамыста жатыр ұйықтап оянбай.

                   ЕСКІ  ЖҰРТ      
  
Қант түгіл, қара суын балдай деппін,
Мен ақын баласы едім Қалдайбектің.
Арманның айлы түні адастырып,
Ат ізін сол ауылға салмай кеттім. 

Білмеймін сертім қандай, өртім қандай?
Көрмесем  қадірім мен көркім бардай.
Алыстан сыйласқанды өлең етіп,
Өзімше болып жүрмін бөркім дардай.

Екі –ақ үй  Екінші ауыл елдей мекен,
Ерттесем желмаямды, желмей жетем.
Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі
Жылдарға қайта  оралғым келмей ме екен?

Дүние болып еді тар маған да...
Апырмай, ескі жұртқа бармағанда -
Есенбай  дейтін сол бір кедей жайлы
Естелік тірілтуге арланам ба?

Аға жұрт, ақ кіреуке тон-жағам бар,
Қонбадым қонысыма қомдаған нар.
Жетімді жеті әкеден жіберетін
Ат мінген ақ жабулап Оңдағандар

Айтпаймын  елге бүлік салды –ай деп те,
Ел оны жақсы көрді жандай деп те..
Көжесін  интернаттың  қатар ішкен
Көп достан кім бар екен Қалдайбекте?

Сайрамай сандуғашы  сазарып таң,
Жатақпен қоштасар күн маза құртқан.
Әкемнің  табан ақы, маңдай терін
Тіленіп нән бухгалтер  Қазановтан,

Жыр жазып, жанарымнан жас  парлаттым..
Қаржы алып қанындай  бір  қасқалдықтың.
Өрмелеп  Алатауға  кете бардым
Өрімен  арман атты  баспалдақтың.

Ұлы ағыс  толқындарын ұластырып,
Жылдарды  домалатты қыр астырып.
Сырмінез  сол ауылға  соқпай кеттім,
Сыртынан амандығын сұрастырып.

Өрімдей қауырсыны көк өспірім
Көрінбей, көңіл, неге емексідің?
Аспанға асатаяқ  лақтырғандар
Бүгінде  қойдан қоңыр  деп естідім.

Заманы мейірленіп, зейін беріп,
Жас қауым ағалыққа бейімделіп...
Алды  ма ел тізгінін өз қолына
Өмірге біздің ұрпақ кейін келіп?


Дауасы  сағыныштың бар ма  мына,
Жырды  да, жинап қойып шаруаны да,
Барып бір қайтсам деймін Қалдайбекке,
Әжемнің сәлем беріп аруағына!

АҚЫН КЕЛДІ АУЫЛЫНА
Жылы ұшырап  жауыны да, дауылы да,
Ақын келді өзінің ауылына.
Ақын келді – ақ сұңқар  баласындай
Теңесіп  қап төбесі тау ұлына.

Жас көктемнің  шыбығы сарғаймаған
Құлын кезде  құм кешіп, жар жайлаған.
Ақын келді – кешегі қолқанатың
Алақаны ойылып арба айдаған...

Сол бір сәби тілегі мақұл болып,
Қырау  күздің қырына жақын қонып,
Ағалыққа жарап қап жыр елінде,
Араңызға келіп тұр ақын болып.

Есі-дерті ен жайлау даласы боп.
Аңсап келген  көңілдің аласы жоқ.
Сендер оны, ағайын кішірейтпең
«Өзіміздің  ауылдың баласы» деп.

Бермей-ақ қой ат ұстап, тігіп бөрік,
Ықылыстардан  өсуге үмітті едік.
Үлкен тұтып үйренген ел емес пе ек
Қарғадай да баласын жігіт көріп?

Болса-дағы солай ақ айтуы шын,
Туған жерге, ей, менің бай туысым.
Кішірейіп кетуге келмейді ақын,
Келеміз біз үлкейіп қайту үшін!

Арлап жүрген арыңа сай намысты,
Сенен ұшпай, жыр құсы қайдан ұшты?
Өз ел-жұрты жүргізер саясатқа
Елшілердің тағдыры байланысты.

Қырт дейсің бе немесе мықты дарын,
Кім десең де қақың бар, ықтиярың.
Кішірейтсең –қырсығып үлкейем де.
Үлкен көрсең –кішік боп тік тұрамын!

     АЛЛАҒА АРЫЗ

Біссімілла Рахман Рахим!
Арызым айтсам жетер ме?
Арыды арман-мұратым,
Арамтер болып бекерге.

Адалдық іздеп адамнан,
Алмадық түк те өндіре.
Айтақшыл өңшең жарандар
Айтқан бір сөзге көнді ме!

Өзеурей қатер төндіре,
Өсегін өрді қастықтың.
Жайнаған жалын сөнді де,
Жығылды туы жастықтың.

Жаныма нені жар етем?
Жамандық неге озады?..
Еркіндіктің де бар екен
Ен батпан азап-тозағы.

Тас болғай құмдар жиналып,
Ел болғай деймін құл-құтан.
Осыны ойлап қиналып.
Осыны ойлап мұң жұтам.

Арсауда жасар күн жетті
Ақшаға бөккен, малға бай.
Қолында дым жоқ үмбетті
Қолдай гөр өзің, Аллам-ай!

Ақ жолың тұтқан пендені
Кембақыт қылма, кел, дем бер!
Желіп жүр шалқып жердегі
Құдайларына сенгендер.

Сыр емес ішке бүккендей,
Қойғаның жөн бе, Жарықтық,
Тәубелілерге түк бермей
Қанағатсызды қарық қып?!

Жетіспей, өзін ақтамай,
Жеті бір жұмақ тапшы ма:
Тұзағың сенің, Хақ, қалай
Түседі жиі жақсыға?!

Жауыздық қылса жатпай кім,
Жаза бер деп ең о жақта.
Озбырды отқа қақтайтын
Орын жоқ па әлде тозақта?

Әділет, сірә, болмақ па:
Әлсіз құлдарды орға ату –
Жарылқаймын деп ол жақта,
Бұл жақта сонша сорлату?!

Мұныңыз миға қонбақ па:
Мұңсыз сұмдарды, әрине,
Жазалаймын деп ол жақта,
Құтырып қою пәниде?!

Жаратқан, кешір, таңырқап –
Ерік бір берсем мазаға...
Екі дүниеде жарылқап,
Екі дүниеде жазала!


Аға  сөзі 
…Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің…,-
деп Асанқайғы атамыз жырлаған Жем бойында небір жүйріктер өткен. Ұлы бабаларымыздың «жайнаған туы жығылмай», әлі күнге дейін кең даланы дүбірлетіп, кейінгі ұрпақтың көңіліне нұр құйып келеді. Қазір сол дүбірге ілесіп, аталардың жолын қуып, жырын жалғастырып келе жатқан бір топ талантты жігттер бар. Солардың бірі – Есенбай Дүйсенбаев.
         Жетпісінші жылдардың басында Есенбайдың «Бозала таң мен бозторғай» атты жұп-жұқа кітабы жарық көрді. Кітаптың шағындығы сондай, мұқабасына аты зорға сиған еді. Біз, баспа қызметкерлері – Қадыр, Тұманбай, қолдан қолға түсірмей, қуанысып оқығанбыз. Жас жігіттің сөз саптасына, мөлдір сезіміне, табиғи мінезіне, риза болғанбыз. Кішкентай кітаптан қазақ поэзиясына үлкен ақынның келе жатқанын аңғарғанбыз:
Бозбауыр аспан иіп бір,
Рақат жаңбыр құйып тұр.
Тобықтай ғана бозторғай
Тобылғыдан биік тұр.
Тылсым тартып дүние,
Тыңдай берді ұйып қыр.
Мықты болсаң, бозбала,
Өмірде сен де ой аулап,
Бозала  таңдай бояу жақ,
Бозторғайдай  күй ұқтыр.
         Далада өскен біз бозала таңдағы бозторғайды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттік. Шынында да, қыранның, аққу мен бұлбұлдың жөні бір бөлек, ал дала үшін бозторғайдан жақын құс жоқ. Оған асқар таулар, айдын көлдер, жасыл ормандар қажет емес, боз жусанды боз даласы болса жетеді. Өйткені «Бозторғай құстың ұясы, Бозаңда болар» (Махамбет).
         Есенбай жырларынан да көк аспанның төсіне шығып алып, шырқырап тұрған бозторғай құстың үні естіледі. Оның елге, жерге деген жақындығы, перзенттік іңкәрлігі сүйсіндіреді.
Құйқылжып ұшып-қонатын
Құп-құттай сонау құс күнде
Бір қауым елдің болатын
Тілегі менің үстімде.
Сайрап тұр бәрі көңілде,
Көңілдің төрін мекендеп.
«Осы бір бала өмірде»
Бақытқа жетсе екен» деп,
Ағартып еді кеп-кеше
Ағайлар қара шашты да –
Тақтаға қолым жетпесе,
Орындық қойып астыма...
         «Арқалап жүріп адам ғып, жетектеп жүріп жігіт қылған» ол енді қалай ұмытарсың! Есенбайдың:
Жетісудың көктемі
Күнде нөсер, көк мекен,
Біздің ауыл шөптері
Шөлдеп тұрған жоқ па екен?
Алматының гүлзары,
Алатаулы дүр мекен.
Біздің ауыл қыздары
Күнге күйіп жүр ме екен? –
дегеніне де риясыз сенесің.
         Есенбай жырларында адам жүрегін елжірететін бір нәзік мұң бар. Ол біздің ұрпақтың басына түскен ауыртпалықтың да әсері болса керек. Біз күні кешеге дейін еңсесі көтеріліп, етегі жабылмаған елміз ғой. Есенбай де жетімдік пен жоқшылықты көп көрген жігіт. Қанша  айдарынан жел есіп жүрсе де, жүрегіңнің бір түкпірінде ызғарлы жылдардың қара суығы жатпауы мүмкін емес. Есенбай былай дейді:
Екі-ақ үй Екінші ауыл елдей мекен,
Ерттесем желмаямды, желмей жетем.
Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі
Жылдарға қайта оралғым келмей ме екен?
Дүние болып еді тар маған да...
Апырмай, ескі жұртқа бармағанда –
Есенбай дейтін сол бір кедей жайлы
Естелік тірілтуге арланам ба?
         Бұл бәріміздің де басымызда болған. Еске алсаң, сай-сүйегің сырқырайтын жәйт. Әнщейінде қой аузынан шөп алмайтын Есенбай қолына қалам ұстаса-ақ әруақтанып кетеді. Шешен де шебер. Әрі тапқыр, әрі айтқыр. Өзінің бүкіл болмысын өлеңге айнытпай түсіре салады.
Құйқылжып тұрар кешкілік
Құстар бар құйттай, өрімдей –
Өлеңі ғана естіліп,
Өздері көзге көрінбей.
Әйтеуір, қырсық-сордайын
Жек көрем күпсіп-пісуді,
Сүймейді менің торғайым
Жарқылдап көзге түсуді.
         Әрине, әуелден қанға біткен қасиет бұл. Ал өлең-арғымақтың үстінде ол мүлде өзгеріп сала берді. Әлгі сыпайы-сырбаздықты сұңғыла жыр жетектеп, ілестірп әкетеді.
         Есенбай ешқандай қоспасы жоқ, табиғаттың аузынан түсе қалған ақын. Әр өлеңінен көктемгі даланың жұпар иісі келеді. Дүниені сезінуі бөлек, оны өзгеге де сезіндіре біледі. Мен Есенбай өлеңдерінен Жем бойында өзім көрмеген керемет суреттерді көргендей болам. Сол суреттердің ішінде жүргендей сезінем. Оның өлеңдерінде жалған дыбыс, жасанды бояу болмайды. Бәрі де өмірдегідей, табиғи қалыпта. Өйткені:
Мәз күлмей мәре-сәремен,
Мәрттікке қарай самғаушы
Ақыннан шыққан әр өлең –
Ақиқат жайлы жан даусы.
Әрдайым солай болғай, ақын бауырым!
                                                                          
                                                                                                           Сағи Жиенбаев

                                                                             («Қазақ әдебиеті» 1990 ж. 16 мамыр)


ЕСЕНБАЙ ӘУЕНДЕРІНІҢ ӘЛЕМІ
Боз құсы болып бір белдің,
Мен сені, Өмір, қорғаймын
Діріліменен гүлдердің
Шырылыменен торғайдың!
Есенбай Дүйсенбайұлы.
Ол кезде комсомол жасындағылардың Алматыдан шалғайда ғұмыр кешіп жүріп жеке жыр жинақ шығаруы тіпті де оңай оспақ шаруа емес еді. Өзіміз анық білетін бірер фактілерге жүгінсек, Қарқаралыдағы Серік Ақсұңқар- ұлының 20 өлеңнен құралған «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» атты титімдей жинағы «Жалын» баспасынан 34 жасында жарық көрсе, Темірландағы Нармахан Бегалиев «Жазушы» баспасынан шыққан дәл сондай алғашқы «Шаттық күйі» жинағымен бұл құрметке 31 жасында іліккен. Сол себепті қазір жылтыр мұқабамен кітап шығарып жатқан астаналық емес, алматылық емес алыс өңірлік жас қаламгерлер, ең алдымен, мына заманға тәуелсіздік әкелген ырыс несібеге шын ризашылықтарын айтып отыруға тиіс. Әрине, бұл жайт әңгімеміздің әншейін ғана тұздығы. Әйтпесе сол Серігіңізде, Сол Нармаханызда көштен қалып қойған ештеңесі жоқ.
Көштен қалмағандардың бірі Жарқамыс пен Қарауылкелдінің арасын шаңдатып жүріп жазған өлеңдерін оқырманға 31 жасында 32 беттік 11 тиындық пышақтың қырындай «брошюра» етіп жеткізген Есенбай Дүйсенбайұлы еді. Баспаханалық ең ұсақ шрифтпен - петитпен терілген жинақтың «Бозала таң мен бозторғай» деген атауы қағаз мұқабаға толығымен симай, «Ала таң, бозторғай» деген болып басылғаны және рас. Бұл туралы Сағи Жиенбаевтың «Жетпісінші жылдардың басында Есенбайдың «Бозала таң мен бозторғай» жұп-жұқа кітабы жарық көрді. Кітаптың шағындығы сондай, мұқабасына аты зорға сиған еді» деп куәлік ететіні бар. Ал, ең қызығы, осы жинақ туралы жақсы лебіздер баспасөз беттерінде аз жарияланған жоқ. Аян Нысаналин, Сәбит Баймолдин, Дәуітәлі Стамбеков, Жанболат Аупбаев, Хасенхан Талғаров, Кеңесжан Шалқаров, Өмірбай Сәуірбаев т.б. Мысалы, Аян ағамыз: «...Есенбай Дүйсенбаев өзінің Бозала таң бозторғайымен» әдебиетке жаңа есім қосылғанын, поэзияда периферия жоқ екенін дәлелдей келді» деп жазыпты. Тіпті кейін Есағаның пәленбай жылдың шығармашылық өнер баянын талдағандар да осы алғашқы жинаққа бір соқпай өтпейтін болды. Оның куәсі мысалы, мақалалардың атаулары «Боздаланың бозторғайы» (С,Жиенбаев), «Боз жусанды даланың бозжорғасы» (Ф,Оңғарсынова), «Бозала таңның боз жаңбыры» (Р.Ниязбеков) «Бозаңдағы бозторғай» (Ғ.Жайлыбай)
Рас, Есағаң бұдан соң да талай кітаптарды дүниеге әкелді, талай тақырыптарды қозғады, талай оқырманды тамсантты. Дегенмен, сол «Бозала таң мен бозторғайдың» орны тіпті бөлек екенін ескермеуге болмайды. Айталық, Тыныштықбектің үміткерлердің үлгісіне айналып кеткен кейінгі Өлеңдеріне қаншалықты сүйсінсек те, бәрібір заманында «Қазақ әдебиеті газетінде жариялануы арқылы сөз танитын қазақтың бәрін тосын елең еткізген, кейін «Ақшам хаттары» атты алғашқы жинағына енген шырайлы шырайлы топтамасын ұмыта алмаймыз. Өйткені ол, әлбетте таныс, бірақ мүлде басқаша бедерленген әлем еді. Тыныштықбектің қой қоздаған көктемі,Тыныштықбектің сусар шілікті аптабы. Тыныштықбектің есік тырналаған бораны...
Міне, Есағаңның бозала таң мен бозторғайы да тап сондай. Ешкім таласа алмайтын жеке меншіктік суреттер. Оқыңыз:
Өзіңсіз күндер озама,
Отырмын тағы ой толғай.
Таңымның аты –Боздала
Торғайдың аты –Бозторғай

Қалыпты басқа сөз құрып,
Даланың аты –Боздала
Жігіттің аты –Бозжігіт,
Баланың аты- Бозбала

Шулардан шаршап тозғанда
Жайлауға барсам өзім мен.
Жорғаның аты- Бозжорға
Күйдің аты –Бозінген.

АН 2 мініп, ақыным,
Аспанда бір сәт көз жұмсаң,
Иіскеп отыратұғын
Дәрінің аты –Бозжусан.

Азамат кетсе бір асыл
Боздағым деп те жатар кеп.
Бозторғай құстың ұясы
Бозаңда болар (Махамбет)
Әрине, «Түсіндірме сөздікке үңілсеңіз, боз бояуы бар атауларды бұдан әлдеқайда мол табар едіңіз. Оның үстіне соларды мол тауып,қағазға мелдектете түсіргендер жоқ емес, Сондай-сондай шумақтарға кезіккенде тілі дәм ажыратудан қателесіп көрмеген Қалихан Ысқақовтың бір эссесіндегі мына жолдар еске түсе беретіні бар. «Ректордың алдындағы іс хатшысы бетінің бояуы бес қадақ ұйғыр қатыны қасының сүрмесін құлағына жеткізіп отыр екен, штукатурасы сынып кететіндей езуін ғана жыбырлатып: іште кісі бар» деп жібермей қойды. Ал Есағаң бояуды олайша баттастырып бүйректі жақпайды, титтей жұғындыны қарапайым кенепке сәл ғана сүйкей салады да, жылдам ұсына қояды.: бойжеткен орман, ну орман Бозала сулық бүркеніп...» немесе «Бозбала күннің гимні- Бозала таң мен бозторғай». Бірақ қол бояуға қатты батыңқырап кетсе, әлгі көркем көрністің реңі бұзыла салатынын және ұмытуға болмайды. Жоғарыда шумақтардың біріндегі « Ан 2 мініп, ақыным, Аспанда бір сәт кез жұмсаң,Иіскеп отыратұғын Дәрінің аты Бозжусан» деген шумақтың бастапқы жолын Есағаң, неге екені белгісіз, кейінгі кітаптарында «Әрі асыл бұлттан, ақыным» деп өзгеріп жүрді. Бұлттан әрі асу кешегі «Ил», Ту», бүгінгі «бойнгтерге» жарасымды-ақ, әрине, бірақ Ан 2-ге де, жусанға да қол емес. Себебі мынау «кукурузник» деген ауызекі қосымша атауы бар Ан 2 ұшағы бағзы кезеңдерде ауыл шаруашылығына пайдаланылатын еді және мамыр-маусымда өзіміз өскен шалғайдағы ауылдардың маңайындағы егістіктерге зиянкестерді жоятын улы дәрілер сеуіп жүретін көнекөз танысымыз еді. Оған қоса жолаушылар тасуға да лайықталып әлденеше жылдар бойы Ақтөбе-Ойыл, Ақтөбе-Ырғыз тіпті Ақтөбе-Жарқамыс әуе машруттарына да пайдаланылды. Асықпай ұшатындықтан және жерге жақындап қалықтайтындықтан Ан 2 нің ішінде жусан иіскеп отыру шындыққа қаншалықты сыйымды болса, жеті қат бұлттардан әрі асып кететін ірі лайнерлерге өзіңмен бірге жусан ала кіру соншалықты сенімсіздеу көрінер еді.
Жалпы бүйректі бүлк еткізе түсетін тапқыр да татымды жолдарды Есағаң аяқ астынан тауып ала қоятын, бірақ сол бөлекше детальдарды ащы ішектей созып,, ретсіз шұбатылып отыруды мақұл көрмейтін, сірә, оқырманның обалын ойлайтын болуы керек, әлгідей сол көрікті еүйінде жек қалдырып кете беретін. Міне, тап осы арада айта кетпесек, жіптей нәзік желісі үзіліп қаларлықтай бір гәп бар. Әсіресе Есағаң қатарлы қаламгерлерді әдебиетке ең әуелі батырлар жырлары немесе лиро-эпостық дастандар баулыды. Әріп танымай өткен әжелеріне «Қобыланды батырды» немесе «Ер Тарғынды» қыс айларының қысқа күні еңкейген шақтарда білте шамның елеусіреген жарығымен мың сан мәрте судыратып оқып бергендер де солар еді. Жазушылық лабораториясы туралы баян еткен аға қаламгерлердің сыр сұхбаттарынан бұл фактіні көбірек кездестіруге болады. Есағаңның тап сол шақтарда нәрленген сөздік қоры бергі замангы жылдарында да шумақталып құйылып жатаныны бар. Бөлекше детальдар деп айдарлап отырғанымыз осылар. Мысалы , аңыз бойынша италақыздың үш жұмыртқасының біреуінен тазы болып шығатын құмайды ақын «Жебедей болып азынар,Жетпейді оған сұңқарлар.Жердегі бүкіл тазылар.Желден де жүйрік тұлпарлар» деп желдірте суреттей келе, оның шабысын тура көне жырлардағыдай «Кесіртке көзді шөлдерден, Кесе таулардан тіс-түрен, Кес-кестеп шыққан көлдер мен дариялардың үстінен» деген жолдармен әсерлі әдіптей ала жөнеледі. Тайбурылдың шабысын есіңізге түсіріңізші; Арандай аузын ашады, Аяғын топ-топ басады, бір төбенің тозаңын Бір төбеге қосады...» Ал қызғалдақты көктем Есағаңның мәлімдеуінше « Мұзарт, сеңгір тауларды асып,, Мөңкіп жатқан теңіз көшіп, Ең шахарда баулар басып,,Елсіз түзбен егіздесіп, Тарғыл шыңда тас тырналап,,Тарбақалы көлге жетіп, Қара орманды қасқыр қамап, Тарғақ ұшпас шөлден өтіп...» келеді екен.
Есенбай Дүйсенбайұлы жетпіс жасқа толған шақта өзіміөдің облыстық газетке жазған мақаламда сол жарқамыс, сол маңдағы әйгілі Жем өзені туралы айтпай қала алмадым.
«Қазір ұлттық кітаптарда аз оқиды деп есептейтін жас буын үшін қайталап айтар болсақ, иә Жем деген өзен бар.
« Ақ ерке» деген халық әнінің «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда» деген алғашқы жолындағы Жем- осы өзен. Бір деп қойыңыз.
Желмаямен жер дүниені кезген Асан қайғының «Жемде кеңес қылмадың, Жемненде елді көшірдің» дейтіні осы атауға қатысты. Екі делік.
Мұхтар Мағауин аруақты «Аласапыранында» Бесоба батырды былай сөйлететіні бар: ...Атымды тебініп жіберіп, түйетайлы жардан шатқаяқтай түсіп, Жемнің сарғыш, лайлы суына күмп бердім. Бірден ақ шым баттым. Суық су белімнен келді. Әйткенмен ағыс баяу. Астымдағы жабы- қартайғанша қой соңында өткен, шабан. Бірақ белді, жілікті ат еді, жануар құлағы ғана көрініп жүзіп келеді...»
Жә, осы үш фактімен тоқтайық.
Жалық әнінің белгісіз авторы. Асан қайғы, Мұхтар мағауин...таңбалаған сол Жкмді кейін біз де көрдік. Бұл Жеміңіздің суы сұмдық жұмсақ екен. Ойыл мен Бабатайға сүңгіп өсен, реті келгенде Ертіс пен Есілге шомылып шыққан менің басым Жемнің суы неге сонша жұмсақ болатынын ұқпай қойды. Аттылы-жаяулы талай қантөгіс жорықтардың қан тері тамған өзен де өткен кеткен ,көлденең көк аттыларға да сонша миірімін төге береді екен-ау.
Мейірімді табиғаттың құшағында әлдиленген соң ба екен, осы аймақтан шыққан, осы аймақты әйгілеген қаламгерлер баршылық –ақ: «Жетті ме көктем Жемге де, Кетті ме қыстың ызғары»(С.Жиенбаев) «Көгілдір Жемнің бойында Жарқамыс деген ауыл бар» (Ө.Нұрғалиев) «Қараушы едік қанбай думан-дуылға,Көлден көріп Жемнің аппақ қуын да» (С.Баймолдин)...
Есенбайдың оқырман ерекше ұнатқан мына шумақтарының түп-төркінінде де сол Жем, сол Жарқамыс жатқанын пайымдауға әден болады-ақ.
Жетісудың көктемі
Күнде нөсер, көк мекен
Біздің ауыл шөптері
Шөлдеп тұрған жоқпа екен.

Алматының гүлзары
Алатаулы дүр мекен
Біздің ауыл қыздары
Күнге күйіп жүр мекен.?...
« Мұның несін айтады? Белгілі ғой. Әрине шөлдеп тұр,әрине күнге күйіп жүр. Сонда да осында бәрі бар. Деп жазды кейін «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясын құрастырушы, әдебиет танушы Сауытбек Абдрахманов.
Осы лебізді одан әрі жалғар болсақ, өзінің көптеген тұстастары секілді Есенбай ақын да енді тіпті де қайтып оралмайтын күндер туралы сағыныш сазы десеңіз де ,көңіл күй көрінісі десеңізде , жылы да жеңіл юмор десеңізде» сыя беретін көптеген өмірлі өлеңдер қалдырды. Солардың бірі «Қыз ұзатқан үй». Толық оқып шығайықшы.
Тағдыр туған үйіңнен
Табаныңды сыз» депті
Қызыл –жасыл киінген
Қызық кетті, қыз кетті.

Алды артына қарамай
Айдын көлден зытты құс.
Құлаққа ұрған танадай
Тойдан кейін тып-тыныш.
Бозбалалар ерте- кеш
Есік бағып жүрмейді. Ең аяғы ит екеш
Итке дейін үрмейді.

Ақиқатқа симас түк
Қаралы деу бұл үйді
Сонда да қимастық
Көкіректе ұлиды.

Ол бар кезде осы ара
Ағытылған тиегі
Күнде думан босаға
Күмбірлеген күй еді.

Жұлдыз туса жыпырлар
Жұрт ұйқыға кіретін
Үй сыртында сықырлап
Он сегіздер жүретін.
Той тарқаған шаңырақ
Төңкеріліп тостысы.
Қараң қалды қаңырап
Махаббаттың постысы.
Иә, заман сондай еді, басқа еді. Ал мына дәуіріміздің қызығы да бөлек, қызы да өзге. Бұлай болуы заңдылықта . Өкінудің де қажеті жоқ шығар. Дегенмен, «сонда да бір қимастық көкіректе ұлиды. Осыны одан әрі жалғайық. Қыз ұзатудың арғы –бергі жөн жоралғылары туралы қаншама мақалалар оқыдық, қылқалам иелері қызылды-жасылды киінген қаншама қыздардың өткен замандардағы сурет-нобайларын үсында. Тамсанасың, қызығасың, бірақ тек тарихи, ұлттық дерек ретінде ғана қабылдайсың. Ал көкіректегі ұлытатын мына өлеңнің жолы басқа. Соңғы кездері небір ірі шахарлардың небір салтанатты мейрамханаларынлағы қыз ұзату тойларын, сыңсу көріністерін ұсыну мен аяқтау дәстүрі енгізіліп келеді. Есенбайдың «Қыз ұзатқан үй» өлеңін қайталап оқып көрсеңіз, әріден жеткен сол сыңсулардың кейінгі кезеңнің суреттерімен толықтырылған поэзиялық полотносының бір үзік нобайы секілді елестейді.
Есенбай талай тақырыптарды қозғады. Әлеуметтік сарындармен сырласты, пәлсапалақ тұжырымдарды түйіндеді. Есенбайдың өткен күндер суреттерін әйтеуір бір таныс музыканың үні алыстан еміс-еміс естіліп тұрғандай етіп жеткізетін өлеңдерін басқа қалам иелерінің туындыларымен шатастырып алу мүмкін емес.. жоғарыда еске салып өткеніміздей бозала таң мен бозторғайға қайта айналып соға беретініміз де сондықтан шығар.
Кимесек те біз көк сауыт
Көз ілмей өтті не түндер.
Жиделі сауда шөп шауып
Жорықта жүрдік жетімдер.
Есіле басталатын осы шумаққа ілесе жалғаса беретін «Сыпа бір белден боратып,Сыпырса сәуле томаға...» немесе «Тпырақтатып түйені Таң атпай салдық сайларға» әйтпесе «Атсада қанша іркілмей Бозала таңдар бояп қас «деген сияқты төкпе жолдарды және тіркесек, таңғы сәттің бір мезетін бейнелеу арқылы бұкіл ғұмырды еске түсіретін мағыналы мазмұнды былай қойғанда, сол кезгі құс ұйқылы балалық шақтың драмасын ақынның еш зілсіз,еш жазғыру ниетінсіз, оның орнына желдірме әуенге лайықталғандай көркемдікпен ұсына қойғанына таңырқап та қарайтындайсың. Ал сол балалардың өздері осындай болғанда әкелері кім еді.
Толықсып іңір сары майдай
Толқиды дала қиыр белеңі
Емшегі сүттен жарылардай
Емпілдеп қырда сиыр келеді.

«Әукім», «Әукім» - таласып үн
Құйылыңдар қиыр жақтан
МЕн шаруаның баласымын
Әкем менің сиыр баққан.
Бұл 1940 жылы және сол шамада туған ақын жазушылардың барлығының дерлік басынан өткен жағдайлар еді ғой. Сол себепті олар «Біздің толқын» деп аталатын өлеңнің мына жолдарын өте түсіністікпен қабылдаған ақ шығар.
Туған өңір қайырымды
Қанша шілде өтпеді.
Сабы сынған айырымды
Шөпке шаншып кеткелі.

Ақпа жыр боп борап шығар
Алқынтып тұп күй мені.
Армысыңдар орақшылар,
Пішенші ауыл үйлері.!
Сөйтіп тоғыз шумақты оқып бола келе, соңғы оныншы шумақты және бір қайтарда оқыған да шығар.
Қайран аңқау қайырлы шақ
Қалдың екен бүгінде.
Сынық сапты айырға ұқсап
Қай шөмеле түбінде.?
Өлеңнің көкейге қона қалатын мазмұны өз алдына ғой,ақыннның сол мазмұнды тіл тұтықпайтындай, қыркүйектің сабырлы таң сәрісінде кенеттен тұла боынды аймалай жөнелетін жылы лептей өзгеше сөзбен жеткізуі тіпті толқытып жібереді. Ал Есенбайдың өлеңдеріндегі ішкі ырғақ жүде басқа жайлаудың шалғыны. Буын мен буын бірін –бірі құшақтап тұрады. Ұйқас пен ұйқас бейне бір илеуі қанған сазға отырғызылған кірпіштердей кінаратсыз жымдаса кетеді. Өзі де талғампаз ақын Жүрсін Ерманның «Мейірім қандыратын кәусар жырға шөлдеген кезімде, яқи шеберлікке таңырқағым келген кезде, Мен Есенбай көкемнің кітабын іздей бастаймын» дейтіні де сондықтан шығар.
Есенбайдың кітабын іздейтіндердің және бірі сірә, жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов болса керек. Өйткені ол Есенбай ақынның өлеңін көркем прозалық туындыға сезімтал шеберлікпен кіріктергені сондай, тіпті қолына қалам ұстамайтын оқырманның өзі де осы тұста ақын болғысы келіп кететін тәрізді. Тек «Бұлақ» деп аталатын осы әңгімедегі Ертілеуде бір кезде Жарқамыс орта мектебінде мұғалім болған Есенбай ретінде, Қарабұлақты сол аумақтағы ұшбұлақ ретінде қабылдасаңыз аса қателеспейтін де сияқтысыз. Расына келгенде, Мұқағали бекерде айтпаған ғой: « Барлық ақын баласы бір ананың»,Жас мұғалім ақынның қыстың көзі қырауда ауыл сыртындағы Қарабұлаққа келген сәтін жазушы Тынымбай өзіне тән нәзік лиризммен сәл езу тарттыра суреттейді. «Айналайын Қарабұлақ, қасиетті үлкен анамыз жатырсың ба жалғыз һзің? Жалғызсырадың ба? Мен келдім ғой. Мына Қошқарбай екеуміз өзіңе келдік деді Ертілеу қарға омбылай, асыға басқан күйі бұлақ көзіне жақындай беріп.
-Иә, Қошқарбай екеуміз келіп қалдық, қасиетті Қарабұлақ.!
Оның мына сөздері Қошқарбайға тым ерсі естілді. Әсіресе «мына Қошқарбай екеуміз келіп қалдық деген кезде Қошқарбай ұялғанынан қып-қызыл болып кетті. «Ертілеудің мына сөздері, біреу естісе ұят-ау деп ойлады ішінен
Қасиетті Қарабұлақ, суыңнан дәм татам- дейді даусы қалтырап,Сонан соң бұлақ көзіне етпетінен жата кетті де. Буы бұрқырап жатқан мөп-мөлдір суға бас қойды.
Сәлден соң орнынан тұрып, үстінің қарын қақпастан. Анадай жерде отырған Қошқарбайға бұрылды.
Сен нағыр отырсың? Қарабұлақтың суының дәмін тат.! –деді. Қошқарбайды кіналағандай әр сөзін қадар айтты.
Қошқарбай амалсыз орнынан тұрып, бұлақ көзіне қарай кібіртіктеп жүре бастады. Бұлақ көзіне таяу жерге келіп отырды да, қос уысымен су ішті. Бұлақтың суы жып-жылы екен. «Бір ұрттап қоя салсам, Ертілеу реніш білдірер» деп бірнеше рет ұрттады.
Міне осылайша өрбитін әңгіме оданәрі Ертілеу ақынның «Жаным менің! Мына жарық дүниеде» деп басталатын өлеңді оқумен, өлеңді кете тыңдаған Қошқарбайдың «Мынау Ертілеу шын ақын екен» деп тамсанумен одан әрі қарай қызықтыра жалғаса береді.Жазушы Тынымбай осы әңгімені жазар кезде әуелі ақын образын ойлап тапты ма, әлде өлең арқылы кейіпкер пайда болды ма, мәселе тіпті де оған тіреліп тұрған жоқ. Ең бастысы сол, сүйікті қаламгеріміз нағыз ақын мен көрікті өлең туралы бас алмай оқитын өте әсерлі әңгіме жазып шыққан. Оған қоса материал ретінде алынған Есенбайдың өлеңін Қошқарбай кейіпкердің іштей толғаныстары арқылы толық талдап та берген. Біздің қосарымыз, бұл өлең Есағаңның «Ақпейіл» деп аталатын екінші жыр жинағында жарияланған болатын.
Ал, тағы бір таңдаулы жазушы Қарауылбек Қазиев «Сенің көзің сондай сырлы, сондай тұнық, мөп –мөлдір...» дейтін жолдармен шуақ төгетін өлеңін «Біз абитурент едік» деп аталатын повесіндегі бірінші жақтан сөйлейтін кейіпкерінің Қаржаудың тіліне іліктіреді.: «Тұп-тура өз жүрегімнен шыққандай ақ, осы шумақтарды «тақ-тақ соғылған дөңгелек ырғағына қосылып әлденеше айттып шықтым».
Міне осы екі мысалдан кейін өлеңдері көркем прозаның туындыларға толығымен еркін еніп кететін ақындар көп те еместігіне және бір ден қойғанымыз жөн секілді.
Ал, Есенбайдың әлдебір өлеңдері мен әлдебір шумақтарының немесе қандай да бір жолдарының есте ерекше тұтылып қалатын себебі, жоғарыда жолшыбай айта кеткеніміздей, қаиарласа сап түзеген сөздер мен іргелесе қонған буындардың бір-бірін жатырқамайтын үйлесімді әуезділігінде болса керек.
Бозбауыр аспан иіп бір
Рахат жаңбыр құйып тұр.
Тобықтайғана бозторғай
Тобылғыдан аласа
Тораңғыдан биік тұр.
Толқын-толқын күйіне
Тоқсан тарау сыйып тұр
Тылсым тартып дүние
Тыңдай берді ұйып қыр.
Далада өскен тап осындай жаңбырлар болатынын ұмытқан жоқ. Торғайдың тынымсыз шырылы басылып, тобылғы да, тораңғы да, әлбетте, қыр баласы да әлдебір сытыр-сытыр күй әуенді ұйып тыңдап қалатын шақтың мөлдіреген суреттерін ақын сол күй әуеннің өз дыбысымен, өз үнімен жеткізіп-ақ тұрған жоқ па?
Әңгімеміздің тоқ етерін, міне осы тұстан қайырмалағанды жөн көріп отырмыз.
«Бозала таң мен бозторғай» -Есенбай поэзиясын еш-уақытта шөлдетпеген тұп тамыр. Сол бозала таңның бозымық сәулесі мен сол бозторғайдың нәзік шырылы, сол образдар мен сол айшықтар , сол қанық ұлттық бояу мен сол сиқырлы ұлттық саз ақынның кейін қатарға қосылған мол мұрасының қай-қайсысында ренжіткен емес. Мысалы, мынау бергі кезде жазылған өлеңнің бастапқы шумағы
Жылуы қашқан, жылты кем
Жылдардан шықтық өлмей біз.
Қиямет кезгі Гүлтікен
Біз,Қиянаттарға көнбейміз.
Осы төкпе леп пен әр сөзді әлдилеуге әзір тұратын әсерлі әуенді тек өлеңдерден ғана емес, ақынның барлық дастандарынан да тауып аласыз. Мысалы; әрідегі «Үшбұлақ,Қызылбұлақ, бұлақ-бұлақты» тағы да оқып шығыңыз немесе берідегі «Күлтегін тасқа» қайта көз жүгіртіңіз, бейне бір әуезбен оқуға әдейі лайықталған туындылар секілді. Бұндай ерекшеліктерді,ілгері буынды былай қойғанда, қазіргі жас толқын өкілдерінің бірі, ақын Ырысбек Дәбей де тар басыпты. Ол «Ақындардың ақыны» деп аталатын мақаласында (Қазақ әдебиеті, 2001, мамыр,№20) Есағаңның басқан пернесі»әуені бойды билер» тұстан адасқан жоқ. Ақын өлеңдеріндегі ішкі музыканың үндестігіне тәнті боласың» дейді.
Өлеңнің міндеті, сірә, үнемі сары уайымға батырып, мынау қаталдау заманда онсыз да жаны жалаңаштанып жүрген пенде байғұстың жарасын тынымсыз тырналай беру де емес шығар. Бір мезет өзіңе бұйырған шағын өмірнаманды әлдилейтін әуендерді де аңсауға құқың бар ғой. Сондай әуез иелерінің бірі Есенбай Дүйсенбайұлы екені есіңізде жүргей,

Ертай Ашықбаев.
Қазақ әдебиеті,26 желтоқсан,№52


ЕСЕНБАЙ АҚЫННЫҢ ЖЫР КЕШІ

Ақтөбеде Абайдың 150 жылдығына арналған мүшайраның Бас жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығының халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері Есенбай Дүйсенбайұлының 70 жылдық тойына арналған шығармашылық кеш өтті. Кешті ақын Мейірхан Ақдәулетұлы жүргізді. Ақынның өлеңдерін тыңдауға поэзияны сүйетін жұрт тегіс жиналды.
Мен соғыстың отына шарпылып өткен, балалық шағы болмаған деуге болатын ұрпақтың бір өкілімін. Сол ұрпақтың өзі қазір ақсақал жасқа жетпіске келді. Бұл бір адамның емес, миллиондаған адамның өмірбаяны - деп ақын кешін өлеңмен жазған «Естелік» атты өмірбаянын оқудан бастады. Жатақана ақ көрпесін жамылып, жетімдіктің қара нанын жеп өскен, тоғызыншыда Тобық ағайдан сабақ алып, Әуезовтың дәрәсін тыңдап, Сырағаңмен сырласқан, Әбділдәнің аруақты сөзін естіп, Әбуден бата алған, Жаркеннің ағасы, Дүйсенбектің құрдасы, курсында кішкентай Абай атанған Есенбай ақын сол миллиондаған адамның өмірін өлеңге қосып келеді. Кеште баяндама жасаған ақын Ашықбаевтың сөзімен айтсақ, ақын Есенбай Дүйсенбайұлының ең басты қазығы –поэзия. Ең нәзік, ең адал, ең мейірімді, ең сұлу поэзия.
Қазақтың қалың оқырманын, қарағай жұртын ең алғашқы кітабымен-ақ мойындатқан ақындар өте сирек. Қазір тамылжыған лирикаларымен лапылдаған поэмалары ұлан-ғайыр елге түгел таныс. Ес ағаң – Есенбай Дүйсенбайұлы сол өте сиректердің бірі.
Есағаң 1971 жылы жарық көреген «Бозала таң мен бозторғай» деп аталатын өлеңдер жинағы кітап дүкендеріне түскен күннен бастап белгілі ақындар қатарына бірден қосылып кете барды.
«Бозала таң мен бозторғай» топтамасы отыз жасында опат болған Төлеген Айбергеновтың «Сағыныш» топтамасы секілді қырық бес жасында қиылып кеткен Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйлә» топтамасы секілді Есенбайдың өзінен асқа ешкім жаза алмайтын кәусар сезімдердің жауһар жиынтығы еді- дейді ақын Е.Ашықбаев.
Кешке ақынды құттықтау үшін Астана мен Алматыдан жазушы, жерлесіміз Қажығали Мұқанбетқалиев пен Мырзағали Іңірбаевтар келді. Ақынға інілік леізін білдірген қала әкімі Архимед Мұхамбетов облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың сәлемін жеткізіп, облыс басшысы атынан темір тұлпардың кілтін табыс етті. Есенбай Дүйсенбайұлының кіндік қаны тамған Байғанин ауданы жұртының сәлемін жеткізген аудан әкімі Бердіхан Кемешов ақынға екінші темір тұлпардың кілтін ұстатты. Ақын кезінде «Коммунизм жолы» газетінде бірге қызмет жасаған журналист ағасы Нұрқайыр Төлеуов пен курстасы Идош Асқар, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы құттықтады.
Ақынның кешіне Алматыдан арнайылап белгілі әнші Әділ Сламхан келді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаевамен Орал Бәйсеңгір ақын ағасын құттықтап, ән шырқады. Компазитор Мақсым Меңкешов Есенбай Дүйсенбайұлының отыз шақты өлеіңне әе жазыпты. Соның бірі «Балауса» әнін кеште әнші Сейсен Айтжанов, «Құрбылар, құрдастар» әнін Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық иституты студенттерінің «Айжұлдыз» триосы орындады.
Кеште Есенбай Дүйсенбайұлы өлеңдерін оқыды. Өлең өмірінің қасиеті мен киесін бозала таң мен бозторғай деп таныған ақын поэзиясының бір арнасы туған жеріне, Ақтөбесіне деген сағынышы болса керек. Байғанин ауданының Қалдайбек аулынан басталған Есенбай ғұмырдың шығармашылық кеші бозторғайдың боздаласын сағынғанындай, Есенбай ақынның өлең төсегіне деген сағынышымен аяқталды. Есенбай ағаның өтініші бойынша кешті М.Ақдәулетұлы соңында ақынның «Ескі жұрт» өлеңін оқып берді.
«...Екі-ақ үй екінші ауыл елдей мекен
Ерттесем желаямды желмей жетем
Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі
Жылдарға қайта оралғым келмей ме екен?...(
Мейрамгүл Рахатқызы
Ақтөбе , 10 маусым,№71-72