1957 жылы Қарақалпақстан Республикасы, Хожелі қаласында
дүниеге келген көрнекті қазақ ақыны. Ата – баба қонысы Жем,
Сағыз, Маңғыстау аймағы. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика
факультетін бітірді, ұзақ жыл бойы бұқаралық ақпарат тарату салаларында еңбек
етті. «Жалын», «Арай -
Заря» журналдарында жауапты хатшы, «Зерде» журналында (1988 – 1996) бас
редактор болды. 1996 жылдан бері Алматыдағы «Жазушы» баспасының директоры.
Раушановтың алғашқы жыр
жинағы «Бастау» (1980) деген атпен
жарық көрді. «Келінтөбе» (1984),
«Шолпан жұлдыз туғанша» (1986) атты өлеңдер жинақтары, «Алаш» сыйлығына
ие болған «Ғайша бибі» (1991) кітабы, «Қара бауыр
қасқалдақ»(1995), «Періштелер
мен құстар» (2005), «Бозаңға біткен
боз жусан» (2006) «Құстар –
біздің досымыз» (2009), «Амал деген
айыңыз» (2017) жинақтары жарық
көрді. Өлең, толғаулары орыс, украин, балқар, өзбек, қырғыз, басқа да тілдерге
аударылған. Ақсақ Темір өсиеттерін өзбек тілінен қазақшаға аударды. Өзбек
шайыры Хамза Хаким Заде Ниязи өлеңдері қазақ тілінде тұңғыш рет Раушановтың
аудармасымен (1969) жарық көрген.
Раушанов поэзиясының негізгі
тақырыптары – ұлт бостандығы, өмір мәні, туған дала тарихы жайында. Оның
өлеңдерінен қазақ ауыз әдебиеті мен әлем әдебиеті поэзиясының озық үлгілерінің
игі әсері айқын сезіледі. Раушанов халықтың құнарлы тілін мол білетін, сөзі
бейнелі, өлеңдері ойлы, өрнекті, талантты ақын. Оның «Жолданбаған
хат», «Жаз не деп
еді», «Сағыныш» атты өлеңдеріне
ән жазылып, қазақ эстрадасында
орындалып жүр.
Ақын Е.Раушанов шығармашылық және еңбек жолында
бірнеше рет марапаттарды иеленді. «Қазақстан
Ленин комсомолы сыйлығы», Қазақ КСР-і
шығармашылық жастарының «Жігер»
фестивалінің тұңғыш лауреаты және 1991 жылы «Алаш» халықаралық
әдеби сыйлығының лауреаты және 2006 жылы ҚР
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атақтарын иеленді. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10
жыл» медалі, ҚР Президентінің
Жарлығымен «Құрмет» ордені, 2017- ҚР Президентінің
жарлығымен Парасат орденімен марапатталды.
«Уа, жалт екен,жал екен..»
Уа, жалт екен, жалт екен!
Жай түссе де жасқанбас,
Қарағай – менің қарт әкем.
Қарағайға қарсы біткен сан бұтақ.
Алағайда сыр
бермейтін мәрт екен.
Мен айтайын мәрттігін,
Көне Алматы бойында,
Көркем Медеу ойында,
Көн –даңғыра қақты күн.
Көл –дария ғып шат түбін,
Қарлы нөсер құйғанда,
Қара орынды ақ түнім.
Шөгіп қалған
нарбас тау,
Нарбас таудың алдында
Меймілдене толды астау.
Қарағайға қарасам,
Су тигізбей
тамырына көп бұтақ,
Көлденеңдеп жазылды.
Бұтақ демей,
Қанат десең болмас па-ау?
Нөсер өтті,
бұл жерге
не кетпеген, не келіп
Арысым тұр беткейде,
Тамыры сау-
тәні сау,
Қысы –жазы көгеріп.
... Бері таман келелік,
Қарындас жұрт-қара орман,
Қарағайдай қалың өскен ел
едік,
Тамырыңды көрелік...
« Бақыт
құшағында»
Ол кезде басқа ел деген,
Бұл сөзім шын деп ұғыңыз.
...Бесігін қыдыр тербеген
Берекелі үйдің бірі –біз.
Жүреді әжем «құрғырлап»,
Асыр да салып жатамыз.
Білдірмей келіп, бір
күнде-ақ
Бойжетті екі апамыз.
Монтиған өңшең ботақан
Көреміз пана оларды.
Сол жазда менің екі апам
Бір әнге әуес боп алды:
«Кел, билейік, кетпе менің
қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрымен
ашылған.
Сезім шіркін ақ жаңбырға
ұқсайды
Алматыда жаңа жауып, жаңа
жауып басылған».
Жауатын жиі жаңбыры
Алматы не ол? Қала ма?
Билей ме онда барлығы?-
Бәрі де жұмбақ балаға.
Кімдікі мынау бөлек ән,
Самалы басқа, сазы өңге?
-Үкіметтікі, - деді анам,
-Ұқсайды, - деді әжем де.
Екі қыз елең етпеді,
Жақпайды-әу,әсте, дау мына.
-Шәмшінің әні,-деп мені
Басқын-ды бірі бауырына.
Қашты да кетті ертесін,
Ән болды ғажап міне бұл.
-Мен жамылам,-деп,-көрпесін,
Таласып жаттық кілең ұл.
Айтты да аз күн сол әнді,
Келер жыл көктем шығарда,
Кіші қыз тағы жоғалды,
Не болды,ей, тегі,
бұларға?!
Жылады қимай шешеміз,
Ал әкей сыртқа жөнеді.
Тып –тыныш едік кеше біз,
Кім өзі Шәмші дегені?
Қапа боп «қатал» әншіге,
Қыс өтті, көктем оралды.
Өкпелеп жүріп Шәмшіге,
Өзім де салдым сол әнді.
... Еске алсам бала шағымды,
Күлемін іштей осы күн.
Екі апам- екі үй кәдімгі,
Тербеген қыдыр бесігін.
«Ағалап» көп ұл қосыла,
Шығады алдан күлімдеп,
«Ел болмас жиен» осы ма?
О,тәубе, -деймін,-құдірет!
Саламыз әнге тағы біз,
Ол әннің, досым, бар сыры,
... Отырып алып бәріміз
Мақтаймыз сосын Шәмшіні.
Баба
бейітінде
Өзің білесің,
Дұғамнан тастамадым
есіміңді,
Ашпасаң ашпа,баба, есігіңді,
Кім білсін, мүсіркеуден
шаршадың ба,
О бастан бақыты кем кесір
ұлды,
Сен түгіл мен өзім де
шаршап біттім,
Себебі сендім, ата, аңсап,
күттім.
Күткенің, аңсағаның не
десеңіз-
Оты екен жалғандық пен
жаңсақтықтың.
Мінеки, тауың жатыр шөккен
нардай,
Ентігіп шөккен нарға жеткен
қандай,
Жоқ менде тілер тілек,
айтар арзу,
Басыңа келсем дағы көптен
қалмай.
Бір күні қуғанменен қырсық
қанша,
Мен дағы көгерермін бүршік талша,
Ал бүгін жарым түнде жалғыз
келіп,
Отырам босағаңда күн
шыққанша.
Күн шыққан соң кетемін.
Күзгі ойлар
Аулымның қонған жері –бұла
қайнар,
Қайнардан су ішеді қылағай
нар.
Мінгесіп қылағайға келіп қалды
Қараша,
Қауыс деген құдағайлар.
Келсең, кел алағайлым,
Бұлағайлым,
Күлмеймін,қайғырмаймын,
жыламаймын.
Бір күні қыс та жетер деймін іштей
Жабысып өркешіне қылағайдың.
Е, келсін,
енді менің немді алады,
Қауіп емес енді маған
жел-бораны.
Өзім –ақ кетем ертең тастап
бәрін-
Кең жылы ой,
кезбе бұлақ,
кер даланы.
Қоштасам аспаныммен,
асқарыммен-
Басынан бұлт асырмас асқағыммен.
... Оралам бір күндері, мүмкін, қайтып,
Ол бірақ басқа әңгіме,
басқа ...мүлдем...
басқа ... мүлдем!