Жұмабай Тәшенов

         Тәшенов Жұмабай (20.09.1925, Құтанкөл  ауылдық  кеңесі, Нөкіс  қаласы ҚҚАССР-1994 ж) - көрнекті қазақ жазушысы, драматург, киносценарист.
     Жұмабай  Тәшенов  1925  жылы  Ақтөбе  облысының  қазіргі  Байғанин  ауданы  аумағында  дүниеге  келгенімен,  сол  тұстағы  аласапырандар  салдарынан,  үш  жылдан  соң  әкесі  Қарақалпақстанға  қоныс  аударуға  мәжбүр  болған  да, кейін  құжатына  сол  жақта  дүниеге  келген  деп  жазылып  кеткен. Соғыс  басталғанда  өз  еркімен, сұранып  жүріп  17  жасында  майданға  аттанған. Жұмабай  Тәшеновтың  тұңғыш  өлеңдер  жинағы   19  жасында  1944  жылы  «Жеңімпаздар»  деген  атпен  шыққан. 1945-1947  жылдарда  ол  Қарақалпақ  жазушылар  одағының  драма  секциясының  меңгерушісі  болып  қызмет  атқарды.   Ташкенттегі   Низами  атындағы  педагогикалық  институтты, оның  аспирантурасын  тәмәмдады.
      “Қызыл Қарақалпақстан“  газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, “Амудария“  журналының бас редакторы  қызметтерін  атқарды.   1963  жылы  Алматыға  көшіп  келген  ол  Қазақстан Жазушылар Одағының консультанты, “Қазақфильм“ киностудиясы сценарлық алқа мүшесі, “Жазушы“  баспасында редактор, редакция меңгерушісі қызметтерін атқарып, зейнетке  шықты.
       Жұмабай  Тәшенов  қазақ, өзбек,қарақалпақ, орыс  тілдерін  жетік  меңгерген.  Ол  В.Катаевтің  «Полк  ұлы», И.Павленконың  «дала  күні», А.Фадеевтің  «Жас  гвардия», Н.Некрасовтың  «Русьте  кім  жақсы  тұрады»  кітаптарын  қарақалпақ  тіліне,  қазақ тіліне өзбек жазушысы К.Рахмановтың “Келін“  романын тәржімалады.          
          «Ұрыста  шыныққандар» (1946), «Алыстағы  ауылда» (1955), «Өтеген» (1957)  «Жауынгер  достар» (1953), «Алғашқы  айқас» (1973), «Өтелген  парыз» (1978), «Схватка» (1979), «Жауынгер  жолы» (1985) атты  бірнеше  жинақтары  жарыққа  шықты.
       Елге  оралғаннан  кейінгі  жылдарда  Ж.Тәшенов  әсіресе  драма  жанрында  жемісті  еңбек  етті. Ол  И.Саввинмен  бірлесіп, жастар  өмірінен, т.б.  тақырыптарда  бірнеше  туындылар  жазды: «Қаладан  келген  қылжақбас», «Ауылдан  келген  жиендер», «Іске  сәт, қыздар», «Студенттер», «Құрдастар», «Ескерткіш», «Көшеде  жүрген  пақырды, әкім  бол  деп  шақырды», «Үш  кемпір, бір  шал».     Ж.  Тәшенов әдебиет саласымен   (проза, поэзия  мен  аударма)  бірге  кинодраматургияда еселі еңбек етті.   Ол   Карловы  Варыдағы  халықаралық  байқаудан  жүлде  алған  «Ана  туралы  аңыз» (1963)  атты  фильмнің  сценарийін  жазды. «Ана  туралы  аңыз»  фильмі  1967  жылы  Мәскеудегі  «Искусство»  баспасынан  шыққан  Д.Писаревскийдің  «100  фильмов  Советского  кино»   кітабына    Қазақстаннан  енген  жалғыз  туынды.  Ж.Тәшеновтің  «Қашқын»  телефильмінің  сценарийін  «Тәжікфильмге»  ұсынып, кезегінде  тәжік  режиссерлері  жақсы  телефильм  жасап  шығарды. Сонымен  қатар, Жұмабай  Тәшенов  Ғабит  Мүсіреповпен  бірге  «Әлия»  атты  фильмнің  сценарийін  жазды.



ЖАУЫНГЕР  ЖОЛЫ
(Повестен үзінді)
       Август айының жалын атқан аптап күні көкжиекке қарай баяу еңкейіп  барады. Сағым ойнаған тымырсық ауада алыс көкжиек жүз құбылып, көзге әзер шалынады, құдды күннің ыстық лебіне шыдамай, балқып тұрған тәрізді. Мыңдаған солдат етігінен ұшқан борпылдақ  ұлпа тозаң төмен түспей, биікте қалқып тұрады да жаяу әскердің жел қаққан, күнге күйіп тотыққан жүздеріне қүл құсап келіп қонады.
       Шіркін, шамалы тынығар ма еді!
       Әттең, оған мұрсат жоқ, уақыт аз. Аңызақ күннің от лебіне ғана емес, соғыс өртіне де күйген жазық даламен алға қарай дамылсыз жүре беру керек, жүре беру керек. Батуға айналған күнмен жарысып, батысқа қарай, туған Отан жағасына жармасқан жау шебіне жеткенше асығу қажет. Жау қолы күшті, орасан күшті. Ол өткен жерде аққан қан мен саудыраған сүйек, жалақтаған өрт пен қираған жұрт қана қалады. Сол жауға барынша тез жетіп, қайткенде де сұрапыл шеруін тоқтату керек...
       Бұрын-соңды болып көрмеген жойқын соғыс бір сәтке де саябыр таппайды. Август айының аңызағы астындағы от үрлеген жолдарда тыным жоқ. Майдан шебіне жаңа күш ағылып жатыр. Олар жеткен бойда шайқастан жаңа ғана шыққан полктарға қосылып кетеді. Демалу деген болмайды. Полктар ұрыстан тек аз уақытқа шығып, тың күш алатын да қайтадан алғы шепке ұмтылатын.
       Майданға бет алған жаяу әскердің ұшы-қиырсыз легінде сәл еңкіш тартқан, орта бойлы бір солдат келеді. Оның бет-жүзінің табиғи қаралығы күн күйдіріп, тозаң басқан өзге кісілердің дидарынан бірден айрықша аңғарылады. Жігіттің әсем біткен қастары, қысықтау қара көздері жан-жағына қызыға қарайды. Оның тағы бір ерекшелігі – үстіндегі гимнастеркасы құрғақ, өзгелердікіндей ақ сортаңы шығып, терге малшынбаған. Сірә, бұл жігіт аспан жерге түскендей аңызақ пен шаңдақ жолға жастай үйренген болса керек.
      Шынында да Өтеген осынау тозаңы ұшып, жалын атқан жазық далаға қарап, өзі туып өскен қарақалпақ жерін көз алдына келтіреді. Қазір ол жақта да тап осындай шыжыған ыстық, онда да осы секілді қураған шөп, жылт етіп жүгіріп жүрген саршұнақ тышқан. Өтеген кең даланы тағы бір шолып өтіп, ауыр күрсініп қойды.
      Оң қапталдағы көкжиекте қаралы жалау сияқтанған қара түтін будақтап тұр. Ол жақтан тынымсыз гүріл естіледі. Онда даңқты батыр қала Сталинград фашист құзғындарымен шайқасып жатыр.
     Кеше, Еділден өтер кезде Өтеген соғыстың сойқанды сиқы мен сұмдығын тұңғыш рет  көрген болатын. Бұлар Сталинградтан төменірек, майдан шебінен шалғай жерден өткен-ді. Әйтсе де жас жігіт осынау марштағы ротаға, тіпті өз бөлімшесі мінген қайыққа ғана фашистік Германияның бүкіл әуе күші төнген екен деп қалды. Сансыз снаряд пен бомба гүрсілінен астан-кестен болған алып өзен толқыны аспанға атылып, қайықтарды аударып тастай жаздады. Енді бір сәт бомбылау басылды да су бетінде себелеген жаңбыр тамшысындай тамшы қаптап кетті. Соның бірі абайсызда адамға тисе, ол күмп етіп суға құлайды немесе қайық үстіне дүрс ете қалады. Өйткені ол зияны жоқ су тамшысы емес, бомбасы біткен жау эскадрильясының пулеметтен жаудырған ажалды оғы болатын.
     Өтеген сол сәттегі бойын буып, жүрегін суырған үрей-қорқынышты өмірі ұмытпаспын деп ойлаған-ды. Осындай өлім төнген мезетте кей адамның сырттай болса да сабырын жоймайтынына ол қайран қалды. Ал оның өзі қорыққанынан айқайлап жыламағанымен, қол-аяғын бауырына  қысып, үрпиіп, бүрісті де қалды. Сөйтсем ғана аман қалармын деп ойлады ол. Өтегеннің енді бір сәт қайық түбіне жата кеткісі келді. Қайық ернеуінің тақтайлары оқ өтпес қалқан көрінеді оған. Қанша қайраттанса да тісі тісіне тимей, сақ-сақ ете бергені де қазір жадында.
      Қайықтың бас жағында отырған бөлімше командирі аға сержант Владимиров жауынгерлерге бұрылып, сабырлы үнмен тіл қатқан:
     - Жағаға келдік. Шығуға әзірленіңдер. Байқаңдар, қайықта ештеңе ұмыт қалмасын. Зат салатын қапшықтарыңды алыңдар.
      Өтеген бөлімше командиріне таңдана қарады. «Япырау, осындай тығыз-таяң уақытта қапшықты қалай сөз етеді? Немене өзі, жаны жан емес, темір ме?»  Бір кезде Владимировтың жағы  суалыңқырап, бозарған өңін көріп, Өтеген қуанып кетті. «Бұл да қорыққан екен ғой, -  деп ойлады ол. Аға сержант та сескенген екен, тек сыр бермеген екен, ә!»  Өтеген ауыр зілден айрылғандай болды.
      Аға сержант жағаға шыққан соң бөлімшесін түгендеп бажайлап тексерді. Содан кейін ғана бетіне өң кіре бастады,тек дауысы ғана әдеттегіден өзге, қарлығыңқы.  Осының өзінен-ақ өткел оны қанша қинағаны көрініп тұрды.
     Өтеген өзінің алдында, оң жақ шетте бара жатқан командиріне көз салды. Орта бойлы, төртпақтау келген аға сержант түр-тұрпаты көпті көрген, сан сыннан өткен тарлан екенін танытқандай. Өтеген өз командирінің соғысқа дейін Шымкент қорғасын заводында жұмыс істегенін, жерлес болып шыққанын білетін. Расында Шымкент қорғасын заводы  Өтеген аулынан мың шақырым қашықта еді.Ол оған жақын көрші көрінген.
     Бөлімше командирі мен Өтегеннің, алғаш кездесуі айтарлықтай жақсы болған жоқ-ты. Жас солдат соны ойына алған сайын, өз-өзінен пүшәйман болып қалады. Владимировқа бекітілген күні болатын. Аға сержант жаңа келген жас жауынгердің өн бойына зер сала, сынай қарап:
         - Автоматты жақсы білесің бе? – деді.
     Өтеген қолына тиген автоматтан айрылғысы да келмеді, командирін алдауға да бата алмады. Сондықтан екіұштылау ғана қылып:
    - Әрине, ата аламын ғой, - деп жауап қайырды. Владимировтың көздерінде күлкі ойнап қоя берді, жігіт қулығын сезіп қалғаны байқалып тұр...
     -  Рас, ата аламын, - деді Өтеген тағы да, өзі ұялғаннан қызарып кетті.
     -  Жай ата білу жеткіліксіз, - деді Владимиров мырс етіп. – Жақсы ата білу керек. Оқ бос кетпеуі керек. Сен өзің әскери даярлықты қайда өткізіп едің?
   -   Запас полкта.
   -   Көп өттің бе?
   -   Жоқ, көп емес. Әскерге алынғаныма екі-ақ ай.
   Жарты ай жолда жүрдім.Запас полкта айға толмас уақыт болдым.
   -   Е,е... Екі апталық программамен өттік де...Жарыған екенсіңдер...
     -  Майданға жетуге асықтық қой, жолдас аға сержант,- деді жауынгер өзін әлденеге айыпты сезінгендей. - Тездету керек болды...
     - Тездеткен дұрыс әрине, - деді Владимиров қостап.
     - Бірақ дұрыстап үйрену керек еді.Онда атып көрдіңдер ме өздерің?
     - Екі рет атып көрдік. Бір рет кіші, бір рет үлкен нысананы атқанбыз.
     - Пай, атқыштарым-ай, - деді аға сержант оған, барлық кінә сонда тұрғандай ренжіп. – Қайтеміз енді, жол-жөнекей үйренеміз де. Өзің де қарап жүрме. Тіс қаққан солдаттардан үйренуге ұмтыл, ыждағатта.
    - Әрине, үйренемін ғой, - деді  Өтеген жайсыз  әңгіменің біткеніне қуанып.
    - Командирге  солай жауап бере ме екен? - деді Владимиров. – «Құп, жолдас аға сержант, тіс қаққан солдаттан үйренетін болам», - деу керек.
    -  Жарайды,- деді жас солдат қысылғаннан бас изеп.
    -  Жоқ, жарайтынды қой, дұрыс жауап бер.
        Өтеген сасып қалды. Ол өз командирімен аудандағы сыйлы адамдарға жауап қататындай сөйлесіп еді. Өтеген тіпті аудандық партия комитетінің секретарына да солай жауап беретін. Бала кезінен келе жатқан әдеттен ай жарым ішінде қалай арыла қалсын. Ол запас полкта жүргенде де осындай қарапайым жауабы үшін талай сөз есіткенді. Мұнда да бірден ұятқа қалды-ау. Өтеген қысылып-қымтырылып, екі беті қызарып, Владимиров үйреткендей жауап берген болды. Әйтсе де тағы да сөгіс естірмін бе деп қорықты. Бірақ аға сержант жүзін жылытып:
     - Үйрен, үйрен кәнігі солдаттардан, - деді. – Ал шын мәніндегі солдат болып шыққасын, саған да қатал талаптар қоятын боламыз.
        Өтеген алдында келе жатқан Владимировқа тағы бір көз салды. Батып бара жатқан күннің қып-қызыл жалқыны көзді ұялтып тік қаратпаса да, ол аға сержанттың шымыр тұлғасын анық көріп келеді. «Владимиров құсаған нағыз солдат болуым үшін көп уақыт керек-ау», деп ойлады  Өтеген. Ол үшін не істемек керек? Бірақ ол өз сұрағына өзі жауап тауып үлгермеді, артында келе жатқан біреу  жеңінен тартып қалды.
     Жас жігіт жалт қарады. Артындағы шептің шетінде бұрын бұл көрмеген біреу келеді екен.  Бойы Өтегеннің бойымен бірдей, беті қап-қара боп тотыққан.  Пилоткасынан шығып, маңдайына түскен бұйра шашы да көмірдей. Қоп-қою қара қасты, отты көзді бір жігіт. Мұрнының ұшы күнге күйе-күйе терісі сан рет түлеп түсіп, қызыл шақаланып кеткен.
     - Сенің есімің Өтеген емес пе? – деді жігіт. Сосын Өтегеннің қасындағы солдаттың иығынан сәл қағып, екеуі орын ауыстырды. Бейтаныс жігіт содан соң әлгі сұрағын тағы қайталады.
      -  Иә, - деді Өтеген жақтырмай. Жігіттің бөлімше сапына рұқсат сұрамай, емін-еркін кіріп келгені ұнамады оған. Өтегеннің әсіресе бір таңданғаны: әдетте бөлімшенің сәл тәртіпсіздігіне шыдамайтын Владимиров,  шеттен келген жігітке кейіп,  қуып жіберудің орнына, оған күлімсірей қарап, бас изеп амандасты.
      -  Сәлем, - деді келген жігіт Өтегенге қол ұсынып, сосын қарақалпақ тілінде:   - Немене,т анымадың ба? – деді.
          Өтеген жаңадан қосылған жауынгерге әлі де салқын реңмен барлай қарады. Жігіт даусы таныс сияқты. Бұл үнді бұрын естігені анық. Бір жақ бетінен басталып, мұрнының үстіне келген тыртығы да таныс секілді. Кімнің бетінен көріп еді осыны? Қашан, қайда көрді? Ал бейтаныс көрші Өтегеннің дал боп келе жатқанын қызық көргендей күлімсіреп қояды.
     -  Сонымен танымадың ба? – деді ол қайталап.
      -  Шырамытатын сықылдымын, - деп жауап берді Өтеген күмілжіп.
     -  Шырамытасың ба, әлде шын танисың ба?
     -  Шын танып тұрмын.
     -  Танысаң, мен кіммін?
     -   Білмеймін..
     - Аузыңа  майлы палау тығылсын сенің, - деді жігіт қарқылдап күліп. Сосын  бірден түсін өзгертіп, Өтегеннің  жағасына жармаса кетті.
     -  Достарды  ұмыта бастаған екенсің, ә?
     - Жібер ,- деді Өтеген оның  қолын босатпақшы  болып.
     Гимнастерканы жыртасың. Нең бар менде?
Бірақ анау жіберетін емес, жағасын қайта-қайта жұлқып:
     - Өткен  жылғы көктемді ұмыттың ба? Ташкентті  ұмыттың ба? Шамұратты ұмыттың ба? - деп еселей сұрап.
      -  Сен  Шамұратпысың? - деді Өтеген өз көзіне өзі сенбей, - Бұрын  мұндай емес едің ғой. Тіпті  өзгеріп кетіпсің.
      Өтеген енді таныды. Дәл соғыс басталар алдында Ташкентте жас мақташылар кеңесінде кездескен-ді екеуі.  Онда Шамұрат үндемейтін, жуас, не болса содан сескенетін бала жігіт-ті. Машинасы саябыр таппайтын Ташкенттің тар көшелерінде  жалғыз жүруден  де  қорқушы еді. Ол әсіресе Ташкент милиционерлерін көргенде, олар ештеңе демесе де зәре-құты қалмайтын.  Шамұрат  онда орыс тілін де жөнді білмейтін.
      - Шынымен-ақ  Шамұратпысың? - деп  қайталай  сұрады Өтеген. Үнінде  таңдану да бар, күтпеген жерден танысына кездескеніне қуану да бар.
     -  Дәл өзімін, - деді Шамұрат күлімсіреп. Екі дос бір сәт ойға шомып, өткен күндерді, екпінді мақташылар  болып жүрген бейбіт күндерді естеріне түсірді. Онда екеуі  де өз аудандарына аты әйгілі адамдар болатын.
     -  Ал, үй- ішіңнен  хат-хабар бар ма? - деді ойдан  алдымен серпілген Шамұрат.
     -  Хат қайдан болсын, достым, - деді Өтеген көңілі жүдеп. –Запас полкта жүргенде хат алып үлгермедім. Одан кейін жарты ай бойы адресіміз болмады, жолда жүрдік. Сөйтіп  әскерге келгелі бері үйден  хабарсызбын.
      -  Ештеңе етпес, енді хабарласасың. Ал мен кеше ғана хат алдым.
      -  Қойшы? Кеше деймісің, оқышы онда.
      -   Қазір.
   Шамұрат гимнастеркасының төс қалтасынан екі  хат алды: бірі қалың көк конверт те, екіншісі кәдімгі үш бұрышты хат.
    - Бірден екі хат алғанбысың? – деді таңданған Өтеген.
      -  Иә, екеу, - деді Шамұрат, сосын әлденеге қысылғандай үш бұрышты хатты қалтасына қайта салып қойды.
      - Мұнысы жәй, әшейін хат. Міне, мынасын оқиық.
Бұл кімнен келген?
          - Колхоздан.
           - Колхоздан болғанда кімнен?
           - Колхоздың өзінен. Бүкіл колхозшылардың атынан басқарма мүшелері жазыпты. Тіпті жалпы жиналысқа салып бекіткен көрінеді.
       - Қойшы? – деді Өтеген тағы да таңданып. – Қане әкелші, өз көзіммен оқиын. Ау, сен Шымбайдікі екенсің ғой?
       -  Иә, сен білмеуші ме едің?
       -  Ұмытып қалыппын.
       -  Өзің қай ауданнансың?
       -  Куйбышевтан, Қотанкөлденмін, - деді ол қолындағы хатқа үңіліп келе жатып.
        Өтеген туып-өскен Қарақалпақ жерін қайта бір шарлап келгендей болды. Басқарма мүшелері Шамұратқа колхоз жайын баяндапты. "Есіңде ғой, біз қырқыншы жылы әр гектарынан он төрт центнерден мақта жинадық, биыл жиырма бір центнерден береміз бе деп отырмыз. Біз бұрын да жалқау емес едік, ал қазір өзімізді сен сияқты жауынгерміз деп санаймыз. Малшылар да бізден қалатын емес. Сенің ағаң Көшербай шопан 179 саулықтан 193 қозы алып, бәрін аман өсірді". Колхозшылардың хаты былай аяқталыпты.   "Қадірлі Шамұрат! Жаужүрек солдат бол. Дұшпанды аямай қыр.  Ал біз майданға керек нәрсенің бәрін қамтамасыз етеміз деп уәде береміз. Жолдастарыңа да соны айт. "Ер елін қорғайды, ел ерін қолдайды" деген. Сау бол, жеңіспен қайт!"                                                                                    -    
  -   Жаман жазылмаған, ә! - деді Шамұрат хатты қалтасына салып жатып.                             
  - Жақсы, - деді Өтеген.                                                                                                      
      - Әрине. Не жазсын. Жақсылықты хабарлағандықтан да хат жақсы жазылған ғой..                                                                                                                                     
      - Шамұрат! - деп дауыстады коллонадан озып бара жатқан офицер.
          Ол Владимировтың бөлімшесі кіретін взводтың командирі Веткин болатын. Шамұрат өзін күткен офицердің  қасына барып, жауынгерлік ізетпен әдемі честь берді. Лейтенант жинақы да жігерлі солдатқа разылықпен күлімсірей қарайды. Өтеген ол екеуінің бірер сөз қатысқанын, сосын жол шетімен қатарласа жүріп, күлісіп бара жатқанын көрді. Өтегеннің іші күйгендей болады. “Қой аузынан шөп алмайтын мынаның бәлесін қара! “- деп ойлады лейтенантқа әлдене әңгіме шерткен Шамұратқа қарап. - Үлкен бастық, лауазымды офицермен тең кісідей сөйлеседі, қысылмайды. Әне екеуі күлісіп барады.  Мен сөйте алар ма едім?» -  Ол өзінің өйте алмайтыныны түсінді.  Бұған ондай батылдық қайдан бітсін?  Тап-тұйнақтай жинақылығы да жоқ.  Әне Шамұраттың   автоматын  қарашы, иініне бірге  біткендей тіпті  қозғалар емес.   Ал  бұл  болса  автоматқа   әлі  үйренісе  алмаған,  ыңғайсыздана береді.                                                                                                                                            
          Өтеген өзінің қолайсыздығына қорланғандай.Ал ауылда жүргенде ғой ондай емес еді, әкеден қалған ауыр кетпенді қаңбақ құрлы көрмейтін.                             
        Өтеген ойлары бірте-бірте туған колхозына қарай ойысты. Хал-жайлары қалай екен қазір? Ауыр шығар. Ауылдың негізгі күші саналатын еркек кіндік майданда жүр. Қырда қарттар мен балалар қалған. Дәл қазір мақта жиюға әзірленіп жатқан болар немесе ендігі шықты да ма екен... Әрине, әзіз ана да солармен бірге ғой. Алпыстан асса да  үйде қол қусырып отыра алмайды. Тынымы жоқ. Әлбетте, Айсанем де жұмыста жүрген болар. Айналайын  Айсанем! Ару жар!  Аудандағы  маңдай алды терімші  болғанына  биыл үш жыл. Мақта тергенде  жалықпайды да  асықпайды, бірақ алжапқышы әп-сәтте толып қалғанын бір-ақ көресің.  Мақта салатын қанары әдетте атыздың   басында Өтеген анасының  қанарымен  бір жататын. Айсанем кемпірдің  көзін ала  беріп, оның қанарына өз мақтасын қосып қоятын. Қарт терімші нормасын тез бітірсін деп ойлайтын. Кемпір мұнысын  жақтырмай, кейи бастаушы еді-ау:          
     - Осы жұрт өз қанарын танымай ма, немене?! Мен сендерсіз де нормамды орындай аламын. Одан да мен секілді ауру кемпірден де аз теретін анау Бизада мен Гүлбаршынға көмектессеңдер қайтеді!                                                                                        
        Бригадир Сапар аға бүгін де атызды аралап, артта қалғандарды ұялтып, менің анашымды үлгі етіп көрсетіп жүрген шығар. Әсіресе Бизада мен Гүлбаршында маза  жоқ болар.                                                                                                         
      - Сен немене, ұйықтап кеткеннен саумысың? - деген Шамұрат       даусынан Өтеген селк етті. - Байқамасаң, сүрініп кетіп, етпетіңнен        түсерсің де мұрныңмен жер сүзерсің. Абайла, мұрын да керек болар!                                                                         
          Шамұрат қайтадан Өтегеннің қатарында келеді. Офицер екеуінің әңгімесі қашан біткенін, жерлесінің сапқа қашан келіп қосылғанын Өтеген де білмей де қалды. Ол өзінің ыңғайсыздығын жасырғысы келіп, асынған автоматын жөндеді, сосын барып Шамұратқа тіл қатты:                                                                   
       -   Сен расыңда да қатты өзгеріп кетіпсің. Бұрын мұндай емес едің.                          
       - Бұрын қандай едім? - деп сұрады Шамұрат түсінбегендей.                                                       
      - Бірақ ренжіме сен. Бұрын момын ең, не болса содан қорқатынсың.                                 
      - Несіне ренжиін, - деді Шамұрат бір жағына шырт түкіріп. - Мүмкін      момын да, қорқақ та болған шығармын. Тұра тұр, өзің де әлі-ақ өзгеріп     кетесің.                                      
      - Сенің бұлай шұғыл өзгеруіңнің мәнісі не?                                                                      
      - Соғыс өзгерткен.                                                                                                          
      - Шайқасқа қатыстың ба сен?                                                                                       Шамұрат жолдасына аңыра қарады.                                                                                  
 - Қалай қатыспайсың? Сіздер келмес бұрын екі ай бойы шайқаста жүрдік. Оған дейін екі рет жараланғанмын да. Жеңіл тиді,медсанбатта    жатып, қайтып келдім.                                                                                                                                       
        - Шайқас деген жаман шығар, ә –д еді Өтеген ақырын ғана.                                                    
        - Жаман,-деді Шамұрат. – Өте жаман. Кейде он минут ішінде күні бойы кетпен шапқандай шаршайсың.                                                                                                      
        - Қорқынышты бола ма? - деп сұрады Өтеген сыбырлап. Шамұрат үндеген жоқ.             
       - Қорқынышты ма? - деді Өтеген қайталап.                                                                       
       - Әрине, қорқынышты...Бірақ қорқуды еске алмау керек. Әйтпесе, сірә жаман болады, - деген Шамұрат кенет оған тесіле қарап қалды. - Сен өзің ұрысқа кірмегеннен саумысың?                                                                                                               
      - Шайқаста болғам жоқ, - деді Өтеген қыбыжықтап. - Мен запас полктан келе жатырмын.                                                                                                                               
        - Ә, ә, солай ма? Мен сені госпитальдан келе жатқан шығар деп ойлап едім.       
       Екеуінде де үн жоқ. Күн ұясына қонып, салқын самал соғып тұр. Бірақ жауынгерлер колоннасы аялдар емес...Қайта жүріс бұрынғыдан да шапшаңдай түсті.                                                                                                                                     
     - Шайқаста бола қоймағаныңа өкінбе. Талайын көрерсің әлі, - деді Шамұрат мырс етіп.                                                                                                                           
    – Қашан? Тез арада-ақ болар ме екен? - деп сұрады Өтеген даусы дірілдеп.                       
     - Таң ата бір талқыға түсерсің, асықпа, - деп қорқытты Шамұрат. Содан соң жерлесінің жүзіне қарады да, қамқорлықпен тіл қатты.   -  Ең керегі - қорықпау.  Оқ деген  оңды-солды тие бермейді: қоян жүрек қорқақтарға тигіш келеді.   Ол әңгіме бетін басқаға аударғысы келіп, қалталарын тінтіп шықты да:                     
  - Шылым шегейік. Қағазың бар ма, менікі бітіпті, - деді.                                                
   Өтеген қалтасынан бір жапырақ газет алып берді. Шамұрат оған тез темекі орап болып, кісесін қайтадан қақты.                                                                         
      - Оты құрғыры да жоқ екен. Сенде бар ма?                                                                    
      -  Ол менде қайдан болсын.                                                                                              
     -   Немене, темекі шекпеймісің?                                                                                                         -  Шекпеймін.Үйренген емеспін.                                                                                               
      -  Дұрыс істегенсің.  Менің өзім де тастағым келіп жүр, бірақ шыдай алатын емеспін. Әсіресе соғыс кезінде темекінің түк қажеті жоқ. Біріншіден, оны уақтылы таба алмайсың, екіншіден...табан астында бір пәлеген душар етеді.  - Шамұрат арт жаққа қарап, әлдекімнің шылым тартып келе жатқанын көрді де тоқтай қалды. Сәлден кейін темекісінің түтінін будақтатып Өтегенді қуып жетті.                                                                                                                                          
     - Жақында түн ішінде біздің бір солдат жараланды...Неміс бір атқанда қалай тигізді десек,темекінің шоғын көздеген екен. Ал темекіні біздің жауынгер тістеп тұрса керек. Сорлы ауыр жараланды.                                                                        
      - Мен әлгі бір ойдан арыла алмай келемін, -деді Өтеген баяу. -Шайқаста қайтер екенмін?  Сұмдық қой. Еділден өткендегі көргенім есіме түссе...                                
      - Шайқаста ең керегі-қорықпау, - деп, Шамұрат оның сөзін бөліп жіберді.  - Қорықпа да саспа. Састың-өлдің. Кенет ол қарқылдап күліп қоя берді.                     
      - Неге күлесің?-деді таңданған Өтеген.                                                                                     
      - Бір қызық есіме түсті.                                                                                                         
      - Айтсаң қайтеді, - деді Өтеген шыдамсызданып. - Өзіңнің басында болды ма? Шайқас кезінде ме?                                                                                                      
-       Барлау  кезінде,-деді Шамұрат тастаған темекісін жүріп бара жатып аяғымен таптап.  - Мен алғаш жараланғаныма дейін жаяу әскерде болғанмын. Бір күні немістер жан-жақтан анталап, бізді өзгелерден бөліп тастап, қоршауға алды. Қайда барсақ та  - неміс, өтер тесік жоқ. Батальон командирі қаза тапты да орнына біздің ротаның командирі тұрды. Ол мені мен Николай деген бір солдатты шақырып алып тапсырма берді:   «Барлауға барасыңдар «тіл» алмай келмеңдер!»- деді ол.  Екеуміз мылтығымызды тазартып, қайтсек, «тіл» аламыз деп, ақылдасып отырдық.  Николай әрі ойлап, бері ойлап, ештеңе шығара алмағасын,  жерге бір түкірді.  «Құрсын! Егер сиыр тілі немесе қой тілі болса бір сәрі. Тірі адамды қалай білдірмей ұрлайсың! Сені мен мен барлаушы да емеспіз», - деді сосын.  – Ол қойдың тілін айтқанда, ойыма бірдеңе сап ете қалды. «Үндеме,Николай, - дедім. - Ештеңе ойламай-ақ қой. Кеттік,  Немістің өзі бізге келеді». «Мынау жынданғаннан сау ма!» -дегендей, Николай маған бажырая қарады. Мен оған ойымдағыны айтып беріп ем, қуанып кетті. «Кеттік онда. Мен қарсы емеспін»,- деді. Мен деген бала кезімде  тентек болатынмын. Қой құсап  маңырауға  шебер  едім. Маңырасам бітті, қой біткен соңыма  шұбырып  еретін.  Қойды айтасың-ау! Отарға жақын құм төбенің тасасына жата қалып маңырасам, қой қалып қойған екен ғой деп ойлапты шопан.  Сосын іздей жөнелетін. Мені басқа жерге барып маңыраймын.  Ол тағы іздейді. Сөйтіп оны әуреге салатынмын. Сол үшін талай таяқ жегенмін. Сөйтіп Николай екеуміз «тіл» аңдуға кеттік.  Тас қараңғы қара түн. Түк көрінбейді-ау. Біз немістер жатқан деревняға таянып, ең шеткі бір сарайға тығылдық. Сарай да емес-ау, соған ұқсас быт-шыты шыққан бірдеңе. Дегенмен соны пана қылдық, мен қойша маңырай бастадым. Сол сол-ақ екен, жиырмаға тарта  немістің жүгіріп келе жатқаны білінді. Әрқайсысы «қойды мен алсам» дейді білем, ентелеп келеді. Біз шошып кеттік... Қайтпек керек? Өзіміз қой құсап қолға түсетін болдық-ау дейміз. Жан дәрменде сарайдан сытылып шығып,  бой тасаладық. Николай бұлқан-талқан.  Маған кейи ме десем,  немістерді сыбап жатыр: «Оңбағандар екен,- дейді сыбырлай тістеніп . - Бір қой үшін бір табын есек келгені несі!»   Мен күлкіден өліп барамын.   Немістер бүкіл сарайды ақтарып, ештеңе таба алмағасын жөндеріне кетті. Николай менің бүйірімнен түртіп:   «Қайта барайық.  Бірақ сен шамалап маңыра.  Онсыз да бүкіл деревняны дүрліктірдің», - деді.  Ептеп сарайға ендік те мен жайлап маңырай бастадым. Үздік-үздік маңыраймын. Әлі біткен қой сияқтанамын.  Бір кезде қараңдап біреу көрінді,  тұра қалып, тың тыңдайды...  Жолдастарынан әдейі қалып, қойды жалғыз аңдыған қу болу керек...  Мен тағы өлімсіретіп   “ме..ме..ме..“ деп маңырадым. Әлгі фриц құрақ ұшып сарайға ұмтылды. Сол бойда біз де оның шаруасын бітірдік.  Николай мылтық дүмімен бір соғып еді, неміс “е..е..е“ деп барып сілейді де қалды.   Командирге арқалап жеткіздік.Ол қатты разы болды.    Ет іздеп барған фашист қой орнына қос жігітті көріп,   сілейіп қалғанын көзіне елестеткен  Өтеген шыдамай күліп жіберді.                                                                    
     - Сөйтіп сен “ме...ме...ме...“ дедің де неміс “е...е...е...“деді де! Біріңді  бірің түсіне қалған екенсіңдер ғой!                                                                                            
    - Ия, түсіністік. Николай ара ағайын болып, түсіністірді. Ол аса күшті, дәу жігіт еді. Жұдырығы тоқпақ секілді болатын. Сабаз кейін оққа ұшты. Шабуылға шыққанда қаза тапты.
      Өтегеннің қабағы түйіліп, қайтадан тұнжырап кетті. Екеуі де үнсіз. Шамұрат  әңгімесін бастар уақытында  Владимиров бір жауынгермен орнын ауыстырып,  бұлардың жанына келген.  Енді бірге адымдап келе жатыр.  Бірақ мұның бірін де Өтеген сезген жоқ.  Кенеттен:                        
     - Па-лым-бе-то-о-ов! - деген дауыс шықты колоннаның соңғы жағынан.
      - Мені шақырып жатыр, - деді Шамұрат кетуге ыңғайланып.
      - Ал, сау бол, достым, - деді ол сосын,  Өтегенге қолын беріп жатып...
      - Ертең шайқаста бір болармыз. Сен сескене берме, ұрыста қасыңда  боламын. Ол  жерлесінің қолын тағы да қыса сілкіп,  жол шетіне шықты да ғайып болды.                                                                                                                                      
     - Өрт жігіт,-деді үнсіз келе жатқан Владимиров қазақ тілінде. - Қу бастан қуырдақ ет алатын жігіт. Нағыз солдат.                                                                            
     - Ол қай бөлімшеде, жолдас аға сержант?                                                                         
     - Ол бөлімшеде емес, қырық бестікте.                                                                                 
      Өтеген қырық бестік деген танкқа қарсы атылатын 45 миллиметрлік кішкентай пушка екенін білетін.  «Шамұраттың шайқаста қасыңда боламын,-  дегені осы екен ғой, - деп ойлады ол. - Қырық бестіктер жаяу әскермен бірге жүреді ылғи».                                                                                                                       
     - Сұрауға рұқсат етіңіз, жолдас аға сержант, - деді Өтеген
       Владимировқа. - Демалатын уақыт әлі алыс па?                                                                                        «Бірте-бірте әскер тәртібімен сөйлеуге үйреніп келеді, - деп ойлады Владимиров. - Тұра тұр әлі, шыныға-шыныға сыптай солдат болғаныңды өзің де білмей қаларсың». Бірақ жігіт сауалына салқын жауап қайырды:                         
-       Көп ұзамай аялдап, ас ішеміз. Сосын тағы ілгері кетеміз.Таң ата сабантойға да араласып қалармыз.
   Әңгіме үзіліп қалды.                                                          
   Владимировтың соңғы сөзі Өтегенді еріксіз ойға шомдырды: «Сабантой дегені соғыс болды-ау, сірә.  Өткелде көрген қиындық оның қасында ойыншық шығар.Таң атқанша бірер сағат қалды. Бірер сағаттық қана өмір қалған жоқ па осы...Оқ па, снаряд жарықшағы ма, тиді-бітті, өлдім ғой. Шешемді де көрмейтін боламын. Айсанемнің әні мен күлкісін де есіте алмаймын. Ештеңені де көрмей, ештеңені де сезбес дүниеге кетемін...Ә...Өлгім келмейді...Сонда қорқақ болғаным-ау! Әне, Шамұрат ештеңеден шошымайды. Ұзамай шайқасқа кіретінімізді   тіпті қуана айтқан жоқ па? Ал үйде жүргенде ол да қорқақ еді.   Жоқ,   Шамұрат та қорқатын болар, тек сездірмейтін шығар. Өлімнен кім қорықпасын!                                                                 
        Өтеген саптағы серіктеріне көз жүгіртті. Ымырт жабылып кетсе де, сол жағындағы солдатты айқын таныды.Ол да соғысқа жаңа келе жатқан-ды, аты-жөні Василий Комков еді.                                                                                                      
     Комков тұнжырап кеткен, қабағын түйіп, тістеніп алған, төңірекке тесіле қарайды. Өтеген оның жүзінен қорқу сезген жоқ, керісінше жауға деген өшпенділік көргендей.                                                                                                                                                  
      Комковтан әрі пулеметчик Журба келе жатыр. Оның келбет, кейпінен шаршағандық қана байқалады. Ертеңгі күнді ойламайтын сияқты.  Осындай ми айналған ыстықта ауыр пулеметті арқалап жүру оңай  емес екенін  Өтеген сонда барып есіне алды.                                                                                                   
      Владимиров: «Не болса сол болсын, бәрібір», -  дегендей жайбарақат сыңайда. Аға сержант мынау шегі шоқ қара жолдан қатты жалыққан. Бірақ Еділ жағасынан алғы шепке дейін жаяу жүріп жету керек болғасын жүріп келеді, қиналады, қиналса да амал жоқ.                                                                                         
      «Осылардың өзі ертеңгі болатын шайқасты ескермейтін сияқты ғой, -деді Өтеген іштей разы болып. - Алдарында ажал тұрса да қорқатын емес.  Мен неге пұшаймаңданамын, неге қорқамын? Ойласам  бітті, ішім  мұздап сала беретіні несі?  Мүмкін аға сержант та әуелгіде мен құсап қорыққан болар, кейін үйреніп, еті өліп кеткен шығар. Асылында адам қай жерде қылжиятынын білмейді ғой».
     Осы сәтте Өтеген сонау бала кезінде куә болған бір оқиғаны жадына алды.  Көп жыл өтсе де, ол көз алдынан кетер емес, тап кеше көрген ісі сықылды.
     Ырым-жырым киіз үйдің ішінде аш-жалаңаштықтан мезгілінен бұрын  қартайған бір әйел отыр.  Ол - Өтегеннің анасы. Сорлы ана екі бетін тырнай-тырнай қанға бояп, дауыс салып зар еңірейді.
     «Бізді кімге қалдырдың, қыран көзді батырым? Бізді кімге қалдырдың,  жанашырым, жақыным? Қамқорым да панашым, бізді кімге қалдырдың?  Бетінен сүймей балаңның жүзін неге солдырдың? Көзіңді ашшы, арманым?»                                                                                                                       
      Жоқтау айтқан жесір әйел алдында құрым киіз үстінде қызыл қанға боялып біреу жатыр. Екі көзі жұмулы, жан шығар сәттегі ауыр азап жүзінде әлі тұр. Бұл -  Өтегеннің әкесі.                                                                                                         
     Қотанкөлде Ерназардан өткен кедей, Ерназардан бетер езілген кісі жоқ еді. Ол   байдың айдауында жүріп, айтқанына көніп, әбден жансірі  боп кеткен-ді. Ерназарда ешуақыт меншікті жер, басыбайлы мал болып көрген емес. Ол өмір бойы екі-ақ арманды қуалаумен өтті. Алдымен Халмұрат байдың малын шығынсыз бағып-қағуды, сосын әйелі мен жалғыз ұлы Өтегенді аш қылмауды ойлады. Сондықтан: «Дүние төңкеріліп жатса да, Ерназар менің сөзімді екі етпейді», - деп ойлайтын бай.                                                                                              
           Бір жолы  1930  жылдың көктемінде Қотанкөлге аудандық партия комитетінің секретары келе қалды.  Ол жиналыс ашып,  ауыл адамдарын түгел шақыртты.   Тіпті бай Халмұраттың өзі бұған бөгет бола  алмады, қорықты. Жиналыста партия комитетінің секретары колхоз  туралы  әңгіме айтты. Оны Ұлы Лениннің өзі ойға алғанын және өлер алдында бүкіл елді колхоздастыру керек деп өсиет қалдырғанын әңгімеледі. Қотанкөл жұртшылығы Лениннің кім екенін, оның қате  айтпайтынын жақсы білетін. Алайда олар колхозға кіруге келгенде кідіріп қалды. Өйткені бұл бұрын-соңды еске келмеген бөгде құбылыс еді. Оның үстіне колхозға ауылдың құдіретті байы Халмұрат қарсы шықты. Ал Халмұратпен тайталасуға ешкімнің батылы бармады. Қотанкөл кісілері үн-түнсіз тұр. Осы кезде Халмұраттың  бағзыдан келе жатқан жалшысы  Ерназар суырылып шыға келді.                                                                      
       Шаршы топтың алдында, әсіресе ауыл ақсақалдары алдында сөйлеп  көрмеген Ерназар қайта-қайта тұтыға берді.  Жыртық-жыртық малақайын  біресе киіп, біресе қолына алады.  Күнге күйген қара торы жүзі  қысылғаннан қызғылт тартқан.  Бірақ ол  кем-кемнен бойын билеп, даусын түзеп, сеніммен сөйлей бастады:                                                                                                                                      
     - Халық: «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың», -  дейді ғой.  Ал мен қырықтан астым.  Алайда Ерназардың көсемсігенін  ешкім естімеген шығар. Неге дейсіңдер ғой?  Өйткені осы қырық жылдың ішінде  Халмұрат байдың малынан басқа түк көргенім жоқ. Мен оның қойын өзінен жақсы білемін, түр-түсіне дейін жазбай танимын. Халмұрат  малының, күйлі болғанын, аман болғанын жақсы көреді, бірақ өзі ол үшін еңбек еткен емес. Жаттың қойын баққаныма  қырық жылға таяды, ал осы жылдарда қой етіне неше рет тойғанымды  саусақпен санап  бере аламын. Ешкім маған жалқаусың дей алмайды, күні-түні тырбанамын. Бірақ әйелім мен кішкентай Өтеген тоятын тамақ таппаймын. Мұның не себебі бар дедім, көп ойландым, түбіне жетпедім. Бүгін большевиктердің секретары сөйлеп еді, түсіне қойдым. Сөйтсем мен өмір бойы бай малы үшін жанталасыппын, өзім түк пайда көрмеппін. Және жалғыз өзім не бітіремін. Біздің бәріміз де жеке-жеке жүргенде, сыңар-сыңар саусақпыз. Ал  егер  бәріміз бірдей ұйымдассақ, саусақтардан жұдырық түйілгендей, міне, мынадай зор күшке айналамыз... - Ерназар шомбалдай жұдырығын  түйіп көрсеткенде,  жалшысына таңдана қарап тұрған Халмұрат сескеніп кейін шегінді. - Секретарь дұрыс айтты. Біз бір жерге бірігіп, колхоз   болуымыз керек, сонда тұрмыс та жақсарады, - деп бітірді сөзін Ерназар.  Бұрын мұнша сөйлеп үйренбегендіктен шаршаған,  әрі табан астынан туған өз батылдығынан өзі сескенген Ерназар  орнына келіп отырды да малақайын алдына салып,  оны алғаш көргендей о жер, бұ жерін шұқылап кетті.  Ерназар сөзі көпшілікке қамшы болды,  тілсіз тосқауыл бұзылды. Ауыл кедейлері Ерназарды жақтап шықты да колхоз құрды. Бай туыстарын соңынан ертіп, колхоз ашуға бөгет болам деп келген  Халмұрат әрі іштей ызаға булыққан, әрі үрейленген  күйінде тайып тұрды.
       Бұдан кейін оқиға үстемелеп кетті. Колхоз ұйымдастырылған күннің ертеңіне ауыл кедейлері  Халмұраттың мал-мүлкін конфискелеп,  колхозға беру керек деп қаулы алды. Бұл үшін арнаулы комиссия құрылды, оған Ерназар да кірді. Өмірі Халмұрат есігінде өткен Ерназар бай мүлкінің қайда тығылғанын  жақсы білетін. Қаһар тігіп, өкпе айтқан бұрынғы қожасына Ерназар:                                  
  - Бұл сенің мүлкің емес, біздікі. Бұл байлық үшін біз ғұмыр бойы еңбек еттік. Қаһарланба, бай сенің заманың өтті. Заман біздікі, - деді.
        Арада екі-үш күн өтті. Бір түні Ерназардың киіз үйіне бай туысқандарын ерткен Халмұрат сау етіп кіріп келді. Бұрынғы жалшының арық денесін ұшына қорғасын байлаған қамшы көміп кетті. Басына тиген алғашқы соққыдан-ақ Ерназар есінен танған.
       Ескі көрпе-төсектің артына тығылып жатқан сегіз жасар Өтеген ойран болған үй ішіндегі оқиғаны түгел көрді;  ойнақ салған қамшы астында әкесінің арық денесі селк-селк етіп барып, қанға көміліп тынды;  аяқ-қолы байлаулы шешесі аузына тығылған шүберекті алып тастап,  көршілерін көмекке шақырғысы  келеді. Бірақ шамасы жоқ, құр қырылдай береді.                          
     Ерназар жан тапсырды деп жорамалдаған Халмұрат бай мен жандайшаптары лезде ғайып болды. Үрейі ұшқан Өтеген әрең дегенде шешесінің аяқ-қолын шешті.  Көп ұзамай құрым киіз үй колхозшыларға толып кетті.  Олар Өтеген шешесінің ойбай салған даусынан оянған еді.  Ауыл у-шу. Біреулер атқа қонып, байды қуа жөнелді.  Халмұрат қателескен болатын.  Ерназар өлген жоқ еді. Таң ата есін жиды ол.  Жанары қашқан көздерін үй ішіндегілерге жүгіртіп, ауыр тыныстап барып, тіл қатты:                                                                                          
     - Бәрібір бай бізді жеңе алмайды. Сендер қорықпаңдар. Орыстар көмектеседі.           
     Сонан кейін әйелін шақырып алып ышқынып жатып соңғы өсиетін айтты:                 
     - Өтегенді жылатпа, адам қыл. Тұрмыс жақсаратын болады. - Ерназар сөйтіп жан тапсырды.
      Өтегеннің әлі есінде:   Соттың көшпелі сессиясы Халмұрат пен оның туыстарын  тап өз ауылында жауапқа тартты. Бір кезде барша ауылды дірілдеткен құдіретті Халмұрат әркімнің аяғын құшып, «жанымды қи» деп жалынды. Сонда сот халыққа:                                                                                             
     - Қайтеміз, жолдастар! Байды кешіреміз бе? - деп еді. Халық шулап кетті, байдың жалынып-жалбарынғаны, жас төгіп жылағаны естілмей де қалды. Жұртшылық бір ауыздан «Атылсын!» - деді.                                                              
       Ойға шомған Өтеген «Атылсын!» - дегенді дауыстап айтып қалғанын аңғармады.                                                                                                                                   
   - Не дедің!Түсінбедім,-деді Владимиров.                                                                          
        - Жәй, әншейін, - дей салды ұялған жігіт. – Бір оқиға ойыма түсіп кетті.
Өтеген алғашқы кездесу күнгі әңгімені есіне алған екен деп ойлаған Владимиров:               
   - Асықпа, автоматтан жақсы ататын боласың. Тек қорықпа, қызба. Көздеп атуға үйрен, - деді.                                                                                                             
     Өз командиріне сеніммен қараған Өтеген жаңа ғана ойына келген оқиғаны Владимировқа баяндап берді. Әкесінің қалай өлгенін әңгімеледі.                                      
     - Бұл маған таныс жәйт, - деді солдат әңгімесін тыңдап болған Владимиров. - Өзім де жиырма тоғызыншы-отызыншы жылдары кулактарға қарсы күрескенмін. Бірақ біздің елімізге жармасқан мына дұшпан, - деді ол сөзін шұғыл өзгертіп, - бай-кулактан да зұлым, қатал. Бұларды үкімсіз-ақ қарақұрт құсатып құрту керек. Аямау керек!                                                                                   
      Тас қараңғы айсыз түн кең даланы қымтап алған. Анда-санда жылт етіп жұлдыз көрінеді де жоқ болады.
     Жалғыз-ақ оң қапталдағы көкжиегі қанға боялғандай қып-қызыл. Бұл жау бомбасы астындағы батыр қала Сталинград өртінің жалындаған алауы еді.
II
         Демалыс көпке созылған жоқ.   Түн ортасы болмас   бұрын колонна тоқтаған. Тамақ үлестірілген. Содан кейін жауынгерлер мылтықтарын құшақтап жатып көз шырымын алған. Енді, міне, тағы жолда келеді.
        Құлан иек таң алдында колонна иесіз қалған деревнядан өтіп, ағашы    сиреген тоғайға   келіп тоқтады. 
        «Жеткен шығармыз, - деген бір ой сап етті Өтегенге.                                                                                                                               –  Майдан шебі осы болар. Бірақ атыс-шабыс жоқ,  тып-тыныш, мұнысы несі?»        
      Майданның алғы шебіне дейін әлі бір шақырым бар екен. Тоғай ішінен полк белгіленген жерге қарай взвод-взвод болып бөлініп шықты. Лейтенант Веткин өз адамдарын аласалау дөңнің бауырындағы  траншея  мен окоптарға әкелді.  Жаңа келгендерді күтіп алған офицермен  қол алып амандасты. Осы кезде Өтеген сол офицердің ар жағында екі қатар сапқа тізіліп тұрған  он шақты жауынгерді көрді. Қорғаныс шебінде шаршап-шалдыққан олар сыр білдіргілері келмей, өздерін тың ұстамақ болады.  Бірақ майданды бұрын көрмеген Өтегеннің өзі де олардың әбден титықтағанын, шығар-шықпас жандары қалғанын бірден түсінді. Ол тылға келіп жатқан әлгі офицердің сөзін анық естіді:                                                                                                                             
    - Алдыңғы жақта тосқауыл болса керек. Кеше кешкілік біз екі шабуылды тойтарып едік, содан бері дыбыс жоқ.
      Аға сержант Владимиров өз бөлімшесін взвод командирі көрсеткен жерге әкелгенде, Өтеген оған сұрақ қойды.                                                                                                                                       
       - Жаңағы кеткен жалғыз взвод бүкіл бір төбені қорғағаны ма?                                   
       - Взводы несі! - деді таңданған Владимиров. – Бұл жерді бүкіл бір рота қорғаған. Біздің лейтенант сол рота командирімен әңгімелесіпті.                           
        - Ойбай-ау, жаңағы кеткендер взводқа да жетпейді ғой?                                         
     - Ол қалғаны емес пе! - деді қабағы қарс жабылған аға сержант. - Бұрын бүкіл бір рота еді, содан взводқа толмайтын адам қалған. Соғыс дегенің сол да. Міне, мынау сенің окобың. Тереңдетіп ал.                                                                
         Лейтенант Веткиннің взводы орналасқан траншея мен окоптар асығыс, тайыз қазылған екен. Қазған адамдардың дұрыстап жайғасуға мұршалары болмаған сияқты. Қорғаныс  шебін әлі кеткен жандар оқ астында жатып, шабуыл-шабуылдың арасында жасағаны аңғарылады.                                                                  
        Кішкентай саперлық күрекпен окобын тереңдетіп жатқан Өтеген взвод командирінің келгенін де байқаған жоқ.                                                         
         Лейтенант Веткин  уыздай жас жігіт, оның жүріс-тұрысынан, тұлғасынан, даусынан әлі күнге дейін балалық сезіліп тұратындай еді. Соған қарамастан ол соғыстың алғашқы күнінен бастап майданда жүр. 1941 жылдың 22 июнінде Брест маңына орналасқан атқыштар полкының  қатардағы   жауынгері  Иван Веткин фашист жендеттеріне тұңғыш рет оқ атқан болатын.  Амалсыз шегіністің ауыр күндері бала жігітті шыңдап, бұғанасын бекіте түскен.  Бөлімше командирлігіне көтерілген ол Москва түбіндегі шайқаста қаза тапқан взвод командирінің орнын басты. Сол ұрыста өзі де мина жарқыншағынан жараланып,  госпитальға жатты. Жазылғаннан кейін Веткин қысқа мерзімді офицерлік курста оқып, бөлімге кіші лейтенант болып оралған. Қазір ол лейтенант, міне, әрбір бөлімшеге участок белгілеп беріп, взводты аралап келе жатыр.                                                                                            
       Өтегеннің сол жағында жауынгер Василий Комковтың окобы бар еді. Взвод командирі сонымен сөйлесіп тұр екен. Өтеген лейтенант Веткиннің:                           
   - Жайың қалай? - деп сұраған дауысын естіді.                                                                 
        - Әдеттегідей ғой, - деп жатты жауынгер Комков.                                                        
        - Қорықпайсың ба?                                                                                                             
        - Жоқ, - деді Комков сенімді де сесті үнмен.                                                                            
        - Қойшы, - деп күлді Веткин. - Мәселен мен өзім көрген алғашқы шайқасты әлі ұмытар емеспін. Сонда мен қатты мазасызданғам, қолым қалтырап, қобалжи бергем.                                                                                                                                  
    Мен қорықпаймын, жолдас лейтенант, - деп қайталады Комков ызбарланып. - Қорқуға хақым жоқ. Қорықса, неміс қорықсын. Маған ол не істемеді, соның бәрін алдына келтіремін ,өш алам.                                                                                        
     - Жақсы олай болса, - деді Веткин сәл үндемей тұрып. - Бірақ есіңде болсын, Василий Комков, жаудан өш алам десең, саспа. Өзіңе өзің бекем бол, орынсыз қызба.                                                                                                                                    
       - Қызбаймын, жолдас лейтенант. Өзіңізге сенгендей сенуіңізге болады, - деді Комков күрегін алып жатып.
       Өзінің Комковпен сөйлескен сөзін көп солдат тыңдап тұрғанын көрген Веткин енді Өтегенге ауысты.                                                                
       - Ал сен қалай ойлайсың?                                                                                                            
       - Нені? - деп қалды қысылған Өтеген.                                                                               
       - Алғашқы шайқасыңа қалай қарайсың деймін.                                                                 
        - Маған қиын болады-ау деп ойлаймын, жолдас офицер, - деді ол, өзі іштей: «Мұным да әскери жауап болмай кетті-ау», - деп қалды.                                               
     Таңертеңгі елең-алаң болса да, лейтенант Веткин жанына келген Владимировқа жас қарақалпақты нұсқап, иегін көтергені көрінді.                                              
      - Сонда не қылмақсың, - деді Веткин, жігітті сынай сұрап. Өтеген окобының жанынан күрегімен шұқылап, аз-кем үнсіз тұрып барып:                                            
      - Басқалар не істесе соны істеймін, - деді. - Кәнігі солдаттар мен жолдас Владимиров не істесе, соны істеймін.                                                                            
       - Мұның дұрыс, - деп қостады оны лейтенант. - Аға сержант саған жамандық ойламайды, айтқанын орында. Ал жауап бергенде, әрқашан әскер тәртібімен қысқа, тұжырымды сөйле. Жұрттың бәрі сенің жақсы жауынгер екеніңді бірден көретін болсын.                                                                                                    
     Веткин мұны еш зілсіз айтты, алайда Өтеген өзінің әлгі босбелбеу жауабы мен қоңылтақ түріне оның көңілі толмағанын сезгендей. Ол тездеп бойын жиып, күрек ұстаған қолын жанына түсіріп, түзу тұрған шақта, лейтенант Веткин Владимировпен сөйлесіп, ұзап кеткен еді.                                                           
      Ертеңгі уақыт траншея мен окоптарды тереңдетіп, қорғаныс шебін жақсартуға кетті. Бір кезде аға сержант Өтегеннің окобын келіп көрді де ризалық білдірді, сонда барып жас қарақалпақ енді демалуға болатынын ұқты. Ол өзінің қазіргі жағдайына үйрене бастаған-ды, үйренбестей де ештеңе жоқ еді. Жау жақтан ешқандай сыбыс сезілмейді. Өтеген окоп  ернеуінен ептеп басын шығарып, алдыңғы жаққа көз жүгіртті. Взвод  шебі алдында ұзындығы жарты шақырымдай енсіздеу алқап жатыр. Оның аржағында бұлар жатқан төбеге ұқсас төбе тұр. Осынау бір тыныш тұрған тылсым төбе тасасында жау жатқаны аян. Бірақ тап қай жерде екені жұмбақ. Өтеген қанша шұқшиып қараса да ештеңе көре алмады.                                                                                             
      Өтеген ту сыртынан шыққан дыбысқа жалт қараса, бөлімшесін аралап жүрген аға сержант екен.                                                                                                                       
     - Сірә, көп ұзамай басталар, түрі солай, - деді ол Өтеген окобына түсіп, тізерлеп отыра кетіп.                                                                                                                          
     - Неде болса тезірек басталса екен, - деді солдат командиріне бұрылып. Ол мұны жәй-ақ айттым ғой деп ойлап еді. Бірақ Владимиров оған қадала қарады. Аға сержант оның даусынан сыннан өткен солдаттың сабырлылығын емес, сынға түскелі тұрған тәжірибесіз кісінің шыдамсыздығын сезгендей болды.                                                                                                                                    
      Өтеген окоп түбіне отырып, автоматын алды. Сол кезде автомат құндағын ұстаған оң қолының қалтырап тұрғанын көрді өзі. Онысын командирге сездіргісі келмей, қолын шалбарының қалтасына салып еді, отыруы  қиын болды. Сосын ол гимнастеркасының жеңімен автоматтың сыртын сүрте бастады.                                   
        - Автоматты таза шүберекпен сүрткен жақсы, - деген Владимиров сөзін есітті ол. –Мә, мынаны ал, ендігәрі шүберегің жаныңда болсын.                                                
      Аға сержант берген шүберекті алып, Өтеген автоматын сүртіп отырды.  Владимиров оған күлімсірей қарап: «Алғашқы айқас алдында мен де сөйткен шығармын-ау, - деп ойлады. - Ештеңе етпейді, бара-бара жайсаң солдат болады. Оққа үйренеді». Ол орнынан тұрып, өз окобына кетті.
       «Аға сержант менің зәрем қалмай отыр деп ұққан шығар, - деп ойлады жалғыз қалған жігіт. - Тіпті нағыз қоян жүрек қорқақ деп ойлаған болар».                                                              Өтеген ойын гүрс етіп арттан шыққан зеңбірек үні бөліп жіберді. Ол жалма-жан окоп ернеуіне жата қалды. Әлгі бір әзірде өзі көрген төбе үстіне доп жарылып құм-топырақ көкке атылды. Бір-екі секундтан кейін өзге зеңбіректер де дүркіреп қоя берді.Зірк-зірк еткен зеңбіректер үні бір-біріне ұласып, өршелене түсті. Жау бекінген төбе бөктері гүрс-гүрс жарылыстан көрінбей кетті.                                                                                                                           
        «Басталды!» – деді Өтеген өз-өзіне, сол сәт жүрегі су етіп, іші мұздап бара жатты. Сасқалақтаған ол автоматын, оқ дискасын, гранатын қайта-қайта ұстап көрді, бәрі өз орнында екен. Кенет взвод командирінің манағы  сөздері жадына келді. «Өзіңе өзің берік бол, орынсыз қызба», -деген еді ол. Веткин мұны Василий Комковқа айтса да Өтеген: «Мен қызбалық жасамаймын!» деді. «Қызбағанмен қорқып отырмын-ау!» - деп бір қойды.                                                   
       Зеңбірек күркірі үдеп, күшейіп барады. Окоп ернеуіне жабыса жатқан Өтеген жау қолындағы жалынға көмілген төбеге  тесіле қарайды. «Қазір команда берілетін болар» – деп ойлады ол құлағын түріп. Мына зеңбірек тарсылынан команданы естімей қалуы мүмкін екенін еске алғанда, амалсыз шошып кетті. Абай болу керек.                                                                                                                  
     - Атыңдар!-деген қырылдаған дауыс шықты арттан. Өтеген селк етіп,   автоматының шүріппесін басып қалды.
      - Тоқтат!- деді біреу іле-шала зекіп, сөйтті де Өтегеннің қолындағы автоматты жұлып алды. Бұл жалт қарады: Владимиров екен.
      - Бас-көзге қарамай, бос жолдыбай ата ма екен, ақымақ-ау, - деп кейіді ол,  Өтеген автоматын предохранительге қойып жатып.  - Тым атқыш екенсің? Неге бұйрық күтпедің?
        - Біреу «Атыңдар!» - деп бұйырды ғой. Мен оны анық есіттім, - деді бұл ақталып.                                                 
        - Сен немене өз досыңның даусын танымай қалдың ба? - деді Владимиров ашуын басқандай болып. - Ол қырық бестерге берілген команда ғой. Ал команда берген Шамұрат. Ол біздің сыртымыздағы сирек ағаштар тасасында... Бұдан былай бұйрық берілмей атпа.
       Зеңбірек зіркілі әлі тынған жоқ.Өтеген окобына сүйеніп жау жақтан көз алмай қарап тұр. Бірақ қою-қою көк түтін мен ұшқан топырақтан ештеңе көрінер емес... Ашуланған аға сержанттың «атқыш екенсің» деген сөздерін ойына алған сайын қорланып, қысылып қалды. Командир үніндегі кемсіту жанына жаман батты. Әрине, командирдің бұған кеюіне хақы бар. Өтеген бұйрық берілмей тұрып атқанымен қоймай, жөн-жосықсыз атыпты ғой. Ол асылында қайда атып жатқанын білмеген. Енді ойласа, шүріппені басқанда көзін жұмып алған екен. Тіпті запас полкта жүргенде командирлер оның осы әдетін қойғызбақ болып көп әуреленіп еді. Сонда бұған өзі көп мән бермегеніне енді өкініп отыр. Жаттығу қимылдары оған баланың ойыншығы көрініп, сылбыр өткізген еді: жүгір десе жүгіретін, жат десе жататын, бірақ қызықпаған. Тек қана қоян-қолтық шайқас кезіндегі найзаласу қатты ұнап еді. Жау қылып қойған қарақшыға найза сұққанда, шын жауды шанышқандай құшырланатын.    Бірақ онда да бәрі жып-жылмағай еді-ау, ешкім өзіңді атпайды. «Алға!» -десе болды, жүгіріп барып шаныша салатынсың...                                                                   
       Өтеген кенет төңірекке таңдана көз салды: «Тым-тырыс бола қалғаны несі? - деп ойлады. - Ә, ә, зеңбірек үні басылған екен ғой».                                                           
      Сол мезетте алыстан лейтенант Веткиннің «Взвод, алға» - деген дауысы естілді, оған іле-шала Владимиров ұшып тұрып, күжілдеген үнмен:                                 
     - Алға, жауынгерлер! Отан үшін! - деп айқай сала жүгірді. Содан соңғы сәттерді Өтеген еміс-еміс біледі. Ол «Алға!» -деген бұйрық берілісімен запас полкта үйреткендей әдіспен қолын окоп ернеуіне тіреп, сыртқа секіріп шыға келді.  Оң жақтағы біреудің «Отан үшін!» - деген айқайын құлағы шалды.                     
      «Бұл айқайлаған аға сержант болуы керек, - деп ойлаған Өтеген қосыла айқайлады.  - «Отан үшін!»  Ол ой-шұқыры көп алқапта алға қарай жүгіріп келеді. Жан-жағында лап қойған жауынгерлер. Бәрі айқай салып, жау бекінісіне қарай беттеп асығыс адымдайды.                                                                   
      Жау жақтан төбеден пулемет оғы жаңбырша жауып кетті. Зу-зу етіп оқ өтеді. Өтеген алдыңғы жақтан снаряд түскен орында қалған шұңқырды көріп, соған жетіп келді. Келуін келсе де: «Осы мен не істемекпін? Жан сақтап жата қалған ешкім жоқ, мен неге жатамын!» - деп ойлады да «кел тығыла қал, жата қал», - деп тұрған шұңқырдың жанынан өзін-өзі зорлап жүгіріп өте шықты.                             
       Тыл жақтан екі-үш зеңбірек атылып, жер дүние тітіреп кетті  де, жау бекінген төбеде бұрқ-бұрқ еткен топырақ көрінді. Іле пулемет үні өшті.                                         
      - Жолдастар! - деді взвод командирі Веткин дауыстап. - Отан үшін! Жайратайық жауларды! Алға! Ур-а-а!                                                                           
      -Ур-а-а! - деген қуатты үн дүниені дүр  сілкінтіп, жаңғыртып кетті!                               
      -Ур-а-а! - деп айқайлаған Өтеген өз даусын өзі танымай жақын қалған жау траншеясына қарай ентелей жүгірді.
        Окопқа тығылған дұшпан бұларды төпеген оқпен қарсы алды. Қардай  бораған оқ тек өзіне ғана бағышталған сияқты болып көрінді Өтегенге. Тап алдындағы төбе фашистерге толы болар деп ойлады ол. Сондықтан жүгіріп кеп окопқа түскенде, қайран қалды. Бұл түскен траншеяда тірі жан жоқ екен. Тек қанға  боялған шүберек, оқ тескен қасқа, противогаз құтысы ғана жатыр.                                                                               
          Өтеген сілейіп тұрып қалды. Жан-жақ гүрс етіп жарылған гранат, зуылдаған  оқ, ал бұл тұрған жерде тірі пенде көрінбейді. Ол автоматын ыңғайлап, траншеяның бір жақ басына атайын деп еді, ол от болмады. «Бұ несі?» - деп автоматына қараса, ол баяғы аға сержант қойған предохранитель - де тұр екен. «Ау, сонда мен түк оқ шығармағанмын ба?  Атып келе жатқан сияқты едім ғой. Шынында атқыш екенмін!» - деп  ойлады Өтеген  өзін-өзі сөгіп, содан кейін автоматын атылатындай  етіп қойып, траншеяны жағалай жөнелді.                                                                                                                            
       Алдан айқай-шу, мылтық  даусы естілді. Өтеген көрінген жау болса,  жайрата салуға қамданып мысықша басып, жақындай бастады. Кенет алдындағы траншеяның бұрылысынан құп-қу боп кеткен бір неміс шыға келді. Тұтқиылдан кездескен жаудан селк еткен жігіт жүрелей отырып, оқты боратып жіберді. Фашист әлденеге соғылған кісіше теңселіп тұрып, гүрс етті. Алғаш өлтірген дұшпанының үстінен тыжырына аттап өткен  жас солдат траншеяның бұралма-бұралма жолымен ілгері жүгірді.      «Қорыққанмен соғысуға болады білем. Тек ашық ауыз болмау керек екен», - деп ойлады ол жүгіріп келе жатып. Сәлден соң ол қалшиып тұрып қалды:  бас траншеядан бөлінген бір соқпақ солға қарай бұрылыпты. «Бұ қайда апарады екен? Қарап шыққан дұрыс болар».  Өтеген әлсін-әлсін тың тыңдап, сақ жүріп келеді. Әзір ештеңе жолыққан жоқ.  Бөлінген жол бара-бара  жіңішкеріп, тайыздана бастады.  Өтеген оның төбеден асып кеткенін шамалады. «Қайту керек шығар. Өзіміздің адамдардан ұзап кетермін, - деп ойлады ол.  - Алдымдағы бұрылыстан оралайын». Сол оймен бұрылысқа жеткенде блиндажға тап болды. Іле-шала одан бір неміс шыға келіп, траншеядан асып ылдиға қарай зытпасы бар ма?  Өтеген блиндаж есігінің ашықтығына қарамастан автоматының дискасын траншея ернеуіне тіреп, қаша жөнелген неміс соңынан оқ тізбегін зулатты: бірақ неміске оқ тимеді, бұрынғыдан бетер безіп, көрінбей кетті.                                                                                                           
       Блиндаж ішінен бажылдаған дауыс шықты сол кезде. Өтеген ашық тұрған есікке жалт қарап, блиндаж ішін бір көсіп алмақ болды. Бірақ автомат төрт-бес оқтан кейін қақалды да қалды.  Сөйтсе оғы  біткен екен. Өтеген беліне қыстырған гранаттарын ұмытып, бұрылысқа тығылды  да жанталаса дискі ауыстыра бастады.                                                                                                              
      Автомат асынған екі неміс блиндаж босағасынан басын шығарып  жан-жаққа көз салды. Совет жауынгерінің жоқтығын көрген олар сыртқа шығып, қаша жөнелді.  Біреуі кем-кемнен артта қалып қойды, сірә, блиндаж ішінде-ақ Өтеген оғынан жараланған болса керек.  Ал екінші  неміс жолдасының жанұшырып жалынғанына қарамастан зытып  бара жатты, тіпті түсіріп алған автоматын алуға да мұршасы келмеді.  Жаралы неміс ұрыс басылысымен тұтқынға түспек болып, снаряд оғынан қалған бір шұңқырға жетіп жасырынды.                                                                                                                        
        Сол арада дискасын ауыстырып болған Өтеген түрегеліп, блиндаждан елу қадамдай жерде жүгіріп бара жатқан немісті көрді.                                                    
     - Тоқта!-деп айқайлады ол. Сосын бос айқайдан түк шықпайтынын біліп, қуа жөнелді.
       Біраздан кейін екеуінің арасы жақындай түсті. Әуелі де неміс барын салып еді, Өтеген жіберген оқтан соң, бәсеңдей бастады. Қазір ол артына жалтақ-жалтақ қарап, кібіртіктеп барады. Ал Өтеген ентігіп жүгіріп, ентелей қуады. Ол: «Немісте зәре жоқ, жетсем-ақ қолға түсіремін» - деп ойлаған.  Әрі алғашқы ұрыста-ақ жауды тірідей ұстау үлкен абырой.  Сондықтан Өтеген қайтсе де қуып жетпек. Енді екеуінің арасында бес-алты-ақ адым жер қалды.          
       Зытып келе жатқан неміс кенет қалт тоқтап, жүрелеп отыра кетті.  Бүйтер деп ойламаған Өтеген оның басынан асып түсіп гүрс етті. Ол іле-шала тұруға ұмтылып еді, болмады, үстіне қонып қалған екен жау.   Өтегеннің мойнындағы автоматын тартып алу үшін жанталасып, жұлқылап  жатыр. Автоматтың қайыс бауы қатты, үзілер емес. Енді екеуі  екітілде боқтасып,  бір-бірінің алқымына жармасып, ысылдап-пысылдап алысып кетті. Неміс Өтегенге қарағанда қайратты көрінді.  Бірақ жасы үлкендіктен бе, әлде жаңағы жүгірістен бе, тынысы тарылып, ырсылдап қалды.  Ал Өтеген болса жас, күші бойында, ашу-ызаға  булыққандықтан ғана ышқынады. Жау жандәрменде беліндегі қанжарын қынабынан  суырып еді, Өтеген оның қанжар ұстаған қолын шап беріп ұстай алды.  Енді екеуінің арасында осы жарқ-жұрқ еткен болат үшін талас басталды. Кенеттен неміс сол қолын босатып алып, бар пәрменімен  Өтегенді тұмсықтан қойып жіберді. Сол-ақ екен, жас жігіттің көзінің оты жарқ етіп, қолы әлсіреп бара жатты. Нақ сол кезде фашист ыңқ етіп, ыңырсып барып,  Өтегеннің үстіне сылқ құлады. Өтеген үстіндегі жансыз денені ысырып тастап, түрегеп отырды. Басын көтерсе, қарсы алдында ақсия күліп Владимиров тұр екен.                                                                                                         
- Ал,қалай, жүреміз бе? - деді ол жауынгерінің жарадар еместігін біліп.                                    
      - Соғыс қатты болды-ау өзі, - деді Өтеген орнынан тұрып жатып.                                
      - Соғыс деймісің... - деді Владимиров түпкі ойын іріккендей. -Жолдастарыңнан бөлініп кеткенің қалай? Өле алмай жүрмісің.
     - Өлгені несі?! Қайта мен өзім бір фашисті өлтірдім, - деді Өтеген асыға сөйлеп. - Өзі тап болды, сұлаттым да салдым. Екіншісіне мұршам келмеді.                                                                              
       - Мынаны айтып тұрмысың? - деді Владимиров серейіп жатқан өлікті нұсқап. – Оны да өз өлтірдім дей бер. Бәрібір менсіз-ақ жеңетін ең. Сен одан әлдеқайда күштісің.                                                                                                     
     «Мазақтап тұрған жоқ па?» - дегендей Өтеген оған күдіктене қарады. Ал Владимиров шың көңілден айтқан, жүзі жылы.                                                                      
     - Кәне, жүрейік, - деді ол автоматын асынып болып.
  -  Біздің бөлімше анау шаттың арғы шетінде...                                                                                                           
      - Соғысып болғанымыз ба? - деді таңданған жігіт.                                                           
      - Соғыс деймісің? - деді аға сержант сақылдап күліп. - Бұл соғыс емес. Жаудың шағын тобы ғана қорғанып тұрған екен, жер ыңғайын қолайсыз көріп, кейін шегінді. Аға сержант сөзіне сенер-сенбесін білмеген Өтеген өз-өзінен дал болып келеді. «Соғыс болмағаны қалай? Оқ аттық, жау өлтірдік. Бұл соғыс емей немене?»